28 Тамыз, 2015

Үлгі

455 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мерейли отбасыБалқаш қаласының тұрғыны Халық Аяшбеков ширек ғасыр бойы ішкі істер органдарында жемісті қызмет етіп, милиция подполковнигі шенінде құрметті еңбек демалысына шыққан ардагер сақшы. Халық ағаның кір жуып, кіндік кескен жері Балқаш көлінің жағасындағы Сарышаған деген елді мекен. Ұлы Отан соғысы ардагерінің отбасында дүниеге келді. Әкесі Шаймағанбет пен анасы Сара ұзақ жылдар теміржол саласында абыройлы қызмет еткен қарапайым жандар. Күндердің бір күнінде үстіме мундир киіп, тәртіп сақшысы болам-ау деген ой Халық ағаның үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Әскери қызметін өтеп келгеннен кейін Қарқаралыдағы мал дәрігерлік техникумды бітіріп, мамандығы бойынша еңбек етуге құлшынып жүрген кезі-тұғын. Сол кезде екі иығына екі кісі мінгендей алып денелі жігітті ішкі істер органдарының басшылары кездейсоқ байқап қалып, жұмысқа шақырған. Қылмыскердің нешеме түрімен аямай күрес жүргізу үшін де дәл осы Халық ағадай қара күшке мығым, тәртібі темірдей жігіттер ауадай қажет болатын. Халық Аяшбеков Сөйтіп, ойламаған жерден ішкі істер қызметкері болып шыға келген. Еңбек жолын СМҰКБ (ОБХСС) – социалистік меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінде бас­тады. Бөлім бастығы А.Нұрышев және А.Байназаров, М.Киякин сынды қызметкерлермен тіл табысып, тізе қоса еңбек етті. Талғат Қасенов сынды ұстазының шапағатын да көп көрді. Халық Шаймағанбетұлының туған ағасы Қалқаман да ішкі істер саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, подполковник шенінде зейнет демалысына шыққан жан. Қызметін адал атқарыпты. Алғыс пен марапат қана алған. Тіпті ағасының Ардақ деген қызы да Алматы қаласының жол полиция­сында жемісті қызмет етіп, бұл күнде құрметті еңбек демалысына шыққан екен. Халық ағаның үйдегі зайыбы Баян Бәкенқызы да ішкі істер органдарының ардагері. Енді келіп, «Әке көрген оқ жонар» демекші, екеуінің ұлдары да ата-ананың жолын қуып, тәртіп сақшысы болды. Екі ұлдың екеуі де әке мен шешенің абыройына кір келтірмеді. Қызметтерін мінсіз атқарып жүр. Үлкені Дархан «Мінсіз қызметі үшін» медалінің үш бірдей дәрежесімен марапатталған. Қазіргі уақытта полиция майоры шенінде. Ал екінші ұл Дастан да ағасынан қалыспай, абырой биігінен көрініп келеді. Жас капитан «Мінсіз қызметі үшін» медалінің ІІ, ІІІ дәрежелерін омырауына таққан. Қазіргі уақытта екеуі де үйлі-баранды. Әке мен шешеге немере сыйлап, Балқаштағы арқа-жарқа болып отырған базарлы отбасылардың бірі. Аяшбековтер отбасы биыл Балқаш қаласында өткен «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарып шықты. Полицияның мінсіз қызметкерлері көрермен қауым мен қазылар алқасын сан қырлы өнерімен және де өмірге деген шынайы көзқарастарымен баурап алған болатын. Ал Қарағандыда өткен «Мерейлі отбасының» облыстық сынында талай отбасының арасынан озып шығып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. «Мұндай байқауларды ұйым­дастырушыларға зор алғысымды айтқым келеді. Біле-білген адам­ға «Мерейлі отбасы» сынды бай­қаулар ел ішінде отбасы ұғымының қадірін арттырып, береке-бірлікті күшейте түседі. Ал отбасы айрандай ұйыса, ел қабырғасы да беки түседі. Сонан соң мұндай сынақтар кейінгі жастарға да үлгі-өнеге болатын игі шара», дейді отағасы Халық аға Аяшбеков. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.