Жаңа ақша-несие саясаты жайындағы әңгіме кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында жалғасын тапты. Бұл жолғы брифингке Ұлттық банк өкілдері қатысып, теңге бағамының өзгеруіне орай банк тарапынан қолға алынған шараларды тілге тиек етті.
«20 тамыздан бастап Ұлттық банк жаңа ақша-несие саясатын қолға алды. Жаңа несие саясатының, яғни, инфляциялық таргеттеудiң мәнi – инфляцияны көздеу саясатына көшу. Инфляцияны көздеу саясатына көшу барысында теңге бағамын бос жiбердiк. Теңге бағамы алғашқы күндерден бастап бiр доллар үшiн 255-258 теңге, қазiр 239-241 теңге аралағында тұр. Инфляцияны көздеу саясатының негiзгi мәнi – 2020 жылға дейiн бағаны тұрақтандыру. Бағаны тұрақтандырып, қымбаттауға жол бермеу үшiн 2020 жылға дейiн жылдық инфляцияны 3-4 пайызға дейiн түсiрудi көздеп отырмыз», дедi баспасөз мәслихатында Ұлттық банктің мемлекеттiк органдармен жұмысты үйлестiру жөнiндегi департаменті директоры Бақытжан Сәреев.
Теңге бағамы өзгергеннен бері валюта айырбастау пункттерінде біршама қарбалас белең ала бастаған еді. Мұндай сәтте әркім өз бетінше «ақша жасап» қалғысы келетіні анық. Алайда, мемлекеттік органдар ондай келеңсіздіктерге жол бергісі жоқ. Мәселен, елордада валюта айырбастау операциясының тәртiбiн бұзғандар қатаң бақылауда тұр. Бұл туралы Ұлттық банктің Астана қаласы бойынша орталық филиалының директоры Ғазиз Шегенов мәлiм еттi. «Теңгенiң еркiн айналымы енгiзiлген соң, Ұлттық банк валюта айырбастау пункттерiнiң жұмысын қадағалауды күшейттi. Астана қаласы бойынша мәлiмет беретiн болсам, бiз валюта айырбастау операциясының тәртiбiн бұзған 7 айырбастау пунктiн анықтадық. Осы 7 фактiге қатысты үш айырбастау пунктiне жазбаша түрде ескерту жарияланса, екi факті бойынша талапты орындау мiндетi бекiтiлдi, ал бiр банктiң филиалына қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Ол филиал доллар мен еуроның курсына қатысты бағаны қымбаттатып сатқан», деп түсiндiрдi Ғ.Шегенов. Ол сондай-ақ, орайы келген сәттi пайдаланып, валюта айырбастау пункттерiне қатысты Ұлттық банктiң құқықтары мен құзырын қайталап өттi. Яғни, валюта бағамын реттемесе де, валюта айырбастау пункттерінің қызметін реттеуге құқылы екендіктерін еске салды. «Ұлттық банктен валюта айырбастауға рұқсат алып, лицензия иеленген ұйымдарға қатысты орындап жатқан мiндеттерi туралы хат сұратуға, жазбаша түрде ескерту жариялауға және орындауға мiндеттi жазбаша түрде ескерту беруге құқылы. Сонымен қатар, Ұлттық банк валюта айырбастау тәртiбiн бұзған пункттердiң лицензиясын қайтарып алуға да қауқарлы», деп ескерттi Ғ.Шегенов.
Брифинг барысында сондай-ақ, қазіргі күні халық арасында талқылау тудырған «демалыс күндерi доллардың теңгеге шаққандағы құны күрт өседі екен» деген алып-қашпа әңгімеге орай да Ұлттық банк өкілдері түсiнiктеме берiп өтті. Бұл ретте банкирлер халықты демалыс күндерi доллар бағасына алаңдамауға шақырды. Себебi, валюта айырбастау пункттерi валюта бағамын тек жұмыс күндерi және жұмыс уақыты кезiнде, сағат кешкi 18.00-ге дейiн ғана белгiлей алады.
«Өткен аптадан бастап Ұлттық банк барлық өңiрлерге тиiстi қаражатты жеткiздi. Бiздiң есептеуiмiзше, қаражат 1,5 айлық мұқтаждықты өтеуге жетедi. Яғни, өңiрлердегi айырбастау пункттерiнде доллар болсын, теңге болсын жеткiлiктi. Сонымен қатар, ақша айырбастау пункттерiне қойылатын негiзгi талап – олар валюта бағамын тек жұмыс күндерi және жұмыс уақыты кезiнде ғана белгiлеулерi керек. Ал демалыс күндерге арналған доллар бағамын аптаның жұма күнi белгiлеуi керек және оны демалыс күндерi өзгерте алмайды, деп нақтылады ол. Ал Ұлттық банк басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Құсайынов қыркүйек айының басында доллардың теңгеге шаққандағы бағасы қатты қымбаттап немесе қатты арзандап кетедi деген болжамның жоқтығын айтты. «Қазақстандықтар, мереке күндерiнде теңгенiң төмен курсын iздеп алаңдамаңыздар. Қазiр 240 теңгеден сәл қымбат курс бiр апта бойы тұрақты және болжамды курс болмақ. Қыркүйек айының басында теңгенiң долларға шаққандағы курсы не тым қымбаттап, не тым арзандап кетпейдi», дедi Н.Құсайынов.
Теңге бағамының төмендеуіне орай халық көңілін күпті еткен тағы бір мәселе теңгемен сақтаған депозиттер жайы болатын. Осыған орай, журналистер қойған сұраққа қатысты Ұлттық банк өкілдері теңгемен ашқан депозиттердiң шығынын өтеу бағдарламасы алдағы қыркүйекте бекiтiлетінін жеткізді. Бұл туралы брифингте Ұлттық банктiң қаржылық қызметтi тұтынушылар құқығын қорғау жөнiндегi департамент директоры Александр Терентьев айтып берді. «Мемлекет басшысы теңгенiң еркiн айналымға түсуiне байланысты депозиттерi теңгемен ашылған халыққа шығындарын өтеп беру туралы тапсырма берген. Президенттiң тапсырмасына сәйкес, 1 миллионға дейінгі барлық теңгелік депозиттерге өтемақы жүргізіледі», деді А.Терентьев.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».