28 Тамыз, 2015

Елдік мүдде жолында

465 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Бес реформа – ұлт жоспары 100 кадам Қазақстан ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатымен алға қарай ұмтылып, биік белестерді бағындырып, әлемдік державалар санасатын зайырлы елге айналды. Биылғы өткен Президент сайлауында Мемлекет башысының айшықты да айрықша жеңісі Нұрсұлтан Әбішұлының елімізді мақсатты да тұрақты дамыту жөніндегі орасан зор тынымсыз жұмысының нәтижесі іспеттес. Бүгінде Қазақстанның кемел келешегіне көз салып, басқан қадамдарына қызыға қарайтындар аз емес. Бұл жолда Елбасына сенген, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе қимылдаған қазақстандықтардың еңбегінің үлесі зор. Әр мемлекеттің бастауында билік пен халықтың арасын жалғастырып тұратын белгілі топтар болады. Мемлекет басшысының идея­сын қолдап, қабылданып жатқан түрлі бағдарламалардың өміршеңдігіне үлес қосатын биліктің өкілді органдарының бірі – мәслихат екені ақиқат. Н.Ә.Назарбаевтың «Мен депутаттардың тарихи міндеттердің биігінен табылатынына әрдайым сенемін. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органмен қоян-қолтық жұмыс істейді деп санаймын. Бірліксіз істе береке болмайтынын, ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүретінін қаперден шығармайық. Басты байлығымыз ел бірлігін сақтай отырып, биік мақсаттарға жетуге ұмтылу. Сол мақсаттарға қол жеткізетін заңнамалық алғышарттарды жасайтын – сіздер. Халық қалаулысы деген абыройлы мәртебенің салмағын ауырсынбай арқалайтындарыңызға мен сенемін. Сіздерге Қазақстанның өркендеуі жолында маңызды шешімдер қабылдап жұмыста зор табыс тілеймін», деген сөздері әрбір халық қалаулысының елі үшін аянбай еңбек етуіне үлкен күш берері сөзсіз. Елбасымыз «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» бағдарламасын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен толықтырды. 100 қадам – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына жетудегі ғаламдық қадам. Алға қойған мақсаттардың орындалуына билікпен бірге қарапайым халықтың да қосар үлесі зор. Сондықтан облыстық мәслихаттың барлық депутаты Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының негізгі тетіктерін түсіндіру және пікір алмасу мақсатында халықпен кездесулер өткізіп келеді. Аймағымыздың дамуына өзіндік үлес қосып жүрген облыстық мәслихат жұмысының салмағы зор. Халық қалаулылары Елбасы Жолдауларындағы тапсырмаларының, қабылданған бағдарламалардың уақтылы әрі сапалы орындалуына бір адамдай атсалысып, аймақ халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында бар күш-жігерлерін салып келеді. Өңіріміздің даму бағытында жасалып жатқан жасампаз жобалардың алды ел игілігіне пайдалануға берілсе, жоспардағы жобалар өз уақытымен жалғасын табуда. Бұл тұрғыда облыс басшысы Қырымбек Елеуұлының аймақ экономикасын дамытудағы қосқан үлесін ерекше атап өту керек. Аймағымыз өсіп-өркендеудің жаңа белестеріне шығып, экономикалық, индустриялық бағыттарды игеріп, білім, денсаулық салалары жанданып, мәдени, рухани тұрпаты жаңаша өрістеп келе жатыр. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, тек Қызылорда қаласының өзінде 2015 жылы жалпы құны 15 миллиард теңгені құрайтын 2090 пәтері бар 41 тұрғын үй және 158,4 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері пайдалануға берілмек. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 8 есе көп. Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 23 миллиард теңге қаралды. Жақын күндері осы қаржыға 4 ауданның орталығындағы 25 070 үй көгілдір отынға қосылады. Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша да оң өзгерістер байқалады. Облыс бойынша 9 апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңа мектеп, Жаңақорған және Жалағаш аудандарындағы емханалар құрылысы жүргізілуде. Жұмыспен қамту саласында жыл басынан бері 4313 жұмыс орындары құрылды, оның ішінде 3630-ы тұрақты. 2015 жылдың 1 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға жетіп, 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайыздық сатыға азайған. Халық қалаулылары билік пен елдің арасын жалғастыратын алтын көпір. Өңіріміздегі өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысып, өздеріне сенім білдірген халықтың мүддесі үшін қызмет етіп, аймақ дамуына сүбелі үлестерін қосып жүрген облыстық мәслихат депутаттарының еңбегі өте зор. Олар облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған шешімдерді қабылдап қана қоймай, оның орындалуын қадағалап, аймағымыздың дамуына әсерін тигізетін ұсыныс-пікірлерін ашық айтып келеді. Сыр елі – жыр елі деп бекер айтылмаған. Облысымыздағы мәдениет саласының республикалық деңгейде өзіндік орны мен салмағы бар. Мәдениет саласын одан әрі дамытып, жергілікті халықтың рухани сұранысын қанағаттандыру мақсатында кезекті 35-сессияның күн тәртібіне мәдениет және өнер саласын дамытудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы мәселе ұсынылды. Облыстық мәслихат депутаттарынан құралған жұмысшы топ тек облыс аумағын ғана бақылап қоймай, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарына барып тәжірибе алмасу өткізді. Одан соң барлық аудандарда маңызды жиын өткізіліп, аталмыш мәселенің аудандағы жай-күйіне қанығып, өзекті мәселелер қаперге алынды. Кезекті сессияда мәдениет нысандарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарын одан әрі жалғастыру және басталған құрылыстарды аяқтау жөнінде, алыс-жақын шетелдермен және Қазақстанның өзге облыстарымен мәдени байланыстар орнату, тәжірибе алмасу мақсатында гастрольдік сапарлар, шеберлік дәрістер өткізуге қолдау көрсету, Ресей Федерациясы музейлерінің қорында сақталған Сыр өңірінің ескі қалаларынан табылған көне жәдігерлердің көшірмелерін жасату туралы шешім бір ауыздан қабылданды. Облыстағы мектеп оқушыларының жазғы демалысының жайы бойынша депутаттардан құралған жұмысшы топ барлық аудандарды аралап шықты. Аталмыш мәселеге байланысты кеңейтілген отырыс өтіп, онда жазғы демалыс лагерьлерінің жай-жапсары талқыға салынды. Сондай-ақ, сессияда 2014 жылы құқық бұзушылықты азайту, жол қауіпсіздігін және жол ережелерін сақтау жөнінде және 2014 жылы Қызылорда облысы жастарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында атқарылған іс-шаралар жөніндегі мәселелер тұрақты комиссия отырысында қаралып, қаулы қабылданды. Облыстағы жергілікті автомобиль жолдарының жайы және оны жақсарту шаралары туралы 2013 жылғы 10 шілдедегі шешімнің орындалу барысына қатысты тұрақты комиссияның отырысы барысында депутаттар тиісті мекеме басшыларынан облысымыздағы автомобиль жолдарына байланысты жасалып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет алып, өз ұсыныстарын айтты. Мәслихаттардың құзыретіне жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту жүктелген. Бюджет кодексі аясында облыстық мәслихат депутаттары тұрақты комиссиялардың тиісті отырысында жобаларды барынша талқылайды. Кезекті 38-сессияда облыс әкімінің бір жылдық есебімен қоса, өзекті мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды. Мәслихаттың жылдық жұмыс жоспарына сәйкес кезекті сессиясына негізгі мәселе ретінде облыс аумағында еңбек құқықтарының сақталу жайы және оны жақсарту шаралары туралы мәселе ұсынылып, облыстық мәслихаттың депутаттары қаламыздағы бірнеше мекемелерді аралап, жай-жапсарымен танысты. Барлық мекемелердің жұмыстарымен танысқан соң, көтерілген мәселелер мен ұсыныс-пікірлер назарға алынып, алдағы сессия қарсаңында тағы да кеңейтілген отырыста қаралатын болып шешілді. Сонымен қатар, алғаш рет «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» және «Жеңістің 70 жылдығы» мерекелеріне орай, облыс мәслихаттары депутаттары мен аппараттары қызметкерлері арасында үстел теннисінен, волейболдан спорттық турнир өтті. Саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту, өзара байланыс пен сенімді нығайту бағытында өткізілген жарысқа Қызылорда қаласы мен аудандардан бірнеше команда қатысып, жарыс соңында жеңімпаз командаларға кубок пен арнайы сыйлықтар табысталды. Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен өтетін жарыстар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Нұрсұлтан Назарбаев: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген болатын. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен қазақ әйелдері қай кезеңде де өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі қай сала болмасын өз қолтаңбасын қалдырып кетіп отыр. Мәңгілік еліміздің жарық жұлдыздарына айналған Қазақ елінің «алтын дауысы» атанған жерлес апаларымыз Роза Бағланова, Мәдина Ералиева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәбира Майқанова түлеп ұшқан қасиетті Сыр топырағынан күш-қуат алып, еңбек етіп жүрген үлгі тұтар алдыңғы буын апаларымызды айтып өтпесек болмас. Бүгінде елімізде биліктің осы органында еліміздің заңнамасын 19 әйел табысты атқарып келеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттардың 17 пайыздан астамы әйелдер. Жас ұрпақтың білімді, денінің сау болуы, әрбір отба­сының мызғымас берік болуында әйел-анала­рымыздың еңбегі өте зор. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» тағынған алтын құрсақты Сыр елі аналарының әлі де болса ізгі дәстүрі үзілмегендігін байқауға болады. Облыстың барлық саласындағы қарқынды даму көңіл қуантады. Дүйім жұртшылықтың аузында ырысты, күрішті ел деп бекер аталып жүрген жоқ. Сонау Ыбырай Жақаевтың ізін қуып келе жатқан маңдайалды шаруашылығымыздан қол үзбеу бүгінгі күннің басты мақсатына айналып отыр. Елбасы өзінің Сыр еліне жасаған сапарында «Сыр – Алаштың анасы» деп өзінің жүрекжарды тілегін арнап, бағасын берген болатын. Осы сөздің дәлеліндей, қазақ халқының қаймағы бұзылмаған дәстүрі, халқының берекесі мен ырысы сақталған жер – қасиетті Сыр елінің болашағы бекем, келешегі кемел деп білемін. Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы. Қызылорда облысы.