11 Наурыз, 2015

Тіл білмей сүрінді

378 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Дүйсенбі күні Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Уәлихан Қайсаров пен Есенбек Үктешбаевтың Мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның отырысы өтті. Сынақ нәтижелері бойынша Лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы президенттікке кандидат Уәлихан Қайсаровтың мемлекеттік тілді еркін меңгер­мегені жөнінде бірауыздан шешім қабылдады. Комиссия төрағасы М.Жолдасбеков Комиссияның шешіміне қатысты: «Бірінші жазбаша тапсырмада кандидатқа берілген уақыт жетпей, оған қосымша жарты сағат уақыт берілді. Осының өзі оған «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы: тарихы мен бүгіні» атты таңдап алған тақырыпты орындауға көмектеспеді. Үміткер тақырыпты дұрыс түсінбеді және тиісінше оны аша алмады. Сонымен қатар, ол 23 қате жіберді, оның ішінде 5 орфографиялық, 11 пунктуациялық және 7 стилистикалық қателер. Екінші тапсырмада І. Есенберлиннің прозасынан үзінді оқығаннан кейін, кандидат мәтіннің мазмұны бойынша кейбір сұрақтарға жауап бере алмады, сондай-ақ, оқу барысында ол қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын бұзды», – деді. Комиссия төрағасы атап өткендей, У.Қайсаров үшінші тапсырма бойынша «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген тақырыпқа 15 минуттық сөз сөйлеуге тиіс еді. Аталған тақырыпты кандидат аша алмаған, ол өзінің сөздік қорының аздығын, сонымен қатар, қазақ тіліндегі сөйлем құрылысына қатыс­­ты кейбір ережелерді білмей­тінін көрсетті. Нәтижесінде Линг­вис­ти­калық комиссия У.Қайса­ров­тың мемлекеттік тілді еркін меңгер­мегені туралы шешім қабылдады. Ал президенттікке кандидат Есенбек Үктешбаев та Линг­вис­тикалық комиссияның шешімімен мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп танылды. Комиссия төрағасы М.Жолдасбеков Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылдағанын атап өтті. «Таңдаған тақырыпты ашу талап етілетін жазбаша жұ­мысында кандидат өз ойын қисынына келтіріп жеткізе алмады, – деді ол. – Сөз тіркестерінің әде­би нормаларын бұза отырып, сөйлемдерді стилистикалық жағынан дұрыс құрған жоқ. Жаз­баша тапсырманың көлемі талап етілетін екі парақтан кем болды. Одан кейінгі тапсырмада үміткер Мұқағали Мақатаевтың «Сезім» атты өлеңін оқуда қателер жіберді және оқылған өлеңнің мазмұны бойынша Комиссияның қойған сұрақтарына жауап берген жоқ. «Қоғам және демократия» деген тақырыпта көпшілік алдында сөз сөйлеуде қажетті 15 минуттың ор­нына кандидат 10 минут қана сөй­леді. Тақырыпты ашпады, әдеби тіл нормаларын бұзды және сұрақ­тарға қанағаттанғысыз жауап берді». Өткен сенбі, 7 наурызда пре­зидент­тікке кандидат Қанат Жұман да Лингвистикалық комиссия­ға сынақ тапсырған еді. Нәти­жесінде Комиссия оның да мем­лекеттік тілді еркін меңгерме­гені туралы шешім қабылдады. «Кандидат жазбаша тапсырмада «Менің елім, менің жерім» атты өзі таңдаған тақырыпты аша алмады, негізгі ойды жазбаша сауатты түрде жет­кізе білді, – деді Комиссия төра­ғасы Мырзатай Жолдасбеков. – Жіберілген стилистикалық және пунктуациялық қателердің саны – 31 болды. Абай Құнанбаевтың поэзиясын оқу кезінде орфоэпиялық қателер жіберілді. Қанат Жұман қазақ тілінде бір өлең де оқып бере алмады». Төрағаның айтуынша, кандидат өзі таңдаған «Қазақ мем­лекеттілігінің бас­таулары» атты тақырыпта Комиссия белгі­леген 15 минуттың орнына 5 минут қана сөз сөйлеген, сөйлеу бары­сында әдеби тіл нормаларын сақтамай, сөздік қорының азды­ғын көрсеткен. Нәтижесінде Лингвис­тикалық комиссия аталған канди­даттың мемлекеттік тілді еркін меңгермегені туралы шешім қабылдады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».