Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев VIII Астана экономикалық форумы шеңберінде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Бельгияның экс-Премьер-министрі Ив Летерммен кездесуде экономика өсімінің баяулау факторын жою және табыс деңгейлері жоғары елдер санатына көшу үшін қажетті саналатын шаралар талқыланды. Сондай-ақ, Ив Летерм республика экономикасына шетелдік инвестициялар тарту әдістері туралы пікір білдірді. Ол сол сияқты, ЭЫДҰ-ның жергілікті рыноктарды дамыту стандарттарына қатысты жұмыс жағдайымен де бөлісті.
Норвегиялық экономист, 2004 жылғы экономика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, шынайы іскерлік циклдер теориясының негізін салушылардың бірі Финн Эрлинг Кидланд ел экономикасы үшін сыртқы сілкіністердің теріс зардаптарын тежеу үшін инфляциялық таргеттеудің мәні мен маңызды рөлін атап өтті, сондай-ақ, салық-бюджет және ақша-кредит саясатын неғұрлым оңтайлы үйлестіру бойынша кеңестер берді.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мен Йель университетінің жаһандық қарым-қатынастар мәселелері бойынша бас ғылыми қызметкері Доминго Кавалло инфляцияны төмендету, оның ішінде ақша массасына бақылау жасау арқылы төмендету мәселесін, сол сияқты, валюталық реттеу мәселелерін талқылады.