Қазақстан Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Президенттік бес реформа: ел дамуының жаңа кезеңі» атты сарапшылар форумы болып өтті.
Сарапшылар форумында бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы – Ұлт жоспары, тетіктері, мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері мен Мәңгілік Ел және біртұтас ұлт құрудың жолдары талқыланды. Сарапшылар форумының жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, Қазақстанның белгілі сарапшылары қатысты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
АСТАНА.
Сарапшылар пікірі:
Әлемді мойындатқан әлеуетіміз бар
Әли БЕКТАЕВ, Парламент Сенатының депутаты.
Реформалардың барлығы ел үшін, елдің болашағы үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстан болжап, арыдағыны ескере отырып жасаған реформаларының арқасында Қазақстан осы дәрежеге жетті, дүниежүзін мойындатты. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы да тиянақты іске асырылып келе жатыр. Онда айтылған әр бағдар – ел дамуын болашаққа бастайтын сара жол. Елбасы сайлауалды бағдарламасында бес институттық реформаны жариялады. Тек бағыт беріп қана қойған жоқ, Президент реформаларды жүзеге асыру үшін нақты 100 қадамды да ұсынды. Айтылған бағыттардың барлығы біздің халықтың да, қоғамдық ұйымдардың да көңілінен толық шығып отыр. Бұл реформалардың іске асырылуы үшін бүкіл қазақстандықтар жұмылып іс ететініне күмән жоқ. Себебі, мемлекетті жаңа сатыға көтеру – болашағымызды жаңа деңгейге көтеру деген сөз. Олай болса, жарияланып отырған 100 нақты қадам біздің еліміздің дамуын, экономикасының индустрияландыру деңгейін, еліміздегі демократияны, кәсіби мемлекет құру қағидасын жаңа сатыға көтеретіні анық. Сондықтан ұсынылған Ұлт жоспары халықтың көңілінен шықты және әрбір азаматтың жүрегінен орын алды деп нық сеніммен айтуға болады. Реформа – жалпыхалықтық іс. Сондықтан әрбір қазақстандық Елбасының төңірегіне топтасып, осы бағытта тынымсыз еңбек еткенде ғана діттеген ұлы мақсаттарға жете аламыз.
Дән де, сүт те көбейеді
Дүйсембай СЕЛИХАНОВ, Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыру мақсатында 100 нақты қадамды белгілеп берді. Аталған жоспарда еліміздің бүгіні мен ертеңі толық қамтылған деуге болады. Мұның ішінде ауыл шаруашылығына қатысты нақты атқарылатын істерге тоқтала кетер болсақ, Елбасы ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалануды, оны нарықтық айналымға енгізуді атап көрсетті. Бұл орайда Шығыс өңірінде өткен жылы 1 млн. 321 мың гектар жер кәдеге асса, биыл бұл көрсеткіштің 1 млн. 329,3 мың гектарға артқанын айта кеткеніміз абзал. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы 60-тармақта сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту керектігін белгілеп берді. Оның негізгі міндеті – үш жыл мерзімде ТМД елдері нарығына шығарылатын өнімдерінің жартысына дейінгі экспортын қамтамасыз ету. Және бұл жұмыстың ауылды жерлерде кооперативтік өндірісті дамыту арқылы ұйымдастыру көрсетілген. Қазіргі кезде Шығыс өңірінде сүт шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл Елбасы алға қойған мақсаттарға жетуге алғышарт болмақ. Атап айтқанда, облыс әкімі Даниал Ахметов 2015-2016 жылдарға арналған жоспар негізінде 37 тауарлы сүт фермасын құруды және 115 елді-мекенде сүт қабылдау пункттерін ұйымдастыруды тапсырды. Қазір осы бағытта кеңінен жұмыс атқарылуда. Мәселен, жуырда 30-дан астам ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарымен кездесуде өңір басшысы 22 кәсіпорынның сүт және мал шаруашылығы жобалары бағытында жұмыс істеуге әзір екенін айтты. Оның ішінде «Шығыс Агрохолдинг» ЖШС голландиялық әріптестермен бірге жұмыс істейтін екі сүт фермасының құрылысын бастап та кетті. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасының бес институттық реформасында көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар аясында орындалып, еліміздің индустриялануы мен экономикалық өсімін қамтамасыз етеді.
ӨСКЕМЕН.
Нақты қадамдар берекелі биікке жеткізеді

Әсет ДОСЕКЕНОВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қостанай облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.
«Нақты 100 қадам» жоспары жарияланды. Бұл әр саладағы атқарылар істерді саралайды, нақтылайды. Соның бірі – мемлекеттік қызмет саласы. Осы жоспардан тұратын құжаттың өзі кәсіби мемлекеттік аппарат құруды жетілдіру мәселелерінен басталуы да тегін емес. Мемлекеттік қызмет саласында жетілдіру керек түйіндер бар екендігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып келеді. Ол орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарындағы басшылық қызметте қажетті тәжірибесі аз адамдар отыратындығын ескерткен еді. «Нақты 100 қадам» жоспарындағы «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тарауы осы кемшіліктерді болдырмау мақсатына арналыпты. Мысалы, осы тараудағы 2-қадамда «Төменгі лауазымға кандидаттарды реттеу және одан лауазымдық өсу іскерлік қасиеттер негізінде жүзеге асуы тиіс» делінген. Расында, шетелдерден білім алған жастар мемлекеттік қызметке жиі келеді. Бірден «төр менікі» дейтін көріністер жоқ емес. Қайда оқып келсе де, тәжірибенің, халыққа қызмет етудегі біліктіліктің жөні бір бөлек. Жергілікті жердің ой-шұқырын, елдегі ерекше ескеретін жайларды, шаруашылық мәселелерін, адамдардың болмыс-бітіміне дейін білмей, қалай басқару қызметіне ұмтылуға болады? Ұмтылғандар да бар, бірақ лауазымның төменгі сатыларында әбден тәжірибе жинақтап молықпай, жоғары лауазымға барғанмен күткендегідей нәтиже болмайды. Олар барған аудандарда, қалаларда берекелі еш нәрсе бітпейді. Артында шашылып-төгілген істер қалады. «Нақты 100 қадам» жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» атты бірінші бөліміндегі қадамдар бір бірімен байланысты екенін де айтуымыз керек. Мысалы, 8-қадамда «Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде жекешелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру» керектігі айтылады. Осыған дейін бір лауазым иесі қызметке келсе, берілген пәтерді аз уақытта жекешелендіріп, кетерінде алып кететін. Келесі келген қызметкерге тағы да тегін пәтер осылай берілетін. Берекесіздіктің, шашылудың алды осыдан басталатын. Енді барлығы да ретке келетін болды. Ал 12-қадамдағы «Жаңа этикалық ережелерді енгізу» мәселелерінің өзектілігі басым екенін айтар едім. Біздің елімізде негізі мемлекеттік қызметкерлердің «Ар-намыс кодексі» бар. Онда этикалық мәселелер жалпылама айтылады. Ал мемлекеттік қызметкерлер өмірдің, шаруашылықтың түрлі салаларында істейді ғой. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік қызметкерлер шаруалармен, фермерлермен қалай сөйлесуі, қызмет көрсетуі тиіс? Олардың арасындағы артық-кем кетіп жататын даулы мәселелер жеткілікті. 12-қадам осыны реттейтін болады. Демек, «Нақты 100 қадамда» ұсақ-түйек жоқ.
ҚОСТАНАЙ.
Мақсат – жүйелі жұмыс

Тұрсынай АБДРАХМАНОВА, Н.Әбдіров атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Ел тәуелсіздігінің нығаюы орта білім беру жүйесімен тығыз байланысты болғандықтан, ауыл мектептерінің бүгінгі жайы, даму бағыттары, оның болашағы мемлекет назарынан тыс қалған емес. Елбасының алдағы уақытта мемлекет пен қоғамды одан әрі дамытудың неғұрлым өзекті мәселелерін анықтап, нақты міндеттер жүктеген бағдарламалық мақсаттарда өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, азаматтық қағидаттарында қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, олардың санасында жалпыұлттық құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді, ар-намыс, ізгілік пен қайырымдылық нормаларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуі ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артады. Біздің ауданымыздағы Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш, батыр бабамыз Нүркен Әбдіровтің есімімен аталатын байырғы білім ұясы қазіргі заман талаптарына сай ой-өрісі кең, саналы да тәрбиелі шәкірттерді үлкен өмірге қанаттандыруда осы биік міндет деңгейінен көрінуге күш салып келеді. Бұған орай мектебіміз «Оқытудың инновациялық технологияларын пайдалану арқылы білім сапасын арттыру, оқушының алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдана білуіне қол жеткізу» атты бағдарламаны негізге алып, сол бойынша 4 жоғары, 13 бірінші санатты 28 мұғалім еңбек етуде. Заманауи оқу құралдарымен жабдықталған 14 пән кабинеті, 6601 дана оқулықтар мен әдеби шығармалар қоры бар кітапхана шәкірттеріміздің біліктіліктерін көтеруіне мүмкіндік береді. Әрине, ең бастысы, ұстаздардың жоғары кәсібилік қызмет ете білу қабілеті мен ынтасы түпқазық болса, бұл ретте ұдайы ізденіс біразына тән екенін айтуға болады. Педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы аясында І, ІІ және ІІІ деңгей бойынша ағылшын тілі, сызу және технология, қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімдері С.Күзембаева, Ж.Құдайбергенов, Г.Көшкінбаева, бастауыш сынып мұғалімдері Ә.Бәкірова, М.Шоланова арнаулы курсты тәмамдап, заман талабына сай жаңашылдықпен білім беру бағытында еңбектенуде. Мектеп әкімшілігінің басқару жүйесін, педагогтік қауымның оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру шеберлігін дамытпалы құрылымға негіздеуде мектеп директоры С.Бәкіров 2014 жылы Кембридж университетімен бірлескен «Назарбаев зияткерлік мектебінің» Астана қаласындағы педагогикалық шеберлік орталығында жаңа пішімдегі мектеп басшыларын дайындаудың 9 айлық курсында білімін жетілдіріп келді. Бүгінде оқушы білімін саралап, келешекке жолдама беретін тетік – ҰБТ жақындап келеді. Өткен оқу жылында түлектеріміздің 74 пайызы оны көңілдегідей тапсырып, аудан мектептері арасында жоғары орындардан көрінді. Биыл оқушыларды кезекті сынаққа дайындауда қабілеті мен біліміне іскерлігі сай әріптестеріміз Н.Молдаханова, Г.Рахымбекова, А.Сейтжаппарова жылдағыдай аянбай қамқорлық көрсетуде. «Қызықтырар ұстаз болса, қызықпайтын шәкірт болмас» дегендей, мектебімізде «Мәңгілік Ел» құндылықтары – еңбексүйгіштікке, адалдыққа, отаншылдыққа, патриотизмге, бауырмалдыққа баулуға, ұлттық салт-дәстүрлерді үлгі етуге арналған мәдени-танымдық шаралар жиі өткізіліп тұрады. Тілдер мерекесіне орай өткен «Өнер алды – қызыл тіл» аудандық үздік шығармалар байқауында «Үздік туынды» номинациясы бойынша 9-10-сынып оқушылары Толғанай Жүнісқызы І, Ұлпан Әбділда ІІ орын алды. Мәуліт мерекесіндегі мүшәйрада 8-сынып шәкірті Алмара Есберген жеңімпаз болып танылып, Алғыс хатпен марапатталумен бірге, демеушілер ақшалай сыйлық ұсынды. Республикалық «Ақбота-2015» интеллектуалды марафонында 5-сынып оқушылары Әлия Кәдірбекова І, Мейрам Сағатбек ІІ орын иеленді. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып Жезқазған қаласында оқушылар арасында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жасаған Ақбота Көмірбайдың «Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлы бетбұрысы» атты баяндамасы жинаққа енді. Балқаш қаласында өткен қалалық «Отан үшін жан қиған ер» тақырыбында Кеңес Одағының Батыры жерлесіміз Қазбек Нұржанов бабамызға арналған көркемсөз оқу шеберлерінің байқауынан шәкіртіміз Баян Бексұлтанова ІІ орын иеленді. Спорттық жарыстардан да оқушыларымыздың жетістіктері айтарлықтай. Тоғызқұмалақ, шахмат, теннис, күрес түрлерінен аудандық, облыстық сайыстардан жүлдемен оралып жүр. Осы орайда мұғалімдердің ізденгіштігі оларға үлкен үлгі. Республикалық сырттай «Шығармашыл сынып жетекшісі» конкурсына қатысқан жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті, математика, информатика пәндерінің оқытушылары Г.Рахымбекова, математика, информатика пәні мұғалімі Г.Ноғаева дипломмен марапатталса, жас әріптестері Ғ.Абылханованың, М.Сәкенованың біліктілік арттыру курстарында қорғаған жұмыстары жинақта жарияланды. Жыл сайын қатарымызды толықтырушы ізбасарларымыз өз қызметтерінде осындай белсенділік танытып келеді. Мектеп жанынан құрылған Н.Әбдіров мемориалдық мұражайы шағын болғанымен ер есіміне қатысты деректер мен жәдігерлер жеткілікті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жаңа мұрағаттармен толықтырылды. Жақында ауылымызда батыр ескерткіші орнатылып, оны оқушылар күтімге алды. Мұғалімдер де оқушылар сияқты білім ұясында бірыңғай киім үлгісімен жүреді. Республикалық «Оқыту мен тәрбиелеу технологиясы» журналының мамыр-маусым айларындағы тұтас бір нөмірінің мектеп мұғалімдерінің іс-ізденістеріне арналуы қуанышты оқиға болды. Болашағымызды бағдарлап, кемел келешегіміздің көкжиегін айқындаған істерге өз үлесімізді қоса білу – әрқайсымызға зор мерей. Біліміміз бен күш-жігеріміз соған жұмылған.
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Жәмші ауылы.
Болашақтың тұғырнамасы
Алтынбек БАЯНОВ,
Әуезов аудандық (№2) сотының төрағасы.
ХХ ғасыр қазақ халқы үшін алмағайып кезең болғандығы анық. Алайда, халқымыз ұлттың жоғын жоқтаған ерлері мен хандары, батырлары арқасында алапат ашаршылықтан, қорқаулардың қолымен жасалған зұлматтардан аман-есен өтіп, егемендікке қол жеткізді. Қазақстан тәуелсіз ел атанып, мәңгілік арманына қол жеткізді.
Ұлт жоғалмаса, ұлттың рухы жоғалмаса болашаққа ешкім де тосқауыл қоя алмайды. Елдігіміздің туын көкке көтерген Елбасымыз елдің мәңгілік тұғырнамасын қайта қозғады. Президеттің нұрлы жолға бастаған бес халықтық реформа саясаты біздің ертеңіміздің бастауы, болашақтың тұғырнамасы.
Бүгінде халықтың қолдауына ие болған бұл халықтық реформалар егеменді елімізді болашаққа апарар жарқын жолдың бастауы. Олардың аясында халқымыздың болашаққа деген сенімі айқындалып, Қазақстанның кемелді келешегіне алтын көпір жалғанды. Оның айқын дәлелі кеше ғана өткен президенттік сайлаудың нәтижесі. Осы сайлауда қазақстандықтар ерекше белсенділік, ауызбіршілік танытып, бейбітшілік пен тыныштық, береке үшін бірауыздан дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.
Президенттің бастамасымен жаңа экономикалық саясаттың жеті өзекті бағыты белгіленді. Осы бағытта межеленген бағдарламаларды барынша қарқынды жүргізу Қазақстанның экономикасын жаңа деңгейге көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартары хақ.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев партияның XVI съезінде сөйлеген сөзінде бес халықтық реформа туралы жан-жақты мәлімдеп, қазақстандықтардың алдына жаңа міндеттер қойғанын жоғарыда айттық. Елбасы басқа да басты бағыттармен қатар, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде терең реформалар жүріп жатқандығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар, Президент бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьялар корпусы арасындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жиі-жиі соқтырып жататын судьяларды іріктеу, судьяларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі. Судьялар корпорациямен меңіреу тұмшаланбауы тиіс және қоғамдық сыннан тыс болмауы керек. Ашықтық – судьялар қатарындағы жемқорлықтан емдейтін дәрі, деп сот жүйесінің жалпы халыққа ашық болуы қажеттігіне тоқталды.
Елбасы өз сөзінде судьяларға қойылатын біліктілік талаптарын қатайту қажеттігін, судьялар корпусындағы орыннан үміткер кандидаттың нотариуста, полицияда немесе заңгерлік ЖОО-да емес, сот жүйесінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы тиістігін, судьялыққа кандидаттар негізгі жұмысынан босатылған негізде және бір жылдан кем емес мерзімде соттарда өтетін сот тағылымдамасы үшін шарт ретінде қатаң тестілік іріктеуден өтуі тиістігін, кез келген жоғары тұрған судья төменгі соттарда жұмыс істеп көруі керектігін атап көрсетті.
Сол сияқты қызметін жаңа бастаған судьялар үшін ұзақтығы бір жылдан кем емес сынақ мерзімін енгізу де маңызды, одан табысты өткеннен кейін олардың үздіктері судьялыққа сайланады. Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет, деп сот жүйесін жаңартудың нақты міндеттері қойылды.
Қазақстанның сот жүйесінде соңғы жылдары көптеген реформалар жасалып, сот жүйесі халықаралық стандаттарға сәйкестендірілуде. Халықтың сот саласына деген сенімі артып келеді. Оның ең бірінші дәлелі – соттарда қаралатын істердің жыл санап өсуі.
Сот жүйесінің алдына қойылған осы міндеттерді судьяларға жүктелген үлкен жауапкершілік деп түсінеміз. Сондықтан да судьялар қауымы бар күш-жігерін осы міндеттерді абыроймен орындауға бағыттайды деген сенімдеміз. Себебі, ертеңіміздің айқын, тұнық болуы барша қазақстандықтармен қатар, судьялардың біліктілігіне, адалдығына байланысты деп ұғамыз.
АЛМАТЫ.

