04 Шілде, 2015

Көшпелілер: кешеден келген бүгінге

802 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ERA_1201 Ажарлы Астананың айтулы нысандарының бірі – «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алдындағы ат шаптырым алаң, ақшаңқан киіз үйлер аққудай тізіле сап құрған әсем ауылға айналған. Астаналықтар мен қала қонақтарының назарын еріксіз аударып, көркімен көз тартқан осынау мереке құшағындағы алаңда «Мың­­­жылдықтар тоғысындағы Астана» атты дәстүрлі көш­­пелілер өркениеті фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Соңғы 7 жыл көлемінде тұ­рақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл фестиваль мазмұны терең әрі ауқымды жоба болып табылады. Ал биылғы мерекеде аталмыш фестиваль бұрынғыдан да көрікті, бұрынғыдан да әсерлі мазмұнға ие болып отыр. Биылғы жылы әдеттегі көне қалалар қоршалатын дуалдың орнына көрмеге арналған шатырлы кешен бой көтерген. Яғни, алаңда – абылайша және бес-алты қанат киіз үй тәрізді шатырлармен қоршалған әрі арқан­мен тартылған құрылыс түріндегі қалашық көз тартады. Көшпелілер өркениеті көрініс берер алаңға кіреберіс қақпа алдында қазақ батырлары мен арулары сап түзепті. Бойлары 2 метрден асатын таудың тасындай кілең жігіт сырттандары мен қос етек көйлектері жер сызып, белдері қылдай бұралып, сәу­келелерін сыңғырлатқан сұлулар фестивальға келген қонақтарды риясыз көңілмен қарсы алуда. Биылғы жылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі, ат үстіндегі тарихи қойылымдарға арналған алаң болмайды. Оның орнына ат құлағында ойнайтын шабан­доздардың өнер көрсетуіне 1600 шаршы метр аумаққа құм төселген арнайы  алаң жасалыпты. Сонымен бірге, «Жел жеткізген естелік» инсталляциясы мен әдет-ғұрып голографиялық театрына арналған шар тәрізді кешен келушілердің назарына ұсынылған. Қос қанатта аққудай тізілген киіз үйлерде қазақ халқының ұлттық жәдігерлері, музыкалық аспаптары, киімдері және басқа бұйымдары қойылған. Балалар шағын алаңда киізден жасалған бұйымдарды тамашалап, ұлттық ойындар ойнайды. Ересектер қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңке көрмесін аралап, кәсіби мамандардың шеберлік сағаттарына қатыса алады. Келушілер қазақ халқының ұлттық тағамдарынан дәм татып, ат үстіндегі өнерді тамашалайды, қазақтың ғұрыптық әндері мен эпикалық жырларын тыңдайды. Сөйтіп, Қала күні мерекесінің аса бір  мазмұнды көріністерінің бірі болып табылатын көшпе­лілер өркениеті фестивалі аясында мынандай шаралар ұйым­дастырылады: Әдет-ғұрып голографиялық театры. Негізгі ұстанымы нағыз актерлердің виртуалды нысандар мен өзара қарым-қатынасынан тұрады. Актерлер мен үлгі көрсетушілер виртуалды сахна кеңістігінде әдет-ғұрыптарды кеңінен көрсетеді. Дәстүрлі музыка концерті. Бұл қойылым аясында дәстүрлі түркі музыкасы мұрасының жанрлық әр алуандығы көрініс табады. Домбырадан төгілген күй, қобыздан күңірене шыққан көне сарын тыңдаушыларды ерекше әсерге бөлейді. Астананың ашық аспанында қарлығаштай қа­лықтаған халық әндері мен әуез­ді композициялары тыңдау­шы­­лар­дың құлақ құрышын қандырады. «Ат жалында» атты ұлттық ат спорты көріністері де көрер­мендерді бей-жай қалдырмайды. Кұммен көмкерілген арнайы алаңда ат құлағында ойнаған шабандоздар көшпелілер дәуірінің небір көріністерін көз алдыңа елестетеді. Ал «Жамбы ату» ұлт­тық спорты бойынша ығай мен сығай жігіттер өздерінің мерген­дік өнерлерін бәске салады. «Ақ сан­дық, көк сандық» спорт сайы­сы бойынша фестивальға қатысу­шылар балалық шақтың балдәуренін елестетіп, асық атуда мергендіктерін сынайды. Ұлттық қолданбалы өнер жәрмеңкесінде ұлы даланың ұлт­тық-қолданбалы өнер жәдігер­лері көрініс табады. Зергерлік ­бұйым­дар жасау, тоқыма және кілем тоқу өнері, ағаш жону мен тас қашау және басқа өнер түрлері бойынша шеберлер өз өнерлерін ортаға салады. Жәрмеңке барысында қол­данбалы өнерден шеберлік сағат­тары ұйымдастырылады. Соны­мен бірге, «Мыңжылдықтар тоғы­сындағы Астана» атты дәс­­түрлі көшпелілер өркениеті фести­валінің шеңберінде қазақ ұлт аспап­тарының шеруі, «Киім тарихы» шоуы, балаларға арналған «Менің кішкентай киіз үйім» шебер­лік сағаты, музыкалық аспап­тар және қыран құс, жүйрік тазы, ұлт­тық тағам көрмелері өткізілетін болады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.