28 Тамыз, 2015

Өскемендегі сол жағалау кешеніне кіру тегін болмақ

449 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
28-08-2015-Uskemen 1ӨСКЕМЕН. 28 тамыз. Өскемен мен Семей қалаларында демалыс аумақтарын қайта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Келесі жылдан бастап екі қаланың демалыс аумақтары тұрғындар үшін қолайлы һәм қайталанбас келбетке ие болады. Яғни, Өскеменде жолдар кеңейтіліп, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш аумағы абаттандырылған саябаққа айналмақ. Семейде Ертістің сол жағалауындағы бас алаңды абаттандыру жұмыстары аяқталады. Осы жөнінде айтқан облыс әкімі Даниал Ахметов Семейді көріктендіру бағытында облыс бюджетінен қажетті қаражат бөлінгенін, ал облыс орталығында келер жылы үш демалыс аймағы пайдалануға берілетінін жеткізді. «Қайта жөндеуден өтіп, кеңейтілген Славский атындағы жағалау мен Даңқ мемориалы Өскемендегі демалысқа арналған басты орындардың бірі болады. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған ескерткіш ауданының аумағы кішігірім саябаққа айналып, Комендантканы көріктендіру жұмыстары аяқталады», – деді Даниал Ахметов. Өңір басшысы Протозанов көшесін Үлбі көпіріне дейін кеңейту және Сәтпаев даңғылының қарама-қарсы жолақтары арасында орналасқан жасыл белдеудің есебінен жолды 12 метрге дейін кеңейту жөнінде тапсырма берді. Ең бастысы, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап Сол жағалаудағы саябақ кешеніне кіру тегін болмақ. «Облыс орталығындағы ең үлкен саябаққа кіру ақысы ересектерге 400 теңге, балаларға 200 теңгені құрайды. Әлемнің бірдеп-бір қаласында мұндай жоқ. Мәскеуде Сокольникке еркін кіресіз. Мұнда балалар бос уақытын өткізе алмайды, спортшылар жүгіре алмайды. Тұрғындарға бұл мүмкіндікті беруіміз керек. Әрине, бұрынғыдан көп күш жұмсауға, тазалық шараларын күшейтуге тура келеді. Ата-аналар мен әжелер саябақтың ішіндегі аттракциондарға төлемақы төлеуге бейілді. Сондықтан, Гагарин бульварындағы сияқты балалар алаңдарын жабдықтау жөнінде ойлану керек», – деді аймақ басшысы. Думан Анаш. Дерек, сурет: egemen.kz. 28-08-2015-Uskemen 2