04 Шілде, 2015

Бітімгерлік миссия

1298 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Кез келген соғыс... бейбітшілікпен бітеді».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жақында екі тілде жарық көрген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыртқы саясатына бағытталған «Бітімгер»  («Миротворец») атты кітап – жеке тұлғаның тарихи контекстегі, атап айтқанда,  егемендік жылдарда Қазақстанның жүріп өткен  сыртқы саясат жолындағы рөлін  сомдауды көздейтін туынды. Нұрлан Оңжановтың кітабы Укра­инаның шығысындағы жан­жалдың бітім жасасумен аяқта­луына үлкен ықпал еткен Елбасының бел­сенді жүргізген іс-шараларының басы-қасында өзімен бірге болған тәжірибелі дипломаттың көрген-білгендері мен ой-елегінен өткізіп, түйсіне зерделегендерінің негізінде жазылған. Дипломат жазбасының негізгі нысанасы Украинаның оңтүстік шығысындағы қарулы қақтығыс­тың белсенді фазасын тоқтатқан «Минск-2» атанып кеткен Беларусь астана­сында 2015 жылы 11-12 ақ­пан­да өт­кен «Норманд төрттігіне» енген Ресей, Германия, Франция және Украина президенттерінің тарихи кездесуінен әлдеқайда бұрын, тіпті, Минск-1 кездесуіне дейін-ақ, Украинадағы қантөгісті бейбіт жолмен реттеу үдерісіне бел шеше кіріскен Қазақстан лидерінің рөлін әлемдік қоғамдастықтың назарына жеткізу болып табылады. Украинада қалыптасып отырған ауыр жағдайды реттеу мәселесіне келгенде, автор тек көрген-білген­дерін қағазға түсірумен ғана шектелген статист-хроникер емес. Себебі, халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі бола жүріп, Қазақстан Президентінің тек сыртқы саясат емес, ішкі саясатқа да қатысы бар түйткілді мәселелерді шешудегі оңтайлы тәсілдері мен жұмыс істеу әдістерінің қыр-сырын да, әлемдік ауқымдағы саясаткер тұлғаның ішкі дүниесінің тереңдігін де, мәміле­герлік-бітімгерлік қырларын да ой еле­гінен өткізе отырып, негізгі тақырып­қа бай­ланысты мәселелерді ше­бер саралаған. Автор Орталық Азия аймағынан сонау ит арқасы қиянда орналасқан әрі Қазақстанмен ортақ шекара­сы жоқ Украинадағы қанды қақты­ғыс­тарды реттеуге Нұрсұлтан Назар­баевтың білек сыбана кірісуіне негіз болған себептерді де ашып көрсетеді. Сонымен қатар, оқырман назарына әлгі дағдарыстың Шығыс Еуропаның шешілмеген түйткілдері бастан асатын бір елінің аумағында ғана орын алып отырған шағын жанжал еместігін де, дер кезінде тиісті шара қолданбаса, оның салдарының әлдеқайда ауқымды қантөгістер мен апатты шиеленістерге апарып соқ­тыруы мүмкін екендігін де Нұрсұлтан Назарбаевтың дәл болжап қана қоймай, мұндай жағдайда жайбарақаттық танытып, ат-тонды аулаққа салуға болмайтындығын да терең түйсінгендігін автор дөп басқан. Содан соң, дипломат жазбасын­да атап өтілгендей, Украина Нұрсұлтан Назарбаев үшін мүлде бөтен ел емес екен­дігін де назардан тыс қалдыр­маған. Елбасы бұл елде өзінің жас­тық шағын өткізіп, азамат болып есейіп, абыройлы кәсіп иесі болып қалып­тасқанын әрдайым өз қала­мынан шыққан еңбектерінде де, былай да ашық айтып жүретінін дүйім жұрттың өте жақсы білетінін алға тартады. Автор, сонымен қатар, Украина дағдарысының біздің мемлекетке ғана емес, бүкіл әлемге де үлкен сабақ болғанын еске салады. Мәселен, егемендіктің елең-алаңында-ақ Елбасының көрегендікпен жасаған таңдауларының өміршеңдігі өзін өзі ақтағанын да орынды атап өтеді. Өйткені, Елбасы сол кездің өзінде-ақ негізгі басымдықты, ең алдымен, мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығы мен халықтың әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық жағ­дайын жақсартуға және ел бір­­лігін, оның ішінде, әсіресе, этнос­­аралық татулық пен дінаралық түсініс­тікке екпін беріп, тек сол мақ­сат-мүд­делерге қол жеткізіп алған­­­­нан кейін ғана саяси рефор­ма­ларға жол беруді қолға алғанын өте объек­тивті түйін­дейді. Айтса, айт­қан­дай-ақ бұл шешімнің нағыз көсем­дік шешім болға­нын бұл күнде өз халқы­мыз ғана емес, өзгелер де мойын­дап отыр. Мәселен, кейінгі кездерде Батыс әле­мінен біздің елге атізін салушы­лардың аузынан: «Қазақстан бүгін үйренуші елден үйретуші елге айналды», деген пікірдің жиі айтыла бас­тағаны жоғарыдағы уәждің бұлтарт­пас дәлелі деуге болады. Өйт­­кені, Елбасы іске асырып отыр­ған Қазақ­стан мемлекеттілігінің орталықтандырылған басқару жүйесі «Украина синдромына» ұрын­дыр­май, бүгінгі таңда ел ішін­дегі этнос­аралық бірлік пен қоғам­дық келісімнің, саяси, әлеу­меттік, мәдени және экономикалық дамудың мызғымас іргетасына айна­лып отыр. Ал еліміз басқа жол­ды таңдағанда не болар еді? Олай болған жағдайда аталған син­дром­ның қара құйын дауылы біздің мемлекеттілігімізді де айналып өтпес еді. Ал оның салдары жас мем­ле­ке­тімізді мұхиттағы басқару теті­гінен айырылған кеме секілді соққан дауылдың өтіне төтеп беруге мүмкіндік бермей, бір жағадағы жартасқа соғып, қиратып тастауы әбден мүмкін еді. Жаңа туындыда Қазақстанның бүгінгі таңда ұстанған көпвекторлы сыртқы саясаты да өз жемісін беріп отырғаны автор назарынан тыс қалмаған және еліміздің Ресеймен, Еуропа одағымен, АҚШ, Қытай, ТМД немесе алыс-жақын өзге елдермен жүргізіп отырған экономикалық саясаты ешкімнің де мүддесіне қайшы келмейтіні, керісінше, мұндай байланыстардан барлық мемлекеттердің де ұтып отырғаны дәл сипатталады. Дипломат жазбасында еліміздің Тұңғыш Президентінің жүргізіп отырған сындарлы саясатының тағы бір қырына жете мән берілген. Әңгіме мұнда Елбасының күнібұрын көрегендікпен қабылдаған шешім­дері мен олардың сатылап іске асырылуының әрдайым ашықтық жағдайда, халық пен қоғамның пікірінен шет қалмай, қай кезде де ақпарат құралдарының назарынан түсіп көрмегені жайында болып отыр. Мұның айқын мысалдары ретінде Қазақстанның Кеден одағына, Еуразиялық экономикалық одаққа немесе Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кіруге байланысты жиырма жыл бойы үлкен табандылықпен жүргізген дайындық жұмыстарының сәтті аяқталғаны жан-жақты баяндалады. «Бітімгерде» келтірілген мына бір деректің де жөні бөлек. Мәселе, Украинаның экс-президенті В.Януко­­вичтің дұрыс, бірақ тым кеш әрі оқыс қа­был­дап, жойқын салдары ел тағ­­ды­рын қайғылы жағдайға ұшы­ратқан шешімі туралы болып отыр. Шындығында да, Украинаның Еуропалық одаққа енуі туралы шарт ақпарат құралдарында ұзақ уақыт бойы талқыланып, екіжақты келісімге қол қойылатын күн де тақалып қалған болатын. Өкінішке қарай, әлгі шарттың Украинаға тиім­сіз екенін тым кеш түсінген экс-прези­дент В.Янукович белгіленген сәтке бір-ақ күн қалғанда құжатқа қол қоюдан үзілді-кесілді бас тартып, қас-қағым уақытта күллі Еуропалық одақтың алдында да, өз халқының алдында да «өтірікші» атанып шыға келген болатын. Осының салдарынан Украина мемлекетінің бұрынғы көшбасшысы өзі жіберген әлгі так­ти­калық-техникалық қатенің салдарынан «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» демекші, бүкіл әлемнің көз алдын­да улы трагедияның басты себеп­шісіне айналып шыға келгенін аңғар­май да қалды. Есесіне елдегі сая­си ахуал ушығып, тым асқынып кетті. Кітаптың авторы Н.Назарбаевты әлемдік ауқымдағы бітімгер деп әді­летті баға берген. Өйткені, бітім­гер­лік пен мәмілегерлік сипат Ел­ба­­сының қай ісінен де айқын кө­рі­ніп тұрады. Мысалы, Прези­дент Назар­баевтың Германия Федератив­тік Респуб­ликасының Канцлері Ангела Меркельдің: «Мүдделі тарап­тардың екінші кездесуінің Аста­на­да өтуі мін­детті ме?» – деген төтесінен қой­ған сауалына еш іркілместен «Жоқ, мін­детті емес» деген нық жауабы дәлел бола алады. Әрине, Қазақстанның халық­аралық беделі тұрғысынан келген­де, «Астана-1» «Минск-2»-ден гөрі, сөз жоқ, ұтымдырақ болар еді. Алай­да, Қазақстан лидері Украи­на­ның болашақ тағдырына қатыс­ты шешілуге тиісті мәселенің көкей­кес­тілігі мен жаһандық мәнін бірден таразылап, ірілік танытып, сол сәтте ауа­дай қажет мәмілегерлік шешім қабылдады. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып жат­қан мегажобалардың қай-қайсысын алмасақ та, мейлі ол Азиядағы өз­ара іс-қимыл және сенім шара­лары жөніндегі кеңес болсын, мейлі Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съезі болсын, Еура­зиялық экономикалық одақ болсын, Жаңа Жібек жолы жобасы болсын, халықаралық аренадағы бітімгерлік акциялар болсын немесе ел ішіндегі өте сәтті шыққан этносаралық және дінаралық сыйласымдық болсын, олардың барлығына да тән әрі көрер көзге бірден шалынатын екі мүддені кітап авторы атап көрсеткен: – біріншіден, бүкіл әлемде немесе жеке аймақтарда орын алып отырған күллі үдерістерді қалт жібер­мей, қалыптасып отырған өзгеріс­тердің мәніне терең бойлауға үне­мі ұмтылуы және олардан өз елі­не төнетін сын-қатерлерді Елбасының алдын ала бағамдауға тырысуы; – екіншіден, жер байлығы орасан әрі Еуразия құрлығының дәл ортасындағы жаһандық мүдделердің тоғысқан нүктесінде орналасқан Қазақ­стан сынды мемлекет үшін ішкі және сыртқы саясаттың әрқашан үйлесімді әрі сындарлы болуының мәні зор екенін Президенттің терең түйсінуі. Сонымен қатар, автор Қазақстан Президентінің халықаралық арена­дағы белсенді әрекетінің тек сол мүдделерден ғана туындап, тек сол мүдделермен ғана айқында­ла­ты­нын әділет­ті түрде атап өткен. Өйт­кені, Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығы өз аумағымен ғана шек­телмейді. Себебі, ел тыныш­ты­ғы мен қауіпсіздігіне айнала қоршай орна­ласқан алыс-жақын мемлекет­тер­дегі ахуалдың да маңызы зор еке­ніне Елбасы әрдайым екпін беретіні жасырын емес. Кітапта атап өтілгендей, Елба­сының жеке қолтаңбасы деуге лайық және бір қыры да назарға алынған. Бұл – Елбасының стратегиялық мега идеялар мен бастамаларды іске асыру кезінде олардың бүге-шігесіне дейін жете назар аудара алатын қабілеттілігі. Кітап авторы мұндай қабілеттің жетімсіздігінің салдары Донбаста өзін өзі жариялаған рес­публикаларда өткізілген жергілікті сайлауда қателіктерге жол беріліп, бітімге байланысты қол жеткізілген уағдаластықты іске асырмай тас­тауға аз-ақ қалғанын дөп басады. Дипломат жазбаларында Қазақ­стан лидерінің бітімгерлікке қатыс­ты ауқымды мәселелерді шешудегі әдіс-тәсілдеріне де жете назар ауда­рыл­­ған. Сонымен қатар, автор Ел­ба­сының мәмілегерлік қырының тек Украина­дағы шиеленіспен ғана шек­те­лмейтінін тілге тиек ете ке­­ліп, 1991-1992 жылдары Ресей прези­­­- д­енті Б.Ельцинмен бірге алғаш­­қы­лардың бірі болып, Таулы Қара­­бақ­тағы қақтығыстарды тоқ­татуға бағыт­талған шараларға қатыс­қанын да, 2005-2010 жылдары көрші Қыр­ғызстандағы ішкі саяси дағда­рыс­тарды реттеуде де белсенді атсалыс­қа­нын оқырман назарына қоса ұсынады. Сайып келгенде, дипломат жаз­баларын ой елегінен өткізген оқыр­ман Елбасының Украинадағы дағда­рыс­ты бейбіт жолмен шешуге бағыт­талған белсенді іс-шаралары тек Елбасының өз беделіне ғана емес, еліміздің абыройына да абырой қосып, Батыс әлемінде Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты о баста қалыптасқан теріс пікірдің сеңін бұзуға да үлкен үлес қосқанын анық байқайды. Халықаралық ауқымдағы тәжіри­белі бітімгер Нұрсұлтан Назар­баевтың «Кез келген соғыс ерте ме, кеш пе, бейбітшілікпен аяқталады» деген прагматизмге негізделген сөзінде бейбітшілікке балама жоқ деген ұғымды меңзейтін шындық жатыр. Бүгінгі таңда әлгі шындыққа құлақ аспайтын саясаткер табыла қоймас, сірә. Мұның дәлелін алыстан іздеу­дің де қажеті жоқ. Мәселен, 2014 жылы Қазақ­станға ресми және жұмыс бабындағы сапар­лары шеңбе­рін­де Қазақстан Президенті­нің ГФР Сыртқы істер министрі Ф.-В.Штайнмайермен, Швей­ца­рия Пре­зи­денті және ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Д.Буркхальтермен, Чехия Президенті М.Земанмен, Француз Республикасының Президенті Фран­суа Олландпен өте маңызды келіс­сөздер өткіз­гені белгілі және сол кездесулердің бәрінде де Украина­дағы дағдарысты тек қана бейбіт жолмен реттеу керек деген тезистің әңгіменің бас арқауы болғаны жасырын емес. Сөз соңында жоғарыда айтыл­ған­дардың бәрі де бір нүктеге ке­ліп тоғы­сатынын айту парыз. Ол нүк­те мынау: әлем көшбасшылары Қазақ­стан лидеріне үлкен сенім артады және оның өмір тәжірибесін құрметтейді, дәйекті де дәлелді сөзіне құлақ асады, демек, Қазақстан пікірімен есептеседі. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Астана.