28 Тамыз, 2015

Көкшетауда «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
28.08.2015 AQMКӨКШЕТАУ. 28 тамыз. Көкшетау қаласында «Мектепке жол» акциясы әдеттегідей жоғары белсенділік сипат алды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Дәстүрлі шарадан әрбір бала шет қалмауы қатаң қадағаланды. «Бұл орайда, арнайы жұмыс жоспары жасалып, 354 мұғалімнің күшімен 7 440 жеке үй мен пәтерлер тұрғындарымен әңгіме өткізілді. Сондай-ақ, 141 рейд шарасында балалардың тұрмыс жағдайы, ата-аналарының жұмыспен қамтылуы мен отбасылық кіріс көлемі зерттелді. Білім бөлімінде акцияға қатысты тізім жасалынды. Мұқтаж балалардың барлығы жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, еңбек ұжымдары мен бизнес құрылымдарына бекітіліп берілді», дейді біздің сұрау салуымызға орай қала әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамова. 28.08.2015 AQM-1Алғашқы күннен-ақ игі іске жұмыла кіріскен мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, ішкі істер басқармасы мен банк қызметкерлері бірінші сыныпқа баратын 152 баланы мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, Көкшетау қалалық білім бөлімі міндетті оқыту қорынан 4280980 теңге қаржы бөліп, 934 балаға адресті көмек көрсетті. Қалалық тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де 4 миллион теңге бөлу арқылы тұрмысы нашар отбасылардың 200 баласын жаңа оқу құралдарымен қуантты. Жылда өткізілетін «Мектепке жол» жәрмеңкесі биыл «Балаларға баршамыз бірге көмектесейік» ұранымен өткізілді. Қалалықтар өз балаларына ғана емес, өзге оқушыларға да оқу құралдарын сатып алып жатты. Бұған қоса, мектеп құрал-жабдықтарын, киім-кешектерді қабылдау орны ашылып, бір мезетте толық құрамдағы 21 оқу құралдары жиынтығы, көптеген киім және 22 335 теңге ақшалай қаражат жиналды. Осы ретте, қаладағы мектептердің барлығы да биыл оқулықтармен жеткілікті деңгейде жабдықталғанын атай кеткіміз келеді. Бақберген Амалбек. Дерек, сурет: egemen.kz