Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабы туралы толғанғанда
Адамзат аузымен ежелден айтылып келе жатқан мәтел сөз бар: «Нағыз тарих романшының да қиял құсын шаң қаптырмақ» деген. Орысшасы: «Старая истина – подлинная история может превзойти любые фантазии романиста». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелері» кітабы (Нұрсұлтан Назарбаев. «Өмір өткелдері». Сұхбат кітабы. Астана. «Фолиант» баспасы. 2015 жыл.) – шынында да романға бергісіз тарихи сұхбат. Мәселе шығарманың алғашқы бетін ашқан бойда-ақ бас алдырмай қадалтатын, ақыл-ойыңды билеп бой сергітер айрықша тартымдылығында ғана емес. Эпикалық құлашының ерендігінде, пайым, парасатының биіктігінде. Шығарма аннотациясында айтылғандай, «Елбасымен сұхбаттарды ой көзімен оқыған адам ғибратты ғұмырдан көп тағылым алатыны талассыз». Сұхбат – публицистика жанрына жатады. Автор монологы мұнда әлсін-әлі сұрақ түрінде қойылатын диалогқа ауысады. Көркем әдебиеттен өзгешелігі, ойдан қосуға жуымайды. Зәрулі замана проблемаларын қозғап, қалың оқырман санасын асқақ толғаныс, жалынды пафоспен, өткір де алғыр тілімен баурайды. Қалың том құрайтын, алғы сөзін есептемегенде, он алты көлемді тараулардан тұратын аталған кітап интервьюдің өрістетілген түрі іспетті. Мұндағы факт, пікір, дәлел-аргумент, проблема, қағида құр баяндалмайды. Монолог иесі басынан өткен қым-қиғаш тартыстар барысындағы көңілін, күйініш-сүйініштерін шын жүректен жасырмай ақтарады. Психологизм, памфлет, юмор, сатира, көркем деталь элементтерін барынша кең пайдаланады. Саяси-идеологиялық мәселелер төңірегінде ғана емес, философиялық, әдеби сын, моральдық-этикалық проблемалар аясынан толғанады. Шығарма жай сұхбат, интервью деңгейінен әлдеқайда асып-төгіліп жатыр. Сондықтан, жанрын анықтай түсу керек. Өз басым, шығарманы сыр-сұхбат кітабы деп атар едім. Бұл сыр-сұхбатта антика, басқа да дәуір ойшылдарының, өзімізден ұлы Абайдың, басқа да ақын, жазушылардың, шешендердің афоризмдері, тосын да ұшқыр пікірлері жүйесін тауып монолог иесінің ойын ұштай түседі. Басқа сөзбен айтқанда, кітаптың генетикалық түп-тамырлары тереңнен, адамзат рухани кенішінен тарайды. Жеке өз басының тағдырын бүтін бір елдің, қала берді күллі жаһанның арғы-бергі тарихын, бүгінгісі мен ертеңін бар шындығымен айырғысыз тығыз байланыста көрсететін мұндай туынды – уысыңа күнде түсе бермейтін ризық. Өзіңді жайнаған өмір шіркіннің нақ ортасында жүргендей сезінесің. Шығарма әңгімешісінің әрі геройының адами кәмелеттілігі «Сүйер ұлың болса, сен, сүй, Сүйінерге жарар ол» деген Абай сөзін сан рет іштей қайталатпай қоймайды. Кітап: міне, бүгінгі қазақ біз қандаймыз дегізіп, ұлттық мақтаныш сезімге бөлейді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл өмір жолының басты-басты сатыларын баяндай отырып, тау етегінде туып, бара-бара шың-құзарына сұңқардай самғап қалайша көтерілгенін паш етеді. Кітабының «...негізгі арқауы – Қазақстанның жаңа тарихының ең бір қиын да жарқын сәттері. Сұхбат кітабының тараулары қайсыбір кезеңдердегі қоғамның саяси көңіл күйін түсінуге немесе еске алуға көмектеседі, ал экономикалық талдау неғұрлым зерделі оқырмандарға осы жылдардағы жағдайды ойша қалыптауға мүмкіндік береді» («Өмір өткелдері». 2-б.). Бір Алланың жебеу, демеуімен Нұрсұлтан Әбішұлының өз тағдырын өзі жасауға ұмтылғанын және атап өтуге тиістіміз. 1980 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы қызметіне келісім алуға барғанында кеңестік кардинал саналатын Михаил Суслов Нұрсұлтан Әбішұлына: «Міне, сізді өсіріп шығардық!» – депті. Кезінде қолтығынан демеп жіберуге әжептәуір себебі тиген бұл қайраткерді ілтифатпен еске ала отырып, кітап авторы, сонымен бірге, оның «сізді өсірдігіне» келіскісі жоқ. «Біреудің өсіруімен, – дейді Н.Ә.Назарбаев, – ешкім де алысқа бара алмайды. Өсірумен қызметке қоюға болады, әйтсе де ондай қызмет баянды болмайды. Ең абзалы – Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін ұдайы есте ұстау» (Сонда. 104-б.). Осы ұғым кітаптың қай тұсында да қылаң беріп, әдемі ән қайырмасындай қайталанады... Әлбетте, еңбектің де еңбегі бар. Нұрсұлтан Әбішұлы күні бүгінге дейін өзінің қазақ жерінде алғаш шойын құюшылардың қатарында болғанын зор қанағат тұтып еске алады. Сол бір тарихи сәтте домна операторының кіші көмекшісі екен. Жұмысқа жанын салатын жас қайрат бір жыл өтер өтпес кіші көмекшіден аға көмекшіге, одан газшының аға көмекшісіне көтеріледі. Арада тағы бір жыл өткенде аға горновой болып жоғарылайды. Ал, бұл мамандық бойынша жұмыс істеу оңай болмаған. Ол еңбегінің қыр-сырын сөз еткенде Нұрсұлтан Әбішұлының аузына «азап», «тозақ» деген сөздер түсетіні тегін емес. «...Пештің температурасы екі мың градусқа дейін жетеді. Бір жағынан шаң, бір жағынан газ. Былайша қарағанда, нағыз тозақтың өзі. Жұмысты бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Тоқтату тұрмақ, қарқынын бәсеңдетуге болмайды. Металл қатып қалса – апат» (Сонда. 75-б.). Әйтсе де жас қайрат сол азапты, сол тозақты ештеңеге айырбастағысы келмеген. Тіпті, бір күні Теміртауға арнайы келген әкесі баласының жұмысын көріп, әкемнен үш жасымда қалғанда не қиындықтың талайын көріп едім, дәл мынандай тозақты көрген емеспін, қой, таста, жаныңды азапқа салмай! – депті. Бірақ баласы тұңғыш рет қарттың тілін алмаған. Алған бетінен қайтпаған. Неге? Түптеп келгенде, жауабы жеңіл сауал емес. Жас ұланның еңбексүйгіштігін, я болмаса қайсар характерін айтып түсіндірумен шектеле қоймайды. Бірсыпыра әлеуметтік, моральдық-этикалық проблемаларға жүгінуге тура келеді. Тіпті, тұрмыс, пендешілік мәселелеріне де. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Қарның тоқ, қайғың жоқ жүрсең, аз жетістік пе? Абай босқа сөз шығындамайды. Еңбек пен тоқ тұрмыс арасындағы байланыс қай заманның да күн тәртібінен түспеген. Кеңестік кезеңде материалдық ынталандыру қағидаты кең дәріптелгені мәлім. Горновой жап-жас Нұрсұлтан айлығына 450 рубль алатын. Рубль ол шақта доллардан да құндырақ болғанын еске алсақ, бұл аз қаражат емес. Мен министр дәрежесінде қызметте жүргенімде айлығым 430 сом болатын. Партиялық жарнама мен тиісті салықты өтегенімде қалтама түсетіні 350 рубль еді. Ал, мына жап-жас жігіт министрден де көп ақша таба бастаған... Жұмысын небір сұмдық қиындықтарына қарамастан, барынша беріліп істеуінде жас ұланның сонау балалық кезінен бастап бойына сіңген намыскерлігі де аз рөл атқармаған. Еңбек пен намыс ол үшін егіз ұғым болған. Туған жері Шамалғанда тұрғанда орыс, украин, неміс, әзербайжан, түрік сиқты көптеген ұлттың балаларымен «араласып, құраласып, жарыса» өскен. «Сабақ оқуда болсын, спортта болсын, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуда болсын» намысты қолдан бермеуге тырысқан («Өмір өткелдері». 45-б.). Теміртауға келген жастар бастапқыда көп қиыншылық көрген. Тұрмыстағы күйсіздікті былай қойғанда, металлург мамандығына қол арту қиынның қиыны еді. Оған шыдас бере алмағандар ауылдарына зытқан. Кейбіреулері жұмыс үстінде қалжырап құлап түскенде дәрігерлер алып кететін. Кузнецкіден, басқа да сырттан келген мамансымақтар: «Да им только баранов пасти, зачем их приняли на завод? – деп тұратын. Қаның қайнамай ма сол кезде?» (Сонда. 117-б.) – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ұлттық намыскерлік... Сұхбат кітабында автор қазақ халқының намыскерлік туын жықпай биік көтеріп келе жатқанын зор мақтаныш сезіммен атап көрсетеді. Жарқын мысалы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Горбачев адам құқын қорғайтын қоғам құрамыз деп бүкіл әлемге жар салғанымен, «Қазақ өзін өзі басқара алмайды» деген шовинистік ауруға шалдықты. Исі қазақты қорлайтын оспадарлық жасап, шеттен Қазақстанның ұлығы етіп Колбинді тағайындатты. Сүйегімізге таңба қылыққа қарсы біздің ұлттық намысымызды қорғап алдымен жастарымыз шықты. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тәубе, ел екенбіз ғой, халық екенбіз ғой», деп жастардың сол ерлігіне сүйіне, сүйсіне тебіренген... Намыскерлік – қасиетті сезім болуымен қатар, әрқайсымыздың алдымызда ұдайы тұратын абыройлы міндет те. Ол міндет турасында кешегі металлург, бүгінгі Қазақстан Республикасының Президенті былайша толғанады: «Адамның бір парызы өз ұлтының, туған халқының намысын бермеуі, жақсы атағын шығаруы» (Сонда. 45-б.). Бұл парыз сезімі күні бүгін пайда болған жоқ, әрине. Әріден келе жатыр. Ұлы Абай «Ғақлияның» отыз тоғызыншы сөзінде намыскерлікті ата-бабамыздан қалған тәуір мінезге, құнды мирасқа балап, ұлт береке-бірлігінің алғышарты санаған. Сұхбат кітабының баянынан, туған еліміздің арғы-бергі тарихын, бүгінгі белестерін әңгімелеуінен абайтанудың жаңа беттерін парақтап отырғандай сезінесің. Шығарма иесі Абайсыз аттап баспайды десе де болады. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған ақынға құрметі тіптен бөлек. ...Өтпелі кезеңнің елең-алаңы – 1995 жыл. Қиындықтары адам айтқысыз уақыт еді ғой. Жас мемлекетіміздің қалтасы жұқа. Қаржысы там-тұм. Міне, сондай ауыр кезеңде ұлы Абайдың туғанына 150 жылдық мерейтойын өткізу керек болды. Жауапкершілігі бөлек сол той, бүкіл халық тойы, елдің ауыр жағдайына қарамастан, ас та төк тамаша өтті. Және мұның өзі шындықтың бір қыры ғана еді. Бәрінен де кереметі Жидебай жерінде Абай мен Шәкәрімнің жаңа кесенесінің күтпеген жерден бой көтергендігі болды. Жиналған жұрт қайран қалдық. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Абай суреті салынған, темір қоршаумен қоршалған обелискіге келіп гүл шоғын қойса да, оған мерейтойға қатысушылар ризашылықтан басқа ештеңе айтпас едік. Және әлемнің талай ардақтыларының жатқан жерінің де қандай екенін байқап жүрміз ғой. Ал, мұндай айналасы атшаптырым, қос күмбезі сонау көкжиектен көз тартатын, сар далаға сән бітіріп тұрған кесенедей әлеуетті ғимаратты ұшыратқан емен. Бұған Абайдың қыстауын, Зере, Ұлжан зиратнамаларын қосыңыз. Олар да салтанатты кесенеге барар жолдағы аса қасиетті ескерткіштер. Мұндай есте қаларлық құрмет-қошеметті ұйымдастыруда аянып қалмаған Елбасы қашан да Абайдың асыл мұрасын халқымызға үлгі-өнеге етуден аянып қалған жоқ. Өз жеке тәжірибесінен де көл-көсір игілігіне қанық. Абай мұрасы – сарқылмас рухани қорек. «Жалпы, бізге, – дейді ол кітабында, – қазір қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесін басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ. Бәрін де Абайдан табасың» (Нұрсұлтан Назарбаев. «Таңдамалы сөздер» жинағы, 11-том. Астана, 2014 жыл. 693-б.). Бұл тұжырым сыр-сұхбат кітабының алтын арқауы екенін айтуға керек. Нұрсұлтан Назарбаев үшін Абай мұрасы – идеялық қару, іске басшылық. * * * Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сонау балалық дәуреннен бастап тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президенті өресіне көтерілгенге дейінгі өсу жолы, өз сөзімен айтқанда, тақтайдай жазық болмаған. Сүрініп, қабынып, Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне түсуге бір балы жетпей қалған кездері де болған. Бір ойың айтады, сол сәтсіздіктің кешегі ауыл баласының былайғы тағдырына зиянынан гөрі пайдасы молырақ тиді ме деген. Әйтпегенде ол кейіндер өзінің бағын жандырған Қазақстан Магниткасына аттанар ма еді, аттанбас па еді?! Басы қатты, аяғы сәтті осы оқиға, өмір жолының әуелгі кезеңінің өзге де хикаялары, кітаптың тең жарымын алып жатқан тараулары негізінен Нұрсұлтан Әбішұлының жан дүниесі, қабілет, дарыны, бұрын білмесек, енді білетін сыры, мұрат, мақсаты, идеалы қалай қалыптасқанын әңгімелейді. «Жылқы көп – қазанаты сирек, жігіт көп – азаматы сирек». Бұл мәтел дәл Нұрсұлтандай бітімі бөлек, біртуар азаматқа арнап айтылғандай. Оның өмір өткелдері – бүгінгі һәм кейінгі ұрпаққа биік үлгі, жарасымды сабақ. Сұхбат кітабының «Сын сағаты соққанда» атты тарауынан басталатын ендігі бөлімі, яки соңғысы – ұлы көшіміздің көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік дәуіріндегі ұлан-асыр қызметін қамтиды. Азат Қазақ елінің дархан дарын басшылығымен қол жеткізген ілкі табыстарын тарих айнасына түсіреді. Толғағы жеткен проблемаларын шешу жолындағы жан алып, жан берген жанқиярлық күрес-талабын талдап сараптайды. Айтары көп кітаптың бұл бөлімінің әр тарауына арнайы тоқталған жөн болар еді, бірақ мақала көлемі көтермейтіндіктен, әмбе оқ жетпес жерге қылыш суырғандай болмас үшін, еңбектің ең бір ұрымтал тұстарына назар аударсақ па дейміз. Ең дұрысы – өнегесі өзгеше қайраткердің аса өткір мемлекеттік мәселелерді жанда жоқ тапқырлықпен, кейде тәуекелге бел байлап асқан батылдықпен шешкен іс-әрекеттеріне үңілу болса керек. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп. Қай ретте тыңнан жол салуға тура келеді. Бұрын Қазақ елін басқарған ұлықтардың – хандардың, сұлтан, губернаторлардың, коммунист бірінші хатшылардың біразы шетелдермен істес болғанымен, қай-қайсысы да әдемдік аренаға шықпағаны, Нұрсұлтан Назарбаев секілді жаһандық тартыстардың, трагедия, драмалардың қайнаған ортасында жүрмегені мәлім. Кітапта Қазақ мемлекетінің, міне, осы жаңа тұрпатты басшысының ел-жұртын өрге сүйреген қызметі татымды да тартымды көрсетілгенін айту ләзім. Ішкі ме, сыртқы саясат па Елбасы даяр соқпақпен тарта бермейді. Әманда сұңғылалығымен туған халқының мүддесін ойдағыдай қорғайтын өзіндік сара жол тауып отырады. Ішіңнен енді оқырман өзің тәубе айтасың. Ел басқарса, мына біздің қазақ перзентіндей басқарсын дейсің. Елбасы Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының іргетасын қалау уақытында алдымен елінің елдігін ойлаған. Бұл қызметінде де ежелгі дағдысы бойынша болмысы биік беделмен ой бөлісуді ұмытпайды. Оқырман көкейінде орынды сұрақ тууы: оу, бүгінгі сыртқы саясат пен Абай ілімінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін деген әспетте. Былай қарағанда, бір-бірінен айырмасы жер мен көктей алыс тәрізді. Бірақ ойланған жанға олай еместігі, керісінше, байланысы тонның ішкі бауындай екендігі анықталады. Сыртқы саясатымыздағы «...Ең басты ұстанымымыз, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы, – көпжақты бағдар болуы керек деген тоқтамға келдік. Сөйтіп, халықаралық байланыстарымыздың арқауы етіп жақындағы, алыстағы елдердің бәрімен өзара тиімді қатынастар орнатуымыз қажет деп шештік. Бұл арада біз өзіміз толғандырған көп сұрақты ұлы Абайдан тапқандай болдық. Оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» айтатын сөзі нағыз халықаралық дипломатияның ой қазығы емес пе?» («Өмір өткелдері». 409-б.). Қазақстан 1991 жылдың басында-ақ бірқатар шетел басшыларымен тікелей қарым-қатынас орнатты. Мәскеудің рұқсатынсыз, сол кездегі қолайлы тарихи жағдайды сәтімен пайдалана отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға Түркия Президенті Тұрғыт Өзалды, Сингапур лидері Ли Куан Юді Қазақстанға шақырды. АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Ұлыбритания Премьер-министрі Джон Мейджормен, Оңтүстік Кореяның Президенті Ро Дэ Умен кездесті. Сыртқы саясаттағы көпжақты бағдарлама тәуелсіздік дәуірінде жемісін еселеп берді. Шетелдік тәжірибе ішкі саясатта творчестволықпен пайдаға асырылды. Нәтижесінде тәуелсіздік алған 1991 жылдың аяқ шенінен бастап, нарықтық экономиканы енгізуге оңтайлы жол ашылды. Кейбір көп-көрім қызметте жүргендер артқа жалтақтап, иесіздіктен тұралап, кетеуі кеткен социалистік қоғамдық меншікті қорғаштауға тырысты. Елбасының бейнебір фольклор батырындай мың сан қолмен жалғыз айқасқан кездері де кезікті. Жоғарғы Кеңестің өзі екі дүркін таратылды. Бүкілхалықтық сайлауда төтенше өкілеттік алған Президент қандай да болсын зілдей басқан қиыншылықтарға төтеп беріп, уақыт сынынан мүдірмей өтті. Ұтымды істерге бастап, халқына дем беретін, қалың бұқараны бір кісідей жұмылдыратын ұғымды сөз таба білді. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» (Сонда. 430-б.). Саясаткер ұзақ шешендікке салынбауы тиіс, ойы жүйріктің – сөзі жүйрік. Нұрсұлтан Әбішұлы ғылыми түйінді пікірін айшықты, қонымды тілмен жеткізген. «Сөзі мың жыл жүрсе де дәмі кетпес» (Мағжан). Хакім Абай: «Өзге өскен ел не істесе, соны істе, ғылымын, мәдениетін меңгер», деген. «Бұл кемел ойды, бүгін заман талабына орай ақыл сарабынан өткізгенде, не істеуге тиіспіз? Ол үшін, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы кітабында, – өзгелермен мәдени-экономикалық, саяси араластық керек, бүгінгіше айтсақ, интеграция» (Сонда.). Сұхбат кітабында интеграция ұғымының қыр-сыры түгел ашылған. Экономиканы алға қоюдың мәнісін жадағай түсінбеу керек. 1994 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу университетінің аудиториясындағы сөзінде Еуразиялық одақ құру идеясын ұсынды. Сол жылдың мамыр айында Өзбекстан Президенті Ислам Каримов: Еуразия идеясында жаңалық жоқ. Қосымша саяси қондырғының қандай қажеті бар? – деп жобаны көрінеу бұрмалады. Шын мәнінде, Қазақстан Президенті ешқандай саяси қондырма құруды ұсынған жоқ. Сонсоң бұл одақты тек мәдени өзара байланыстарды нығайту мәселесімен де шектемеу керек. Еуразиялық одақ ең алдымен біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруды көздейді. Интеграция деген КСРО заманына қайта оралу емес. Сұхбат кітабында интеграцияның экономикалық пайдасын саусақпен санап отырғандай етіп түсіндіреді: «Қазір еліміздің халқы 17 миллион адам, мүмкін бір кезде 30 миллионға жетер. Бірақ, мына жаһанданған әлемде оның өзі де, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы, – өте тар нарық саналады. Бізге міндетті түрде сыртқы нарықтар керек. Сол нарықтың ең үлкені – 170 миллиондық Ресей нарығы... Ресей нарығы, Беларусь нарығы, басқа да көршілес нарықтар біздің тауарларға ыңғайлы, біздің нарық та олар үшін өтімді» («Өмір өткелдері». 430-б.). Экономиканы алға қойып, ұлттар достығы туын желбіреткен көреген саясаттың нәрлі жемісіне енді, міне, бүкіл ел, халық болып кенелудеміз. Туған Қазақстанымыз тәуелсіздіктің ширек ғасырына толар-толмас тірлігінде бұрын 25 ғасырға татырлық жолдан өтіп отыр. Бүгінгі Қазақстанымыз – Ғажапстан. Күннен күнге көркейген Астана қаласы ше? Мәскеу бір күнде салынбаған деген сөз бар. Біздің Астанамыз бір күн десе де болады, айналдырған оншақты жылдың ішінде әлемнің көруге көз керек шаһарына айналды. Ал Алматының метрополитені, бейнелеп айтқанда, әлемнің сегізінші кереметі! 2015 жыл – қандай мерейлі жыл. Той тойға ұласуда. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы. Бұл мерейтойлардың түп-тамыры, ұйытқысы – «Мәңгілік Ел» идеясы. Қазақстан халқының табыстарында, береке-бірлігінде осы жетекші идеяның салтанаты жатыр. Жаһандық байтақ нарық, бәсекелестікке төтеп беру елімізді дүниежүзінің ең озық 30 елінің қатарына қосары күмәнсіз. * * * «Шекараны таспен қоршамау керек, доспен қоршау керек» (Сонда. 412-б.). Қысқа да нұсқа қағиданың мағынасы ұшан-теңіз. Кітаптың «Шекараны шегендеу», тағы да басқа екі-үш тарауының тақырыбына қатысты осылай деген жөн. Елбасы тәуелсіздіктің бес жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде халық Мағжан ақынның: «Алыстан орыс, қытай ауыр салмақ, Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ. Арты – ор, алдында – көр, жан-жағы жау, Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?! – деген өлеңін бұдан былай бұрынғы заманның уайымын жеткізген әдеби мұра ретінде қарастыратынын айтқан еді. Шынында да, ұзындығы 13 мың шақырымнан артық шекарамыз Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мемлекеттерімен халықаралық құқықтық тұрғыдан мәңгі заңдастырылды. Жоқтан өзгеден кез келген минутта от шығып кетуі ықтимал қауіп жойылды, күйіп тұрған мәселе түпкілікті шешілді. Алдымен шекара сызығының тиісті халықаралық құжаттарда белгіленген сызықтары расталды да, артынан таласты жерлер достық, өзара сыйластық жағдайда талқыланып бекітілді. Келіссөзге қол қойған қай мемлекет болсын ұтпаса, ұтылған жоқ. Дәлірек айтқанда, шекара сызығын түпкілікті белгілеуге қатысқандардың ел-ел арасының тыныштығын ойлаған ізгі ниеттері ұтты. Осындайда Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты ұзақ жырындағы қазақ даласының тұтастығы үшін бар өмірін сарп еткен Абылай хан жайлы айрықша толғанысы еске түседі: Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері, Тұрансыз тарқамаған алаш шері. Тұранның топырағында тыныш тапқан Алаштың арыстаны – Абылай ері. Мүрдеңнің қай жерде екенін, аруағыңнан айналайын Мағжан аға, амал қанша, әлі де білмейміз. Әйтеуір қазақ жеріндесің ғой деп қол жайып бата қылғанда айтарымыз: «Бүгінгі Алаштың ендігі көшбасшысының арқасында іштегі алабұртқан арманың мүлтіксіз орындалды, жан аға. Енді Абылай ханға арнаған ақ тілегіңді біз қайталаймыз: топырағыңда тыныш тапқын, әумин!». Шекараны таспен емес, доспен қоршау идеясының, айта берсе, әңгімесі таусылмайды. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, 40 жылдан астам уақыт бойы қазақ жерін тітіреткен, мыңдаған адамның денсаулығын зақымдаған тажалды Президентіміз өз қолымен тұншықтырып тынды. Президент Назарбаевтың тарихи шешіміне күллі адамзат қол соқты. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің Елбасымызға «Ядролық сынақтарды тоқтатып, ядролық қарулардан ада болу қажеттігін әлемге жар салып айтушы рөліне Жер бетінде Сізден лайық адам жоқ», – деп жар салғанын білеміз. Еріксіз қиялға кетесің: пау, шіркін, күллі адамзат атынан сөйлеуге құқылы қайраткердің шын жүрегінен шыққан лебізі жыл сайын әлемде бейбітшіліктің мәртебелі сыйлығын атап жататын Нобель комитетінің қадірлі мүшелерінің құлағына қашан шалынар екен?! – дегендейін. Ядролық қарудың қазақ жерінен аласталуына байланысты айтылуға тиісті тағы бір нәрсе, не мәселені де барынша құнттап зерттейтін Елбасы бұл тұста да туған елінің қауіпсіздігін ойлауды ұмытқан жоқ. Ядролық дипломатиясы тамаша табыспен аяқталды. Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания, Қытай мен Франция – өңшең ядролық держава дөйлері тарапынан Қазақстанның тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына қарсы күш қолданбауға, экономикалық зорлық-зомбылық көрсетпеуге кепілдік берді. Бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне мықты үлес қосқан Қазақстан Республикасының, оның Президентінің беделі халықаралық аренада барған сайын арта түсуде. Халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықтың айнымас табанды жақтаушысы саналуда. Тағы бір дәлеліне Ресей мен Украина арасындағы жанжалға арашаға тұрған фактіні айтсақ та жеткілікті. Сұхбат кітабында айтылғандай, Минскідегі келіссөздердің ұйытқысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Жас шағында металлург мамандығына баулыған Украинаға іш тартатынын жасырмайды. Ондағы азамат соғысы өртін өшіру жолында аянбай күресуде. «Сауда мақсаты – ұту, жол мақсаты – жету, дау мақсаты – біту» деп атам қазақ айтатындай, орыс және украин достарына: қандай соғыс болсын түбі бітіммен аяқталады деп ақыл қосудан еш жалыққан емес. Ал өз Отанымызға қатысты айтатын болсақ, Елбасы ел іргесін бекіте түсудің пәрменді іс-шараларын жүзеге асыруда. Қайсыбіреулердей, сөзі мен ісінің арасы мың шақырым емес. Жарқын мысалы – жаңа астанамыз. Сұхбат кітабының соңғы тарауы «Астана – елдің ерлігі» деп аталған. Шынтуайтында, бұл – алдымен Елбасының ерлігі. Жаңа астана тұрмақ, жаңа үй салудың өзі қиынның-қиыны шақта, өтпелі кезеңнің бас шенінде ол астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге бет қойды. Бұл үлкен істің стратегиялық мақсаты, қиындық-бөгеттері кітапта толық айтылғандықтан, қайталағым жоқ. Тек сол жәйттің біріне ғана арнайы тоқталу керек сияқты. Әңгіме кітапқа анықтама есебінде берілген дәйектеме туралы болып отыр. Дәйектеме Иманғали Тасмағамбетовтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Мемлекеттің мерейлі мерекесі» мақаласынан алынған. Бір жолы Нұрсұлтан Әбішұлының қасына еріп, Алатау жаққа сейіл құруға барғанын айта келе, мақала авторы былай деп жазады: «Президенттің көмекшісі кезім. Парламент Қазақстанның астанасын ауыстыру жөніндегі шешімді қолдағанымен, бәрі де өз орнында тұрған шақ. Көктемнің жайнаған күні... Бір қырқаға көтеріліп едік, алдымыздан айналайын ару Алматы алақандағыдай ашылып шыға келді. Ғажап көрініске сүйсіне қарап тұрды да, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қандай керемет!» – деді. Сол арада мен: «Осындай кереметті қалдырып...» – деп қалдым. Айтылар сөз айтылып кетті. «Сен ондайды қой», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы қабағын қатайтыңқырап. Сөйтті де... Біз мынадай территорияға елдің бір шетінен қарап отырып, ие бола алмай қалуымыз да мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалай да өзгертуіміз керек. Мына елдің иесі кім екенін бүкіл әлем білуі тиіс» («Өмір өткелдері». 549-550-б.). Қазір Астана қаласының тұрғын саны 900 мыңға жетті. Кітапты оқи отыра басыңа талай ой келеді. Республикамыздың солтүстік және шығыс, батыс облыстарында жұмыс күші тапшылық етуде. Ал оңтүстігімізде асып-төгіліп жатыр. Тұс-тұстан ағылып келіп жатқан оралмандарды есептемегенде. Сол тың жұмыс күшінің солтүстік өңірге қоныстануына бизнесмен атаулы, көп түкірсе көл болады дегендей, бәріміз жиналып жәрдем жасап, басына үй, алдына мал салып берсек ше? Бар жүкті Елбасының, жас мемлекетіміздің мойнына арта беруге болмайды ғой... Сұхбат кітабының ақыл-кеңесін айтып тауыса алмайсың. Мамандығыма бір табан жақын «Мәдени мұра» бағдарламасы да Елбасының игілікті ісі. Бұл бағдарламаға сәйкес М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты 100 том құрайтын «Бабалар сөзі» атты фольклор жинағын, заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағын дүниеге келтірді. Институт ұжымы тәуелсіздік дәуіріндегі проза, поэзия, драматургия туындыларын құнттап тексеруде. Жазушылар қауымы да ақ тер, көк тер еңбек етуде. Қазақ мемлекеттілігі үшін айқасқан Керей, Жәнібек, Қасым, Абылай хандар және басқа ел қаһармандары бейнеленген көркем шығармалар тарихи туындылардың алтын қазынасына қосылуда. Бүгінгі постмодернистердің қайсыбірі: қазір жұрт кітап оқудан қалған, сондықтан, қаламгер тек өзі үшін жазуға тиіс дегенді шығарып жүр. Көркем шығарма тиражының қушиып қалғаны рас. 17 миллион халқымызға тиесілі, айталық, роман таралымы шірегенде 2000 дана ғана. Бірақ, осы уақытша тығырыққа бола, өнер – халықтікі деген ұлы мүдде-мақсаттан әдебиет қауымы айнымауға тиістіміз. Президентіміз әнеу бір жылы еліміздің ірі кәсіпкерлеріне бәйге, сыйлық түрінде ме, әлдебір үздік шығармагерлік табысы үшін бе, жазу-сызу қайраткерлерін материалдық жағынан қолдап, қолғабыс етіп тұру қажеттігін айтып құлаққағыс еткен еді. Елбасы тілегіне орай, «Бент» акционерлік қоғамының президенті Дильмұрат Кузиев «Ильхам» – «Шабыт» атты меценат клубын ашып, қыруар іс тындыруда. Осы ұйғыр кәсіпкерінің мархабатты ісін неге қолдамасқа?! Нұрсұлтан Әбішұлының «Өмір өткелдері» атты кітабына республикамыздың ғана емес, дүниежүзі оқырманының да ыстық ықыласты назары ауатыны кәміл. Бұл үлкен шаруаға сұхбаттасушы, аға газетіміз – «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамының президенті, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың көп қаруы тиген. Президент сұхбаттасуға көп уақыт бөле алмағанын, о баста ойластырылған біраз тақырыптар қозғалмай қалғанын «Алғы сөзде» арнайы ескертуді жөн көрген. Тегінде, ол келер күндердің еншісі болар дейді. Аннотация қорытындысы даусыз: «Елбасымен сұхбаттарды ой көзімен оқыған адам ғибратты ғұмырдан көп тағылым алатыны талассыз». Қорытындыға қосыла отырып, кітаптың соңғы бетіндегі кітап таралымы жөніндегі баспа мәліметіне көз жүгіртесің. Қараған бойда қарның ашады. Өз көзіңе өзің сенбейсің. Баспа, полиграфия орындарын басқаратын министрліктің мәңгі дерлік жаттанды цифры тағы да қайталаныпты – бар-жоғы 2000 дана! Абай «Ғақлияның» отыз тоғызыншы сөзінде көне ата-бабамыздың бүгінгі замандармен салыстырғандағы артық екі мінезінің бірі жоғарыда айтылған намыс болғанда, бірі Елбасының ғибраты деген. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің», деп екі тізгін, бір шылбырды» Елбасы, саған бердік дейді екен. Ұлы Абайдың және бір ұлағаты: «Артық білім кітапта» деген. Бүгінгі артық білім Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сыр-сұхбат кітабында. Шериаздан Елеукенов. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.Президент энергетиктерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды
Президент • Бүгін, 15:20
Қосшыда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі төмендетілді
Оқиға • Бүгін, 15:11
Ауыл – біздің мәдениетіміз бен дәстүріміздің негізі - Ерлан Қошанов
Аймақтар • Бүгін, 14:34
Президент Қаратал ауданының қорғаныс істері бөліміне барды
Президент • Бүгін, 14:09
Қызылордада 504 отбасы баспаналы болды
Аймақтар • Бүгін, 13:24
Президент әкесі Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды
Президент • Бүгін, 13:01