Орталық коммуникациялар қызметінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев пен холдингтің еншілес компанияларының басшылары баспасөз мәслихатын өткізді. Онда «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді үлестіру шарасы сөз болды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында қолжетімді тұрғын үйлер құрылысының механизмдерін өзгертуді талап еткен болатын. Нәтижесінде Үкімет аймақтарды 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасын қабылдағаны мәлім. Онда жалға пәтер алу шарасына көп көңіл бөлінгені белгілі. Бағдарламаның негізінде жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйлерді жеңілдетілген шартпен үлестіру мақсатында ұлттық қордан 180 млрд. теңге бөлінді. Оның 35 млрд. теңгесі жергілікті атқарушы органдарға арналған. Олар бұл қаржыны қажетті инфрақұрылым жасақтауға жұмсауы тиіс. Қалған 145 млрд. теңге сеніп тапсырылған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жалға берілетін үйлерді салуға және оларды сатып алуға жауапты болды. Жалпы жоспар бойынша, холдинг аталған қаржының 92,5 млрд. теңгесін ағымдағы жылы, ал қалған 52,5 млрд. теңгесін келесі жылы игеріп болуы тиіс. Осыны айтқан Қуандық Уәлиханұлы әлеуметтік бағдарламаның мақсаты туралы әңгімеледі.
– Әлеуметтік тұрғын үйлер көп балалы немесе толық емес отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектелген, бала асырап отырғандарға, ата-ана қамқорлығынан мүлдем айырылып, жетімдер үйінде тәрбиеленгендерге, мемлекеттік органдар мен бюджет саласының және әскери қызметкерлерге бірінші кезекте беріледі. Жалпы пәтерлердің 50 пайызы жергілікті әкімдіктердің тізімінде 2014 жылдың 11 қарашасына дейін кезекте тұрған, үш жылдан бері некеде болған, балалары бар жас отбасыларға таратылады. Ерлі-зайыптылардың жасы 35-тен аспаған болуы керек. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында пәтерлерді үлестіру кезінде азаматтардың төлем жасау мүмкіндігі де ерекше назарда болады. Енді төлем шарттарына тоқтала кетсем, егер тұрғын үйді біртіндеп 20 жыл көлемінде сатып алу шартына отырсаңыз, онда шамамен 33 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің ай сайынғы жалдау құны еліміз бойынша 34 мың, 45 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтерді жалдау құны 46 мың, ал 3 бөлмелі 62 шаршы метрлік баспананың жалдау бағасы 63 мың теңгені құрайды, – деді холдингтің басқарма төрағасы.
Үйлі болудың шарттарын жіліктеген холдинг төрағасы Мемлекет басшысының жүктеген тапсырмасына орай жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның алғашқы қуанышын хабарлады. «Бұйыртса, осы наурыз айында жалпы көлемі 76,5 мың шаршы метрді құрайтын 1357 пәтер тұрғындардың пайдалануына беріледі. Атап айтқанда, Астанада 86, Алматыда 803, Көкшетауда 337, Семейде 120, Қостанайда 11 пәтер есігін ашады. Нақты күнін көрсетер болсақ, «Бәйтерек» холдингі Наурыз мерекесінің қарсаңында, яғни 20 наурыз күні «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілтін тапсыруды жоспарлап отыр», деді Қ.Бишімбаев.
Холдинг басшысының айтуынша, 2015 жылы жалпы саны 9 мың жалдамалы пәтер тұрғындар пайдалануына берiледi. Ол үшін жыл соңына дейiн арендалық пәтерлердi сатып алу және салу бойынша нақты жоспар жасалған. «Холдингтiң еншiлес компанияларымен 2015 жылдың сәуiрiнен желтоқсанына дейiн Астана, Қостанай, Ақтөбе, Тараз, Қызылорда қалаларында 165 мың шаршы метр болатын 1500 пәтер сатып алынады. Мұнымен бірге, пәтер кезегiнде тұрған азаматтарға арендалық тұрғын үй құрылысы да жүргiзiледі. Қазақстан ипотекалық компаниясы бағыты бойынша Шымкентте 2015 жылы сәуiр айында 1080 пәтер пайдалануға берiлсе, тамыз айында 72 пәтерлi үй салынады. Сәуiр айында Астана, Тараз, Орал, Семей, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар қалаларында 1700 пәтердің құрылыс жұмыстары басталады. Осылайша, 2015 жылы жалпы сатып алынатын және салынатын арендалық пәтерлердiң 490 мың шаршы метрi, шамамен 9 мың пәтер тұрғындар игілігіне берiлетiн болады. Әр отбасыда орта есеппен 4 адамнан тұратын болса, бұл пәтер тiзiмiнде тұрған 30 мың азамат баспаналы болады», дедi ол. Бұған қоса, арендалық пәтерлердiң құны шаршы метрiнің құны 800-ден 1100 теңгеге дейiн болатынын айтқан басқарма төрағасы оған бір теңге де үстемақы алынбайтынын және кепiлдiк сұралмайтынын шегелеп айтты.
Сөз жүйесін құраған бағдарлама бойынша еліміздің мыңдаған азаматтары жұмыспен де қамтылыпты. Холдинг төрағасы биылғы жыл басының өзінде 5 мың жаңа жұмыс орнының ашылғанын айтып, жыл аяғына дейін 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатынын жеткізді. Жалпы бағдарламаны іске асыру барысында барлығы 49 мың ел азаматы қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі екен. Мұнымен бірге, құрылыс жұмыстарына негізінен отандық өнімдер пайдаланылып жатыр. Осының бәрін қорыта келгенде, бағдарламаның ел тұрғындарының әлеуметтік мәселесін жеңілдетумен қатар, экономиканың да қарыштап дамуына және құрылыс саласының серпілуіне үлкен әсері болмақ.
Баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде журналистердің сұрақтарына жауап берілді. Тұғындардың төлеу қабілеті мен бағдарламаның негізі жөнінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы жауап берді. «Біз «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында үлестірілетін әлеуметтік тұрғын үйлердің бірқатарын Наурыз мейрамының қарсаңында бере бастаймыз. Бұл жерде негізгі басымдық азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарай беріледі. Мысалы, көп балалы отбасылар немесе кезекте көп жылдардан бері тұрған жандардың мүмкіндігі алдымен қаралады. Ал, енді қазіргі кезде бір өзінде бірнеше несиесі бар, алайда, үй алу мүмкіндігі өзге шарттар мен талаптарға сай келіп тұрған азаматтар қайтеді деген мәселеге келсек, егер олар қаласа баспаналы бола алады. Олардың несие тарихына ешкім үңіліп қарап жатпайды. Тек, біз ұсынып отырған баспаналарды арендалық негізде тұруға немесе сатып алуға төлем қабілеттігін растай алса болды, жеткілікті» деген ол, беріліп жатқан әлеуметтік тұрғын үйлерді белгілі бір кезеңге жалдап тұруға немесе уақыт өте келе өз меншігіне айналдырып алу тәсілі әлемдік тәжірибеге сүйене отырып қолданысқа енгізілгенін айтты.
– Статистика комитетінің ұсынған ресми деректеріне сүйенсек, елімізде өмір сүру қажеттігінің орташа айлық шығыны жүз мың теңгенің шамасында көрсетілген екен. Яғни, азаматтардың айлық табысын жіктегенде олардан үйдің шаршы метрінің жиынтық құнының жиырма пайыздан кем емес мөлшердегі сомасын төлей алу мүмкіндігі ғана талап етіледі. Осылайша, біз бағдарлама аясында үй үлестіруде өтініш иелерінен үй құнының 20-30 пайыздық көлемде алдын ала төлемін де қажет етпейміз», – деп қайырды сөзін Қуандық Уәлиханұлы.
Қойылған сұрақтардың арасында төлем мерзімі де тілшілер назарынан тыс қалмады. Спикерлердің айтуына қарағанда, бұл мәселе де Үкімет пен компаниялар арасында әбден тәптіштеліп пысықталыпты. Ендігіде, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша төлем мерзімі 15-тен 20 жылға дейін ұзарыпты. Сондай-ақ, белгіленген уақытынан бұрын сатып алу мүмкіндігі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарыпты. Жалпы жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша алдағы бес жылда Қазақстанда 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй, яғни 29 мың әлеуметтiк жалдамалы пәтер тапсыру жоспарланған.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».