12 Наурыз, 2015

*Съезге қатысушылар лебізі

590 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Құдайберген ЕРЖАН, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы: – Съезде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзін президенттік сайлауға үміткер етіп ұсынған партиялас әріптестерінің  тілектерін  қабыл алып,  сайлауға түсетінін мәлімдеді. Бұл біздің партиямыз үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін үлкен қуаныш деп санаймын. Енді алдағы уақытта болатын сайлауда да оның айқын басымдылықпен жеңіп шығатынына сөзсіз сенемін. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы осы уақытқа дейін елімізді бейбіт даму жолымен алып келе жатыр. Халық арасындағы келісім мен өзара сенімді де орната білді, соның арқасында Қазақстан тұрақты түрде биік экономикалық табыстарға жетіп келеді. Енді бүгінгі сөзінде жаңа мақсаттарға қол жеткізетінімізді ашып айтты. Бұл мақсаттар да Қазақстан қоғамын алға жылжытып, демократиялық даму жолында биік табыстарға жеткізері сөзсіз. Мұрат ҚАЛМАТАЕВ, запастағы генерал-майор, Ау­ған соғысының ардагері: – Бүгінгідей алмағайып заманда елді алдағы уақытта да Нұрсұлтан Назарбаев сияқты сенімді, білікті  адамның басқаруы ықтимал екеніне  қуанып тұрған жайымыз бар. Ол жаңа ғана «Нұр Отан» партиясындағы серіктерінің ұсынысын қабыл алып, президенттікке кандидат болатынын жариялады. «Достарымнан жақсылық күтпес едім, Біле тұра мінімді сынамаса. Өміріме көңілім бітпес еді, Мен өлгенде біреулер жыламаса. Үлкендерден ақылды күтпес едім, Дұрыс сөзді айта алмай бұлаңдаса», деген сөз бар. Сол сияқты Елбасы туралы да жұрт әртүрлі сөздер айтуы мүмкін, бірақ үлкен ауқымда алып қарағанда, Нұрсұлтан Назарбаев – елді дұрыс басқарып келе жатқан адам. Енді алдағы сайлауға да түсуге ниет еткенін қолдаймын. Жаңа ол өзінің үміткер ретіндегі бағдарламасын жариялады. Соның ішінде маған шынайы мемлекет пен шыншыл сотқа қол жеткізуіміз керек деген сөзі қатты ұнады. Әділетті қоғам осы екеуі шыншыл болғанда ғана орнайтыны сөзсіз. Ал бүгінгі күні біздің әділетті қоғамға зәру екенімізді жасырудың да жөні жоқ. ERA_6097 ERA_6182 Әсемгүл ЖАСАН, Астана медицина универ­си­тетінің І курс студенті: – Бүгінгідей айтулы форумға қатысқаным үшін мен өзімді бақытты сезініп тұрмын. Жан-жағымның бәрі бұрын телевизордан ғана көретін еліміздің танымал адамдары, атақты ағалар мен апалар. Олармен қатар отырып, съезд делегаты болудың өзі бір бақыт емес пе? Мен биыл ғана Атырау облысынан келіп, медицина университетіне грантпен оқуға түстім. Нарықтық экономиканың кезінде жақсы оқыған жастарға осындай қамқорлықтың көрсетілуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әділетті саясатының арқасында деп санаймын. Сондықтан да басқа істерімен қатар, мен ол кісіні осы үшін құрмет тұтып, сыйлаймын. Бүгін Елбасының Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына партия атынан түсуге уәде бергендігі мені де  қуантты. Сонымен бірге, ол өзінің сөзінде алдағы уақытта атқарылатын істердің бағдарламасын айтып берді. Соның ішінде маған қазақстандықтардың біртұтас болуы жолында еңбек ететінін айтқаны ұнады. Біздің шын мәнінде өзара алауыз болмай, біртұтас халық болсақ қана биік табыстарға жететініміз анық. Әнуар ОМАРОВ, Қарағанды облысындағы Сәт­баев қаласының әкімі: – Партияның съезі қашанда – аса маңызды саяси оқиға. Оның үстіне, бүгінгі съезде партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы президенттік сайлауға үміткер ретінде «Нұр Отанның» атынан түсу жөніндегі ұсынысты қабылдағаны халқымыз үшін қуанышты хабар деп санаймын. Өйткені, бүгінгідей дағдарысты кезеңде елдің басында Н.Назарбаевтай сенімді тұлғаның отырғанынан бәріміз де ұтамыз. Әйтпесе популистік ұрандар көтеріп, іс жүзінде халықты ұйыта алмай не елде, не экономикада береке қалдырмайтындардың өкімет басына келгенінен кейбір көршілеріміздің зардап шегіп отырғанын көріп отырмыз. Бүгінгі сөзінде Елбасы демократия туралы өте жақсы пікірлер айтты. Батыс елдері тәуелсіздігін енді алған шығыс елдеріндегі демократияның тек өздерінікіндей болғанын қалайды дейді, ал бізде қалыптасқан менталитет ондайға дайын емес екенін Президент өте дәлелді аргументтермен атап берді. Олар, тіпті, бүгінгі күні дамудың жоғары сатысына дейін көтеріліп отырған Сингапур, Малайзия және т.б. елдерді де сынайтын көрінеді.  Ал біз өз ерекшелігімізді ескеріп, елдегі демократияны дамыта беретін боламыз, деді Президент. Жандос ӘУБӘКІР, Семей қаласындағы Абай музейі кешенінің директоры: – Мен бүгінгі күнді еліміз үшін үлкен тарихи оқиға болған күн деп санаймын. Өйткені, «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезі өтіп, онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партиядағы серіктерінің ұсынысын қабылдап, алдымызда болатын президенттік сайлауға түсуге келісімін берді. Елбасын бүгінгі күні барлық қазақстандықтар қолдап отыр, ол елімізді қиын-қыстау кезеңдерден аман алып шықты. Қазір Қазақстанды бүкіл әлем таниды және сыйлайды. Ол демократиялы, болжалды ел ретінде үлкен беделге ие болып отыр. Кеше ғана біреудің қол астында болып, ешкім білмейтін халықты осындай биікке көтеру оңай болған жоқ. Халық Президенттің осындай кемел істерін біледі. Біз елден келгеннен кейін халықтың Елбасына деген оң пікірін, ыстық ықыласын жақсы ұғынамыз. Бүгінгі сөздерінде Президент барша қазақстандықтарды тұтастыратын идея – Мәңгілік Ел екенін нақтылап, осы бағыттан таймай, тек қана алға басуымыз керектігін айтты. Сондықтан да ертеңгі сайлауда халық оған бірауыздан дауыс беретініне сенімдімін. Алма ДОСЖАНОВА, Қостанай облыстық мәсли­хатының депутаты: – Бүгін ел үшін тарихи маңызы зор жиын өтті. Бұл әрбір қазақстандық азамат үшін де маңызды. Бүгін  «Нұр Отан» партиясы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлауға өз кандидатын, яғни Нұрсұлтан Әбішұлын ұсынды. Бүгінде еліміздің алға жылжуы үшін көп жұмыстар атқарылды. Ал бұлардың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Сондықтан, біз қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың әрі қарай да жалғасқанын қалаймыз. Бұл орайда, біздер, нұротандықтар Қазақстан Президентін сайлауға айрықша оқиға ретінде қараймыз. Мен партияның съездеріне 3-ші мәрте қатысып отырмын. Әр қатысқан сайын съездің еліміз үшін маңызы мен өзектілігіне көз жеткізіп келемін. «Нұр Отанның» съездерінде Қазақстанның дамуына алғышарт болатындай маңызды мәселелер талқыланып отырады. Әлем тынышсыз күйде тұр. Ал ол әлемнің бір бөлшегі ретінде бізге де әсер етпей қоймайды. Міне, осындай жағдайда дұрыс саясатты жүзеге асыру, елге пайдасын тигізетін экономикалық бағдарламаларды қолға алу – Қазақстанның кез келген қиындықтан қиналмай өтуіне жол ашатын болады.  Сол себепті де біз Мемлекет басшысының бүгінгі күнге дейін жүргізіп келе жатқан сарабдал саясатының әрі қарай да жалғасқанын қалаймыз. Бибігүл СЕКЕРБЕКОВА, «Нұр Отан» партиясы Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – Біз  «Нұр Отан» партиясының XVI съезіне Қарағанды облысынан делегат болып келдік. Бұл съездің тарихи болатын себебі, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлауға «Нұр Отан» партиясынан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылды. Бұл – нұротандықтардың бір мақсат пен бір мүддеден туған ортақ шешімі. Съезде халықтың ертеңін айқындайтын, болашағына бағдар болатын үлкен мәселелер айтылды. Егер де еліміздің дамуында қандай да бір оң өзгерістер байқалса, оның бәрі Елбасы жүргізген саясаттың жемісі деп білеміз. Сондықтан да партия съезінде оған қатысушылар бірауыздан президенттік сайлауға кандидат ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты ұсынды. Біз бұл тек партия мүшелерінің ғана емес, Қазақстан халқының да ортақ ойы деп санаймыз. Біздер, нұротандықтар, қазақ халқының алдағы сын сағатта Елбасына қолдау танытып қана қоймай, Нұрсұлтан Әбішұлы бағдар етіп берген бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға күш салады деп ойлаймыз. Жамал ҚҰЛАХМЕТОВА, Алматы облыстық мәсли­ха­тының депутаты: – Мен съезге Алматы облысының Сарқан ауданынан келдім. Жалпы, жиынға Алматы облысынан 105 делегат қатысты. Бүгінгі ауқымды шара біздің егеменді еліміздің саяси тұрақтылығының, бейбітшілігінің, экономикалық өсуінің, мәдени дамуының бір нышаны іспеттес деп ойлаймын. Өйткені, партия көтеріп отырған мәселенің саяси мәні өте зор. Қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде Қазақстан Президентін сайлау, елді бастайтын, көшті бастайтын отаншыл азаматты сайлап, тағына отырғызу – халқымыздың бірлігі мен тұрақтылығын сақтау үшін де, мемлекетімізді алға жылжыту үшін де қажет. Ал оған әрбір Қазақстан тұрғыны үлес қосуы тиіс. Біз, міне, осындай оймен съезге келіп отырмыз. Бүгін әлем құбылмалы күйді бастан кешуде. Ал осындай қиын кезеңде ел сенім артатын Ер керек. Бүгінгі күнге дейін біздің көшімізді Нұрсұлтан Әбішұлы бастап келді. Біз алдағы уақытта да ел тізгінін Елбасының ұстағанын, сол арқылы мемлекетіміздің бағыт-бағдары айқындала түскенін, 30 дамыған елдің қатарына қосылу туралы стратегиялық бастаманың сәтті жүзеге асқанын қалаймыз. Ендеше, біздің бұл ойымызды барша қазақстандық қолдап, Елбасымен бірге тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосады деп ойлаймыз. Біз өзіміздің дұрыс бағытымыздан жаңылмауымыз керек. Әшімхан ОСПАНОВ, Қызылорда облысы Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: – Менің бұл «Нұр Отан» пар­тиясының съезіне алғаш қатысуым. Жалпы, съезге облыстан 85 адам кел­дік. Мен, әрине, бұған дейін пар­тияның облыстық деңгейдегі конференцияларына тұрақты түрде қа­тысып келемін. Ал бұл – тарихи съезд. Себебі, съезде мемлекеттің бо­лашағы айқындалды, бағдары бел­гіленді. Ең алдымен, партия Қазақстан Президенті сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Бұл нұротандықтардың ғана емес, барша ел азаматының көкейіндегі ой деп санаймын. Мемлекет басшысын қазақ жұрты тұтас қолдап, дауыс береді деп сенемін. Себебі, бізге қазіргідей күрделі кезеңнен, сын сағатынан алып шығатын Көшбасшы керек. Ал оған бүкіл дүниежүзіне қазақты, қазақ дейтін елді танытып жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы ғана лайық деп есептеймін. Бүгінде Қазақстан әлем мойындайтын, көптеген мемлекет стратегиялық серіктес деп бағалайтын елге айналды. Бұл күн, әрине, оңайлықпен келген жоқ. Біз өзімізде бар жетістіктерге тәуелсіздік алған жылдардан бері Елбасының сарабдал саясаты мен көрегендігінің, парасат-пайымының арқасында ғана қол жеткіздік. Ал егер біз еліміз одан әрі өркендеп, өзге елдерден шоқтығы биік бола түссін десек, Мемлекет басшысына қолдау танытып, сенім артуымыз керек. Бөріхан БЕРКІМБАЕВ, «Қазақстан темір жолы» АҚ-тың қызметкері (Атырау): – Мен «Нұр Отан» съездеріне бұған дейін де қатысқан едім. Ал бұл жолғы съездің орны да, жө­ні де бөлек. Бұл – тарихи съезд. Себебі, бұл жиында ел ертеңі айқын­далды, бағдары бекітілді. Ең бас­тысы, партия мүшелері Қазақстан пре­зи­денттігіне кандидат ретінде Нұр­сұлтан Назарбаевты ұсынды. Бұл – Тәуелсіз еліміз үшін маңызды шешім болды деп есептеймін. Бізге ел тізгінін сенін тапсыратын,  кез келген қиын­дықтан алып шығатын, көшімізді бастайтын тұлға керек. Ол тұлға – Нұрсұлтан Назарбаев. Себебі, Елбасы Қазақстанның өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Елімізді әлем танып қана қоймай, мойындайтындай дәрежеге жеттік. Еліміздің қай саласын алсаңыз да, үлкен нәтижелерге қол жеткізгенін көреміз. Сондықтан, мен алдағы ауқымды саяси  науқан кезінде барша қазақ жұртын Мемлекет басшысына қолдау көрсетуге шақырамын. Біз бірігіп, ұйымшылдық танытатын болсақ қана кез келген қиындықты еңсере аламыз. Демек, бұған дейін қаншама белес пен биік асуларды бағындырған Қазақстан халқы осы жолы да өз жүрісінен жаңылмай, дұрыс шешім қабылдайды деп сенемін. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан».