Президент Лингвистикалық комиссия мүшелерін тәнті етті
Кеше Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президентіне кандидат ретінде мемлекеттік тілден сынақ тапсырды. Бұл үрдіс ел Конституциясында бекітілген тәртіпке сәйкес өтті. Қазақстан Президенті барлық тапсырманы сәтті орындады. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Біздің күшіміз – бірлікте» деген тақырыпта жазба жұмысын жазып, Ілияс Есенберлиннің шығармасынан үзінді оқыды, ал ауызша әңгімеде «Бабалар сөзі – даналық көзі» тақырыбында сөйледі. Лингвистикалық комиссия қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді еркін меңгерген деп танылды. Емтиханнан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков осы шешімдері туралы кеңінен түсіндіріп өтті. «Жазба жұмысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі таңдаған конверт бойынша «Біздің күшіміз – бірлікте» деген тақырыпта болды. Бұл кісі Президент болғалы бері мемлекетіміздің туын тұғырлы етіп, елдің ынтымағын көтеріп келе жатқан адам. Сол ынтымақ-бірліктің арқасында Қазақстан 23 жылдың ішінде осындай дәрежеге жетті. Осының бәрін екі парақ қағазға өте кең, ауқымды, сыйымды етіп, тақырыпты өте әдемі аша білді. Қате жоқ. Кандидат осындай болу керек деп ойлаймын», – деді М.Жолдасбеков. «Екінші сұрақ бойынша Ілияс Есенберлиннің прозасынан мәтін берілді. Нұрсұлтан Әбішұлы оны өте мәнерлеп оқып шықты. Үшінші сұрақ «Бабалар сөзі – даналық көзі» деген еркін тақырып. Нұрекең өзі ешбір мемлекеттің тарихында жоқ «Мәдени мұра» деген үлкен бағдарлама жүргізген адам. Оның қолдауымен 100 томдық «Бабалар сөзі» шыққан. Елбасы осы кітаптардан өте жақсы мысалдар келтіріп, байырғы бабаларымыздың даналығынан, солардың халыққа беретін тәрбиелік мәні жөнінде кең әңгіме жасап берді. Қосымша сұрақтар бойынша кандидат Абайдың қарасөздерін айтып берді. Қорытындысында комиссия кандидат Н.Ә.Назарбаев қазақ тілін еркін меңгерген деген шешім қабылдады», – деп түйді М.Жолдасбеков. «Нұр Отан» партиясы атынан алдағы кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынылған Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік тілден тапсырған емтиханынан кейін Орталық сайлау комиссиясының Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков БАҚ өкілдеріне сондай-ақ, Мемлекет басшысымен біраз мәселелер жөнінде ақылдасқанын мәлім етті. «Емтиханнан кейін іс басындағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевты бүгінгі «Нұр Отан» съезінің аяқталуымен, сол съезде бірауыздан алдағы сайлауға кандидат ретінде ұсынылуымен құттықтадық. 2011 жылы да осы лингвистикалық комиссияны басқарған едім. Емтиханнан кейін Президент Нұрсұлтан Әбішұлымен бірқатар мәселелер бойынша әңгімелесіп, ақылдастық», – дей келе М.Жолдасбеков алдағы уақытта президенттікке кандидаттардан медициналық анықтама талап ету туралы ұсынысын айтты. «Мәселен, қарап отырсақ, президенттікке кандидаттар медициналық анықтама тапсырмайды. Бірақ бұл кезінде болған ереже екен. Кейін, біраз халықаралық бақылаушылар «адам құқығын бұзу» деген соң, бұл бап алынып қалған. Бірақ, менің ойымша, президентікке кандидаттар медициналық анықтама тапсыруы керек. Себебі, қазір мектепке барсаңыз да, қызметке орналассаңыз да медициналық кітапша міндетті түрде талап етіледі. Ел басқаратын адам үшін Алладан алдымен сұрайтынымыз осы денсаулық. Сондықтан, президентікке кандидат адам медициналық анықтама тапсыруы керек деген ұсыныс айттым», – дейді М.Жолдасбеков. Сонымен қатар, әңгімелесу барысында президенттікке кандидаттардың білімі де сөз болған. «Екінші бір мәселе, Конституциямызда президентікке кандидат азаматтың білімі туралы айтылмаған. Баяғы заман емес, білім саласы дамыған мемлекетпіз. Сондықтан, мүмкін болса, келесі уақыттарда Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат адамның білімі міндетті түрде жоғары болу керек деген талап болса», – деді М.Жолдасбеков. «Өткен сайлауда да байқадым, өздеріңіз де көріп отырсыздар, сайлауға ылғи өзін-өзі ұсынғандар келеді. Қарсылық жоқ, әрине, бұл олардың конституциялық құқығы. Бірақ көптеген іргелі елдерде сайлауға партия ұсынысымен қатысады. Бізде де сондай болса деген пікір айттым. Тағы бір айтқым келгені, Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының алдында талай сыннан өткен. Лингвистикалық комиссия алдына осымен төртінші рет келіп отыр екен. Жалпы, кандидат болатын адам осы емтиханды екі рет, ары кетсе, үш рет тапсырса деген ұсыныс айттым. Тілді еркін меңгерген азамат қайта-қайта тапсыра бере ме деген ойымды жеткіздім. Сіздер жақсы білесіздер, Нұрсұлтан Әбішұлының қабілетіне, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігіне ешқандай күмән жоқ», – деді М.Жолдасбеков. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32