2015 жылдың 2 қыркүйегі күні құрамында қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов бар халықаралық экипаж Байқоңырдан көк жүзіне аттанады
Рет санымен бағамдар болсақ, «Жер айлағы Байқоңырдан» ғарышқа үшінші қазақ аттанып барады. Өте қуанышты! 1991 жылғы 2 қазанда ұлтымыздың рухын аспандатқан тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ұшты. Тоқаңнан соң ғарышқа үш рет ұшып (1994, 1998, 2001 жж., 341 тәулік 9 сағат 48 минут 41 секунд!!!), оның екеуінде ғарыш кемесінің командирі міндетін атқарған, үшіншісінде ғарыш және адамзат тарихында тұңғыш рет турист Де́ннис Э́нтони Ти́тоны (АҚШ) ғарыш көгіне аман-есен апарып, серуендетіп аман-есен алып келген қазіргі «Қазғарыштың» басшысы Талғат Мұсабаевтың бейнесі елестейді. Оның бер жағында күні бүгін ғалымдарымыз аузын толтырып айтып отырғанындай, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышта жасаған алғашқы ғылыми-тәжірибелік еңбегінің жалғасын Талғат Мұсабаев ұзартқан, ертең – Айдын Айымбетов тәжірибенің өрісін кеңейтеді.
...Ғарыш сапарына аттану ғарышқа алғашқы қадам басталған кезден-ақ ешуақытта жеңіл болған емес. Бұл арада мәселе ғарышкерлердің білімі мен біліктілігіне де байланысты емес. Мәселе – кезекте. Жасыратыны жоқ, Тоқтар мен Талғаттың ғарыш көгіне көтерілуі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуымен болғаны тарихтан жақсы мәлім. Айдында да солай...
Өйткені, үміткер көп, орын тапшы! Қайталай кетейік, сонау алғашқы ғарышкер Юрий Гагариннің заманынан солай!
Бүгінгі таңға дейін кеңестік және ресейлік ғарышта болған ерлердің саны 119 болса, оның 4-і әйел екен. Соңғы ғарышкер әйел Елена Серованың («Союз ТМА-14М» –2014 жыл-ХҒК) күйеуі «Роскосмостың» аса белсенді әрі беделді маманы, атағы дүрілдеп тұрған Марк Серовтың өзі ғарышқа ұшу кезегін 11 жыл күтіп, ақыр аяғында денсаулығы сыр беріп... қызметінен кетті. Ұтқаны – әйелі, әріптесі Елена Серова нағыз ғарышкер!
Ғарышта 3 рет болып, онда барлығы 391 тәуліктен астам уақыт өткізген атақты кеңес-ресей ғарышкері Валерий Рюминнің әйелі Елена Кондакова алғашқы сапарын біздің Талғат Мұсабаевқа қосалқы ғарышкер болудан бастаған. Демек, «Роскосмоста» отбасылық-туыстық байланыстардың болғаны ғой...
Ертеңгі «Союз ТМА-18М» ғарыш кемесінің командирі Сергей Волковтың бұл – ғарышқа үшінші сапары. Оның әкесі Александр Волков та ғарышта үш рет болған танымал азамат! Енді, ең қызығы, Александр Волков 1991 жылы ғарышқа барған үшінші сапарында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Австрияның тұңғыш ғарышкері Франс Фибекті қанатының астына алып ұшқан!
Қандай үйлесімділік барын кім білсін – ғарышкердің ұлы ғарышкер Сергей Волков та осы сапарында дәл сондай екі елдің азаматына жетекшілік жасап, аттанғалы тұр. Оның үстіне Сергей әлемдік ғарыш тарихына қосылған жаңа ұрпақтың бірінші өкілі болып саналады. Кезек саны – Ресейде 101-ші, әлем бойынша – 475-ші ғарышкер. Мәскеудегі әрі «жабық қала», әрі «жұлдызды қала» саналатын ғарышкерлер топтасқан отбасының ортасында өсіп-жетілген. Өзі кеңестік танымал ғарышкерлердің есік алдында «бала Сергейдің» кекілінен талай сипағанын еш ұмытпайды екен.
Кеменің бірінші борт инженері Андреас Энеуолль Могенсен туралы да бірауыз сөз. Даниялық азамат, Копенгагенде туған. 2009 жылдан Еуропалық ғарыш агенттігінің (ЕҒА) астронавы. Ұшақ құрастыру саласы бойынша философия ғылымдарының докторы. Ұлыбритания, АҚШ секілді елдердегі атақты ғылыми-зерттеу институттарында тәжірибеден өткен. Елінің мүддесі үшін ғарышта бірқатар биологиялық және технологиялық тәжірибелер жасайды.
Ал қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов қазақстандық ғылыми бағдарламадан тыс Халықаралық ғарыш кешеніне (ХҒК) қазақтың ұлттық тағамдары – ет пен қазы, қымыз алып барады. ХҒК-де қазақ дастарқанын жаяды. Үлкен жаңалық! Әрине, бұдан ұлт тағамының шикідей, яки пісірген күйін көз алдымызға елестету үлкен әбестік болар еді. Ол тағамдар ғарыштық ұшу талабына сай сублимацияланып, пакеттелінген. Ғылымдағы жаңалық!
Қазақстанның ғарыш тарихының парақтары Айдын Айымбетовтің ертеңгі ұшуымен тағы бір жаңаланатыны анық. Әрине, ғылымға қосар жаңалығымен дейікші. Өйткені, бүгінгі Қазақстанның ғарыш саласына табиғатымен де, елдің ертеңіне деген жеделдеткен ұмтылысымен де ерекше ынта танытып отырғаны – өмірдің шындығы.
Ғарыш қырандарына сәтті сапар тілейік!
Ақ жол, Айдын!
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.