29 Тамыз, 2015

«Астана» енді «Бенфикамен» ойнайды

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
29-08-15-football-astana-1 Бұрнағы күні Монакода футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңдегі жеребесі тартылды. Ол «Астана» клубының ендігі қарсыластары Лиссабонның «Бенфика», Мадридтің «Атлетико» және Ыстамбұлдың «Галатасарай» командалары болғалы тұрғанын анықтап берді. Біз бұл жайында тарқатып айтпай тұрып, алдымен алдыңғы күні Алматыда жергілікті «Қайрат» командасының француздың «Бордосымен» Еуропа лигасы плей-офф ойындарының қарымта матчын өткізіп, 2:1 етіп жеңгенін, бірақ екі кездесудің қорытындысы бойынша топтық кезеңге өте алмағанын баяндай кеткіміз келеді. Бұған мұның алдында Бордода өткен ойында қар­сыластарымыздың 1:0 есебімен жеңгені, олардың сосын қонақта салған бір голдың есебінен алға шыққандары себеп болды. Соған қарамастан, қайраттықтар өте жақсы ойын өрнегін көрсеткенін айта кетуіміз керек. Оның барысында жерлестеріміз тіпті 2:0 етіп ұтып та тұр­ды. Өкініштісі сол, осы есепті ойын соңына дейін ұстап тұра алмады.  Дегенмен, өз елінің 17 дүркін чемпионы деген атағы бар «Бордо» секілді дәстүрі бай командамен тең дәрежеде ойнаудың өзі «Қайраттың» деңгейі көтеріле түскенін көрсетеді. Ал Петер Шмейхель мен Мелани Винигер жүргізген Монакодағы жеребе 32 команданы 8 топқа бөліп берді. Соның ішінде «Астана» С тобына түсті. Ол мұнда өзі секілді тағы 9 командамен бірге іріктеу кезеңінің өткелегінен өтіп келсе, 21 команда бірден қосылды. Ал «Севилья» биылғы көктемде Еуропа лигасында жеңімпаз атануы арқылы осы саптан орын алды. Сонымен, топтар былайша түзілді: А тобы: «Пари Сен-Жермен» (Фран­ция), «Реал» (Испания), «Шахтер» (Украина), «Мальмё» (Швеция); В тобы: ПСВ (Нидерланд), «Ман­честер Юнайтед» (Англия), ЦСКА (Ре­сей), «Вольфсбург» (Германия); С тобы: «Бенфика» (Португалия), «Атлетико» (Испания), «Галатасарай» (Түркия), «Астана» (Қазақстан); D тобы: «Ювентус» (Италия), «Ман­честер Сити» (Англия), «Севилья» (Ис­пания), «Боруссия» (Менхенгладбах, Германия); E тобы: «Барселона» (Испания), «Байер» (Германия), «Рома» (Италия), БАТЭ (Беларусь); F тобы: «Бавария» (Германия), «Арсенал» (Англия), «Олимпиакос» (Грекия), «Динамо» (Загреб, Хор­ватия); G тобы: «Челси» (Англия), «Порту» (Португалия), «Динамо» (Киев, Украина), «Маккаби» (Тель-Авив, Израиль); H тобы: «Зенит» (Ресей), «Валенсия» (Испания), «Лион» (Франция), «Гент» (Бельгия). Топтық турнир бірінші турының ойындары 15-16 қыркүйек күндері ой­на­лады. «Астана» 15 қыркүйекте Пор­ту­­галияның астанасы – Лиссабонда «Бенфикамен» күш сынасады. Сонымен, С тобындағы турнир күн­тізбесі мынадай: 15 қыркүйек. «Галатасарай» – «Атлетико», «Бенфика» – «Астана». 30 қыркүйек. «Астана» – «Гала­тасарай», «Атлетико» – «Бенфика». 21 қазан. «Атлетико» – «Астана», «Галатасарай» – «Бенфика». 3 қазан. «Астана» – «Атлетико», «Бенфика» – «Галатасарай». 25 қазан. «Атлетико» – «Галатасарай», «Астана» – «Бенфика». 8 желтоқсан. «Галатасарай» – «Аста­на», «Бенфика» – «Атлетико». Топтық жарыстар 9 желтоқсанда аяқталады. Еске сала кетейік, «Астана» топтық кезеңге шығуына байланысты УЕФА рейтингісінде бірден 44 саты ілгері жыл­­жып, 178-орынға көтерілді. Осы­ның арқасында Қазақстан командалары 30-орынға тұрақтады. Сонымен бірге, біздің команда жоғарыда аталған табысы үшін 13 млн. еуро көлемінде сыйақыға ие болды. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.