САРЫАҒАШ СУЫ ТҮПСІЗ КӨЛ ЕМЕС ҚОЙ...
Әр істің өз жанашыр адамдары болады. Ортақ іске жаны күйіп, көлді қорыған қызғыштай шырылдап жүреді. Сарыағашта арасан суын халыққа ұсынып отырған “Курорт-Барыс-2030” ЖШС президенті Молдәлі Қолдасов осындай жан.
Әйгілі емдік суымен даңқы Қазақстаннан асқан Сарыағаш күніне мың қауға салсаң кенеуі кетілмейтін түпсіз теңіздің үстінде отырған жоқ. Сонау 80-90-жылдары тәулігіне 4 мың текше метрдей су алынып келсе, ендігі пайдаланып отырғаны 3-4 есеге артқан.
“Курорт-Барыс” серіктестігі бұрындары құбырынан секундына 5 текше метрден су алып келсе, қазір 1,7 литр ғана шығады. Бұл дегеніңіз, судың үштен екісі жоғалғандығын байқатқандай. Арасан суын жауапсыз пайдалану жалғаса берсе, ондаған жылдардан соң мақтаулы курорттар жабылып, алып ғимараттары мал қамайтын қора-қопсыға айналуы мүмкін.
Бұл – Молдекеңнің қаупі. Алайда, гидролог мамандар олай демейді. Теңіз құрғаған жоқ, гәп басқада.
Сарыағаш – Өзбекстанмен шектес аудан. Арасан көлі ортақ. Су бассейнінің 70 пайызы Қазақстан жағында болғанымен, уақытында қаржы шығарып, барлау жұмыстарын жүргізген, курорт, профилактикаларды көбейтіп алған Өзбекстан жағы суды көбірек тұтынады екен. Кезінде мән берілмегендіктен оның құбырларының аузында отырғандар жан алқымға таянғанда ғана ес жиған сыңайлары бар.
Жақында олардың қатысуымен алқалы жиын өтті. Екі мәселе қойылды. Су құбырлары барлар су қорын барлау, сараптау жұмыстары үшін ортадан қаржы шығаруы қажет. Уақытында гидролог, геолог мамандар дайындауға Қазақстанның мойны жар бермегенге ұқсайды. Бұрынғы кәсіби мамандардың дені өмірден өткен, біразы басқа мемлекеттерге қоныс аударған. Сондықтан Өзбекстанның осы саладағы атақты ғалымдары бірлесе жұмыс жасауға шақырылған.
Бүгінде Сарыағаш ауданында 44 скважина бар. Оның 10-ында бас ие жоқ. Яғни, одан шыққан су ауыл-ауылда күндіз-түні сарылдап ағып тұр. Мәселен, “Қарақалпақ” ауылында аз ғана түтін бар. Тұтынып отырған суы секундына 12 литр. Ал үлкен кеңшарларға уақытында секундына 5 литр су мейлінше жеткенін ескерсек, есіл арасан су аяғы құрдым болғаны емей немене?! “Ошақты” ауылы секундына 10 литр су алады. Мұндай ауылдардан барлау, сараптама жасату жұмыстары үшін ақша алу мүмкін емес, ортақ қожайын жоқ. Төлем төлеуге сиырының сүтіне қарап отырған отбасылардың жағдайы көтермейді.
Осындайдан арасан құдығынан пайда айырып отырған ағайынға салмақ түседі. Және аз емес. Әр құбырдың барлау жұмыстарына 25 мың доллар жұмсалады. Бұл бір мезеттік жұмыс. Толық жасатқан соң 25-26 жылға дейін тоқтаусыз пайдалануға бола беретіндігін есептесек, көп те ақша емес.
Айналып келгенде 44 құбырдың 25-і төлем төлеуге қабілетті екендігі байқалды. Бірақ, олардың да дауысы біркелкі емес.
Жиында: “Мен құбырдан айына 100 мың теңге табамын, біреу 1 млн. теңге табады. Неге бірдей төлеуіміз керек?” деп кеңірдек жыртып шыққандар да болды. “Алекс” ЖШС атқарушы директоры Серғазы Қанат өздеріндегі екі құбыр үшін 50 мың долларды қазір төлеуге дайын екендігін айтты. “Егер табыс таппайтын болсаңыздар скважинаңызды үкіметке қайтарып беріңіз”, дегенді де ескертті.
Алайда, ләббай тақсыр, ала қойыңыз дейтін ешкім бола қойған жоқ. Құдайдың өзі беріп жатқан тегін суынан, күлшелі орыннан қалай айырылсын.
Әу баста осы істеліп жатқан жұмыстарға күмәнданып, бәлкім, пендешілігі де тартқан шығар, құбыр иелерінің бірі осы жұмыстарды атқару үшін алматылық фирмаға өтініш айтқан екен.
“Мақұл” депті. “Әр құбыр үшін 9 миллион теңгеден төлесеңіздер жасап береміз”.
Бұл, әрине, аса қымбат қызметақы. Жиын барысында әрі тарт пен бері тарт байқалғанымен, несібесін арасан суынан айырып отырғандар келісті.
Ал әліптің артын бағып, кейін төлеймін дегендердің қулығы іске аспайды. Министрлікке нақты құжат өткізілгеннен соң барлау жасатпағандармен келісім-шарт үзіледі. Өйткені, бұл қызметті келісім-шартта көрсетілгендей фирманың өз қаржысына жасатуы керек.
Гидролог Нұрмұхамет Байзақовты сөзге тарттық. Оңтүстікте осы салада оның алдына түсетін маман жоқ болғандықтан жауапкершіліктің үлкен жүгін арқалап отырған жігіт “шығасыға иесі басшы” болғандығын айтады.
Жер асты арасан суы қорын қайта есептеу әлі шешілмей келеді. Қайта есептеу ғылыми тұрғыда негізделеді.
Ертеңгі ұрпаққа қалдыратын мұраның инженерлік есебі қамтамасыз етілуі қажет. Бүгіндері дала жұмыстары толық жасалған, ендігісі нақты ғылыми тұрғыда жүргізіледі.
Нұрмұхамет Байзақов су қоры түгесіліп барады дегенге келіспейді. Мәселе, құбырдан сораппен су тартып отырған жандардың біліксіздігінде.
Сарыағашта алғашқы бұрғылау 1947 жылы басталыпты. Одан кейін 1950-1970 жылдары бұрғыланған. Дұрыс пайдаланбау әсерінен жер асты суы көтерілгенде құм пайда болады, су сорғының түтіктерінің қапталдарына ұсақ тас беріш болып қатып қалады. Маман жоқ болғаннан кейін ол тазаланбайды. Су таусылуға айналды деген ойбайдың шығу төркіні міне, осыдан.
Құбырлардың өзі барлау және эксплутациялық деп бөлінеді. Шипажай барлау кезінде қазылған құбырды пайдаланып отыр екен. Негізгісіне тапсырыс бермеген.
Ал арасан суының есепсіздігі, рәсуа болуы жүрек ауыртатын жағдай. Мәселен, секундына 128-129 текше метр су алынатын болса, соның 15-20 пайызы ғана кәдеге асады да қалғаны босқа ағады.
Гидролог жер астынан қайнап шығатын суды ысырап қылмай, түрлі мақсаттарға жұмсаудың жөнін айтады. Үй жылыт, жылыжайға пайдалан. Су қоры мол болса, балық өсіретін бөгет жаса.
Сарыағаш суы – қасиетті су. Асханалық. Үнемі ішуге болады. Макрокомпонентті. Құрамында гидрокарбонат, хлорид, сульфат бар. Минералды жағынан натрий, калий, кальций, магний қосылады. Яғни, бір литр суға жарты ас қасық сода және бір шөкім тұз салған сияқты. Мөлшері осындай. Сарыағашта 18-20 метрден су шыға береді. Бұл – тұзды су, қажетіне жарамайды. Ал арасан суының тереңдігі 1 мың метрден әрі басталады. Жер астынан қайнап шығып жатқан арасанды алтыннан артық дейтіні осы.
Нұрмұхамет Байзақов: “Біздің қазаққа ауылының іргесінен асау өзен арқырап ағып жатса да су жетпейді”, деп еді. Құрсай елді мекеніне келгенде осыған көзіміз жетті. Арасан құбырынан ақтарылған суда тоқтау жоқ, жіңішке жылға болып далаға ағып жатыр. Шағын ауыл. Есек арбамен келген балалар бөшкемен су әкетіп барады. Ауылдың малы осы жерден су ішеді. Облыста “таза су” бағдарламасы жүріп жатыр. Әр үй бір-бір қойының құнын қиса, әр үйге құбыр тартып, әр отбасы рақаттанып отырар еді.
Бес-алты малын өріске айдап салып, ауылға сырттан машина, бөтен кісілер келсе таяғын беліне қыстырып “не әңгіме айтар екен” деп бүкшеңдеп жетер қариялар басқа өңірдің адамдары бір кесесін ішсе зәмзәм суын ішкендей рақаттанып қалатын арасанға обал жасадық-ау дегенді ойламайды.
“Кедейдің күні кіжінумен өтеді”, дегендей, құны алтыннан артық судың қадірін білмеген осылай болар.
Тағы да бірер ауылға, құбыр ұстап отырғандарға жолымыз түсті. Бірі монша ашқан, бірі дәрігері жоқ болса да қонақ үй салып, ваннаға кісі қабылдап жатыр.
Құдайдың қазаққа келгенде пейілі кең. Құнттай алмай отырған өзіміз. Арасан сулары тек Сарыағашта ғана емес, Мақтаарал, Арыс, Түркістан, Бәйдібек, Ордабасы аудандарында да бар. Көбісі монша ашып, содан түскен ақшаға қанағат етіп отыр. Неміс пен еврей ұлтының қолына тисе, осы арасанның суын алтын бұлаққа айналдырып жіберер еді. Судың орны толады деп дәтке қуат еткенімізбен, арасан түпсіз көл емес.
Көл қорыған қызғыштай Молдаәлі ағам неге шырылдайды дейсің?!.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы.
* * *
ҚЫЗЫЛАҒАШ ЖӘНЕ ҚАРЛЫҒАШ
(Қаз-қалпында)
Өмірдің бізге беймәлім тұстары көп. Тіршілікте оны сезінумен бірге, сырына қанығуға ұмтылады екенсің. Оны көктемнің қара суығындағы су тасқынынан зардап шеккен Қызылағашта биыл ақ қауырсынды, адамға дос, жақын қарлығаштың көптігімен байланыстырдым. Жалпы, экологиялық жағдайдан ба, көбіне құс атаулыны қазір көп кездестірмейтін болдық. Олардың қатарында көктем хабаршысы көкек пен қарлығаш, торғайдың түрлері де бар.
Тасқыннан зардап шеккен Қызылағаш ауылын қалпына келтірудегі Елбасының ерекше қамқорлығы мен жедел берілген тапсырмасынан кейін құрылыс жұмыстары қолға алынғаны аян. Қысқа мерзімде ауыл танымастай өзгерді. Жаңа ғасырдағы жаңа елді мекен сәулеттенді. Тұрғындарға барлық жағдай жасалып, әлеуметтік мәселелері оң шешілуде. Осыдан болар, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі.
Көктемнен бері Қызылағашқа сан мәрте жол түсті. Сол кездерде жақсылықтың жаршысындай алдымыздан әрдайым ақ қауырсынды қарлығаш тобы ары-бері айналып, қарсы алады. Есіме “Қарлығаштың құйрығы неге айыр?” деген балаларға арналған мультфильм түсті. Әрдайым адам баласына достығын ұсынатын қанаттының оралуы бекер емес.
Мына кереметті қараңыз. Имандылық отауы – Алланың үйін алапат тасқын айналып өткен. Дін аман. Күрделі жөндеуден кейін ғимарат тіпті жаңарды. Мешіттің ашылу салтанатына келгендер төрдегі бұрышта қарлығаштың ұқыпты соғылған ұясын, ондағы қара қанаттанған балапандарды көріп, жақсы ырым ретінде қабылдады. Құран оқылғанда балапандар шықылықтағанын қойып, “ұйып тыңдағандай” көрінді.
Бұдан кейін үлкен-кіші жөндеуден өткен Мәдениет үйінде басқосты. Осы күні қызылағаштық 122 отбасы жаңа үйлердің кілтін алды. Осы мерейде де бір топ, сүйрік тұмсықты, ала қауырсынды сүйкімді қарлығаштар ғимарат ішінде айналып ұшып жүрді... Көпшілік біресе сахнаны, бірде құстарды тамашалады.
Халыққа кілтті тапсырып тұрған облыс әкімі Серік Үмбетов: “Көрдіңіздер ме, көктемнің жаршысы – қарлығаштар да сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасып жүр. Бұл – жақсылықтың, ізгіліктің нышаны. Қызылағаштың ертеңі жарқын, келешегі зор болады”, деп түйді сөзін. Көпшілік қауым бұл сөзді жылы қабылдады.
Бүгін мешіттегі балапандар ұясынан ұшқан. Көшелердегі қай үйдің шаңырағында болмасын ізгіліктің белгісіндей қарлығаш қаптап жүр.
Қазақ – қашаннан ырымшыл халық. Айтайын дегенім, қызылағаштықтар мен қарлығаштың достығы тегін емес. Ауылда әлі талай жақсылықтар болып, халық мерейленеді. Уақыт емші деген, жамандық атаулы да ұмытылар. Иншалла, солай болсын деп тіледім.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.
* * *
МЕРЕКЕЛІ ҚАЗАҒЫМ
Сөзі мен әні: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадыр Досымжановтікі.
Мерекелі қазағым,
Жүректен жыр жазамын.
Мың бұралып иілдің,
Мың өліп, мың тірілдің.
Жарқын болып өмірің,
Кешегіден бүгінгің,
Көгілдір аспан секілді,
Көк ту болып тігілдің,
Қайырмасы:
Жанып жарық жұлдызы,
Шаңырағын тұрғызды.
Егемендік елдігін,
Мойындады жер жүзі.
Білімдіге мән берген,
Өнерліге нәр берген.
Біріккен ұлт елдермен,
Терезесі тең келген.
Жарқырап қайта түледің,
Қабыл болып тілегің,
Еркіндікті, елдікті,
Ұрпағыңа тіледің.
Мерекелі жыр елім,
Тұғырың биік дер едім,
Үстем болсын мерейің,
Байтақ елім – тірегім.
Қайырмасы:
Әдет-ғұрып тіліңмен,
Домбыраның үнімен,
Кемелденіп өрісің,
Бабалардың ізімен.
Жақсылыққа дем берген,
Жаңалықты меңгерген,
Қазақ осы бүгінгі,
Танымастай өзгерген.
Қайырмасы.
* * *
“КӨКЕК АНАЛАР” КӨБЕЙІП КЕТТІ
Жуырда полицияға Ақтөбе қаласында пәтер жалдап тұратын студенттер хабарласып, бейтаныс бойжеткеннің жаңа туылған сәбиін тастап кеткендігін айтты. Полиция қызметкерлері қараусыз қалған бейкүнә нәрестені “Үміт” балалар үйіне жеткізді.
Облыс орталығында білім алып жатқан студенттердің жалдамалы пәтеріне кішкентай сәбиін көтерген бойжеткен келіп, уақытша осы баспанада жата тұруға рұқсат сұраған. Сол пәтердегі қыздар бойжеткеннің жағдайын түсініп, бірге тұруға келісім береді. Арада бір аптадай уақыт өткенде бейтаныс бойжеткен туған баласын тастап, “нәрестені баға алмайтындығы” жөнінде тілдей қағазға аманат қалдырыпты. Студент қыздар бұл оқиғаны полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Қыздардың айтуына сенсек, белгісіз бойжеткеннің жасы 19-да көрінеді. Және жас ана өзінің Ақтөбе облысына қарасты Әйтеке би ауданының тұрғыны екенін де студент қыздарға жасырмай айтып берген көрінеді. Қазір анасынан тірідей айырылған сәби “Үміт” балалар үйінде. Балалар үйінің тәрбиешісінің айтуынша, сәбидің денсаулығы бірқалыпты екен. Бір қынжыларлығы, соңғы жылдары өз нәрестесін далаға тастап кететін “көкек аналар” көбейіп келеді. Жыл басынан бері осындай бірнеше дерек тіркелген. Осыдан үш ай бұрын тастап кеткен баласын алып кетуге бір жас ананың келгендігін де балалар үйінің қызметкерлері айтып отыр. Ішкі істер органы жас ананың кім екендігін анықтау үшін шұғыл жұмыстар жүргізіп жатыр.
Мәди ҚУАНЫШҰЛЫ. Ақтөбе.
* * *
Шығыс Қазақстан облысынан тілшіміз Оңдасын ЕЛУБАЙ хабарлайды
ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ
Төлеубай Рахыпбеков Денсаулық сақтау министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты қызметтерін абыроймен атқарған азамат. Қазір ол Семей мемлекеттік медицина академиясының ректоры қызметін жемісті атқаруда.
Жақында ол өзі туған атамекеніне қайырымдылық қолын созды. Қарасу ауылындағы Чкалов атындағы орта мектептің математика кабинетін барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, іші-сыртын жөндеп берді. Ауыл тұрғындары азаматтың бұл игілікті ісіне ризашылық білдіріп, аталмыш кабинетке Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз-математик, еліне сыйлы азамат Қ.Рахыпбековтің есімін беруді ұйғарды. Сол күні ардагер ұстазды еске алуға арналған волейболдан жарыс өтіп, Құран-қатым түсірілді. Бұл күндері Семейден келген 19 дәрігер аймақ тұрғындарына тегін профилактикалық-дәрігерлік тексеру жүргізді. Төкеңнің бұл жұғысты бастамасы басқаларға да үлгі болғай!..
МАҢЫРАҚТАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ
Тарбағатай ауданындағы Маңырақ ауылында Мәдениет үйі қатты соққан дауылдан қирап, мүлдем жарамсыз болып қалған еді. Оны жөндеу үшін бюджеттен 11,8 миллион теңге қарастырылған. Жақында осы Мәдениет үйі қайтадан ашылды.
Б.Құнапиянов жетекшілік ететін “Айзат құрылыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары Мәдениет үйінің шатырын қалпына келтіріп, іші-сыртын әдемі етіп жөндеп берді. Ақанай Нұрпейісовтің бригадасы жылу жүйесі мен есік-терезелерді де қалпына келтірді. Ауданда мәдениет үйлері жұмыс істеп, тұрғындардың сәнді де мәнді демалуларына барлық жағдай жасалуда. Аудан әкімінің орынбасары Сәумен Жақаевтың айтуынша, алдағы уақытта да бұл салаға көңіл бөлінбек.
ОҚУШЫ ЖАЗЫ КӨҢІЛДІ
Биыл Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушыларының демалысы көңілді өтіп жатыр. Облыс орталығындағы балаларды былай қойғанда, шалғайдағы Зайсан, Тарбағатай, Үржар, Аягөз, Катонқарағай және басқа да аудан мектептерінің шәкірттері арнайы ұйымдастырылған балалар үйінде демалып жатыр. Зайсанның Шілікті өңірінде, табиғаты тамаша жерде 150 балаға арналған демалыс базасы қайтадан ашылса, Үржардағы Алакөл маңындағы “Үржарайым” балалар үйінде де жаз бойы мыңға тарта оқушылар демалып қайтпақ.
Қалалық оқу бөлімінің бастығы А.Кузнецовтың айтуынша, Өскеменнің елуден астам мектептерінің балалары да жазды тиімді пайдалануда. Тұрмысы нашар ата-аналардың бір мыңға тарта балалары тегін демалуда. Табиғаты тамаша Риддер, Зырян тау базаларында да мыңдаған оқушы сергек демалып, жаңа оқу жылына тың жігермен келмек...