Жақында Алматыдағы Ұлттық кітапхананың Көрмелер залында Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын әрі әдебиет зерттеушісі Әділғазы Қайырбековтің он томдық шығармалар жинағының тұсаукесері болды.
Ол ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген. «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Қазақ елі», «Шалқар» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары, «Қазақ Энциклопедиясы» Бас редакциясының жетекші маманы болып қызмет атқарған. 2000 жылдан бері – С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры.
Көптеген өлеңдері «Екі мыңжылдық дала жыры» (2000), үш томдық қазіргі қазақ әдебиеті антологиясы (Мәскеу, 2013), он томдық қазақ поэзиясының антологиясы «Жыр маржаны» (2014) жинақтарына енген. Он бес кітабы жарық көрген. Әділғазының ақындық таланты, зерттеушілік әлеуеті, журналистік қарымы әріптестерінің, қалың оқырмандарының әрдайым жіті назарында. Ол жұртшылыққа бірнеше қырымен қатар танылған қаламгер. Білім-білігі мол, ісіне тиянақты, дарынды, табанды, ізденгіш.
Бұл он томдықты ол өзінің 60 жылдық мерейтойымен орайластырып, демеушілер көмегімен, «TST Company» баспа компаниясынан шығарған екен. 1,2,3 – томдарға – өлеңдері, толғаулары, балладалары мен поэмалары; 4-томға – С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің өмір жолдары, шығармашылық қырлары туралы жазылған эсселер, ғылыми-зерттеу мақалалар, баяндамалар, ой-толғамдар; 5-томға – әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым және қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге қатысты жазылған мақалалар, 6-томға – сыр-сұхбаттар; 7-томға – эсселер, әдеби портреттер, естеліктер; 8-томға – «Тәуелсіздік және қазақ поэзиясы» монографиясы, мақалалар; 9-томға – әңгімелер, деректі әңгімелер, очерктер, күнделік, әріптестер лебізі; 10-томға – мақалалар және библиографиялық көрсеткіш (құрастырған Г.Құдабаева) топтастырылған.
Кітаптың тұсаукесерін Ұлттық кітапхананың бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әлібек Асқаров ашып, жүргізіп отырды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, сенатор Н.Оразалиннің, Алматы қаласы әкімінің орынбасары З.Аманжолованың, Республикалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің Алматы қаласы және Алматы облысындағы кәсіподақтары филиалының төрайымы Сәуле Нақыпқызының құттықтаулары табысталды. Ақындар Т.Медетбек, Р.Ниязбек, З.Тілеужанұлы, Қ.Бегманов, Б.Жақып, М.Райымбекұлы, сыншы Ә.Меңдеке, жазушы-журналистер Ж.Кенжалин, Қ.Түменбай, Қ.Сәрсенбай, М.Ахет, профессор Т.Тебегенұлы, т.б. қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті, тілектерін қосты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіман орындаған «Ән-ғұмыр» атты әннің (сазы мен сөзі Ә.Қайырбековтікі) де табиғаты тұнық.
Осы іс-шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан автордың шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Автор он томдықтарын қала кітапханаларына, музейлерге тапсырды.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.