23 Мамыр, 2015

Тасбақалар мейрамханаға жете алмады

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Сарыағаш шекара отрядына қа­расты «Қапланбек» бақылау-өткізу бекетінде Өз­бекстан азаматы мінген «Daewoo Matiz» көлі­гінің жүк салғышынан 1955 дана тасбақа табылған. Үш қапшық пен бір қорапқа салынған тасба­қалар тырбаңдамас үшін скотчпен желімдеп тасталыпты. Шекара қызметі «Оңтүстік» өңірлік бөлімінің аға офицері Сырым Орманов: «Қазақстан Республикасы Қылмыстық ко­дексінің 234-бабы 1- бөлігі, яғни экономикалық контрабанда де­регімен қылмыстық іс қозғалды» – дейді. Тасбақа – кейбір мемлекеттерде ұлттық асқа баланады, біреулер үшін жеңсік ас. Әсіресе, күніне сан мыңдаған шетелдік қонақтар сапырылысып келіп жататын Мәс­кеу мейрамханалары дастарқан мәзіріндегі қымбат тағам болып саналады. Күдікті қытай мейрамханаларына да өткізбек болған. Қаскүнемнен қашып та құ­тыла алмайтын тас­бақалар бірінші рет шекара бұзып жатқан жоқ. Осыдан екі-үш жыл бұрын оларды Мәскеу бағытына қаты­найтын пойыздың жүк салғышында буылып-қат­талып кетіп бара жатқан жерінен Қа­зақстан шекарашылары мен кеденшілері өзбек азаматынан тәркілеген еді. Сөйтіп, Арыс қала­сындағы аң-құсты қорғау ай­мағына жіберілген. Құмшауыт даланың сәніне айналып, көзге жиі шалынар еді. Тегін олжа көрген біреулер теріп алып кетті ме, қазір көзге түсе қоймайды. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.