12 Наурыз, 2015

Павлодарлық студент букмекерлік кеңселерде 10 млн. теңге ұтылып қалды

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

11-03-15_bukmeker

ПАВЛОДАР. 12 наурыз. Артур есімді 21 жасар студент букмекерлік кеңселерде 10 млн теңгеге жуық ақша ұтылып, наркодиспансердің дәрігерлеріне хабарласты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Артур оқушы кезінен бастап ақшаның буына түсіп, букмекерлік кеңселерге бара бастаған екен. Содан кейін қызыл ақшаға қызыққан бала букмекерлік кеңселерден шықпай, кәдімгі азарт ойыншыға айнала бастаған. «Алғашқы кезде көп ақша ұтып алатынмын. Бұл жағдай көпке дейін созылмады. Бірте-бірте ұтыла бастап, қарызға батып кеттім. Соны өтеу үшін тағы да қарыз алып, төлеп тұрдым. Ең жаманы, кей-кезде қарызды өтеу үшін ұрлықпен де айналыса бастадым. Бірақ ешкімге ештеңе білдіртпедім. Менің қарыздарым 100 000-нан 200 000 теңгеге дейін жеткен кездер болды. Қарыздарымды әке-шешем төлеп тұрды. Сол үшін олардан талай рет сөз естідім. Әке-шешемнің маған осыны қойшы деп жылап, өтінгенін есіме түсіргенде өз ішіме өзім сыймай кетемін. Мен бәрі уақытша, бәрін қоя аламын деп ойладым», дейді Артур. Алайда бәрі Артур ойлағандай болмай шықты. Ол мектепті бітірген соң, Павлодардан кетіп, Ресейдің бір жоғары оқу орнына оқуға түседі. Сол жерде де «ескі әні» тағы басталады. Енді ол букмекерлік кеңселерге 1 000 теңге емес, 1 000 рубльден бастап ақша қоя бастайды. Сөйтіп жүргенде Ресейдің кеңселеріне теңгемен есептегенде жарты миллиондай теңге қарыз болып, не істерін білмей қалады. Кеңсенің адамдары Артурға ақшаны қайтармасаң сені, сенімен қоса туған-туыстарыңның бәрінің көзін жойып жібереміз деп қорқытады. Содан не керек, Артур Павлодардағы ата-анасына хабарласып, жағдайын айтады. Бала үшін әке-шешесі не істемейді дейсіз? Тағы да ата-анасы баласының қарызын төлеп, елге қайтарып алады. Олар Артурды наркологиялық диспансерге жатқызады. Қазір ол диспансерде «ойын азарты батпағынан» шығу үшін емделіп жатыр. Дәрігердердің айтуынша, Артур бір айдан астам уақыт емделуде. Алғашқы кезде жас жігіттің жағдайы алаңдатарлық болса, қазір ұйқысы тыныш, бұрынғы симптомдарының бәрінен құлан-таза айыққан. Дастан Кенжалин. Дерек: egemen.kz Сурет:  egemen.kz