28 Шілде, 2010

«Мәңгілік сен қаласың, сағынышым»

1085 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
34 ЖЫЛ БҰРЫН... 1976 жыл. “Социалистік Қазақстанның” әде­биет және өнер бөлімінің тілшісімін. Редактор ша­қыр­ды. Сапар Байжановтың кабинетінде бір кісі отыр. – Мына кісі Моңғолиядан келген Ислам Қабышұлы деген ағаң. “Унэн” газетінің қызмет­кері. Ол газет ЦК-ның органы, былайша айтқан­да, Моңғолияның “Правдасы”. Бұл кісі жазушы, драматург, тарихшы. Сөйлесіп, сұхбат аларсың. Тез дайындау керек. Сапекең осылай деді де, асығыс жинала бас­тай­­тынының ишарасын жасады. Тегі, Орталық ко­м­­итетке ме, Үкіметке ме шұғыл шақырып жат­қан сияқты. Сол кезде жасы елуге де толық тола қоймаған Ислам ағамыз Кеңшілік екеуіміз отыратын біздің кабинетте-ақ біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Тез дайындалған сұхбатты Сапекең нө­мірге салдыртып та жіберді. Қазақстанда жүргенінде өзі көріп қалсын деген болар. Газеттің 1976 жылғы 18 ақ­пан күнгі санында “Өскен өлке, жайсаң жандар...” деген тақырыппен жарық көрді. Әңгіме барысында мені көбірек қы­зықтырға­ны ол кісінің тарихшы­лы­ғы болды. Тек сөз саптауы то­сын­дау. Аузын ашса айта­тыны – керей. Ру ұғымын феодализмнің сарқын­шағындай көретін социа­листік санама әуелде біртүрлі оғаш естілгені рас. Тек сөзін ұзағырақ тыңдай келе, әлгі әңгімеге қалай ұйып кеткенімді өзім де аң­ғар­май қалдым. Моңғолиядағы ағайын­дардың талайлы тағдыры ерітпей, еліктірмей қой­мады. Әрине, пар­тиялық газетке Ислам ағаның сол айтқандарының жұқанасы ғана жариялан­ғаны түсінікті. Ол кісі бұл тақырыпқа шындап қызығуы қалай бастал­ға­нын да әңгімелеп берді. 60-шы жылдарда Сәбит Мұқанов Моңғолияға, соның ішінде Баян Өлгийге барғанын бәріміз білеміз. Сонда Сәбең ол кезде жас жур­на­лист Исламның тарих, соның ішінде керейлер ше­жіресі туралы айтқандарына разы болып: “Қара­ғым, бұл исі қазаққа керек дүние. Сен мұны толық, дұрыс жазып шықсаң, бір игі іс тындырасың. Дарияға тамшы да сеп”, депті. “Міне, он төрт жылға аяқ басты, мен хал­қымыздың, оның ішінде керей руының тарихы­мен шұғылданып жүрмін. Ондағы мақсатым – түрлі тарихи жағдайлардың әсері­мен сонау қилы кезеңде туған топырағынан жырақ кеткен бір тай­паның өткен күрделі жолы арқылы халқы­мыздың әлемдік тарихтағы рөлін, көне мәде­ни мұраға қосқан өзіндік үлесін көр­сетуге талпыну. Қазір Моңғолияда, Қытайда тұратын қазақ­тар­дың негізгі бөлігі осы керей руының өкілдері. Олардың ішкі Азияның тарихын­да­ғы, мәдение­тін­дегі орны әзірше зерттеу­шілер көп көңіл қой­маған тақырып” — Алматыдағы Ұлттық кітап­­хананың анықтама-библио­графия бөлімі қызметкерлерінің көмегімен кеше факспен алдыртқан сол сұхбатта Ислам аға осылай деген екен. Қазір ойлап қара­сам, ол кісі сөзбе-сөз дәл осылай (“туған топы­ра­ғынан жырақ кеткен бір тайпаның”) деп айта да қоймаған  сияқты. Айтса сол кездегі саясатқа сәй­кестендіріп сөйлеген болар. Өйткені, Ислам Қабыш­ұлы­ның барлық жазғандарынан керей тайпасының тарихы негізінен қазіргі Моңғолия мен Қытай жерімен байланысты екенін көреміз. “Керей тайпасының тарихы” атты көлемді кітабымды аяқтап отырмын. Халық тарихы – қателікті кешірмейтін қа­сиетті тақырып қой, жеке адамның жұмысы болған соң артық, кем ай­тылған тұстары кездесер. Алматыға, ең алдымен, халқымыздың үлкен ғалым­дарымен осы еңбектің бағыт-бағ­дары, сапа-салмағы жайлы ақыл­дасу, ақыл-кеңесін тыңдау үшін келдім”, деген сонда Ислам Қабышұлы. Кейіннен ол кітапты Ақаңның – біздің бөлім мең­герушісі Ақселеу Сейдімбековтің қолынан көрдім. Оқып шықтым. Содан бері Баян-Өлгий­дегі бауырларымыздың тарихына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне бөлекше елеңдеп жүруге айнал­дым. Сапар Байжановтың “Үш қиян – үш даңғыл” кітабынан Моңғолия жазбаларын оқыған­нан кейін сол бір алыс та жақын өлкеге құмарлық тіпті арта түсті. Тәуелсіздік қолға тиген тұста әлем­ді шарлап кетуге мүмкіндік те туды. Журналистік жұмыстың арқасында кеше ғана дүбірлеп доп додасы өткен Оңтүстік Африка Республикасы сияқты қара құр­лықтың ең шетіндегі, Бердібек ағамыздың кейіп­кері шетсіз-шексіз көлеміне қарап, “Біраз ел, ә?” деп таңданған бір қазақ ат қойып кетіпті деп қи­сындайтын Бразилия сияқты Жер шарының арғы бетіндегі елдерге дейін табан тигенде  тап іргемізде тұрған,  тіпті виза да қажет етілмейтін мына Моңғолияға жолымыздың түспей-ақ қойғаны. Сондықтан  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев жақында Баян-Өлгий сапарына шақырғанда бірден келіскенмін. Бауырларымыз аймақтың орнауының (біздегідей “құрылуының” демейді екен) 70 жылдық тойын өткізгелі жатыр екен. Алматы арқылы жететін делегацияны Өскеменнен күтіп алып, Баян-Өлгий қайдасың деп тартып кеттік. КЕРЕЙЛЕР КЕРУЕНІ Алдымен тақырыпшаны түсіндірейік. Әрнені де өзінің сөз саптауымен сөйлеген жөн. Баян-Өлгийдегі бауырларымыздың тайпа атын айтуы біздегіден басқашарақ. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайының 15 жылдығына орай жазған “Қазақтың ағылысы-ай, қандастың сағы­нышы-ай” деген мақаламызда (2007, 13 қазан) сол тұстағы қапылысқа қатысты мынандай жай­ды келтіргеніміз бар: “Телефон тұтқасын орнына қоя бергенде Баян-Өлгийден өкпесі өшіп жеткен бір топ ағайын (шет ел қазақтарын тоқтатпаңдар деп төмендегі рұқ­сат қағаз жазатын жердегілерге де ескертіліп қойыл­ған) кабинетке сау ете қалады. “Керейлердің бұйымдарын алып келдік, Құрылтай өтетін жерге қоюымыз керек”, дейді. “Моңғолия қазақтарының ғой?..”, дейміз. “Ке­рей­лердікі ғой, ке­рейлердікі, осы­ны ана Сарайға апаруымыз керек” дейді”...Баян-Өлгийдегі бауырлар “Өмір мек­тебіндегі” Сәбең сияқты “Қазақ елінің руға бөлінетін заманында біздің ауыл­дың арғы түбін Керей, бергі түбін Сибан дейді” деп сақсынып сөйлеп жатпайды. Мәселе Баян-Өлгий тұрғын­дары­ның 95 пайызын құрай­тын қазақтардың бәрі­нің дерлік сүйегі керей екендігінде ғана емес. Мә­се­ле мұнда “керей” сөзі тайпа атынан гөрі “қа­зақ” атауының бір балама­сы болып кеткендігінде. Бұл арада біздің ұғы­мымыздағы рулық тар түсініктің түк қатысы жоқ. Ана жылы ана арнадан да, мына арнадан да қайта-қайта көрсетілген отыз сериялы “Шыңғыс хан” фильмін тамашалағандар сонда қайта-қайта айтылатын керейлердің сонау 9-12 ғасырларда-ақ Керейт хандығы аталған мемлекет құрып, әйгілі Қарақорымды бас қала еткен іргелі ел болғанын, керейлер мен моңғолдардың өзара ант ішіскен түбегейлі достық қатынасын жақсы біледі. Керей­лердің ең дәуірлеген кезе­ңін­дегі Уаң ханның Тэмужинді (Шыңғыс хан) өкіл ұлы санағаны да, оны хан сайланғанда алдымен осы  Уаң хан қолда­ғаны да белгілі. Ханзада Тэмужиннің бала кезінде әкесі Есекей қаза болып, хандығы бытырап, жетім ханзада айдалада қалған кезінде оның есін жиып, етегін жауып, елінің басын қосып берген Керей ханы Тұғырұл Уаң хан екенін тарих кітаптары жазады. Тэмужин меркітке аттанғанда сол жорыққа тек керейдің өзінен 20 мың қол атқа қонған делінеді. “Моңғолдар ал­ғашында керейлерге сүйене оты­рып, Моңғо­лия­дағы ұлыстарды өзіне бағын­дыр­ған. Керейлерге сүйенбегенде Шыңғысханның соншалықты күшеюі мүмкін емес еді”, деп жазған Рашид-ад-дин. Алай­да, даңқы тасып, мей­манасы асқан тұста, Тэмужин Шыңғыс ханға ай­нал­ған тұста ол керейлерді, та­рихи құжат тілімен айтсақ, “бейбіт түрде ел болып бірлесуге” шақы­рады да, мұның аяғы дербестіктен айырылумен бітетінін бірден білген керейлер бұл ұсынысты қабылдамайды. Екі жақтың 1203 жылы кес­кілескен шайқасы болғанын, керей­лердің жеңі­ліп, тарих тұғырынан тайғанын, жеңілген жақтың бір тобы ата жұртында қа­лып, бір тобы Орталық Азияға бет бұрғанын өзіңіз біліп отыр­сыз. Керей­лер­дің өзбектің ара­сында да, қырғыздың арасында да кездесетіні сондықтан. “13 ғасыр­дың басында мер­кіттер­мен бірге Жем, Торғай өзендері бойына жетіп, сонда қалған ке­рейлер қазірге дейін өзінің ежелгі “керейт” атау­ын сақтап, жетіру бірлестігі құ­рамы­на қосыл­ған”, дейді “Қазақстан” ұлттық энциклопедиясы. Мектептің жоғары сынып оқушыларына да жақсы белгілі бұл жайларды жазып отырғаны­мыз­дың мынандай себебі бар. Біз Баян-Өлгийге аймақтың 70 жылдық тойына бардық дедік қой. Сол тойдағы шеруде “1860 – Ұлы  көш” деген жазулы  транспаранттар қайта-қайта көлбеңдей берді. Үйге келген соң “Қазақ совет энцикло­пе­дия­сын” қарап жіберсек, Баян-Өлгийге қатысты мақалада да “Қазақтар бұл жерге 19 ғасырдың 68-69 жылдары орналасты” (2-том, 221-бет) деп жа­зып қойыпты. Әйтеуір, тәуелсіздік тұсындағы жаңа энциклопедиямызда мұндай үзілді-кесілді еш­теңе жоқ екен. Бұл – Баян-Өлгийдегі бауыр­ла­рымыз үшін басын ашып айтатындай маңызды мәселе. Біз сонда жүргенде Үзбен Құрманбайұлы деген бір асыл ағамызбен таныстық. Үйінен дәм де таттық, әбден әңгімелестік те, бізді ұшаққа дейін шығарып та салды. Моңғолияға еңбек сіңірген бай­ланысшы атағын алған, осы саланың ірі ма­маны саналатын бұл азамат тарихты терең білетін­дігімен, білгенін әдемі әңгімелейтінімен тәнті етті. Сол кісі әлгі транспаранттарға байла­ныс­ты: “Моң­ғолияға қазақтар 1860 жылдарда алғаш келе бастаған” делі­не­тін жаттанды ұғым­ның өзі үлкен олқы­лық, әрі ақиқаттан алшақ, кірме ретінде көрсетіп, өзімізді қор тұтушылық” дейді де, оған мы­нандай уәж айта­ды: “Қазіргі Моңғолия жері ежелден түркі, қазақ­тардың мекені болды ма? Болды. Мұны көптеген дерек­тер дәлелдейді. Қазақ халқының бір тобы, әсі­ре­се Абақ керейлер Сарыарқа, Сыр бойынан ауған­да Қалба, Тарба­ғатай, Алтайдың күнгей бетінде ғана тиянақтап, тұрақтап қалып, 1860 жылдан ғана осы Моңғол жеріне келіп қоныстанды ма? Жоқ”. Үзбен Құрманбайұлының Моңғолия мәдение­тіне еңбек сіңірген қайраткер Шынай Рахмет­ұлымен бірлесіп жазған “Моңғолиядағы қазақ халқы” кітабын (Улаанбаатар, 2007) қарасаңыз да, сол Ислам Қабышұлының “Тұран әлемі” кітабын (А., “Санат”, 2007) қарасаңыз да, Р.Шынайдың “Моңғолия қазақтарының ата-тек шежіресі” кітабын (Өлгий, 1997) кітабын қара­саңыз да осындай ойға тоқтайсыз. Баян-Өлгий­ден Алматы арқылы қайтқанымызда екі күндей Ұлт­тық кітапханада отырғанымызбен қолымыз жет­пеген “Қазақтың қысқаша тарихы” (Үрімжі, 1994), “Алтай аймағының жағдайы” (Үрімжі, 1989), “Моңғолия қазақтарының тарихы” (Өлгий, 1980), “Абақ керей” (Күйтін, 1994) сияқты кітаптардың да авторларының айтатыны осы дейді білетіндер. Осылай демеуі мүмкін де емес. Моңғол мен қазақ тарихы тамырласып, қойын­дасып кеткенін айтудың өзі артық. Абай атамыз тіпті: “Біздің қазақтың маңғұлдан шық­пақ­тығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғы­лым­сыз қалмақтығымыз ұят”, деп тұрып айтқан. Дәл солай болмағанмен, қазақтардың да, моң­ғолдардың да ғұн (хүннү) тайпасынан шыққанбыз дейтіні рас. “Керей, Найман, Уақ қатарлы орта жүз тайпалары Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін азып-тозып құрып кетті ме, әлде қазіргі қазақ даласына шып-шырғасы шықпай дүркіреп қопарыла ауып кетті ме, немесе Моңғол жерінде қалып, түгелдей Моңғол халқына сіңісіп кетті ме деген сауал туады және бұл үшеуінің бір жағына қарай ауытқысақ шындықтан жырақтап кетер едік”, дейді Ү.Құр­ман­байұлы мен Ш.Рахметұлы. “Ақиқат екі арада жа­тады” (“Истина лежит посе­ре­дине”) деп орыс ағайындар айтпақшы, сол за­мандардағы моңғол мен қазақтың арасы қазір­гісінен әлдеқайда жақын болғандығы талассыз. Әлемде тап-таза сақталған халық жоқ та шығар. Рулардан тайпалар, тайпалардан этностар құралады. Керісінше емес. Қазақ та солай. Бүтін­нен бөлектенбейді, бөліктерден бүтінделеді. Мысалы, өзбек арасындағы қоңырат, найман­дар­ды соларға сіңген қазақ руларындай етіп сөй­лей­тіндер бар. Ал дұрысында қоңырат, наймандардың этностар айырылғанда қазақта қалғандары қа­зақ­ты құраған да, өзбекте қалғандары өзбекті құ­раған. Академик В.Жирмунскийдің “Алпамысты” “қоңыраттардың тайпалық эпосы” дегені сон­дықтан. Біз соны ұстана алмадық та, ЮНЕСКО көлемінде “Алпамыс” тойы өзбек эпосының ғана мерекесі ретінде аталып кетті. Біз сөз етіп отырған керейлер тарихына байланысты да осыны айтуға болады. “Шындығына келгенде аумалы-төкпелі заманда керей, наймандардың дені кейде жыла-қонақтай жылжып, кейде үдере көшіп, Дешті Қыпшақ даласына қарай қоныс аударса, тағы бір бөлігі моңғолдармен бірге қалып, соларға сіңген. Моңғолдың көптеген халықтары басқа елдерге, қазақ даласына да барып, сондағы халық­тармен біте қайнасып, сіңіп кеткен. Ғ.Мү­сіреповтің пайымдауынша, “Қазақтар ХІ ғасырда “халықтар қақпасы” аталатын Іле, Алакөл арқылы Алтайдан келген” (“Моңғолия­дағы қазақ халқы”, 52-бет.). “Қазіргі кезде осы екі халықтың жалпы сөздік құрамының кемінде 30 пайызы төркіндес, ұқсас екендігін мойындар бол­сақ, бұдан 800 жылдың алдында кемінде 80 пайыз ұқсастық болмады дегеніңіз бе?”, дейді тағы да сол авторлар. Дәл солай болма­ған­мен, “мал”, “төл”, “сүркей”, “қарыз”, “бөлік”, “күрек”, “ша­жыр­қай”, “тұра”, “бел”, “жарлық” сияқ­ты көпте­ген сөздердің моңғолда да дәл сол күйінде немесе сәл өзгертілген күйінде қолданы­ла­тынын өзіміз кеше ғана көріп қайттық. Дастар­қан­дағы қытайы фарфор қымыз тегенеге “Баян-Өлгий – 70 жил” деп жазып қой­ып­ты. “Қазақша жазыпты ғой, сәл ғана қатесі бол­ма­са” дегенбіз жа­ны­мыздағы көрші­мізге. “Жоқ, біз­де мұндай жазу­дың бәрі тек мемлекеттік тілде жа­зылады. Моң­ғолдар “жылды” “жил” дейді”, деді ол кісі. Деген­мен, әр нәрсенің өзінің қисыны бар. Біз Моң­ғо­лиядан ала қайтқан кітаптардың біразында қазақ пен моңғолдың тарихи тұрғыдан жақындығын тым тікелей түсіндіретін пікірлер баршылық екеніне де көз жетті. “Есекей батыр, Темучиндер алма-кезек Уаң ханмен аға-бауыр, әке, бала болысып тату жүр­гендігі, моңғолдар мен керейлер әрдайым аралас-құралас отырып, қарым-қатынаста болып тіл­маш салмай-ақ тіл табысып қатынасуынан тартып еш кедергі болмағандығына қарағанда екеуі бір тілде сөйлейтін бір ұлт болғандығы даусыз...” деген сияқты пікірлер, бері қойғанда, даулы. Мұның өзі тарих ғылымының саясилануға бейімдеу тұратын табиғатын тағы бір танытады. Тіпті қазіргі баянөлгийлік авторлардың халықтарды атағанда да қазақтарды “қазақтар” деп, моңғолдарды “Моң­ғолдар” деп жазатынының өзі осыны көрсетеді. Шү­кір, үш жүз жылдай орыстың боданы болғанда да өзіміз “орыс” деген сөзді кіші әріппен жазатынбыз. Сонымен, қазақтар (жарайды, керейлер деп-ақ сөйлейікші) қазіргі Баян-Өлгий жеріне ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында келген бе, әлде қайта оралған ба? “Қазақтардың Моңғолия жерінде болу, қо­ныс­тану тарихына қатысты 3-4 елдің тарихшылары бірлесіп, тарихи, археологиялық, т.б. жан-жақты то­лық тұжырым жасауы керек”, делінеді бұл жайында “Моңғолиядағы қазақ халқы” кітабында. Сөз бар ма, бірлесе қарап, толық тұжырым жасау артық емес. Дегенмен, біз қарай алған әдебиеттердің дені қазақтар бұл мекенге қайта оралған дегенге саяды. Неге? Он тоғызыншы ғасырдағы Ресей-Қытай шекара межелесуіне дейін, тіпті одан кейін де көп уақытқа дейін көшпенді жұрттарда шекара дегеннің өзі шартты нәрсе болып келген. Бұл тақырыпты зерттегенде осы төңірекке жер шала келу, қыстап-жайлап ары-бері асып жүру, бірен-сарандап келу, топ-тобымен келіп түбеселі қоныстану деген рет, топтаулар бойынша қарау керектігін Баян-Өлгийдегі бауырларымыз айтып та, жазып та жүр. Көптеген деректерге сүйене отырып, олар Абақ керей, найман тайпалары ежелгі түркі топырағы, қазіргі Моңғолия жерінен кіндік үзбеген, енді бір тобы Қазақстан жерінен бері бет алғаннан кейінгі уақыттан-ақ, бүгінгі Моңғолия шекарасына жайлап-қыстап, я мал отарлатып болса да мекендене бастаған, 1760 жылдардан мал отарлатып, қыстап жүрген, 1830 жылдардан бірен-сарандап келіп қоныстанған, 1860 жылдардың басқы шенінен топ-тобымен келіп, түбеселі қоныстанған және келушілер 1940-50 жылдарға дейін үзілмеген деген түйін жасайды. Осы түйін көкейге қонады. Алтайдың күнгей бетінен қазақтардың Моңғолияға көшуінің бір себебі – егіндіктің көбейіп, жайылымның тарылғаны. Содан кейін Қытайдағы бірінен кейін бірі жалғаса берген көтерілістер мен соғыстар да ығыр еткен. Керей руларының аталары арасындағы билік таласы да бөлініп шығуға әсер етіпті дейді. Ең бастысы – қазақтарға еркін өмір керек болғандығы. Жалпы, Қытайдағы қазақ диаспорасы, Моңғолиядағы қазақ диаспорасы деген ұғымдардың өзі шартты. Гректің “диаспора” сөзі “шашырау” (“рассеяние”) деген мағына береді. Биологияда диаспора деп өсімдіктің аналық организмнен табиғи түрде ажырап, көбеюге, тарауға қызмет ететін бөлігін айтады. Минералогияда  диаспора деп морт сынғыш гидроксидтер тобының минералын айтады. Ғылым диаспора күштеп көшірудің, геноцид қатерінің, экономикалық және географиялық факторлардың әсері салдарынан пайда болатынын айтады. Еврей, армян диаспоралары солай қалыптасқан.  Қазан төңкерісінен кейін, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы демократиялық үрдістерден кейін орыс диаспорасы солай қалыптасты. Түркиядағы қазақ диаспорасы да солай қалыптасқан. Ал Қытай мен Моңғолиядағы қазақтардың жөні басқашалау. Шыңжаң өңірінің қытайша айтылуы Синьцзян сөзбе-сөз аударғанда – “Жаңа жер”. Одан да әріге барсақ, Ұлы Қытай қорғаны сол замандағы түркілермен шартты түрде болса да, шекаралық белдеудің бір түрі. Кім өз елінің ортасынан қорған соғушы еді? Моңғол елінің қақ ортасында жатқан Орхон-Енисей ескерт­кіштерінің түркі тілінде екенін айтпай-ақ қояйық. Сондық­тан бұл елдер­дегі қа­зақ ағайындар негізі­нен өздерінің арғы за­мандардағы ата жұрт­та­рында тұрып жатыр деуге болады. Әрине, Баян-Өлгий қазақтарының бұл жерге үдере көшуі, топтаса қоныстануы 1860-шы жылдардың аяқ шені екендігі ешқандай талас тудырмайды. Біз сонда болғанда қазақтардың Моңғолия жеріне қоныстануының даусыз артықшылықтарын айтқан пікірлерді де, мұның кері ықпалдарын айтқан пікірлерді де тыңдадық. Бір жақсысы, мәселенің екі жағын қатар айтатын Үзбен Құрманбайұлы сияқты салиқалы сөз иелерінің пікірі салмақтырақ естіледі екен. Бұлай дегенде ағамыз Баян-Өлгийде тілдің шұрайлы да таза сақталғанын айтады. Моңғолдардың кеңқолтық, кеңбалақ мінез табиғатын, қазақтарға қысым көрсетпегенін айтады. Тіпті сонау 1940 жылы, осы аймақ жаңа құрылғанда бекітілген Моңғолия Конституциясының 79-шы тармағына “Ұлт азшылығына қыспақ жасаушылар, нендей бір шетқақпай  көрсетушілер заң бойынша жазаланады” деп жазылып та қойыпты. Ағамыз Моңғолия қазақтарының жалпы нәубеттен негізінен аман қалғанын да айтады. Мұндағы нәубет құрбандарының саны мыңға жетпеген көрінеді. Ал сол кезде бар халқы 600 мыңдай Моңғолияда 35 мың адам нәубет құрбандығына шалынған екен. Үзбен аға бұлай дегенде Моңғолия қазақтарының дүниежүзілік соғыстан сырт қалғанын, Баян-Өлгий жері радиация, химикаттар залалдарынан таза болғанын да айтады. Алтай жері қазір әлемдегі ең таза экологиялық аймақтар қатарында көрінеді. Баян-Өлгий қазақтарының шетінен шекесі шылқып отыр ма сонда? Тіпті де олай емес. “Көп халықтың ішінде аз халық қашанда арманына жетпейді. Өгейсумен өтеді” – бұл сөзге қинала-қинала келісесің. “Қазақ деген ежелден қалып­тас­қан озық салт-санасы, асыл қасиеті бар дара ұлт, қаһарман халық. Үлкен ел, қазір егеменді тәуел­сіз ел болды. Ал қазақ адамы нағыз мықты болса, сол өз ұлтының, өз елінің бақыты мен қа­сіре­тін бөлісіп, ортақтасып, намысын бірге арқа­ласар еді. Қандай жағдайда жүрсе де шетелдегі қазақтардың бір кемшін жағы осы деп ойлаймыз” – бұл сөзге де келісесің. “Ойланамыз. Азшылық азғындаушылыққа соқтырады-ау деп қайғырамыз. 150 мың қазақ өзінің ұлттық қазанында қайнай алмады. Сондықтан да бұлардың ортасынан “сор­па бетіне шығатын” күллі қазаққа, әлемге таны­мал ұлы адамдар туып шыға алмады, я таныла ал­мады. “Жаяудың шаңы, жалғыздың аты шықпас”. Егер бұлар қалың қазақтың ортасында болып, Шоқан, Абай, Мұхтарларды жақыннан көріп, қысқа мерзімде білсе, оларға “ұқсап баққан” дана­лар туып шығуы да ықтимал еді” – иә, ықтимал еді. Оның үстіне Баян-Өлгий елдің ең бір қиыр шетінде. Ауа райы қолайсыз. Жерін де құнарлы деп айта алмайсың. Жұмыссыздық әлі белең алып тұр. Аймақ әкімі Қабыл Сәкейұлы баян­өлгийліктерді торқалы тоймен құттықтауын­да: “Тартыстары мен тайталастары мол демо­кра­тия мен нарықтық қатынасқа өту, қалыптастыру жолында алға тартумен келеміз. Жарыс пен бәсе­кесіз дамыс (“даму” дегені – С.А.) та ілгері жүр­мей­ді, демократияның ежелгі классикалық үлгі­сіне айналған елдердің өзінде қазірге дейін ұласып келе жатқан бұл үрдіс ешуақытта үзілмек те емес, жалғаса береді. Тек заң ауқымында, халықтың мүддесіне сай келсе ғана бұл қайшылық, қозғалыс оңына бастай бермек. Білімді, парасатты, байсалды халқымыз осы қағиданы берік ұстанады дегенге сенемін және саналы түрде әрдайым бере­кеде болып, бізде әлі де болса шешімін таппай келе жатқан жұмыссыздық, кедейлік қатарлы көкейкесті, күрделі мәселелерге баса зейін қойып, осы қиын түйіндерді бірлесіп шешуге шақырамын”, дейді. Дәл қазір Баян-Өлгий жұрты негізінен Ресей мен Қытай арасын­дағы транзиттік орналасуының арқасында арзан тауарды бергі жаққа жеткізудің арқасында амал­дап отыр. Қызық өзі. Қытай мен Моңғолияның барыс-келісі визасыз. Моңғолия мен Ресейдің, Моңғолия мен Қазақстанның барыс-келісі визасыз. Ал Ресей-Қытай, Қазақстан-Қытай барыс-келісі виза арқылы. Екі ортада Моңғолия ұтысқа шығып отыр. Мейлі ғой, бауырларымызға жақсы болса болды. ТОРҚАЛЫ ТОЙ Ағылшынның фантаст жазушысы Герберт Уэллстің “Уақыт мәшинесі” деген романы бола­тын. Сол мәшинеге мінесіз де уақыт кеңістігінде ары-бері құйғыта бересіз. Қаласаңыз өткен ғасырға барасыз, қаласаңыз келер ғасырға өтіп кетесіз. Андрей Макаревичтің атын сол романнан шығарған “Машина времени” атты  тобы әлі көпке танымал. Баян-Өлгийге барғаныңызда сол “уақыт мәшинесі” ойыңызға оралады. Тап бір өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы Қазақстанға қайтып барғандай күй кешесіз кей-кейде. Аймақ орталығы, қала саналатын Баян-Өлгийдің өзінде 35 мыңдай ғана тұрғын бар. Бәкене-бәкене тоқал тамдар көп. Моңғолдардың талайы тіпті сондай үй де салып алмай, қысы-жазы киіз үйлерінде тұра береді екен. Мұндағы жұрттың орташа айлық табысы 300 доллардың маңайында делінеді. Біраз ақша сияқты. Алайда, күнкөріс ауыр. Бұйым атаулының бәрі сырттан әкелінетіндіктен қымбат. Мысалы, бензин құны біздегіден екі есе. Биылғы жұттың бүкіл Моңғолиядағы малдың ширек бөлігіндейін қырып кеткенін бүкіл әлем біледі. Бұл аймақта да мал шығыны едәуір екен. Әйтсе де, біз Баян-Өлгийден жүні жығылып, сағы сынған елді көрмедік. “Бас аман болса, мал орнына келеді ғой” деп қазақы кеңдікпен неше түрлі мақал айтып жүрген бір жұрт. Кедейлікті де көп сөз ете бермейді екен. Қанағатшылдық бар. “Қайғысыз жан семірер қара суға”. Кешегі кеңестік кезеңнің үш-төрт сағатқа созылатын салтанатты жиналыстарын сағынсаңыз Баян-Өлгийге барыңыз. Аймақтық музыкалық қазақ драма театрының ғимаратында өткен 70 жылдық мерейтой салтанатының соңында тұп-тура 140 адамға ордендер мен медальдар тапсырылды. Президиумның бірінші қатарында отырғандықтан сонша адамның қолын алып, құттықтап шықтық. “Баян-Өлгий аймағы. 70 жил” деген әдемі бір медаль бізге де тиіп қалды. Салтанатты кешке Улаанбаатардан Ұлы халық хуралының вице-спикері, Үкімет басшысының орынбасары, министрлер, екі қазақ вице-министрі, тағы басқа да көптеген лауазымды тұлғалар қатысты. Ондағылар баспасөз релизі дегенді онша біле қоймайтын сияқты. Кімнің қай қызметте екенін, қағазға аты-жөні дәл қалай жазылатынын анықтау мүмкін емес. Сөздің бәрі тек моңғолша. Қазақтар басында қазақша амандасып алып, соңында қазақша қоштасқан, рахмет айтқан болады. Тәртіп солай. Қандай мемлекет те, тіпті Моңғолия сияқ­ты экономикасы әлжуаздау мемлекет те мемле­кеттігін жасамай қоймайды. Кейінгі кезде қазақ мектептерінің өзінде пәндердің қазақ тілі мен әдебиетінен басқаларының бәрі тек моңғолша оқытылады. Дәл қазір Моңғолия қазақтарының тілі таза тұр десек те, бара-бара мұның өзі де тілге әсер етпей қоймайтыны күмәнсіз. Сондықтан да тәуелсіздік жылдарында атамекенге бет бұрған ұлы көш алдымен осы Баян-Өлгийде басталған. Қазақстанға қоныс аударушылар саны 1994 жылдың аяғына қарай 60 мың адамға жеткен екен. Одан кейінгі уақытта әр түрлі себептермен көш қарқыны бәсеңсіген, мұнда келгендердің кері көшіп кетуі де көрініс бере бастаған. Мысалы, 1994-1996 жылдары Қазақстанға келген 1500-дей отбасының әрбір үшіншісі, яғни шамамен 500-дейі кері қайтыпты. Енді сол кері қайтқандардың кері қайту үдерісі басталып жатыр. Қазақстанның дағдарыстан елден бұрын шығуына, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына, “Жол картасына” байланысты жұмыс орындары молаятынын ондағылар бізден кем білмейді. “Қазақстанның жедел қайта серпіліп, қарыштаған дамысы, халқының әлеуметтік жағдайы жақсара бастағандығы кері көшуді сап тыйып, атамекенге көшем деп тіркелушілердің саны үдеп, Қазақстанға барып қоныстанған соң қайта көшіп келген бір топ жанұя қайтадан көшіп те кетті. Қазақстан үкіметі де қазақтардың санын молайту, ұлттық бірлігін нығайту, сол арқылы ұлан-ғайыр қазақ даласын көркейтуді мұрат тұтуда. Бұл мемлекеттің ғана емес, ұлттық сәуле басында бар қазақ баласының бойтұмардай әспеттейтін асыл мұраты. Сайып келгенде Моңғолия – осы елде тұрып келе жатқан қазақтардың туып-өскен, әлденеше буын ата-бабаларының аруағы орнаған киелі жер, қасиетті топырақ, халқы мейірбан, тату көршілер. Ал Қазақстан Республикасы  – қара шаңырағымыз, қазақтардың бір ғана ұлы Отаны, ары мен намысы, мақтанышы”, деп толғанады бұл жайында Үзбен Құрманбайұлы. Мұндағылар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында жасаған баяндамасында: “Бүгінгі таңда Баян-Өлгий аймағы қазақ халқының ана тілі ең таза сақталған, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті өзінің ежелгі бояуын жоғалтпаған өңірлердің бірі” дегенін мақтанышпен айтады. Солай екендігін екі тараптан қойылған екі концертте де көрдік. Мақпал Жүнісова мен Ме­руеш Башайдың, Өмірқұл Айниязовтың қандас­тары­мыздың қолқасын суырып алғандай етіп шырқаған әндері жүрек тебірентті. Солай екен­дігін ертеңінде стадионда ұйымдастырылған сал­танатта да көрдік. Әсіресе, сол суреттер көз алды­мыздан кетпейді. Қаймағы бұзылмаған қазақтың біз ұмыта бастаған небір сырлы салт-дәстүрлері көз алдымыздан жарқылдап өтті де жатты, өтті де жатты. Жиырма бірінші ғасырға, үшінші мың­жылдыққа осындайлық тазалықпен, осындайлық адалдықпен, осындайлық аңғырттықпен кірген бізден басқа халық әлемде аз болар, тегі. Әрине, бұл – идеологиялық іс-шара. Әрине, бұл –ұйым­дастырылған салтанат. Әрине, елдегі экономика­лық ахуал, реформалардың деңгейі, демократия­ландырудың дәрежесі мұншама шаттануға, мұншама шалқуға берік негіз бола қоймайды. Бірақ сол салтанатқа қатысқан халықтың шын шаттанғанына, шын шалқығанына, өздерінің атамекенінде өздерін бақытты сезінгеніне біз сендік. Нені бақыт деп сенсеңіз – бақыт сол. “Мен өтермін, өтермін, өтермін мен, Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!” деп шырқады Мақпал Мұқағали жырына жазылған әнді жалпы қарасы жиырма мыңдай адам жиналған стадиондағы салтанатта. Иә, көп нәрсе өзгерер, талай елдегі қандастарымыз атамекеніне оралар, тіпті бір замандарда қазақтың ежелгі жерлерінде ағайындарымыз аз да қалар, бірақ бәрібір біздің бір-бірімізге сағынышымыз мәңгілік болар. Сауытбек АБДРАХМАНОВ. МОҢҒОЛИЯ, Баян-Өлгий аймағы.