04 Сәуір, 2015

Қоршаған ортаны қорғау – баршамыздың міндетіміз

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Петропавл қаласында «Қызылжар су» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді. Серіктестік жұмысшыларымен кездесу барысында президенттікке кандидат жиналғандарды экологиялық мәселелерді қамтыған өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Ә.Құсайынов жиынға қатысу­шы­ларға жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесіндегі ғылым­ның маңызына ерекше тоқталды. Бұл – экологиялық қауіпсіздік, климат пен су ресурстарын, «жасыл» технологияны зерттеу жұмыстарын қоса алғанда, бірталай міндеттер кешенін қамтитын маңызды мақсат, деді ол. Президенттікке кандидаттың ай­туын­ша, әлемде күні бүгінге дейін эко­логиялық проблемаларға тиісті назар бөлінбей келеді. Халықара­лық қауымдастықтар мен мамандан­дырылған ұйымдардың атқарып жатқан экологиялық жұмыстары конференция, талқылаулар, шешімі жоқ даулармен ғана шектеліп отыр. Ал әлемде табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, гендік қор мен биологиялық әртүрліліктің азаюы топырақтың құ­нарсызданып, судың ластануына, жалпы, қоршаған ортаның құлдырауына алып келуде. Сондай-ақ, президенттікке кандидат әлемдік өнеркәсіптің қарқынымен артып отырған техногендік апаттардың алдын алу мәселесіне жеке тоқталды. Ә.Құсайынов атап өткендей, жер жүзінде адам пайда болып, оның өркениеті өскен сайын, биосфера эволюциясында жаңа – антропогендік фактор іске қосылды. Адам биосфераны жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана бастады. Алайда, қоршаған ортаны қан­ша­лықты өзгертуге тырысқанымызбен, Жер бетіндегі тіршілік табиғаттың қа­таң заңына бағынып дамиды. Сон­дықтан адамзат өркениеті тұрақты даму үшін осы заңдар мен қағидалардан ауытқымауы керек. «Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – адамның Жер бетіндегі өмір салтының негізгі қағидасы», – деп  атап өтті Әбілғазы Құсайынов. Оның айтуынша, ғылым, техника мен технологияның сапалы жаңа байланысын қалыптастырған ХХ ғасыр қоғамның табиғатқа әсер ету күшін арттырып, адамзатқа бірқатар өзекті әрі өткір міндеттер жүктеді. Сол себепті, Ә.Құсайыновтың пікірінше, табиғат қойнауын тиімді әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу әр азаматтың басты міндетіне айналуы тиіс. Ә.Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасының тағы бір маңызды бағыты – өнеркәсіптік қауіпсіздік мә­селелері. Президенттікке кандидаттың ай­туынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік дегеніміз – өнім мен өндірістің қауіп­сіздігі туралы, көп деңгейлі стандарттау мен сертификаттау туралы техникалық регламенттерді, нормаларды қатаң ұстану. «Менің мақсатым – осы норма­лар­дың ашық және дұрыс орындалуына қол жеткізу. Қауіпті өндіріспен айналысатын барлық ұйымдар өз жұмысшыларының, нысандары мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне жауапты болуы керек. Барлық кәсіпорындар өз жұмыстарын қоршаған ортаға ықпалы мейлінше аз болатындай етіп жүргізулері керек», – деп қорытты сөзін Әбілғазы Құсайынов. Сонымен қатар, «Қызылжар су» бір­лестігінің жұмысшылары алдын­да президенттікке кандидаттың респуб­ликалық штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі. Ол экологиялық түйткілдердің маңыздылығына тоқ­та­лып, оны дер кезінде шешу қажеттігін атап өтті. «Біз туындаған экологиялық сын-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беріп, қоршаған ортаның ластануы, су мен топырақтың құнарсыздануы сияқты мәселелерді тез арада шешуіміз керек. Ең бастысы, бізге бұл проблемалардың туын­дауына жол бермеу маңызды. Бұл жерде азаматтардың өзі саналы түсі­ністік танытулары қажет», – деп атап көрсетті президенттікке кандидаттың республикалық штабының басшысы. Рүстем Жоламан сөзін былайша түйіндеді: Біз экология туралы білімді, қауіпсіз әрі экологиялық таза ортада өмір сүру қағидаларын, табиғат пен адамзатты қоршаған орта туралы білімді қоғам санасына сіңіре білуіміз керек». Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». ПЕТРОПАВЛ.