12 Наурыз, 2015

Боксшыларымыз биыл Бразилияда жаттығады

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
boxing team kzАСТАНА. 12 наурыз. Бүгін Астанада Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының жиыны өтті. Оған ұйымның төрағасы Тимур Құлыбаев қатысып, келесі жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына спортшылардың дайындығы жайында айтты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. «Спортшыларымыздың нәтижелері оқу-жаттығу жиындарының қалай жүргізілгеніне байланысты. Бізде еліміздің Мәдениет және спорт министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Олимпиада ойындарына дайындық мақсатында боксшыларымыз Бразилияда оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Бұл сол жақтың климатына бой үйрету үшін аса маңызды дүние. Еліміздегі басқа федерацияларды да осыған шақырамын. Біз Рио-де-Жанейроға жолдама алуы мүмкін спортшыларымыздың барлығын сол жаққа жаттығу жиындарына жіберуіміз керек», – деді Құлыбаев мырза. Сонымен қатар, Конфедерация төрағасы аймақтардағы спорттың дамуына да көңіл бөлуіміз керектігін тілге тиек етті. Себебі, ұлттық құрамада айтарлықтай мәселе болмаса да облыстардағы спорттың деңгейі әлі де дамытуды қажет етеді. Осы мақсатта Тимур Асқарұлы тиісті адамдарды аймақтардағы спортшылардың қаржы мәселесінде тапшылық көрмеуін жіті қадағалауға шақырды. Қаржыны мақсатты жұмсап, оның есеп-қисабына мұқият болу керектігін айтқан төраға: «Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Ол – 2016 жылы Олимпиада ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізу. Сол үшін әрқайсысымыз адал жұмыс істеуіміз кере», – деді. Жиын барысында Тимур Құлыбаев конфедерацияның жаңа бас директоры болып тағайындалған Данияр Абылғазинді таныстырды. Осыған дейін бұл қызметті Сәкен Мұсайбеков атқарып келген еді. Ол жуырда Үкіметтің қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі лауазымына тағайындалған болатын. Басқосуда көтерілген тағы бір мәселе спорт медицинасына қатысты болды. Бұдан былай ұлттық құрамаға мүше спортшылардың барлығы заманауи дәрі-дәрмекпен  қамтамасыз етіледі. Аталған медициналық препараттар арнайы келісім бойынша жеңіл бағамен сатып алынады. Жиында тыйым салынған дәрі-дәрмекті пайдалану мәселесі де қатаң тексерілетіні айтылды. Сондай-ақ, спорттық төлқұжаттарды жасау жұмыстары да жалғасып жатқаны белгілі болды. Одан бөлек, Халықаралық Олимпиадалық комитет қазақстандық 15 спортшыға арнайы стипендия тағайындаған. Соған орай, аталған спортшыларға 2016 жылдың шілдесіне дейін ай сайын 305 АҚШ доллары көлемінде ақша төленеді. Стипендияға іліккен саңлақтарымыздың спорт түрлері бойынша федерациялары конфедерацияның құрамына кіретінін айта кетейік. Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары 2016 жылдың 5-21 тамызы аралығында өтеді. Ал еліміз спортшыларының Бразилиядағы оқу-жаттығу жиындары осы жылдың тамызына жоспарланған. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: confederation.kz. Zhanibek