Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың төрағалығымен әлеуметтік саладағы кең ауқымды мәселелерді талқылау бойынша селекторлық мәжіліс өтті. Оған қатысушылар Отан қорғаушылар күнін мерекелеу бойынша тұжырымдаманың жобасын және іс-шаралар жоспарын талқылады.
Аталған құжаттарда мерекені насихаттау, жастар арасында патриоттық сезімдерді күшейтуге қатысты іс-шаралар айқындалған. Вице-премьер мемлекеттік орган басшыларының назарын жоспардың уақтылы және сапалы орындалуы қажеттігіне аударды.
Сонымен қатар, мәжілісте жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуы және оған кепілдігі мен жалақыны уақтылы беру мәселелері қарастырылды. Облыс басшыларының қатысуымен өткен селектор барысында еңбекақыны уақтылы төлемей отырған кәсіпорындар нақты аталып, жұмысы талқыға түсті. Б.Сапарбаев мүдделі мемлекеттік органдарға еңбекақы жөнінде берешектікті жою бойынша тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
«Басты мақсат – әлеуметтік шиеленісті туғызбау, деді Вице-премьер. Әлеуметтік тұрақсыздыққа жол бермеу мақсатында алдын ала тиісті шаралар қабылдау қажет. Осыған орай мемлекеттік органдардың басшыларына орын алуы мүмкін келеңсіз жағдайларды дер кезінде шешу мақсатында апта сайын қарастыру тапсырылды.
Сондай-ақ, мәжілісте қызылшаға қарсы жүргізілген екпенің аралық нәтижелері талқыланды. Иммунизация нәтижесінде жарамсыз белгімен 396 адам жүгініп, 264-і емханаға түскен. Қазіргі таңда олардың барлығы сауыққан. Дәрілік, медициналық және медтехникалық құралдарға Ұлттық сараптама жасау орталығының аралық нәтижелеріне сәйкес оның құрамында ауытқу байқалмаған. Соңғы сараптама 20 сәуірге дейін белгілі болып, алдағы уақытта егу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айқындалады.
Б. Сапарбаев: «20 сәуірге дейін біз барлық себептерді анықтап, қандай ағаттық кеткенін айқындап, алдағы уақытта сол қателіктерге бой алдырмауды шешуіміз қажет. Егер кінәлілер болса, олар жазасын алуы тиіс», деді.
Сонымен қатар, мәжіліс барысында Ақмола облысының Калачи және Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылдарындағы орын алып жатқан жағдайлар талқыланды. Жұмыс тобының жетекшісі, Энергетика вице-министрі Т.Ахсамбиев баяндағандай, қазіргі таңда Калачи ауылында Ұлттық ядролық орталықтың бір топ мамандары аталмыш өңірдің экологиялық жағдайын зерттеу бойынша жұмысты жалғастыруда. Вице-министрдің айтуынша Прага қаласының радиациялық қорғау Ұлттық институты мен Мәскеу қаласының Федералдық медициналық-биологиялық агенттігі жүргізген сараптамалардың нәтижелері көрсеткендей Калачи ауылы тұрғындарының радондық сәулеленуі мен «ұйқы синдромының» өзара қатысы жоқ.
Мәжіліс соңында Б.Сапарбаев Калачи және Березовка ауылдарында орын алып отырған жағдайларды анықтау жұмыстарын жалғастыруды және ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету, экологиялық ахуалды үнемі қадағалап отыруды тапсырды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.