Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев бастаған ұйымның өкілдерімен және мемлекеттік органдар басшылары: Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Сәкен Жасұзақов, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғындықовпен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері бойынша кездесу өткізді.
Өзінің сөзінде Мемлекеттік хатшы Ұлы Отан соғысына 1 млн. 800 мыңға жуық қазақстандықтың қатысқанын атап өтті. Жауынгерлік ерлігі үшін жүздеген мың қазақстандық жауынгерлер мен офицерлер орден-медальдармен марапатталды. Соның ішінде 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры атанды, 110 жауынгер «Даңқ» орденінің үш дәрежесімен наградталды. 630 мыңнан астам қазақстандық қиян-кескі ұрыстарда қаза тапты немесе ауыр жарақаттардың салдарынан көз жұмды. Сондай-ақ, жүздеген мың адам хабар-ошарсыз кетті және тұтқыннан оралмады. Жалпы айтқанда, қолына қару ұстап майданға барған әрбір екінші адам Жеңіс жолында құрбан болды.
Г.Әбдіқалықова 2015 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 4776 соғыс ардагері мен 192 980 тыл еңбеккері бар екенін хабарлады. Ол ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ардагерлер қаһармандықтың, ынтымақтың, бірліктің үлгісін көрсетті, сондықтан бүгінгі күн көптеген ұрпақ үшін ақиқат салтанат құрған күн болып саналады» деген сөзі өзекті екенін атап өтті.
Ө.Озғанбаев Жеңіс күнін мерекелеуге қатысты ардагерлер арасындағы хал-ахуалмен таныстырды. Сөзін ардагерлер мәселесіне бөлініп отырған назарға және олардың мәселелерін талқылауға беріліп отырған мүмкіндікке алғыс айтудан бастаған ол қарттарымыздың арасындағы жалпы ахуалдың жақсы екенін жеткізді. Соғыс ардагерлеріне үлкен қамқорлықтар жасалып отыр. Оларға тұрғын үйлер берілуде, коммуналдық төлемдерден босатылған, медициналық көмектер үйлерінде жасалып тұрады. «Өмір белдеуі» акциясы үшін ардагерлерден алғыстар жаууда. Осы күндері барлық майдангерлерге «жедел жәрдемді» тура шақыра алатын «төтенше түймешесі» бар ұтқыр жабдықтар таратылып болып қалды. Бұл біздің майдангерлеріміздің өмірін ұзарта түсуге септігін тигізуде. Жуырда ғана ардагерлер арасында өткен «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» республикалық көркемөнерпаздар шығармашылығының фестивалі аяқталды. Оған еліміздің барлық түкпірінен 50 мыңнан артық ардагер тартылып, өздерінің өнерлерін ортаға салып серпіліп қалды.
Енді, 22 сәуірде фестиваль лауреаттарының Астана қаласында гала-концерті болмақшы, деді Қазақстан ардагерлері Орталық кеңесінің төрағасы.
Одан әрі Ө.Озғанбаев ардагерлер ұйымы «Нұр Отан» партиясы, Қорғаныс, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-пен бірлесе отырып, маңызды қоғамдық шаралардың бәріне белсене қатысатынын айтты.
Сәкен Жасұзақов пен Дәулет Арғындықов Жеңіс күнін мерекелеуге дайындықтың барысы туралы хабардар етті. Соның ішінде әскери шеруге дайындық пен соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік, материалдық және медициналық көмек жұмыстарының барысы туралы айтылды.
Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Жеңістің 70 жылдығына орай өтетін салтанаттар – қазақстандық патриотизмнің дамуына қуатты серпін беретін адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы біздің аталарымыз бен әкелеріміздің ғасырлар бойы өшпейтін ерлігіне тағзым ету екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеуге дайындық мәселелері бойынша кейбір мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».