– дейді ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов
– «...Алдарқатып тіршіліктің ермегі,
Басымдау боп тәттісінен кермегі.
Айналама шуақ шашып жүрсем де,
Өмір менің дегеніме көнбеді...» – деген өлең жолдарыңыз сырға, мұңға толы. Әдебиет – тек қана көркем шығармалардың жиынтығы емес, ол өмірдің өзі емес пе? Өмірден түйгеніңіз көп екені анық. Әйтсе де, әңгімемізді балалық шақ алғашқы бір шумақ өлең, соның әсерінен бастасақ. Жалпы, балалық шағыңызды еске алған, сағынған кезіңізде көз алдыңызға қандай көріністер келеді?
– Үйіміздің іргесінде Сырдария өзені ағып жатады. Осы өзеннен бастау алып, дариямен қатар жарысып Майжарма деген канал ағып жатушы еді. Жазда соның жағасынан шықпайтынбыз. Суына шомылып, құмына аунап өстік. Балалық шақтың осынау тәтті көріністері ешқашан есімнен шықпайды. «Майжарма» деген өлеңім де бар. Бала кезде тым қиялшыл, арманшыл едік. Бірақ сол арманымды кілт бұрып жіберген бір оқиға болды. 1960 жылы біз оқитын қазақ орта мектебіне Алматыда шығатын «Білім және еңбек» журналының бас редакторы Камал Смайылов келіп, жоғары сыныптың оқушыларымен кездесу өткізді. Қасында аудандық газеттің қызметкері, сол кезде есімі елге әжептеуір танылып қалған Мұхтар Сақтапов деген ақын ағамыз болды. Осы кездесуде Камал аға қызықты әңгімелер айтып, әдебиет пен ғылымды кеңінен түсіндірсе, ақын ағамыз өлеңдерін оқып, әдебиетке құмар жас балалардың армандарына қанат жалғап кетті. Осы кездесу маған қатты әсер етті. Әрине, бұған дейін де әдебиетке құмар болатын. Мына кездесу тіптен басқа әлемге ендіріп жібергендей болды. Осыдан кейін аздап қағаз шимайлап, өлең жазатынды шығардым. Сол жылы қараша айында алғашқы қар жауды. Жапалақтаған аппақ қар көңіліме қатты әсер етті. Сөйтіп, «Тұңғыш қар» деген тұңғыш өлеңімді жазып, «Қазақстан пионері» газетіне жібердім. Бұл 1960 жылдың қараша айының соңы болатын. Содан газеттің әр нөмірін асыға күтіп қараймын. Бір күні газеттің бетінен өз аты-жөнім көзіме оттай басылды. Тұратын ауданым, оқитын мектебіме дейін көрсетіліпті. Елдің бәрі құттықтап, бір күнде «ақын бала» атанып шыға келдім.
– Сіздердің шаңырақ қаламы арқылы халыққа танылған ақындар шаңырағы ғой. Алғашқы отау құрған кездеріңіз жадыңызда сайрап тұрған шығар?
– Иә, әрине, әлі есімде... Талшыбықтай Күләшті екінші курс студенті кезімде сонау Талас ауданының Үшарал ауылынан ата-анасының рұқсатымен, қазақы жолмен алып кеткенмін. Үшаралдан ұшақпен Таразға келіп (ол кезде Жамбыл), тағы да ұшаққа отырып Қызылордаға, туған ауылым Тереңөзекке апарғаным да бүгінгідей көз алдымда. Әке-шешем, туған-туыстарым жақсы қарсы алды. Беташарын жасап, ауыл-аймаққа кішігірім той өткіздік. Студент болған соң асығыс Алматыға қайтуға жиналдық. Қызылорданың ескі әуежайына келгенде әудем жерде тұрған Мұқағали аға бірден көзіме оттай басылды. Батысқа қарап жанындағыларға өлең оқып тұр екен. Барып амандастым. «Кім боласың?» деді. «Студентпін, журналистика факультетінде оқимын» дедім. «Өй, өзіміз екенсің ғой!» деп, арқамнан қағып, қуанып қалды. Содан ұшақта ашық-жарқын әңгімелесіп келдік. «Күләш, Қайырбек менің қасыма отырсын» деп кесіп айтты. Ұшақтан түсіп, жатақханамызға барған кезде де «Күләш, Қайырбек бүгін менің қасымда болады» деп айтты. Сол күні, шынында, Мұқағали ағаның үйінде қондым. Ұзақ-сонар әңгіме айттық. Содан Мұқағали ағамен өмірінің соңына дейін жақсы араластым. «Қайырбек, Күләш – ақын, аялай біл. Өлең жазбай қалмасын» деген қоңыр даусы әлі күнге құлағыма келеді.
– Ол кезде әдеби орта мықты болған деп естиміз. Сіздердің қалыптасуларыңызға да оның әсері болған шығар?
– Дұрыс айтасың. Біз журналистика факультетінің студенттері қазақ әдебиетінің қайнаған ортасына күмп етіп түстік десек болады. Атақты Әбділдә Тәжібаевтан бастап, Сырбай, Ғафу, Жұмекен, Сағи, Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Дүйсенбек, Өтежан, Есенбай, Қайрат, Рафаэль секілді ағаларымызбен бірге біздің толқын да жыр көшіне ілесе бастады. Ол – Кеңшілік, Жарасқан, Жұматай Зайдасымен, Серік, Шөмішбай, Тынышбай, Нұрлан, Иранбек, Ибрагим... Інілеріміз Есенғали, Ұлықбек, Аманхан, Қасымхан сияқты жыр жампоздары бірін-бірі іздеп, біріне-бірі еліктеп өлең оқып жүруші еді. Кейін жан-жақтан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жақсы ақындар Мұхтар, Жәркен, Темірхан, Исраил, Темірше келіп қосыла бастады.
Мәриям апам бастаған ақын қыздар шоғыры өз алдына бір әлем еді. Қазіргі кезде қазақ жері әнмен тербеліп тұрса, ол кезде жалынды жырмен дүрілдеп тұратын.
Ол жылдары әдеби орта бір-бірімен өте тығыз араласатын, поэзия кештері жиі өтетін еді. Күн сайын қонаққа бару, көңілді отырыс, таңға дейін өлең оқу... Әрине, бұл адамның шығармашылығын шыңдайды. Бұл ынтымағы жарасқан шынайы әдеби орта болды. Әрбір қуанышымызды бірге бөлістік. Пәтер алсақ та – бақыт, кітабымыз шықса да – бақыт. Өмірге сәбиіміз келсе де – бақыт, алыс сапарға шықсақ та – қуаныш. Өте керемет орта. Бірақ, баста шын тәуелсіздік болмады. Ел басқа идеологиямен өмір сүрді. Стакан деген ыдыстан ащы су іштік. Артық кеткен кездеріміз де көп болды...
– Алла бұйыртып, еліміз Тәуелсіз болды. Қазіргі ақын-жазушылардың жағдайы қалай?
– Өз басым бостандық дегенді барлық байлықтан жоғары қоямын. Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүрудің өзі бақыт қой деп ойлаймын. Бұрын айтылмаған дүниелер айтылып жатыр, өз тарихымызды өзіміз тани бастадық. Қаламгерлер қашанда елмен бірге. Ақынның жағдайы жаман болса, ешкім өлең жазбас еді ғой. Қазір жас ақындар жаңбырдан соң жасыл желектей жарысып өсіп жатыр. Тақырыптары еркін, ойлары да еркін. Қазір жыр мүшайралары жас ақындарсыз өтпейді. Жүлделерін алып жатыр...
– «Таразға неғып қоныс аудардыңыздар?» деп сұраудың өзі артық шығар... Дегенмен де, осынау көштің түп-төркіні қайдан басталды, ғұмырыңыздың біраз жылы өткен Алматыны қалай қиып кеттіңіздер?
– Алматыда 45 жыл тұрдық. Әбден бауыр басып қалған әсем қаладан көшіп кету әрине, оңай болған жоқ. Біздің көшуімізге екі нәрсе түрткі болды. Біріншіден, Алматы ылғалы мол қала. Дәрігерлер Күләшқа одан гөрі ауасы құрғақтау, күні ыстық қалада тұрған дұрыс деген кеңес берді. Екіншіден, Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бөрібай Жексембин бізге Тараз қаласынан төрт бөлмелі пәтердің кілтін берген болатын. Содан «Бұл ақын-жазушыларға үй бересің, бірақ, ешқайсысы келіп тұрмайды» деген де әңгімелер шыға бастағаны өтірік емес. Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар көне қала. Мәдениеті қалыптасқан, тұрғындары мейірімді, бауырмал, жайдары. Бізді осындағы әдеби-мәдени орта жатсынған жоқ. Елмен тығыз араласып кеттік. Әкімшіліктен бастап әдеби ортаға дейін шақырып, ескеріп жатады. Одан бөлек, жас ақындар, шығармашыл жастар үйге келіп, ақыл-кеңес сұрап, қызу әңгімелесіп тұрамыз.
– Қайреке, шыныңызды айтыңызшы, құрдас-қатарларыңыз «Қайын жұртыңа байланып қалдың...», деп әзілдеп тиісетін шығар, сірә...
– Жамбыл жері қайын жұртым екені рас. Шындап келгенде, бұл өңір – өз ата-бабамның байырғы мекені. Осында көшіп келгенім, туған жерімнен қол үзіп қалдым деген сөз емес қой. Таразға неге қоныс аударғанымызды жоғарыда айттым. Кіндік қаным тамған жер – Тереңөзекке де жиі барып тұрамын. Жақында ғана Қызылордаға барып қайттым. Облысқа Қырымбек Көшербаев әкім болып барғалы көрмеген едім. Қала бұрынғыдан да жайнап кетіпті. Іскер азаматтың қолтаңбасы байқалады. Кезінде Қырымбектің әкесі Елеу ағайдың қарамағында қызмет істеп едім. Ұлы да әкесіне тартып, елі үшін аянбай еңбек етіп жатқанына сүйсіндім.
Ал Таразға келетін болсақ – көне шаһар бізге ұнайды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев елдің жайын ойлаумен бірге әдебиет, мәдениет және өнер адамдарының да жағдайларын ескеріп отырады. Қаламгерлердің кітаптарын шығарып отыр. Өзім де Алматыдағыдай емес, қолым босап, жазу үстеліме көбірек отыратын болып жүрмін. Интернетке жоқпын. Есесіне кітапты көбірек оқимын. Қолымыз тигенде Күләштің туған ауылы – Үшаралға барып тұрамыз. Онда оның інілері тұрады. Жасыратыны жоқ, елде жалқаулық байқалады. Баяғы еңбекқорлық жетіспейтін сияқты. Барған сайын байқаймын, дастарқанға қытайдың көк алмасы мен қайдан келгені белгісіз қызанақ пен қиярды қояды. Ал үйлерінің алдында кемінде 10 сотық жер жатыр. Содан бір күні айттым: «Ойбай-ау, сендер мұның бәрін сатып ала бергенше мына жерге бау-бақша екпейсіңдер ме? Іргеде Таластың суы ағып жатыр. Құдықтарың да бар»... Алғашында селт ете қойған ешқайсысы болмады. Келесі бір көктемде барғанымда 3 отбасы арасында бау-бақша егуге бәйге жарияладым. Менікі олардың қызығушылығын ояту ғой. Содан құлшынып жұмысқа кірісіп кетті. Күзде барсам, 3 үйдің де бау-бақшасы бір ретке келіп қалды. Күзде сол бақшадан алынған көкөністің дәмін таттық. Бәйгеде жеңімпаз болғанға қомақты, қалған екі үйге шамамыз келгенінше ақшалай сыйлықтар бердік. Қазір жыл сайын бақша егіп, әжептәуір өнім алады. Бұл бір жағы адамды еңбек етуге, жердің қадірін білуге үйретеді. Бір жағынан табиғи таза нәрсенің пайдасы да мол.
– Аға, байқайсыз ба, Таразда жас ақындардың үлкен шоғыры бар. Қашан көрсеңіз, жарысып өлең оқып, бір-бірінің шығармаларын қызу талқылап жатады. Бірақ, проза жанрында жүрген жастар сирек...
– Негізі, халқымыздың жаны – поэзия ғой. Қазақ – ақын халық. Суреткер халық. Шынында, соңғы кездері әңгіме жазып жүрген жастар өте сирек. Өлең жазып жүргендердің арасында болашағынан зор үміт күттіретін жастар көп. Хамит Есаман, Азамат Есалы, Табиғат Абаилдаев, Наурызбек Саршаев, Нұржан Қадырәлі, міне, осы жастар үйге кеп, жаңадан жазған өлеңдерін оқып беріп жатады. Жалпы, өз басым жастардың осынау құлшынысына қатты қуанамын.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.