шығарған Қытайдың жемқорлыққа қарсы жойқын соғысының жаңғырықтары
САУДАГЕРДІҢ САРЫУАЙЫМЫ.
Кәдімгі дүкен. Ортаңқол қонақүйдің төменгі қабатында кәдесый сатады. Байтақ Бейжің мен алып шаһар Шанхайда мұның әулиесіндей қонақүйлер мен дүкендер бар. Бірақ елдің ең ортасында тұрған Сиань қаласындағы дүкен иесінің уайымы басқалардан кем емес. Саудасының кері кетуіне елдегі коррупциямен күрес науқаны себепкер екенін айтып, мұңын шаққан.
Шағын дүкеннің басына қалай бұлт оранды? Сөйтсек, бұрын қаладағы шенеуніктің көпшілігі өз сыбайластарына сыйлықты осы жерден алған екен. Қытайда коррупциямен күрес басталғалы бұл жерге түрлі мекемелер тапсырыс беруді қойған. Дүкен иесі тауарларын екі-үш есеге арзандатқан. Оның өзін біз сияқты әрі өткен-бері өткен шетелдік жолаушыларға жалынып-жалпайып өткізуге мәжбүр. «Осы қалғанының көзін құртсам, дүкенді жауып құтыламын», дейді.
Бұл көріністі басқа қалалардан да байқау қиын емес. Құбылыс Қытай басшылығы кезекті ауысқан 2012 жылы басталды. ҚХР-дың жаңа Төрағасы Си Цзиньпин тізгінді қолға алысымен бұрын болмаған жаңа науқанды жариялап жіберген. Қытай – науқансыз тұра алмайтын мемлекет. Баяғы алдымен «ашылып сайрау», соңынан «ашылғанның бәрі – гүл емес, сайрағанның бәрі – бұлбұл емес» деген ұрандары қазаққа да таныс. Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романының арқасында.
Жемқорлыққа қарсы күрестің басталуына мөр ұстаған мықтылар мыңқ етпеген. «Диірменде туған тышқан күннің күркірінен қорықпайды». Барлық жоғарыдан төменге дейінгі мекемелердің төрін толтырып тұрғандар «Си жолдас өз билігін мығым ету мен бақталас болғандарды ықтыру үшін айта салды», деп тон пішкен. Жоқ, бәрі қателесіпті. Бұл айдалаға жай лақтыра салған жалғыз тас емес, таудың қорымы қозғалғандай жойқын құбылыс болып шықты. Қожанасырдың «шапаным үшін келген шу екен» дегеніндей бірер шенеунікті түрмеге тығумен аяқталар деп болжанған науқанның екпіні үш жылдан бері басылмай тұр.
Сыбайластыққа қарсы сілтенетін сегіз қамшы туралы алғашқы пәрменге атқамінер атаулы елеусіз қараған. Жарайды: қарсы алғанда аяққа қызыл кілем төсемесін, қошеметке гүл ұсынбасын, ду қол шапалақтамасын (біріншісі), әкімшіліктегілер коммерциялық ғимараттардың лентасын кеспесін, іргетасының алғашқы қадауын қадамасын (екіншісі), құжаттарды қитұрқы тілмен, еріксіз пара бергізетін емеуірінмен жазбасын (үшіншісі), шетелге қажет кезде, рұқсатпен шыққанда соңынан нөкерін шұбыртпасын (төртіншісі), ел ішін аралағанда жолдарды жапқызбасын (бесіншісі), теледидар экранынан жөнді-жөнсіз көріне бермесін (алтыншысы), жоғарының рұқсатынсыз кітап пен мақала жазбасын, құттықтау жолдамасын (жетіншісі), ақыр аяғында мемлекет есебінен үй, автокөлік, емдеу мен сауықтыру орындарына жолдама алмасын дегеннің бәрі күлкілі көрінген. Өйткені, шенеунік атаулы Сидің бағыты сиырқұйымшақтанып барып, су аяғы құрдымға айналарына сенімді еді.
Бірақ жоғары билікке жеткен жаңа басшы айтқанын ұмытып кететіндердің қатарында болмай шықты. Ол «бұлай тайраңдай берсек, партия мен халықтың арасында бітеу қабырға пайда болады, біз онда өзімізге күш беретін тамырдан айрыламыз», деп тұжырымдады.
Алдымен Қытайдың өз затын менсінбей, шетел өніміне созылатын өндіршектер шеңгелге ілікті. Мемлекеттік құрылымдар көршілес Оңтүстік Корея мен Жапония, АҚШ компьютерлерін сатып алуды тоқтатты. Тек қытайлық компаниялар шығарған өнімдерге көшті. Ол ғана емес, кеңсеге қойылатын теледидар, тоңазытқыш, салқындатқыш, гаражға алынатын автокөлік отандық болды. Шенеуніктер негізінен «Хонгжи», яғни «Қызыл жалау» атты компанияның автокөлігіне қонжиды.
Сыбайластықты тоқтатуға бағытталған бұл қадам бастапқыда экономикаға тұсау салды. Жаңа Төраға осындай Жарлық шашқан жылдың қорытындысында банкеттер саны үштен бірге, авиабилеттер салу оннан бірге, қымбат заттарды сату төрттен бірге, қытайлық атқамінерлерінің сүйікті сусыны, шишасының бағасы 600 АҚШ доллары тұратын «Маотай» арағының өтуі үштен бірге кеміді. Тиісінше қазынаға түсетін салық азайды.
Бірақ таразының екінші басына зер салған адам Си Цзиньпин ұстанымының жетістіктерін аңғарады. Сол алғашқы жылы бюджеттің шығыс бөлігі күрт азайтылыпты. Үкіметтік құрылымдар 40 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі шығынды үнемдеп қалған. Ал бюджеттік мекемелердің әлгіндей даңғазаларды азайтудан үнемдеген сомасы 156 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде. Бұл оңайға түспеді. Сақшылар кейде мейрамханалар мен қонақүйлерді аралап, төлем туралы түбіртектердің қай мекеме, кім деген адамның атына жазылғанын тексеріп отырған. Тіпті, мектептер тексерілген. Бұрын балаларын оқу орнына «Х5» БМВ-сымен тасығандар енді өзекті жарып шыққан жалғыз ұлдарын «Фавусик» атты көпшілікке арналған көліктен түсіріп жүр.
«ӨГІЗДІҢ» ӨЛІМІ.
Қытайда жазу мен суреттің шығуы мың жылдармен саналады. Сондай ескі суреттің бірінде адамның маңдайына ыстық темірмен таңба салу сәті бейнеленген. Терісі шыжғырылып жатқан жай байғұс емес, білдей шенеунік. Парақорлармен күрескен кезекті науқанның құрбаны. Жайшылықта өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын Қытай саясаты жемқорлармен күрес өршіген кезде арбаны аман алып қалып, «өгізді» өлтіріп отырғаны осыдан аңғарылады.
Парақорлықпен бұл бірінші күрес емес. Ақшаға арын сатқан шенеуніктер туралы алғашқы жазбалар Шан әулеті билік құрған дәуірде шежіреге түскен. Бұл әулет жаңаша жыл санауға дейінгі ХVIII ғасырда таққа отырып, 700 жыл оны басқаларға бермеген. Демек, бұдан 3500 жыл бұрын-ақ Қытайда үкімет ісі жүргізіліп, онымен айналысқандар бармақ басты, көз қыстыға барыпты. Анығында алдына келгендердің шаруасын оңды шешу үшін әйелдерін түнемелге беруді талап еткен. Одан беріде «Алты әулет» аталатын билік тұсында шенеуніктерді сатып алу үшін қойындарына әйел салу дәстүрімен қатар ат пен ақша беру әдеттері болғаны жылнамаға жазылған.
Біздің заманымызға дейінгі І ғасырда Чжоу әулеті дәуірлегенде жазылған құжаттарға қарағанда шаруаларға жоғары үстемемен несие беріп, оларды қарызға белшесінен батырған атқамінерлер болыпты. Соның кесірінен қара шаруалар құлға айналып, биліктегілердің жерін тегін жыртып берген.
Қай императордың тұсында болмасын шенеуніктер өзінен төменгі сатыда тұрғандардан ақша талап ететін. Мұны болдырмау үшін осыдан екі мың жыл бұрын шенеуніктер қатарына таза адамдарды тарту үшін емтихан тапсыру басталған. Онда да жең ұшынан жалғасу әдеті тыйылмаған. Өйткені, Қытайдың мемлекеттік машинасы өте үлкен, мың-мыңдаған ұсақ тетіктер көп. Бәрін түгел бақылау мүмкін емес. Екіншіден, Қытайда үкімет жұмысын істейтіндердің жалақысы төмен болған. АҚШ-тағы Миссури институты ғалымдарының тұжырымдауынша, ең төменгі жалақы біздің дәуіріміздегі 1368-1644 жылдарғы Мин және 1644-1911 жылдарғы Цин әулеттері билігі кезінде ерекше байқалған.
Мин әулетінің бір өкілі Чжу атты император қазынаға шектен тыс алым алынатынына назар аударып, оны азайттырыпты. Салық азайған соң әлбетте жергілікті өкілдердің жалақысы кеміген. Бұған шамданған әкімдер бәрібір сол шаруалардан пара талап еткен. Миндерден шыққан және бір билеуші параны азайту үшін атқамінерлерді қысқартқан екен. Енді, өзі әкім, өзі салық жинаушы, өзі сот болып отырған жергілікті билеуші параның құнын он есеге арттырып жіберген. Былайша атқанда, «қайда барса – Қорқыттың көрінің» кері.
Парақорлық көрініс берген сайын оған қарсы тосқауыл әрекеттері жетіліп отырған. Қытайдағы сыбайластықтың алдын алу бюросының деректері бойынша, Цинь әулеті тұсында заңсыз ақша алған шенеуніктің маңдайына қызған темірмен таңба басылған. Мин императорлары параға қарсы майданда одан да аяусыз әрекетке барыпты: парақорлардың тірсегі қиылған, тірідей терісі сыпырылған. Берідегі Цинь дәуірінде бұл жаза жеңілдепті, жон терісін сыпыруды қойып, сол жонына 100 дүре соғылатын. Ол да оңай емес, арқасын тосып жатқан талайлар осы дүре кезінде өліп кетеді екен.
Қытай – ежелден есеп-қисап жүргізіп отырған, оған өте мұқият мемлекет. Алайда, белгіленген дүре ғана емес, соны алған парақорлар да жіпке тізілгендей жазулы. Минь әулетінің 276 жыл бойғы басшылығында ұзын-саны 150 мың қызметші пара алғаны үшін жазаланған. Цинь дәуіріндегі билеушілердің бірі Цяньлун өзінің 60 жылғы императорлық қызметінде 400 шенеунікті парақорлығы үшін қызметтен шеттеткен. Сөз арасында айта кетсек, біздің Абылай ханымыз өзінің хаттарын осы Цяньлунға жазған, елшілерін де осы императорға аттандырған.
Терісін сыпырсын, дүреге жатқызсын, сөйте-сөйте әйтеуір Қытай коммунистік заманға жетті. Атақты Мао Цзедунның күні туды. Бұл енді – император емес, Қытай Компартиясының жетекшісі. Мао жолдас үш рет парақорлыққа қарсы науқан бастапты. Бірақ елдегі кәртішке жүйесі, мектептердің аздығы, жұмыс орындарының жетіспеуі жергілікті әкімдердің диірменін айналдырып-ақ тұрды. Оларға ақша емес, тапшы тауарларды тығып беру үрдіске айналды.
Маодан кейін бір дүрлігіп қалған Қытай саясаты коммунистік, экономикасы капиталистік бірегей сатыға көтерілді. Мектеп пен балабақша жеткілікті салынды, өндіріс дүрілдеп өсті. Нарықтық экономикада жұрттың бәрі кәсіпкерге айналды. Тауар тапшылығы жойылды. Құстың сүті мен жылқының өтін де жасап беретін тапқыр елде парақорларға енді орын қалмаған сияқты еді. Жоқ.
Жан басына шаққандағы жалпы өнімнің өсуімен бірге бюрократияның өктемдігі ұлғая түсіпті. Олар тиімді әрі тез шешім шығарып бергені үшін үлес алуға көшті. Бұл орайда Қытайды жаңа даму кезеңіне жеткізген Дэн Сяопинді айыптаушылар баршылық. Олар «Қытай реформасының көсемі дамуды тездету үшін коррупцияға әдейі жол берді» деген уәж айтады. Қарт данышпан өз дәуірінде коррупцияға орай жалғыз рет ренжіпті: Хэнлань қаласында көзбояушылық салдарынан өндіріс көлемі өмірдегіден төрт есе артық көрсетіліпті. Сонда ғана Дэн қария бас шайқапты деседі. Міне, осыдан кейін жаңа буын басшылыққа келді. Тиесілі екі мезгілінен кейін бір-бірін ауыстырып, ақыры ел тізгіні Си Цзиньпинге тиді.
МӘЗІРДІҢ МӘНІ.
Бірнеше рет барғанда байқағанбыз, қытайлық жолдастар қабылдаулардағы дастарқанға ерекше көңіл бөлетін. Бірінен кейін бірін әкеліп, 30-40 түрлі тағамнан ауыз тигізетін. Енді, бұл елдің мейрамханаларындағы аспаздарға салмақ бұрынғыдан азайыпты. Оған да жоғарыдан жеткен пәрмен себепкер болған. «Бір қонақасыға төрт түрлі дәм мен бір көже жетеді», деп тұжырыпты Си Төраға.
Қымбат мейманханалардағы мәртебелі мейрамханаларда қонақ күту – қытайлық шенеуніктердің сүйікті ісі еді. Салтанатты қабылдауларда мәзірге кіретін астың түрі 40-қа дейін жететін. Оның бәрі, әрине, желінбей, ысырапқа кетеді. Бірақ, теңіздің жеңсік астары, Батыстың ұзақ сақталған шараптары мен «Маотай» арағы, қымбат сигареттер қонақасының деңгейін дәлелдейтін. Міне, соның бәріне тыйым салынды.
Бастапқыда Си жолдас бұл науқанды өзінің бұрынғы бәсекелестерін тұқырту үшін бастады деген тон пішілді. Жоқ, ол нақты біреулерден есе қайтаруды, ежелгі қарсыластарын саясаттан аластатуды ойламапты. Бүкіл мемлекетті, партияны парақорлық атты пәледен тазалап шығуды мақсат етіпті. Демек, бұқаны тура мүйізден ұстапты. Енді, бұрап жығуға шамасы жетсе деңіз.
Қытайдың қоғамы мен биліктегі Компартиясын парақорлықтан тазалау айтқанға ғана оңай. Біріншіден, ауқымы тым зор: бұл Жер шарындағы ең үлкен құрылым, партия мүшелерінің қатары 80 миллион коммунистерден тұрады. Екіншіден, Си жолдастың жақын айналасы-ақ бұған іштей қарсы болады, олардың қай-қайсысы да әйтеуір бір жерде бір рет болсын пара алған шығар. Үшіншіден, пара беру – жоғарыда біз сөз етіп кеткендей, елдің ежелгі дәстүрі. Үш мың жылдық жолы. Оны тастап шығу қайдан мүмкін болмақ?
Қайсар Си қайтпады, қаймықпады. Уездер мен провинциялардағы алғашқы парақорларды анықтау 2013 жылдан-ақ басталды. Мыңдаған жергілікті шенеуніктер сотталып жатты. Жаңа Төраға бұл қарқынға риза болмады. «Шыбындармен қатар жолбарыстардың жоны тілінсін» деген бұйрық түсті Сидің тарапынан.
Сол-ақ екен құқық қорғау органдары биліктің жоғары сатысында жүргендер арасынан коррупционер іздеуге шындап кірісті. Лай су түбіндегі жайындарды таза жерге шығару басталды.
Көмір өндіретін Шаньси провинциясының 13 басшысы тегіс парақор деп танылды. Сычуаньда губернатор мен компартия басшыларының орынбасарлары сотталды. Қытай мемлекеттік мұнай-газ корпорациясының басшысы істі болып, қызметтен алынды. Бұл компания ұзақ жылдан бері Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Мұнай-газ сияқты келесі жетекші сала теміржолдың шуы одан асып түсті. Теміржол министрі Лю Чжицзюнь парақорлығы үшін өлім жазасына кесілді. Рас, жаза екі жылға кейінге қалдырылды, министр өзінің соңғы сәтін түрмеде күтіп жатыр.
Энергетика министрі Лю Теньань өлім жазасына ұшырамай, өмір бойы түрмеде отыруға кесілді. Оның параға алған ақшасы ана екеуінен азырақ көрінеді.
Тізе берсек, «жолбарыстарға» құрылған қақпанға түсушілер жеткілікті. Мемлекеттік даму мен құлпыру комиссиясы директорының орынбасары мен Бүкілқытайлық халықтар өкілі жиналысы төрағасының орынбасары парақор деп табылды. Си Цзиньпиннің Орталық әскери кеңестегі орынбасары генерал Сюй Сайхоу да істі болды. Одан кезек Бүкілқытайлық Халықтық саяси кеңес төрағасының орынбасары Су Жунға келді. Тіпті, ішкі қауіпсіздік қызметінің бұрынғы бастығы Чжоу Юнкан партиялық этиканы бұзушы деп танылды. Бір кезде бүкіл ел атынан үріккен басты сақшы істі болды. «Чжоу әркімнің басына тамұқ орната алатын, заңды табанға таптайтын еді, өзі сол заңмен сотталатын болды», депті Қытайдағы ірі адвокаттар фирмасының алқа мүшесі Тьян Венчжан.
Төраға да тынбады. Халық кімнің қаншалықты ұрлап-жырлағанын білетін болсын деп жариялады. Бұл – сөз жоқ, қарапайым халықты өз саясатын қолдауға шақырған төте қадам еді. Қытайдың «China Daily» газетінің жазуынша, сұрау салынған 2105 адамның 75 пайызы коррупционерлер мен қазынадан қымқырушылардың өлім жазасына кесілуін жақтайтын көрінеді.
Енді парақорлардың аты ғана емес, қаншалықты мұртын майлағаны ашық айтылып жатыр. 2014 жылы қараша айында генерал Сюй Сайхоу тұтқындалғанда оның үйінде тыққан ақшасы мен бағалы заттары 12 жүк машинасымен тасылғаны теледидардан көрсетілді. Әскери шен мен қызмет беретін генералдың қаншалық парақор болғанын бүкіл халық көрді.
«Синьхуа» агенттігі Мемлекеттік энергетика комиссиясы көмір басқармасының бастығының орынбасары Вэйдің үйінен 200 миллион юань табылғанын хабарлады. Қытайға барғанның бәрі біледі, бұл елдегі ең ірі қағаз ақша – 100 юань. 200 миллиондық қорды санау үшін 16 ақша санағыш машина әкелінген, оның төртеуі қатты қызғандықтан жанып кетіпті.
Қырманы қызған «Синьхуа» Хэбэй провинциясын сумен жабдықтайтын мемлекеттік комиссия бастығы тұтқындалғанда пәтерінен 100 миллион юань мен 37 кило алтын шыққаны туралы ақпарат таратты. Әлгі мырзаның 68 нысанды сатып алғаны да құқық қорғаушылар мен олардың әрекеттерін жария етушілердің қырағы жанарынан қағыс қалмапты.
«ЖАЛАҢАШТАР» ЖАРЫСЫ.
Күн сайын жүз миллион мемлекеттік қызметші мұздай киініп, құпия жымиып мекемелерге кіреді. Кешкілік үкіметтің талай ісін тындырып, шаршаса да сол жымиыстан жаңылмай кері шығады. Сол мұздай киінген қалыптары. Бірақ осы жүз миллионның шамамен бір миллионы «жалаңаш» болып шығуы ғажап емес. Қалай?
Төрағаның коррупцияға деген ашуын тудырған бір көрініс – «жалаңаш» деп аталатын шенеуніктер. Қытай – теңеумен сөйлеп, формуламен ойлайтын ел. «Жалаңаш» ұғымы – соның бір көрінісі. Оның сыры мынадай: шенеунік өзінің әйелі мен жалғыз баласын алдын ала шетелге аттандырып жібереді. Сосын пара арқылы алған, мемлекеттен басқа жолмен қымқырған ақшасын сол жаққа астыртын жөнелтіп жатады. Күндердің күнінде табанын жалтыратар сәтті сезгенде өзі де тайып тұрады. Мұндағылар не қаржы жоқ, не шенеунік жоқ, ең болмаса оның қайтып оралуын қамтамасыз етер тетік жоқ, жер сипап қалады.
Шетелге алдымен отбасын орнықтырып, соларға ұдайы ақша жіберіп отырған шенеуніктің көбі партиялық элитаға жатады немесе қаржы және өндіріс салаларында істейді. «Жалаңаштардың» басқа елдерге шығартып алған қаржысы АҚШ долларының өзімен триллиондап саналады. Қытайдың шетелдерге беріп отырған инвестициясынан еш кем емес.
Қайтпек керек? Аз ойланды ма, көп ойланды ма, Си Төраға оның да жолын тапты. Әйелі мен баласы шетелдерге кеткен атқамінерлер партиялық соқпақпен жоғары өспейтін болды. Сол сияқты отбасылары шетелдік азаматтықтан немесе онда тұруға рұқсат беретін құжаттан бас тартпаған адамдар қорғаныс, қауіпсіздік, дипломатия, мемлекеттік кәсіпорындар қызметтерін реттеу салаларына жіберілмейді.
Күрес барысында кімдердің «жалаңаш» екенін анықтау басталды. «Қара тізімге» іліккен 2000 шенеуніктің алдына мынадай үзілді-кесілді шарт қойылды: не отбасылары кері қайтады, не атқамінер қызметтен кетеді. Кешікпей алғашқы соққы жасалды, зайыбы немесе баласы кері қайтудан бас тартқан жоғары қызметтегі мыңнан астам шенеуніктің лауазымы төмендетілді.
Бұл «жалаңаштармен» бетпе-бет тартыс болса, екінші жағынан Қытай үкіметі дипломатиялық жолмен әрекетке кірісті. Сыртқа заңсыз қаржы әкеткен жемқорларды қайтару үшін келіссөздер жүргізді. Олардың бұл қаражатты арам тәсілмен тапқанын дәлелдеген соң демократиялық мемлекеттердің өзін иліктіру мүмкін болды. Бұл орайда аспан асты елінің күші мен беделі де байқалса керек. Сонымен, бар нәрсеге теңеу тапқыш, ат қойғыш қытайлықтар «Түлкі аулау» деп атаған іс-қимыл барысында 335 жемқор шенеунік кері қайтарылды. Соның нәтижесінде миллиондаған юань қайтадан бюджетке қосылды.
Еріксіз түрде кері оралған шенеунікті енді не күтіп тұр? Дар арқаны ма, атқыш маманның оғы ма? Мұның бәрін сот шешеді. Ал Қытайдың соты ешқашан ешкімге мейірім танытып, маңдайдан сипай қоймаған. Жемқорлыққа қарсы жорықтың ширыққан шағында кеңшілікке үміттену мүлде мүмкін емес. Бірақ кейінгі жылдары Қытай дамушы ел ретінде халықаралық қауымдастықтарға кіріге бастады. Әлемдік талаптар бойынша экономикаға, экологияға күштеу жолымен жасалмаған қылмыстарға өлім жазасы қолданылмайды.
Иә, мемлекеттің Қылмыстық кодексіне кейінгі жылдары елеулі өзгерістер еңгізілді. Бұрын өлім жазасы қарастырылған 9 қылмыс түрінің жазасы жеңілдетілді. Шетелдік адам құқығын қорғау ұйымдарының дерегі бойынша, 2013 жылы Қытайда 250 қылмыскерге қатысты өлім жазасы орындалыпты. Оның біразы жемқорлар деседі. Мемлекеттің өзінде бұл цифр құпия сақталады. Ал өлім жазасы бұрынғыдай дарға асу емес. Тіпті, мылтықпен атуды да қойған. Тағы да халықаралық ұйымдардың талабын орындап, өлім жазасына кесілгенге жан тапсыртатын дәрі егу тәсілін қолданады.
Сөз Қытай соты төңірегіне ойысқан соң мынаны айта кеткен жөн. Жемқорлар – биліктің түрлі тұтқасын ұстаған соң шетінен партия мүшелері. Демек, олар алдымен партиялық тергеуге түседі. Бұл тергеудің тәлкегі тым қиын. Әрі онда ешкім адвокат қызметіне жүгіне алмайды. Туған-туыстарымен жолықтырмайды. Партиялық тергеу өзіне қажеттінің бәрін мойындаттырады. Міне, осыдан кейін дайын істі соттың қолына береді. Сот енді ұзаққа созбайды. Коррупциялық қылмыстарға орай қозғалған іс бойынша жауапқа тартылған 8110 адамның ішінде тек 14-і ғана ақталып шығыпты.
Батыс баспасөзі Фуцзянь провинциясының орта сатыдағы шенеунігі Ван Гуанлоның қалай азапталғаны туралы деректі қайта-қайта келтіріп жатыр. Ол жемқор ретінде күдікке ілігіп, мұздатқыштан аумайтын камераға қамалған. Тіпті, жату, отыру тұрмақ, қабырғаға сүйенуге рұқсат етілмеген. Бірнеше күн аштан қатырған. Тергеу кезінде сабап отырған. Содан құлағы естімей қалған. Ақыры тергеушілердің дегеніне көніп, келісімге келген. Ван 27 мың доллар көлемінде пара алғанын «мойындайды», сосын оны кепілдік төлеген соң түрмеден босатады-мыс. Келісімнің бірінші бөлігі орындалып, Ван байғұс істемеген қылмысын мойынға алады, бірақ сол шарттың екінші бөлігі жүзеге аспай қалады. Енді оның тағдыры Батыстағы адам құқығын қорғаушыларды алаңдатыпты.
Жемқорлыққа қарсы күрес алдымен Қытайдағы соттардың қызметін жетілдіруді талап етеді, дейді халықаралық сарапшылар. Қытай Компартиясы Саяси бюросының бұрынғы мүшесі Бо Силай жемқорлығы үшін өмір бойы түрмеде отыру жазасына кесілгенде соған адвокат болған Ли Сиолин «мемлекетте жемқорлыққа қарсы жаңа талап қойылғанда, сот жүйесінің ескілігі анық аңғарылды», дейді.
Тағы бір адвокат Шен Чженнің айтуынша: «әділетсіз үкім көп шығарылатындықтан бұқара халық жемқорларды емес, заңды белден басушы соттарды жек көретін болды». Бұл орайдағы олқылықтарды билік те білетін сияқты. Парақорлармен күрес барысында партиялық жүйе бойынша құрылған Орталық тәртіптік тексеру комиссиясының төрағасы Ван Цишань өздерінің тергеушілерінен күдіктілерді тездетіп сот орындарына тапсыруды талап еткен. Осы баспасөз конференциясында Цишань жолдас жыл өткен сайын жемқорлардың ауға көптеп түсіп жатқанын айтыпты. 2014 жылдың бірінші жартысында партияның 84 мың мүшесінің жемқор екені анықталған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен анағұрлым артық.
Науқаннан науқанға дейін өмір сүретін Қытай осылайша үш мың жылдық дерттен айығуға ден қойды. Сауығып шықсын дейік. Онда әлем бұрынғыдан да қуатты Қытайды көретін болады.
Қайнар ОЛЖАЙ,
журналист.
Астана-Сиань-Астана.