Осы күнге дейін қазақтың көрнекті ақыны болып қалыптасқан, бірнеше жыр кітаптарының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың таяуда Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан «Орман» атты жыр жинағы жарық көрді. Өзінің шығармашылық жолын махаббат, табиғат лирикаларынан бастаған ақын шығармашылығын азаматтық лирикамен жалғастырып келеді. Бұл кітаптағы өлеңдердің өрнегі де өзгеше. Ақынның кемелденген, толысқан шағын бейнелейтін туындылар. Жалпы, жаратылысқа, қоғамдағы әрбір құбылысқа, ұлтымыздың ұлы қуаныштарына парасат биігінен көз салады ақын.
Алла – бір!
Барлығынан сол ғана асқан!
Қарасам, ғаламатқа толған аспан.
Жұлдыздар шеру тартып, шексіздікке
Тәңірлік шеберлікпен орналасқан.
Құс жолын құндағымда көрсем керек,
Қарасам биіктейді еңсем бөлек.
Ауқымын алыс көктің парықтауға
Ғарыштық құдіретті өлшем керек!
Шарқ ұрып, таппаған соң теңбе-теңін,
Ойымды Жер бетімен тербетемін.
Мәңгі бол,
Жаратқанның хикметтерін
Көтерген көгілдір шар, кең мекенім.
Ақын «Жаратылыс» дейтін бұл шығармасында Ұлы Алланың құдіретін, шексіздігін бейнелейді. Мұндай тақырыптағы шығармалар әлем әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де бар. Пушкиннің «Құранға еліктеуі» мен «Пайғамбарының» өзі асыл дінімізге деген ұлы құрмет. Ал «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деген Абай да қазақ өлеңіне иләһи тақырыптағы сара жолды салып берді. Ал Күләш болса:
Сүйіктіңдей жүретін кіл есіңде,
Кір түсірме ел деген ұлы есімге.
Атамекен – бақыты бабалардың,
Жеңіп алған сан ғасыр үлесінде.
Күндерімен, түнімен, гүлдерімен
Өзіңдікі ол сенің, білесің бе?
Өзіңдікі ауасы, таң нұры да,
Өзіңдікі жазы да, жаңбыры да.
Өзіңдікі даласы, тау, қыры да,
Өзіңдікі мереке, ән-жыры да.
Өзіңдікі барлығы болғаннан соң
Өзіңдікі болғаны тағдыры да,
– деп жырлайды «Өз елім» атты өлеңінде. Бұл туынды Отанымызға, елімізге мадақ жыры болса, бір жағынан жастарға деген аманат та бар. Себебі, Отаны, елі, жері туралы әрбір жастың білуі, оны сүюі шарт. Сонымен қатар, тәуелсіздігімізді жырлау да ақынға үлкен шабыт пен қайрат береді. Негізі қазақ поэзиясында елдік мүдде тұрғысынан ой қозғау ежелгі дәуірлерден бар. Есте жоқ ескі замандардағы халық өлеңдерінде де бұл сарын анық байқалады. Бұл үрдіс бұзылмай, шашылмай бүгінгі күнге жетті. Бір жағынан бұл қазақтың барша талантты ақындарына аманат. Күләш Ахметова өлең алдындағы да, ұрпақ алдындағы да ақындық парызын шығармашылығының елдік мүдде тұрғысынан ой қозғайтын сәулелі кезеңдері арқылы атқарды.
Сен – қазақсың!
Қазақ деген Ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.
Киiз үйi Жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек.
Сен – қазақсың!
Бiр Алланың құлысың!
Адамға адам құл болғаны – құрысын.
Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай
Қалған ұлтсың. Қаһармансың, ұлысың.
Сен – қазақсың!
Қазақ едiң туғанда!
Онда, дүние тағылымынан үлгi ал да,
Ата жұрттан, Ана тiлден айырылма,
Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда! – дейді ақын.
Бұл біздің тарихи шындығымыз. Ал шындықты, ақиқатты әрбір көзі ашық азамат білуі керек. Ақынның ерекшелігі де ешкімге ұқсамайтындығынан, ешкімді қайталамайтындығынан көрінеді.
Күләш Ахметова – қазақ өлеңінде өзіндік орны бар көрнекті тұлға. Соғыстан кейінгі туғандар туралы сөз бола қалғанда Күләш Ахметованың есімі тізім басында жүреді. Ақынның өлеңіне Елбасынан бастап қарапайым халыққа дейін пікірі жоғары. Шынайы ақынның бақыты халықтың ықыласына бөлену ғой. Өзінен кейінгі қазақтың ақын қыздарының да Күләш Ахметоваға соқпай өткені жоқ. Себеп шынайы өлеңде, тағылымды тағдырда.
Астана – еліміздің еңселі көрінісі. Әлем халықтары алдындағы мемлекетіміздің айқын нышаны. Күн санап қарыштап дамып келе жатқан еліміздің Астанасы армандар орындалатын шаһарға айналды. Барлығы да халықтың көз алдында. Елбасының елі үшін атқарып жатқан ерен еңбегі, жүргізіп келе жатқан салиқалы саясаты өзіміз түгілі, өзгеге де үлгі болды. Әлемдегі дамыған елдердің мемлекет басшылары мен жоғары лауазымды қызметкерлері, шығармашылық адамдары мен саясаткерлері таңдай қаға тамсанысты. Негізі адамзат тарихында мемлекеттің астанасын ауыстыру оқиғасы жиі болмаған. Ал бұл бақыт пейілі таза, жүрегі жомарт қазақ халқының маңдайына бұйырды. Елбасы Астана салу идеясын өзі бастап көтеріп, алып шаһардың алғашқы кірпішін өзі қалады. Осындай ұлағатты көріністің барлығы да ақын шығармаларынан көрініс тапты.
Дүниеге нұр толтырған неткен күн!
Хош иісі себілгендей көктемнің.
Жаһандағы сұлулыққа сән қосып,
Жапан түзге жасыл орман еккен кім?
Табиғатты сүйе алмаудың өзі – айып.
Таза ауа да бара жатыр азайып...
Таң алдында, тамылжыған тоғайда
Түрлі құстар сайрағаны – ғажайып.
Астананың ну орманын арала,
Жас бұтақтар жас бүршігін жара ма?..
Нәзік гүлге нәр уызын ұсынып,
Мейірленіп жатыр ұлы Жер-Ана.
Жас орманға жаққан екен жаңа орта.
Тал, теректер таққан екен жаңа алқа.
Ордам қонған, орман болған сары дала,
Ғаламатым, салтанатым, Сарыарқа!
Ақын «Астананың орманы» деген ғажап жырында Астана туралы толғанысын осылай жеткізеді. Расында, Арқа даласынан қала салу, жазық даладан орман өсіру – үлкен еңбек. Тіпті, таңданарлық жағдай. Әрі орман табиғаттың тазалығын сақтайды, даланың көркін әйгілейді. Ал Астананың орманы, тіпті, әсерлі. Шығармашылыққа шабыт беретін көрініс.
Ақынның бұдан өзге де отаншылдық тақырыбындағы жырлары жетерлік. Отанын, елін, жерін шексіз сүйіп, оның әрбір қасиетін жырға қосқан ақын жүрегіндегі сүйіспеншілігі арқылы ғаламды сүйеді.
Тауларды көрдім, тармақ та тармақ, тас тұғыр.
Аспанды көрдім, аржағы – ғарыш, асты – нұр.
Алқапты көрдім, алтынға малған абат таң.
Тоғайды көрдім, толағай жұпар таратқан.
Ғаламды сүйген ақынның ойы мен қиялы ғарышты кезіп жүр. Ойы биік. Парасаты шалқыма, танымы терең. Бәлкім ақын болу – өлең жаза беру емес шығар. Мүмкін елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан ой айту болар. Ғаламды сүйген ақын ғаламның бір бұрышында жарқырап тұрған Астананың әсем келбетін де жырға қосады.
Пейіш қалам, гүл райхан, бақ қалам!
Бейбіт қалам, қақпаларын жаппаған.
Хауыздардан бастау алып, ауада
Су жолымен сызылады әппақ ән.
Алуан гүлдер ашылғаны – саған түр,
Алаулайды қызыл қанат қалампыр...
Алатаудың түбіндегі құт – қала,
Ақ таңдармен дидарласып аман тұр!
Сүттей әппақ сұлу түнің уақтылы,
Ел алғысы – ерлік істің нақ құны.
Су – денсаулық, су – тазалық, су – сұлтан,
Субұрқақтар – шаһарлардың шаттығы!
Бүгінгі Астана – осы. Ақынның көзімен қарағанда, алып шаһар бұрынғысынан да асқақтап, бұрынғысынан да айбынданып көрінеді. Кезінде талай жастар арман арқалап Алатаудың баурайындағы Алматы қаласына баратын еді. Сондай арманшыл жастардың қатарында Күләш Ахметованың өзі де болды. Ұлтын сүйді. Өлеңді қадірледі. Ал бүгінгі жастар арман арқалап Сарыарқаның төсіндегі Астанаға барады. Бұл – егемендіктің жарқын көрінісі, Тәңірінің қазаққа берген ғажап сыйы.
Ақынның жақында жарық көрген «Орман» поэтикалық әрі суретті кітапшасы ұлттық поэзияның жаңа белесі. Ақын мұнда жеке басының қамын күйттемейді. Қазақтың қасиетін жырлайды. Кітаптың ішінде негізгі пәлсапалық сұрақтарға жауаптар бар. Жалпы, дүние, айшықты Астана ақынның көзімен қабылданады. Елбасының ерлігі жырланады. Негізі мұндай тақырыпты қамтыған жинақтар әдебиетте аз. Ал бұл кітап болашақ қаламгерлерге салынған сара жол. Кітаптағы мазмұн жаңашылдығы, өлең өрнегінің өміршеңдігі айқын көрінеді.
Хамит ЕСАМАНОВ.
Жамбыл облысы.