05 Сәуір, 2015

Бокстан Грузия чемпионаты болып өтті

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

00000-box-1

АСТАНА. 5 сәуір. Тбилисиде бокстан Грузияның 2015 жылғы чемпионы болып өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Төрт күнге созылған шайқастарда елдің 2014 жылы чемпион болған 4 боксшысы сол атақтарын сақтап қалды. 49 килоға дейінгі салмақта Михеил Казанджян ақтық айқаста Лаша Кобахидзеден басым түсіп, алғаш рет чемпиондық тұғырға көтерілді. Бірінші рет чемпиондық тұғырға көтеріліп отырған боксшы мұның алдындағы екі біріншілікте де ақтық айқаста ұтылып, күміс медальді қанағат тұтып еді. Бір қызығы, осы екі жылда да Казанджянның бағын байлаған Дато Нанава осы жолы 52 килоға дейінгі салмақта алтыннан алқа тағып, Гүржістанның қатарынан үш дүркін чемпионы атанды. Ол ендігі кезекте финалда Севериан Чиладзеден басым түсті. Келесі 56 килоға дейінгі категориядағы Георги Гогатишвили де өткен жылғы чемпиондығын қорғап қалды. Ол да Дато сияқты қатарынан үш мәрте алтын жүлделі болды. Ал 60 килодағы Отар Еранозян соңғы жекпе-жекте Алеко Чадашвилиді тізе бүктіріп, чемпиондыққа бірінші рет қол жеткізді. Ол тіпті бұған дейін бірде-бір рет жүлдегер де болып көрмепті. Көрермендер бұдан кейінгі 64 кг салмақта да жаңа чемпионмен қауышты. Ол – Амирани Маргвелашвили «алтын» үшін таласта Торнике Чинчараулиден артық көрінді. Бұдан кейін 69 кг салмақтағы Джемал Шаламберидзе 2013 жылы алған чемпиондығын Гела Абашидземен ұрыста қайталады. 75 килодағы Бега Хардзиани де 2013 жылы финалға дейін жеткен. Бірақ күміс медальды қанағат тұтқан. Бұл жолы ол Георги Гиоргадзені жеңе білді. 81 килодағы Роман Тавадзе осымен қатарынан үшінші жыл финалда шайқасты. Соның алдыңғысында, 2013 жылы жеңіске жетсе, былтыр ұтылып қалған. Ал биыл Николаз Сехниашвилиден басым түсті. Былтырғы жылғы чемпиондығын қорғай алған үшінші боксшы 91 килоға дейінгі салмақтағы Леван Гуледиани болды. Ол Георги Узджумелашвилимен жекпе-жекті өз пайдасына шешті. Өткен жылғы чемпиондығын қорғап қалған төртінші боксшы аса ауыр салмақтағы Михеил Бахтадзе болып шықты. Ол сонымен бірге жоғарыдағы Дато Нанава мен Георги Гогатишвили тәрізді қатарынан үшінші мәрте бірінші тұғырға көтерілді. Бір қызығы, ол осы үш жылда да финалда Торнике Пуричамиашвилиді жеңіп келді. Дамир Қожамқұл. Мәнбе: Грузия бокс федерациясы.