04 Тамыз, 2010

Отан сүйген ұланды сүй

489 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Елімен етене Елбасы Қазақ елінде биылғы Астана күні мерейлі мерекеге ұласты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың 70 жылдық мерейтойы Астана күнімен қатар келді. Арқа жеріндегі қос мереке байтақ елі­міз­дің естен кетпес дүбірлі думанына айналды. Бүгін таңда Елбасымыз бүкіл дүниежүзі таныған қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлт кө­семі, түркі әлемінің көшбасшысы. “Елдің атын ер шығарады”. Халық даналығының салтанат құрып отырғанына бұдан асқан қандай уәж керек. Ең бастысы, биылғы Астана күнінің қайталанбас ерек­шелігі – Елбасының тойы үстінде даңғаза, мақ­тау сөздерге орын бе­рілмеуі болып табылады. Оған бел­гілі дәрежеде Президенттің өзі ал­дын-ала ескерт­кен кішіпейілділігі және терең мәдениеттілігі себепші болғаны айдан анық. Ал Елба­сы­мыз туралы аз да саз сөзді беделді шет мем­лекет басшылары орынды келтіріп, Астанадағы қос мерекені гүл-гүл жайнатты. Ресей президенті Д. Медведев, Украина президенті В. Янукович Елбасымызды құттықтау сөзін қазақ тілінде айтып жеткізді. Қазақ еліне, тіліне деген құрмет осындай-ақ болар. Әлемнің белгілі саяси қайрат­кер­­лерінің бірі Ганс-Дитрих Ген­шер Елбасымызды құттықтап тұ­рып: “Тарихтағы сіздің бейнеңіз қолыңызда бар атом қаруынан бас тартып, бейбітшіліктің мемлекеттік қайраткеріне айналғаныңызды еске салып тұрады. Бұл ұстаным өнеге болып табылады және үлгі алуға лайықты” – десе, Израиль прези­денті Шимон Перес: “Сіз өзіңізді ұлы құрылысшы, туабітті көшбас­шы және дана стратег ретінде та­ныттыңыз” деп түйіндеді. Иордания астанасы Амманның орталық көшесіне Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың аты берілді. Түрік елі өз астанасы Анкарада Нұрсұл­тан Әбішұлына ескерткіш орнатты. Н. Назарбаев туралы шетелдік авторлар дайындаған кітаптың тұсаукесері АҚШ-та өтті. Тұңғыш Елбасымыздың сан қырлы қайрат­керлігін, жаңашыл ерен тұлға бо­лып танылғанын ашып көрсетуге, терең құрметке лайық екенін паш еткен басқа да халықаралық, қо­ғам­дық шаралар тізімін бұдан әрі жалғай беруге болады. Осындай бір сәттерде тарихқа көз салу да артық болмас. Атам қазақ: “Екі рет көшу – бір жұтпен тең” деп түйіндеген. Ал Қазақстан Республикасының астанасының Алматыдан Ақмолаға қоныс аударуы қайдан оңай бол­сын... Алғашында қиыншылықтар, қауырт шаруа бастан асып жатты. Алдымен мемлекеттік органдарды көшіріп әкеліп орналастыру ісі қол­ға алынды. Ол үшін заманауи үй-жай жетпей жатты. Бірақ оның біразы ғылыми негізделген жоба­лық-сметалық құжаттарға сай жа­ңадан шапшаңдата салына бастады. Құрылысшылар тәулігіне екі, үш ауысым бойынша еңбек көрігін қыздыра түсті. Өндірістік, әлеумет­тік, мәдени-тұрмыстық нысандар күн құрғатпай салынып, бірінің со­ңынан бірі пайдалануға берілетін. 1997 жылдың 7 қарашасында мемлекеттік рәміздерді Алматыдан Ақмолаға жеткізіп, орналас­тыру Президент күзетінің басшысы Сәт Тоқпақбаевқа тапсырылды. Осы­дан көп кешікпей, 8 желтоқсанда ҚР Парламенті түгел құрамымен арнау­лы пойызбен Алматыдан Ас­танаға көш түзеді. Ал 10 желтоқ­сан­да (1997 жылы) Елбасы Н.Ә.На­­­­­зар­баевтың Ақмола қаласын Қазақстан Респуб­ли­касының астанасы деп жария­ла­ған Жарлығы күшіне енген күн еді. 1997 жылғы 10 желтоқсан күні қаланың жергілікті тұрғындары қазақ астанасының туған күнін жарқыраған аспан астында, май тоң­ғысыз ауа райында қарсы ал­ғандарына айта қаларлықтай таң­даныс танытты. Соның алдындағы бет қарыған 25-30 градус аяздың табан астында жұмсарып сала беруі – сиректеу кездесетін құбылыс болса керек. Тұрғындар мұны қа­зақ халқы үшін игіліктің басы деп танып, жақсы ырымға жорыды. Содан бергі өткен уақыт халықтың бұл сәуегейлігін шындыққа ұлас­тырып келеді. Мың да бір мәрте тәубе етейік, ағайын! Сонымен, Парламент депутат­тары – біздер жатақханада жатып, Парламент ғимаратын жөндеу жұмыстары біте қоймағасын, оның жарым-жартылай салынып болған, сыры кеппеген бөлмелерінде оты­рыс, жиналыс өткізіп, жұмысқа кірістік. Кіріп-шыққанда кеңсе ішін­дегі әлі төселіп бітпеген еден жап­қыштарын аттап өтетінбіз. Кө­шеде асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары да қабат жүргізіліп жатты. Президент сарайының күмбезді залында Қазақстан халқына еліміз­дің жаңа Астанасы туралы үндеуді қабылдадық. Сол қарсаңда Парла­мент ел астанасын Алматыдан Ақ­молаға көшіруді нақты іске асыруға байланысты Қазақстан халқына қабылданған үндеуге: Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев, ҚР Премьер-Ми­нистрі Н.Балғымбаев, Сенат төрағасы Ө.Байгелди, Мәжіліс төрағасы М.Оспанов қол қойды. Қаланың жергілікті тұрғындары Ақмоланың еліміздің аста­насына айналғанын қуанышпен қабыл­дады. Арқаның дархан дастарқаны кеңінен жайылды, ақ тілектер ағыл­ды, ақ түйенің қарны жарыл­ды. Міне, содан бері он екі жыл уақыт өтіп барады. Он екі жылда барлық қиын­шы­лықтар да, әртүрлі кертартпа бай­балам салушылық та артта қалып отыр. Арқаның кіндігінде орна­лас­қан Ақмола Астана қаласына, ұлан-байтақ қазақ елінің елорда­сына айналды. Тек аты емес, заты танымастай өзгерді. Себебі, Астана – толассыз түлеу, дамылсыз даму үстіндегі елордамыз. Бұл тарихи жасампаз ұлы істің ұйытқысы да, дем берушісі де, сәулетшісі де Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың тікелей өзі екенін атап айтқан жөн. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан қаншалықты тез де лай­ықты орын тауып, қанатын кеңге жая түссе, Астана да сондайлық қарқынмен дамуда. Астана байтақ Қазақстанымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының қуатты локомотиві рөлін атқаруда. Сөйтіп, заманауи өнеркәсіп, ғылым және мәдениет орталығына, тұрғындар­дың өмір сүруіне қолайлы мекенге айналуда. Ал жылына қаншама отбасылар кең, қолайлы жағдай туғызылған жаңа пәтерлерде қоныс тойын өт­кі­зіп жатыр десеңізші. Пирамида, Хан шатыр, Тәуелсіздік сарайы, т. б. тәрізді құрылыс нысандарына шетелдік қонақтардың өздері таңдай қағып қалады. Мемлекеттік “Жасыл ел” бағдарламасына сай атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны ерен де бөлек. Астана кісі қызығарлықтай қарқынмен дамып, көркейе түсуде. Сөз орайында өзіндік ой-пікір­лерді ортаға салсақ деймін. Бірін­ші, Астана еліміздің әкімшілік ор­та­­лығы болып қалмай, елдің ру­хани астанасына айналуы керек. Осы орайда Астана ұлттық интел­ли­ген­цияның өркенді ордасы рө­ліне кө­терілсе деген үмітімізді жа­сыр­май­мыз. Екіншіден, қалада салынып жат­қан құрылыс ауқымы кең еке­ніне дау жоқ және бұған сүйсінесіз. Сүйсіне отырып, ғи­­ма­раттар тұр­ғызу барысында қазақ­тың ұлттық сәулет өнер үлгілерін кеңірек қол­да­нысқа енгізсе деген тілегімізді білдіреміз. Астана өзінің мерейлі мере­кесімен төл тарихымызға жарқын беттер қосары хақ. Өйткені, жаңа Астананың бастаушысы – Елба­сы, қолдаушысы – ел-жұрты. Өсер ел Астанаға қарап бой түзер. Менің өзім Нұрсұлтан Әбіш­ұлымен ҚР Парламент Сенатының депутаты болып сайланған жыл­дары қоғамдық-мемлекеттік жұмыс бабымен жиі-жиі жүздестім, ол кісінің ақыл-кеңестерін өз құла­ғым­мен естіп білдім. Енді осы жө­нінде аз-кем тоқталсам деймін. Қазақстан Республикасы Пар­ла­ментіне Сенат депутаты болып сайландым. Әрине, саяси додада атың озып жатса, қуанасың. Дос-жарандар, ағайын туыстар жан-жақ­тан құттықтап жатыр. Сөйт­кенше болған жоқ, қолыма Прези­денттің қолы қойылған құттықтау жеделхаты тиді. Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың ақ бата, ақ тілекті бұл хаты мені бұдан сайын есейте, ақыл-ойыма тың күш қоса берді. Сенаттың алғашқы отырысына көтеріңкі көңілмен қатыстым. Оты­рыста ұйымдастыру мәселесі қаралды. Мәжіліске Елбасының өзі қатысып отырды. Осы отырыста Парламент Сенатының басшы ор­ган­дары сайланып, төрағасы болып Өмірбек Байгелді, басқа комитет төрағаларымен қатар Сенаттың ай­мақтық даму және өзін-өзі басқару комитетінің төрағалығына менің сайланғаным жария етілді. Сонда Елбасы: “Сенатты басқаруды Өме­кеңдерге тапсырдық қой”, – деп әдемі жымиып өтті. Тапқыр әзілі залды бір сілкінтіп тастады. Қазақстан Республикасының Сенаторы ретінде Президенттің қабылдауында бірнеше рет болдым. Ел мен жердің, Маңғыстаудың экономикалық-әлеуметтік даму мә­селелерін көтердім. Айталық, Маң­ғыстау мұнай өңдеу зауытын салу және Түркіменстанға темір жол тарту туралы мәселені 90-шы жылдардың ортасында, елдегі ауыр экономикалық қиындықтарға қарамастан қозғаған едім. Сонда Елбасы: – Өмірзақ, әр мәселенің де кезі келеді. Зауытты да, темір­жолды да (Түркіменияға) саламыз, – деген еді. Елбасымыз айтқаны айнымай келді. Бұл күндері жұртшылық куә, Қазақстан-Түркіменстан-Иран те­міржол тармақтарының құрылысы ойдағыдай жүріп жатыр. Ал мұнай өңдеу зауытын Жаңаөзен қаласы іргесінде салу қолға алынбақшы. Биылғы 9 маусымда Елбасы Маң­ғыстауға жұмыс сапарымен кел­ді. Өлкемізге келген Н. Ә. На­зар­­баевтың әрбір іс сапары үлкен мерекеге, халықтың шынайы ықы­ласына ұласатын дәстүр қалып­тас­қан. Өйткені, Мемлекет басшысы түйіні қиын мәселелерді шешіп береді. Соңғы кездесуімізде мен маң­ғыстаулықтар атынан құттық­тап, сөз сөйледім. Елбасына өзім­нің үш мақсат-мұратымды жеткіз­дім. Дүние жүзінде ірі-ірі елдер және миллиардтаған халқы бар мемлекеттер өмір сүруде. Ал 16 мил­лион халқы бар қазақ елі дүниежүзілік саясатқа ықпал ете ала ма? Аққаптал саясаткерлер қазақ елімен санасар ма деген сияқты, т.б. саналуан сұраулар мені мазалайтын. Аз қазақ Еуропаның төріне шығып, төбе би бола алар ма? Азуын айға білеген АҚШ пре­зиденті сыйлап, санасатын дүние­жүзілік саясатта ықпал етерлік пікір айтар қазақтан ұл туар ма екен? Дамыған Түрік дүниесі түгел мойындар дара тұлға қазағымнан шығар ма екен? Осы мұраттарды көруді мың өліп, мың тірілген қазақтың маңдайына жазар ма екен? – деп ойлаушы едім. “Тас ғасыр” мен “бас ғасырдың” арасы қас-қағым сәт екен демекші, бұл мұ­раттарым іске асып, аз қазақ дамыған мемлекет басшылары ден қоятын пәтуалы ой қозғайтын, дүниежүзі таныған абыройлы елге айналды. Осының бәрі сіздің арқаңыз, қымбатты Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, деп Елбасына тілектес­тігімді жеткіздім. Сонда Н. Ә. Назарбаев жарқын жүзімен: – Арманыңның бәрі орында­лыпты ғой, – деді. Елбасы лебізі мені марқайтып, жігерімді жани, кө­кірек сарайымды сергітіп тастады. Мынаны батыл атаған жөн. Ел­басымыз Маңғыстау өлкесінің эко­номикалық-әлеуметтік даму проб­лемаларымен үздіксіз айналысады. Нұрсұлтан Әбішұлының арқасында облысымыз дүниежүзілік дағдарыс­­қа қарамастан қадау-қадау эконо­микалық жетістіктерді еншілеуде. Түбегімізде республика халқының 2 пайызындай тұрғын халық бар. Ал сол құрамымен республикалық өнімнің 15 пайызынан астам өнді­рістік өнім беріп отыр. Жаңадан “Ақтау-Сити” қаласы, Мұнайлы ауданының жаңа орталығы салын­бақшы. Кендірлі аймағында Қазақ­станның жаңа демалыс аймағы, халықаралық әуежай, т. б. ондаған зауыт, фабрикалар өлкенің әлеуе­тін арттырады. Осы әдемі өткен тойдан түйге­німіз, Қазақстанның көсегесін кө­гертер күш – білімді жастар. Елі­міз “Болашақ” мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыруда табыссыз емес. Күні кеше Астана күні қар­са­ңында жаңа үлгідегі, дүниежү­зін­дегі атақты университеттерден артық болмаса кем болмас “Назар­баев университеті” ашылды. Бі­рың­ғай ұлт­тық тестілеу қорытын­дысы бой­ынша Маңғыстау облысы биыл ел бойынша бірінші орынға көтерілді. Сөйтіп, өзге облыс, өлкелерден қара үзіп, Маңғыстау облысы өрлеу көрсеткіші, білімділік деңгейі жө­нінен алғашқы орындарға көте­ріл­ді. Ал жартыарал өңірінің бола­ша­ғы бұдан да зор, бұдан да жарқын. Н.Ә.Назарбаев сынды көш­бас­шысы бар халық – қаһарман ха­лық, бақытты халық. Отан сүйген ұланды сүй, ардақта, ағайын! Астана күні тойынан түйген түй­індеріміз бен тұжырымдары­мыз­дың бір парасы осылар еді. Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, Маңғыстау облысы әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы.