Иә, Орал өңірінде ми қайнатар аптап ыстықтың табандап тұрып алғанына үшінші айға кетіп барады. Мұнда күндіз күннің ыстығы 40-42 градусты көрсетсе, соңғы апталарда қапырық түннің өзінде де төмендемей, 30 градустың төңірегінде болып отыр. Бұл ыстық қашан қайтар екен деген алаң көңілмен батысқазақстандықтар ғаламтор болжамдарына да көбірек ден қоюда.
Алайда іздегендерін таба алмай мазасыз күй кешуде. Ауа райы жөнінде тамыздың ортасына дейін жасалған ғаламтор мәліметтері мен деректері олардың көңілдерін көншітер емес. Өйткені онда тамыз айының орта шеніне дейін өңірдегі ауаның температурасы 40 градустан төмендемейтіні көрсетілген. Мұның өзі тап осындай қапырық ыстық әрі қарай да жалғаса береді деген сөз.
Әрине, табиғаттың осындай тосын құбылысына байланысты ел арасында әртүрлі жорамалдар да айтылуда. Оны Атырау мен Ақжайықтағы мұнай-газ шикізатын өндіруден туындайтын экологиялық факторлармен байланыстырып отырғандар да жоқ емес. Мүмкін бір есептен бұл жағдайды мүлдем жоққа шығаруға да болмас. Алайда бұлай дейін десең Ресейдің мұндай кәсіппен мүлдем айналыспайтын аймақтары да бұған дейін болып көрмеген жойқын ыстықты бастарынан кешуде.
Біз биылғы алабөтен аптап ыстық сыры неде деген сауалды Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығы ауа райын болжау бөлімінің бастығы Татьяна Шилингке қойған едік.
– Республиканың батыс облыстарындағы биылғы ыстықты осы өңірдің аумақтарына еніп ұзақ уақыт тұрып қалған ірі циклонмен байланыстыра қарауға болады. Бұл жойқын циклон Оңтүстік Азиядан, ішінара Қарақұм шөлінен соққанын да айта аламыз. Мұндай аптап Орал өңірінде 1971, 1972 және 1984 жылдары орын алған. Алайда биылғы ыстықтың айырмашылығы өте ұзақ тұрып, 2-3 айға дейін созылуында. Сондай-ақ биылғы температура орташа деңгейден 6-7 градусқа жоғарылап рекордтық деңгейге жетсе, жоғарыда аталған жылдары ол 4 градустан асқан жоқ.
Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты облыстағы басқармалар мен департаменттер жергілікті БАҚ арқылы тұрғындарды өрт қаупінен сақтандыруда. Аталған ведомство мамандары мен кезекшілері шілденің 29-нан бастап облыстың Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандарында төртінші дәрежелі, ал қалған аудандарда бесінші дәрежелі өрт қаупі қалыптасып отырғанын мәлімдеді. ІV-V дәрежелі өрт қаупі дегеніміз – кез келген елеусіз ұшқын, тіпті қызған әйнектің өзі жер-көкті от-жалынға ораған өрттің шығуына себепші болады, – дейді метеоролог маман.
Міне, сондықтан да бүгінде батысқазақстандықтар “сақтансаң сақтармын” деген халықтық қағиданы берік ұстануға мәжбүр. Соның өзінде де облыстың оңтүстігінде орналасқан Қазталов, Жәнібек аудандарына қарасты мыңдаған гектарды құрайтын далалық алқаптар өртке оранды. Нәтижесінде бірқатар шаруа қожалықтарының жаз бойы тірнектеп жинаған шөбі жанып кетті.
Сондай-ақ ұзаққа созылған ыстық облыс аумағындағы өзен-көлдер суының тартылып кетуіне әкеліп соқтырды. Алаулаған күннің қызуы мен отты леп айдын суды да қыздырып, ондағы балықтардың тынысы тарылып кетуіне әсер етуде. Айталық, Қазталов ауданына қарасты Саршығанақ көлінің солтүстік-шығыс бөлігінде балықтардың қырылу оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты шұғыл облыстық комиссия құрылды. Олар көлде тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп қайтты. Лабораториялық қорытындылар әлі толық шығып үлгерген жоқ. Соған қарамастан комиссия мүшелерінің алғашқы болжамдары мен жорамалдары аталған табиғи факторды жоққа шығармайды. Өйткені Саршығанақ көлінде судың температурасы шектен тыс көтеріліп 35 градусқа дейін жеткен.
Өткен шілде айының үшінші онкүндігінде облысқа іссапармен келген республика Премьер-Министрі К.Мәсімов мұнда қалыптасып отырған күрделі жағдайға куә болды. Зеленов ауданында астық өсірушілермен кездесу кезінде Кәрім Қажымқанұлына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев хабарласқанын газет оқырмандарына жеткізген едік. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: батысқазақстандықтарға менің ыстық сәлемімді жеткізіңіз. Егін күйіп кетті деп еңселері түспесін. Оларға қажетті деңгейде қолдау жасалады деген болатын.
Мемлекет басшысы тарапынан жасалған осынау шексіз қолдау биылғы жазда табиғаттың тосын да күрделі сынына кезіккен батысқазақстандықтар үшін үлкен демеу болғанын қалайша айтпай қала аламыз.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.