Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылықты саналатын Ақмола облысының Целиноград ауданында жұмыс сапарымен болып, жергілікті жердегі бірқатар ұйымдар мен кәсіпорындарда болды. Осындағы ірі әрі көпсалалы ауылшаруашылық құрылымы саналатын “Ақмола-Феникс” АҚ-тың жұмысымен жақын танысты.
Алдымен Мемлекет басшысы жалпы ауданы 19,6 мың гектарды құрайтын дәнді және бұршақ дақылдары егістігін аралап көрді. Содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы астықты бастапқы сатыда өңдейтін механикаландырылған қырманда болып, мұнда жиналған “Ақмола-Феникс” АҚ-тың жұмысшыларымен кездесу өткізді. Қырман басына жиналған диқандар өз ауылшаруашылық техникаларын да қаз қатар тізіп, көпшілік назарына ұсыныпты. Барлығының да арнайы жұмыс киімімен жүргенінен мұндағы жұмыстың ойдағыдай ұйымдастырылғандығын ұғуға болады. Кездесу барысында Н.Назарбаев биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан негізгі астықты өңірлердің егіншілері орташа егін түсіміне қол жеткізетінін айтты. Әсіресе егін түсіміне Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында қол жеткізілетін болса, ал Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында ауа райының аптапты болуына байланысты егін бітік шықпауы мүмкін. Былтырғы жылғы егін түсімінің қоры әлі де сақтаулы екендігін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы еліміздің экспорттық әлеуеті әлі де мол екенін айтып шаруалар көңілін бір көтеріп тастағандай болды.
– Ел наннан тапшылық көрмейді, – деді өз сөзінде Президент. Диқандармен әңгіме кезінде егін алқаптарын барып көргендігімен бөліскен Нұрсұлтан Әбішұлы олардың жұмысына деген ризашылығын да жеткізді. Биыл еліміздің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға қыруар қаржы бөлінгені мемлекет тарапынан қолдаудың бола беретінін айғақтайды. Осы ретте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына 96 миллиард теңге бөлінгендігін ерекше атап өте келіп, бұның үлкен көмек екендігін қадап айтты. Қазақстанның астық экспортындағы өз әлеуетін сақтап қалатынын атап өтті. Бұл – мемлекеттің ағымдағы жылы жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, өнімді тарату, тыңайтқыш сатып алуға субсидия бөлу тұрғысынан ауылға үлкен қолдау көрсетіп отырғанының нәтижесі.
Елбасы сондай-ақ осы Целиноград ауданында көпсалалы ірі ауылшаруашылық кәсіпорны болып табылатын “Ақмола-Феникс” акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. Астананың айналасында азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін құру мақсатымен “ҚазАгро” ҰХ” АҚ қолдауымен құс фабрикасы технологиялық жағынан қайта жарақтандырылған болатын. Соның нәтижесінде құс басы 400 мыңға, жұмыртқаның жылдық саны 50 миллион данаға жеткені мәлім болып отыр. Бұдан басқа ауданда құс мамығы зауыты, ет өңдеу мен тігін цехтары, ұн тарту кешені жұмыс істеуде.
Бұдан соң Президент аудан орталығының Ақмол кентіндегі жаңа нысандармен танысты. Атап айтқанда, “Қазақтелеком” АҚ-тың аудандық телекоммуникация торабын, мәдениет үйін және Целиноград аудандық сотының жаңа ғимаратын аралап көрді. Аудандық сот жанынан прокуратураның ғимараты да бой көтеріп жатқаны белгілі болды. Құрылыс үстіміздегі жылдың мамыр айында басталса, алдағы айда пайдалануға берілуі тиіс. Құрылыстың құны 70,3 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.