...балалар кітапханасы ашылды
Көрнекті сөз зергері Ғабиден Мұстафиннің кіндік қаны тамған топырағы Жауыртау, Қожыр мен Ботақара бойы екені белгілі. Осы маңайда кезінде Тельман атты аудан құрылып, орталығы Токаревка атанды. Қазір бұл кент жазушы атында.
Мұндағы тұрғындар өмірінде жағымды жаңалықтар аз емес. Соның бірі жасөспірімдерге де арналды. Оншақты жылдан бері бос тұрып, құлауға шақ қалған бұрынғы аудандық мекеме ғимараты қайтадан жаңартылып, балалар кітапханасы үйіне айналдырылды. Түрлі әдебиет қорына бай, жеке оқу бөлмелері бар, өз ісінің білгір мамандары қызмет көрсететін білім отауы Бұқар жырау ауданында соңғы уақытта пайда болған 27-ші кітапхана. Оған келушілерді алдымен жерлес жазушылардың шығармалары тізілген, суреткерлік жолы баяндалған мүйіс қарсы алып тұрады.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы.
...стадионда аудандық спартакиада өтті
Қызылжар селолық округіне қарасты Шеңбертал ауылында ашылған жаңа стадионда өткен Ырғыз ауданы жастарының спартакиадасына өңірдегі барлық селолық округтерден спортшылар қатысып, үш күн бойы күш сынасты.
2001 жылы қайта жанданған бұл спорттық дода бұрындары селолық округтердің орталықтарында өтсе, соңғы жылдары шағын елді мекендерде ұйымдастырылып жүр. Спорттың он түрінен өткен спартакиадада Ырғыз селолық округінің спортшылары жеңімпаз атанса, екінші орынды Аманкөл селолық округінің спортшылары иеленді. Алаң иелері кызылжарлықтар үшінші орынға табан тіреді. Қазақша күрестен түйе балуандыққа белдескен он балуанның арасынан ырғыздық спорт шебері Абылай Қосмұратовтың бағы жанды. Жаңа стадионда өткен аудан жастарының спартакиадасы жақсы ұйымдастырылуымен де есте қалды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. Ырғыз ауданы.
...субұрқақ іске қосылады
Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы аймақаралық форумына өскемендіктер қызу әзірленуде. Қазақстан мен Ресей Президенттері Н.Назарбаев пен Д.Медведевтің қатысуымен өтетін бұл форумның жөні басқалардан бөлек болғалы тұр. Онда екі ел арасындағы достық, экономикалық қатынастар туралы бірнеше құжатқа қол қойылмақ.
Бүгінде қала көшелері асфальтталып, тұрғын үйлер аулалары абаттандырылып жатыр. Өскемендегі “Центрэнергоэкспертиза” компаниясы төрт бірдей субұрқақ құрылысын аяқтап қалды. Соның бірі әуежай ғимаратының алдындағы алаңда бой көтермек. Жақында облыс әкімі Б.Сапарбаев оның құрылысымен танысты. Сондай-ақ, форум кезінде “Казцинк” ЖШС жаңа балалар бақшасы, екі зауытты іске қоспақ. Басқа да әлеуметтік ғимараттар қала сәнін арттыра түседі.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.