Жөн сұрасудың жедел жүйесі
Бұрнағы күні Астанадағы “RІXOS” қонақүйінің “Жерұйық” залында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің бастамашы болуымен “Интерконнект тарифтерін реттеу” деген тақырып бойынша семинар өткізілді. Оның шеңберінде сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін баспасөз жиыны ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда ұялы байланыс еліміздің телекоммуникация рыногында барынша қарқынды дамып келе жатқан сегменттердің бірі болып қалып отыр. Оның үлесіне байланыс қызметінің барлық түрлерінен түсетін табыстар құрылымының 45,9 пайызы тиеді екен. Салыстыру үшін мұндағы интернет-қолжетімділік қызметінің алар шамасы – 5,2, радио мен теледидардың шегі – 3,4, ал пошта қызметінің деңгейі 1,8 пайыз екенін айтсақ, көп жәйт өзінен өзі айғақтала түсер еді. Бірақ, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, байланыстың бұл түрінің салаға осыншама мол табыс әкеліп тұрғанының тұтынушылар үшін тиімсіз тиетін келесі кенересі де бар. Ол – біздегі желіаралық байланыс белгілеп отырған мөлшерлеменің қымбат болып отырғанында. Ұялы байланыс қызметінің телекоммуникация жүйесіне ақшаны науалап құйып тұруының ендігі бір ерекше себебі осы қымбатшылықта жатыр.
Обалы не керек, соңғы уақыттары бұл тақырып жөнінде ұдайы мәселе көтеріліп келеді. Мәселен, биылғы көктемде Ақпараттандыру және байланыс мемлекеттік агенттігінің басшысы Қуанышбек Есекеев Қазақстанда алдағы жылдан бастап ұялы байланыс қызметінің бағасы төмендей бастайтынын мәлімдеген болатын. Ал Байланыс және ақпарат министрлігі шілде айында республикадағы ұялы байланыс қызметі тарифтерінің қаншалықты деңгейде негізді екенін тексеруге кірісті. Бірақ, қайсыбір елдердегі секілді, байланыстың бұл түрінің бағасын оның операторлары өз еріктерінше белгілеп отырады. Біздің елімізде ондай оператордың төртеуі тіркеліп, жұмыс жасауда. Солардың арасындағы “GSM Қазақстан” ЖШС бүгіндері 7 млн. абонентке қызмет жасайды. Одан абоненттер саны 250 мыңдай ғана кем “КаР-Тел” компаниясы да біздің рынокта қадамын нық басып тұр. Енді бұларға қалай бағаны төмендеттіруге болады? Әлде биыл ғана осы рынокқа келіп қосылған жаңа “ойыншы” — шведтің Tele2 дискаунтері “тарифтердің шарпысуын” туғызып, оның төмендеуіне себепкер бола ала ма? Семинарға қатысушыларды осы мәселелердің бәрі толғандырды.
Семинардың соңында Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары Рүстем Ақбердин бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, жиында қол жеткен шешімді жеткізді. Оның айтуынша, еліміздегі байланыс операторлары тамыздың 20-сы күні желіаралық байланыстың мөлшерлемелерін төмендету бойынша ұсыныс жасайтын көрінеді. “Тамыздың 20-сында олар желіаралық байланыс мөлшерлемелерін өз еріктерімен төмендету бойынша ұсыныстарын енгізулері тиіс. Сол кезде біз олардың қаншалықты дайын екендіктерін байқаймыз”, – деген ол бұл жердегі салмақтың “Кар-Тел” және “Қазақтелеком” АҚ-қа түсіп отырғанын да жасырмады. Осы орайда агенттік байланыс операторларының бұл тарифті барынша түсіруін күтіп отырғанын жеткізді.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мәліметіне қарағанда, қазір желіаралық байланыстың құны минөтіне 19,98 теңгені құрап отыр. “Қазақстанда абоненттерге арналған ұялы байланыс қызметіне тарифтер тым жоғары”, – деп атап өтті Р.Ақбердин. Осы орайда ол тарифтердің қымбат болуының бір себебі ретінде ұялы байланыс саласындағы бөлек операторлардың желіаралық байланыс үшін мөлшерлемелері жоғары болып отырғанын атап өтті. Тағы белгілі болғаны, егер байланыс операторлары тиісті шешімге келмесе, онда монополияға қарсы ведомство бұл мөлшерлемелерге мемлекеттік реттеу енгізуге ниетті сыңайлы.
Сонымен, жөн сұрасудың жедел жүйесі болып отырған желі бағасының шамадан тыс қымбат екеніне принципті түрде тұжырымды баға берілді. Бұл төңіректе ойлану үшін байланыс операторларына ұсынылған уақыт та тым көп емес. Ендеше, осы озық ойдан нендей түйін шығатынын білетін күн де жақын.
Серік ПІРНАЗАР.