07 Тамыз, 2010

Сөз сойыл...

648 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
БІРДЕ... Отан соғысының әйгілі партизаны Қасым Қайсенов бірде өзінің жекеменшік мәшинесімен тау бөктеріне қарай серуенге шығыпты. Адам бейнет шегейін десе аяқ астынан емес пе, бөктер жол­мен келе жат­қан мәшине 3 метр терең жолға аунап кетеді. Абы­рой болғанда, Қа­се­кең қатты жарақаттан­ған­мен, тірі қалады. Қызыл ала қан болып емханаға түседі. Мұны естіп жылап-еңіреп құрдасы Сырбай Мәуленов же­те­ді. Сырбай мән-жайды, қалайша мұндай жайтқа тап болғанын сұрайды. Қасым рухы берік жан ғой. Егіліп отырған Сырбайға сыр білдірмей, қарабайырлап жағ­дай­ды айта бастайды: “Сондай ойда жоқта 3 метр құлама жардан аунап-ақ кеткенім!” – депті. Сонда күйзеліп отырған Сыр­бай көзінің астымен сүзе бір қарап алып: – Бәрекелді, Қасеке-ау, сіздің дардай атыңызға 3 метр деген ұят қой. Бұл сөзіңізді мен ғана естиін. Менен бас­қаға 30 метрден құладым деңіз, – деген екен. Кейін Қасекең жазылып шығады. Күндердің бір күнінде Сырағаңды көшеде мотоцикл қағып кетіп, емханаға түседі. Мұны естіп, енді Қасым көңіл сұрай келеді. Көңіл сұрап отырып Қасекең: – Әй, Сырбай, сен бұл әңгімені менен басқаға айтпа, ұят болады. Түйедей Сырбайды торпақтай мотоцикл қақты деген не сұмдық? Сен жұртқа КамАЗ қағып өтті де, сонда жарасады, – деген екен. Б.САҒЫРБАЙ. Астана. КИІМ ІЛГІШТЕГІ ТУҒАН КИКІЛЖІҢ Гребешковаға біреу үйлену тойында киімілгіш сыйға тарт­қан болатын. Жарты жылдай қозғаусыз шаң басып жатқан киімілгішке Гребешкованың көзі түсіп: – Сережа, осы бізге киімілгішті кім әкеліп еді? – деп еді, күйеуі селқос қалпы: – Қайдам, – деп иығын қиқаң еткізді. – Соны бір жерге қағып, іске жаратайықта! – деп әйелі нықтап еді, күйеуі: – Жарайды, – деді де теледидар көруге жайғасты. Он күндей өткенде әйелі: – Өткендегі киімілгіш әлі қозғаусыз жатыр-ә!? – деп еді, күйеуі таңырқай: – Не нәрсе дейсің? Е, киімілгіш пе? Бір ыңғайы келер, – деп күмілжи құтылды. Содан алты ай өткенде әйелі: – Сен осы ана киімілгішті әдейі ілмей жүрсің-ә! Саған айғай керек, ілінісу керек! – деп зіркілге басып еді: – Басқасы қалып, енді жетпегені киімілгіш еді! Соны қағайын да, соған жіп іліп, асылып өле қалайын! – деп күйеуі зіркілін одан асырып әріге жіберді. Тағы да бірер айдан соң киімілгіш араларында қағытпа әңгімеге арқау болды. – Еркекпін дейді! Бір киімілгішті қақпағанына екі жылдың жүзі болды. – Басқасы бітіп, бар пәле сол киімілгішке тіреліп еді... Содан бір жарым жыл өткенде Гребешкованың екі жарым жастағы баласы бірде: – Әке, киімілгішті қақсаңызшы, – деп қалды. Әкесі ұялғанынан әлгі киімілгішті құтты орнына тұрғызды-ау әйтеуір. Гребешков отбасы бұл күннің “бақытты” сәттерінің соңы екенін білмеді... Үйде үнсіздік орнады... әшейінде тілге тиек етер киімілгіш қағылғалы қашан. Осындайда тілге тиек болар киімілгішті іздеп зарығады. Не керек, екеуден екеу тымпи ойнағаннан өткен қорлық жоқ екен. Анда-санда: – Тұзға қол жалғашы. – Мінеки. – Қоқысты шығар. – Жарайды, – дегеннен әріге бара алмайды. Сөйтіп жүргендерінде, бір күні Гребешков қызып келіп қабырғаға соғылып, ілініп тұрған киімілгішті жерге түсіріп алғаны... Сөйтіп, несін айтасың, ниеттері қабыл болып, отбасыға құрдымға кеткен “бақытты” күндері қайта оралды... Аударған  Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. АЛУАН ТҮРЛІ ӘНШІЛЕР Бұл күнде не керек, Әнші мен ән де көп. “Әу” дегеннің бәрі – әнші, Бәрі “жұлдыз” – маладес! Біреуі ары-бері жүріп айтады, Біреуі сілейіп тұрып айтады. Әп-әдемі әнді бұзып, Әуенін бұрып айтады. Біреуі қырылдап айтады, Біреуі ырылдап айтады. Қолқасын “астма” алғандай, Кеудесі сырылдап айтады. Жүнін жұлған тауықтай етіп, Көп-көрім әнді жырымдап айтады. Дауыстан дым жоқ тағы бірі, Мағынаға мән бермей, Әннің сәнін кетіріп айтады. Біреуі ыңырсып айтады, Біреуі қылымсып айтады. Біреуі жылап айтады, Көзінің жасын бұлап айтады. Шың басына шығып алып, Терең құзға құлап айтады. Біреуі күліп айтады, Қасқырша ұлып айтады. Айта берсең ән айтуда әдіс көп, Бәрінен де әншісымақ әртіс көп. Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ. Шығыс Қазақстан облысы. ГҮЛДІҢ АЛЛЕРГИЯСЫ Пықып құрдас хабарласып: – Ілдеке, кезігейік, тағы бір маңызды мәселе бар, – деді. – Баяғы гүлдің жыры ма? – деп едім: – Дәп өзі! – деп, кезігер жерімізді айтты. Оның өткендегі айтқан “гүл жыры” есіме түсіп отыр. – Көресіні үйдегі гүл­ден көрдім! – деп бас­таған болатын әң­гі­ме­сін. – Алды­мен үнімді өшірді! Дауысым зілдене шықса болды үйдегі: “Ақырындат! Даусыңнан гүл солып қалды!” дейді бажы­рая... Пә­лекетің де сезімтал ма, бәсеңси қалсам – сол­бы­райып солып қалған неме тез-ақ қайта қал­пы­на ке­леді... Пәле­кет тек ма­ған “ар­нал­ған ба”, әйелдің өзі өкі­ріп-бақырса да міз бақпай құлпырған қалпында тұрады... Ал бала біткенге тіптен тітіркенбейді де. Ал дастарқан шетіне шөлмек келе қалса болды, гүл құрыды дей бер. Өткенде қонақ шақы­рып, олар кеткенше гүл атау­лы­ны көрші үйге қамай тұруға тура келді. Неге екенін, пәлекеттің “объек­тісі” мен... Ақырып-бақы­руды тыйып, бәсең дауыспен қыжылымды қылғына отырып айтсам да солып сормаңдай бола қалады... Баламның “гүл құры­ды!” дегенінен селт етіп, ойым пышырап, айтып отырғанымды ұмытып аузым жабыла қояды. Бірде үйдегі: “Жуынып-шайы­нып, сақал-мұртыңды алып жүрші. Сезімтал неме соны да сезеді. Қарашы, кеше ғана көрім еді, сені көріп күңгірттене қа­лыпты” деді. Әсіресе, ащы суға аллергиясы әлепет, ұрттап келген күні үнсіз үрпиісіп, ерте жатып есеңгіреп тынамын. Үйдегі бірде: “Пи­ғы­лыңды түзе!” Қулығыңа құрық байла! Арам ойдан арыл!” деп гүл біт­кеннің топырағын ауыс­тырып қайтадан отырғызғаны бар, – деген Пықыптың “ма­ңызды мәселесі” жал­ғасын таппақшы. Күтіп отыр екен: – Кел Ілдеке, пә­ле­кеттен құтылдым! – деп әңгімесін тіке “гүл жырдан” өрбітті. – Бір білгіштің деуімен жа­пон­ның бір аппаратын сатып алып едім, сап ти­ылды! Аппа­рат ша­ғын, алақаннан көрін­бейді. Үйге кірген бойда кнопкісін басып гүл­дес­те тұр­ған тұсқа тақау тас­тай са­ла­мын... Ақыр-бақыр, “ішірткіңді” үйде де іш... айналайын аппарат бәрі-бәрін өзіне қабылдап құрдымға жібереді... – деп жаңқалтасынан алып “құтқарушысын” көрсетті. Жапондардың ойлап таппай­тыны жоқ, парақшасында бәрі жазылыпты, нағыз Пықыптың іздегені осы болып шықты. Пықыптың айтуынша, өзі жып-жылмағай болып сүттен ақ, судан таза кезінде әйелі ой­қастай одыраңдай қалса болды, аппара­ты­ның кері пультін түрте қойсаң – гүл атаулы солмақ түгіл бойынан сорақы иіс шығарып сойқанның көкесін көрсетеді екен... Содан бері Пықекеңнің дегені болып, әсіресе, құлақ ты­ныш, жүйке орнында, жайма­шуақ тірлікке көшіпті. Тек аппа­раттың қымбаттау болса да үш айда батарейкасын ауыстырып тұруды ұмытпаса болғаны. Кенже ЕРКІН. Талдықорған. ПОЛИЦИЯДАҒЫ "ПАЙ-ПАЙ!" МАИ қыз­мет­кері удай мас жүр­гізушіні тоқтатады. Әлгі көлігінен шыға сала құлап түседі де: – Құрыдым, енді куәлігімнен айырыламын, – деп жылап қоя беріпті. Сөйтсе МАИ қызметкері: – Бес мың долларға бәс­те­сейік, куәлігіңнен айырылмайсың! – депті. *  *  * Тергеу кезіндегі әңгіме. – Сіз пара алып па едіңіз? –  Иә. – Бір өзіңіз бе? – Бір өзім. – Көп алып па едіңіз? – Қалай айтсам екен... – Екі адамға жете ме? – Жеткенде қандай! – Онда “пара алмаған...” деп жазамыз. *  *  * Полиция қызметкерінің әйелі егіз ұл туып, ұжым­да­ғылардың біреуі: – Бір-бірінен айнымайды дейсіз, ал сіз оларды қа­лай ажыратасыз? – деп сұрағанда: – Әуре бол­май-ақ, бас бар­мақтарын сияға малып ақ қағазға түсіре қоямын, – деген екен. *  *  * Жол полициясы саяжайы­на бағыт алған жүргізушіні тоқтатып бірден: – Сізден 500 теңге айыппұл! – дейді. – Бүтін мың теңгелік еді, майдалай аласыз ба? – Майдалап қайтеміз, қайтарыңызда осы жолмен өтеді емессіз бе!.. ҚОШҚАРДЫҢ   НАҒАШЫСЫ Мәтжан би өмірінде сөзден тосылмаған деп айтады. Дегенмен, “Мәтеке, сіздің ұтылған кезіңіз болды ма?” деп сұрағандарға: – Әй, қарақтарым-ай, мен сөздің парқын білмейтіндерден күніге ұтылам ғой, – дейді екен. Бірақ ол бір жас келіннің өзіне айтқан уытты әзіліне риза болғанын айтып жүріпті. Бір баласын үйлендіргеннен кейін ол ауырып, жүдеп кетіпті. Оны уақытша нағашыларының ауылына жіберген. Таза ауада дәмді тамақ ішіп, әлденіп қайтсын дегені. Содан кейін осы үйдің бір қошқары да кеселге ұшырап, малға ілесе алмай қалған. Әлгі жаңа түскен жас келініне атасы: – Келін, мына қошқарды бөлектеп жемдеші, жақсы болып кетер, – депті. Сонда келіні миығынан күліп: – Ата, осы қошқардың нағашы жұрты болса, мұны да соған жіберсек қайтеді? – деген екен. Келінінің осы әзіліне Мәтжан шек-сілесі қата күліп, риза болған. Көп ұзамай тәуір болған баласын да қайта алдыртыпты. Сержан ШӘКІРАТ. Ақтау. ІШУ Шарап іштім... Қара күштің бәрі айналды жігерге, Санамда сап жер қалмады сабыр туын тігерге. Сылқылдады, былқылдады, күй көңілім балбырап, Абырой мен атағымның басы төмен салбырап, Сайға шапты, айға шапты арыстан боп батылым, Қызға ұқсатып Момынбайдың қылмыңдаған қатынын. Міне, бүгін айна алдында солып тұрмын... Байқаймын, мен арақты емес, кеше арақ мені ішіпті. Бекқожа ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ. Астана. МАҒЫНАСЫ МАЙЫСҚАН МАҚАЛДАР Жаңа қазақ  мақтанса – Ағылшын тілін  білем дер. *** Сырахана жағалағанның шөлі қанбайды. *** Сана жеңбегенді – пара жеңеді. *** Байдың шарапаты  тиер тар жерде, МАИ-дың кесапаты тиер әр жерде. *** Журналистің жазғаны – керім, Жегені – желім. *** “Ә” десе, “мә”  деген қатыннан без, “Ал” емес, “бер” деген жақыннан без. *** Мастың тіліне милиция түсінеді. *** Құдалықта киген тон келте болмас. *** МАИ-дың тоқтатқанынан, Дәметкені қызық. Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Алматы.