Табиғаты бай әрі кең байтақ қазақ даласында жануарлардың көптеген түрі тіршілік етуде. Қаратау жотасы – ежелгі әрі әсем табиғи көріністердің бірі. Бұл өңір археологиялық және этнографиялық ескерткіштерге бай.
Қаратау жотасы мыңдаған жылдар бойы тарихи оқиғалардың куәсі болып келеді. Қасиетті Қаратау жерін ежелгі адамдар мекен етіп, аң аулап, тасқа қашап сурет салған. Ол – моңғол және жоңғар шапқыншылықтарынан қазақ халқына қорған болған қалқан, Кеңес өкіметінің қолдан жасаған ашаршылығы мен репрессиясының тілсіз куәгері. Кеңес заманында Қаратаудың бөктерінде экологиялық жүйеге нұқсан келтірілді, мал жайылып, тау-қазба жұмыстары жүргізіліп, өзендер жағасындағы ағаш-бұталар шабылды.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың орта тұсында Қаратау аумағында мекендеген Тянь-Шань аюы, түркістан сілеусіні сияқты жануарлар антропогендік факторлардың ықпалынан бұл төңіректен мүлдем жойылып кетті. Адам баласы да өз қолымен биологиялық алуан түрлілікке зиян келтіріп, табиғи орныққан тұрақтылықты бұзып, соның салдарынан туындаған қасіреттен жапа шегіп, зардабын тартып жатты.
Еліміз көптен аңсаған тәуелсіздігін алып, Елбасының білікті де салиқалы саясатының арқасында өркендеп, әлемнің дамушы елдерінің қатарына қосылды. Мемлекетіміз Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесе отырып табиғатты қорғау бағдарламаларын жүзеге асыруда.
Экономикалық дағдарысқа қарамастан, Үкімет табиғат қорғау мәселесіне көп көңіл бөлуде. Мемлекет қазынасынан экожүйелерді қалпына келтіру мақсатында көптеген қаржы жұмсалуда. Осының бірден-бір дәлелі – 2004 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №249 қаулысымен Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының құрылуы дер едік. Бұл қорық қарт Қаратау жотасының орталық бөлігінде 34300 гектар жерді алып жатыр. Қорық Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының аумағында орналасқан. Ол 2 учаске және 7 айналымға бөлінген. Қаратау қорығының аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген Қаратау арқарының және басқа да құрып кету қаупі төніп тұрған жануарлар мен өсімдіктер кеңінен таралған.
Негізінде Қазақстанның биологиялық алуандылығының басым бөлігі таулы аймақтарда кездеседі. Ежелгі Қаратау жоталары Қазақстанның табиғи-географиялық аймақтарының ішінде сирек кездесетін теңдесіз түрлердің мекені болып табылады. Мұнда Қаратау арқарының басым бөлігі тіршілік етеді. Қаратау арқары – Қазақстанда мекендейтін арқарлардың түрастысының бірі. Ол ІUSN (2000) Қызыл кітабына ең жоғары жойылу қаупі төніп тұрған түрлер санатына жатқызылған болатын. Денесі ірі, ұзын сирақты жануар. Ересек құлжалардың дене ұзындығы 150-200 сантиметр, биіктігі 125 сантиметрдей. Күзге қарай салмағы – 60-105 килоға жетеді.
Арқардың аналықтары құлжаға қарағанда, кішілеу болып келеді. Дене ұзындығы 100-120 сантиметр, ол жотасының биіктігі 112 сантиметрге жуық. Салмағы – 50-60 кило. Мойны әрі қысқа, әрі жуан. Құлжаларының басы үлкен және орала біткен қошқар мүйіздері болса, аналықтарының денесі жинақы, мүйіздері жіңішке, қысқа, сәл ғана артқа қайырылған. Тері жамылғысы қылшық пен түбіттен тұрады. Түсі ақшыл-қоңыр немесе сұршыл-қоңыр аралығында алмасып отырады.
Арқарлардың мекен ететін сүйікті жерлері – аласа өскен далалық немесе таулы-далалық шөпті өсімдіктермен тұтасқан таудың тегіс баурайлары. Олар суаттары бар, азығы мол, мазаламайтын, үрей туғызбайтын мекендерде тұрақты қоныстайды. Бірақ өрт, мал жаю, тоғышар жәндіктер, қар қалыңдығы, су көздерінің тартылып қалуы, індеттің кең етек алуы – арқардың ондаған шақырымдарға қоныс аударып кетуіне басты себеп болады. Қорегі – бұталар мен шөптесін өсімдіктер. Рационына шамамен өсімдіктердің 70 түрі кіреді. Қазан-қараша айларында күйлейді, 160-165 күн буаз болып, наурыздың аяғында төлдей бастайды. Төлдейтін жерлері тау шатқалдары мен жыралар.
Ал таза Қаратау арқары түрасты ретінде тек қана Қаратау жоталарында мекендейді. Кейбір пікірлерге қарағанда, Қаратаудың оңтүстік-шығыс сілемдерінде арқардың будан тұрпаты кездеседі екен. Бұл Қаратау арқары мен тяньшандық арқардың будандары болуы мүмкін. Бұл ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етеді. 2004 жылдың күзіндегі санақ бойынша қорық аумағында арқардың 38 дарасы бар екенін анықталды. Табиғатты қорғау іс-шараларының нәтижесінде олардың саны бес жылдың ішінде бес есе көбейді. Қорық құрылғалы бері оның аумағында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын қорық инспекторлары және ғылыми қызметкерлер маусымдық санақтар мен мониторингтік бақылауларды үзбей жүргізіп келеді. Ал териофаунаны зерттеу барысында сүтқоректілердің 20 түрі анықталған. Оның ішінде 3 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген – Қаратау арқары, тас сусары, үнді жайрасы.
Бүгінде қорықшылардың алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі – көбейген арқарлардың санын сақтап қалу. Өйткені, қоныс аударатын жерлері қорықтың шекарасынан алыстап кетеді. Қаратау жотасының көлемі 420 шақырымға созылады. Арқарлардың бір бөлігі Боролдай тауларына, екінші бір бөлігі Дәуқара, Темірастау сілемдері арқылы Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарай қоныс аударады. Түркістан орман және жануарлар шаруашылығының аймағынан шыққан бойда олар сұғанақтардың құрбандары болып кете барады. Мұндай жағдайларға жол бермеу үшін арқарлардың қоныс аударатын жолдарын зерттеп, ОҚО-ның ерекше қорғалатын табиғи аймақтары – қорықтар, ұлттық парктер, қаумалдар, орман шаруашылықтары бірлесіп, экологиялық дәліздерді құру мәселесін қолға алулары керек.
Осы мәселелер бойынша қорықтың ғылыми қызметкерлері Дүниежүзілік жабайы табиғатты қорғау қорымен бірлесіп, Қаратау арқарының қоныс аударатын жолдарын экспедиция барысында анықтап, экологиялық дәліз жолдарын қарастырып жатыр. Қаратау арқарының болашағы тек қорықшылардың құзырындағы мәселе емес деп ойлаймын. Намысшыл қазақ халқы өлкеміздің байлығына оң көзімен қараса, арқарды қорғау жолында көмек қолын созса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ж.ӘДІЛБАЕВ, Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының директоры.