Абай – 165
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы қазақтың ұлы ақыны, терең ойшылы ғана емес, сонымен бірге ел басқарудың батпан жүгін қайыспай көтерген нар тұлғалы қоғам қайраткері. Біз мұны оның қаршадай күнінен ел ісіне араласуынан, есейгенде болыстық міндет атқаруынан, толысқан шағында қазақ қауымына арнап заң шығарғанынан білеміз. Ақынның бұл істерді қалай алып жүргенін көрсету үшін сол кезеңдегі қоғамдық құрылыс жайына қысқаша көз жіберейік.
1731 жылғы 19 ақпанда Петр Біріншінің жесірі, патшайым Анна Иоановна Кіші жүзді Ресей империясының қол астына алу жөніндегі грамотаға қол қойды, соның артынша Ресейге Орта жүз де қосыла бастады. Бұрын Қоқан, Хиуа хандықтарының дәргейінде болып келген Жетісу қазақтары да он тоғызыншы ғасырдың ортасында орысқа қарады. Ал “бөліп ал да, билей бер” саясатын ұстанған отаршылар қазақты Орынбор, Түркістан, Батыс Сібір гүбернаторлығына бөлгенін білеміз. Әр жерде ұсақ хандықтар құрылды, халықтың тұтастығы, Абылай орнатқан бірлігі бұзылды, “Есім салған ескі жолдың”, “Қасым салған қасқа жолдың”, Тәукенің “Жеті жарғысының” қағидалары қағажу көрді. Бұлардың орнына қазақтарды кіріптарлыққа салатын орыс заңдары бірінен соң бірі шығып, бөгетсіз күшіне енді. Олардың дені ұлтымызды дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан айырып, орыстандыру саясатын көздейді. Ресей империясының 1775-1780 жылдарғы заңдар жинағында Екінші Екатерина патшайымның қазақ даласындағы ру басыларын өзара қырқыстыра беру жөнінде орыс миссионерлеріне жазған хаты жарияланған. Абылай орнатқан бірлікті қалпына келтіріп, халықты бодандық бұғауынан босатпақ болған Кенесары Қасымұлы жасаған көтеріліс сәтсіз аяқталы, басынан билік кеткен ел еріксіз жуасып, отаршылардың ыңғайына жығылды.
Ресей империясы бодан халыққа шеңгелін батыра түсті, ел басқарудың хандық жүйесін жойып, билеп-төстеудің өздеріне қолайлы тәртібін орнатты. Қарқаралы дуанына аға сұлтандыққа сайланған Құнанбайдың әкесі Өскенбай да, атасы Ырғызбай да би болған, патшадан шен алған, шекпен киген адамдар. Бірбеткей, өжет Ырғызбай әуелде орысқа бағынғысы келмесе, Өскенбай оған керісінше, иі жұмсақ, мәмілегер кісі болыпты. Ал Құнанбайдың жайы көпшілікке жақсы белгілі, бойынан әділдік те, қаталдық та табылады. Оқымаса да тоқығаны көп, шешен, діндар адам. Ол Күшік Тобықтыға болыс боп жүргенде, одан кейін де елді екіге бөлуге жол бермеді, орыс миссионерлерінің қазақтарды шоқындырмақ болған ісіне бөгет жасады, ауылда мектеп ашқызды.
Бұл кезде Қоянды жәрмеңкесі ашылып, қазақ даласына сауда капиталы жол салып, алғашқы қоныс аударушылар келіп, отырықшы тұрмыс орын тебе бастаған еді. Міне, осындай жағдайда Құнанбай өзінің Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқыған, үш ай орыс мектебінде сауат ашқан, он үш жасар зерек баласы Ибраһимді қасына алып, ел ісіне араластыра бастады. Болашақ ұлы ақын әуелі әкесінің жұмсауымен Шыңғыстың төрінде отырған Көкше руының адамы Қаратайға барып, Құнанбай мен екеуінің арасындағы кикілжің сырына қанып қайтады, бұл оның қоғамдық жұмысқа жегілуінің басы еді.
Сұрқы жаман, сұрқия заманның сырын Абай бірте-бірте пайымдайды, отаршылдық қамытын киген қазақ елінде әділеттің ақ туы жығылғанын, арамдықтың аты озғанын, атқамінерлердің бойында екіжүзділік, жағымпаздық, бақталастық, әлімжеттілік, күншілдік етек алғанын, ел ішін ұрлық-қарлық, арызқойлық, өсекшілдік сияқты жексұрын әдеттер жайлағанын, кеселді қылықтар көбейгенін көрді. “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” деп қабырғасы қайысқан, көкірегі қарс айырылған ақын қандастарының бойы мен ойын осылардан тазартып, қатарға қосуға сөзімен де, ісімен де әрекет етті. Басынан еркі кеткен еліне бұл кесапаттардың қайдан келгенін білсе де жұртын билеуші халықтан бөліп әкетуді көздемеді, керісінше онымен терезе теңестірудің жолы ретінде “орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де ғылым да – бәрі орыста. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі” деген ақылын көлденең тартты. Семейден үнемі кітап алдырып, орыспен ірге басқа елдердің ақын, жазушыларының, ойшылдарының еңбектерімен танысты.
Абайдың қайын атасы Алшынбай Тіленшіұлы Орта жүздің атақты биі Қаздауысты Қазыбектің шөбересі, Арғынның бетке ұстар адамдарының бірі болды. Ресей империясының заңдары үстемдік құруына байланысты оның да беделі төмендей бастады. Жағдайдың солай өзгеруіне орай Абай да “ескі бише отырман бос мақалдап” деуге мәжбүр болды. Әйтсе де жұрттың түрлі дау-шарын шешкенде әділ шешім шығарған сөздерді көп айтты, олардың хатқа түскендері өз алдына, ел аузында қалғандары әлі жиналуда.
1875 жылы Қоңыр Көкшеге жаңа болыс сайлау керек болды, бұл орынға алдын ала Мамай руының жуаны, сол елде тұратын Үзікбай Бөрібаев белгіленді. Алайда үйез бастығы Павел Яковлевич Измайловтың таңдауы көзі ашық, орысша сауатты, елге қадірлі Ибраһим Құнанбайұлына түсті. Бұл кезде Абайдың жасы тура отызда, орда бұзар шағы. Үлкен ұлық шақырып алып, келісімін сұрады. Көршілерінің жағдайын көріп жүрген, қолынан келгенше күштілерден теперіш көрген нашар адамдарға көмектесуді, араны ашылған байларды тәубеге келтіруді, әділет орнатуды, ұрлық-қарлықты тыюды, жұртты жөнге салуды көздеген ақын қарсы болмады. Парақор билеушілерден құтылған қарапайымбұқара оны құшақ жая қарсы алды. Ақыл-парасатымен, адамгершілігімен, әділдігімен, білімімен елге де, жоғарғы жаққа да жаққан ақын басқарған жұрт барымта-сарымтаны, дау-шарды азайтып, түзу жолға түсе бастады. Мүмкін олар “сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел” деген Абайдың:
“Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншілдіксіз тату боп шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз”, – деген сөздеріне тоқтаған болар.
Өкінішке қарай, сол өлеңде “жаман тату қазады өзіңе ор, оған сенсең бір күн боларсың қор” деп өзі айтқандай, бұрын тату-тәтті жүретін жоғарыдағы Үзікбай қызғаныштан іші күйіп, айырылып қалған бақ құсын қолына қондырмақ боп, “Қоңыр Көкшенің жаңа болысы Ибраһим Құнанбаев менің ежелгі қонысым Таймақкөлді тартып алды” деп жала жауып, басқа пәлелерді де үйіп-төгіп, жақтастарынан жалған куәлар дайындап, ақша жинап, Семейге барады, өзгеге тізесін батырған зорлықшыл байлардан оны қолдаушылар да табылды.
Таймақкөл болса бұрын ешкімнің меншігі емес, бос жатқан өңір, сөйтсе де ақынға көрінеу жабылған жаланы расқа шығармақ болған жалған куәлердің бірі кезінде әкесімен өштескен Қаратай Сапақов, арызқойды айдап салушы да сол, бұлардан басқа Бақтыбаев, Құдайбердин,Үркімбаев, Шилібаев дейтіндер шықты.
“Жау табылса бұзылмас жан көрмедім,
Артық жолдас таппадым татулықтан”, – деп ақын сол тұсты тұспалдаған тәрізді.
Алайда Абайды білетін, сыйлайтын адамдар да аз емес еді, үйез бастығы Измаилов, оның орнына келген Лосовский, Казанцев, басқа орыс достары да қорғады. Солардың ішінде Чернышевский мен Шелгуновтың шәкірті, солардың үйірмесіне қатысқаны үшін Санкт-Петербуг университетінен шығарылып, Сібірге жер аударылған, одан Семейге келген, облыстық статистика басқармасында қызмет істеп жүрген жебірей жігіті Евгений Петрович Михаэлистің орны бөлек. Соның ықпалымен бұрын Семей сотында қызметте болған Александр Егорович Врангель, үйездік судья П.В.Маковецкий ақынға оң көздерімен қарады. Оның үстіне жеті жүз адам куә боп, Абайды ақтап сотта сөз сөйледі, сөйтіп 1884 жылы он жылға созылған іс жабылды.
Келесі жылы Семейден жетпіс шақырым жерде, Шар өзені бойындағы Қарамола жәрмеңкесінде қыр елі үшін заң жобасын жасауға арналған төтенше сиез шақырылды. Оған облысқа қарайтын Семей, Зайсан, Кереку, Өскемен, Қарқаралы үйездерінен келген өкілдер қатысты. Сол жиынды көзі көрген Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша, әр елден жиналған жүз би өзара ақылдаса келіп, Абайды төбе би етіп сайлайды. Оны Семей, Кереку, Қарқаралы жақ қолдайды, ал Тобықтыда ескі кегі бар Өскемен, Зайсан үйездерінің қазақтары қарсы шығады. Уақтың беделді ақсақалы, Абайдың досжар адамы Әлімхан бастап, басқалар қостап, олардың бетін қайтарады. Ақыры ақын заң жобасын жасауға кіріскенде әлгі кісіге жолығып, былай дейді:
– Әлеке, оязбен сөйлестім, орыстың қазақ дауы туралы шығарған заңы тура келмейтінін айттым. Ояз оған тоқтап, “олай болса сен қазақтың ғұрпына, әдетіне, тұрмысына лайық заң шығарып жаз. Осы сиязға жиналған елге, билерге оқып бер, егер оларға ұнамағаны болса түзет. Сол көптің ұнатқан заңын мен бекітейін, бұдан былай қазақ ортасына белгілі заң болсын” деді. Соны жазып жатырмын. Үш күнге дейін билер жиналмай, үйлерінде отыра тұрмақ болды. Ал ағайын сөзді өзі бітім қыла берер, жаңа заңды жұрт ұнатқаннан кейін ояз бекітеді.
Біз бұл күнде жоғарғы билік орындарын басқарушы, атқарушы, заң шығарушы деп жіктеп жүрміз. Жоғарыдағы жайларға қарап, Абай үлкен қоғам қайраткері ретінде солардың екі тармағында із қалдырғанын көреміз. Ол “Қарамола ережесін” жазғанда өзіне жүктелген міндеттің ауырлығын сезініп, оны аса бір ыждаһатпен орындай білді. Ақын үшінші сөзінде “... әрбір болыс елде старшина басы бір би сайлағандық, бұл халыққа көп залал болғандығы білініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы “Қасым ханның қасқа жолын”, “Есім ханның ескі жолын”, әз Тәуке ханның Күлтөбенің басында күнде кеңес болғандығы “Жеті жарғысын” білмек керек. Һәм ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу соларға жарарлық кісі болса керек еді; ондай кісі аз, тіпті жоқ”, – деп жазған еді. Ақыры сол кісі табылды, ол өзі боп шықты.
Абай өзін ел билеу өнеріне баулыған әкесі Құнанбайдың аузынан ескі жол-жобаны көп естіп, көкірегіне түйіп өсті. Ресей империясының бұрынғы-соңды шығарған заңдарын жетік білді, Льонтевтің “Обычные право у киргизов”, Шарль Монтескьенің “Заңдар рухы туралы”, Шоқан Уәлихановтың “Сот реформасы туралы” жазбаларымен таныс болды. “Қарамола” ережесі туралы М.Әуезов: “Ол күннің жағдайында шамасы келген көпшілік үшін әділет іздеген Абай ұрлық, қылмыс пен әйел мәселесіне арнап екі ереже айтады” дейді.
Абай өзінің қара сөздерінде “бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адам айтыпты, “би екеу болса, дау төртеу болады” деп. Оның мәнісі тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді. Дегенмен дұрыс айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, әйтпесе түспесе. Олар билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып біте берсе, егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді” деген сөзін іске асырады, ережедегі дауды шешетін билер саны әр тараптан үштен артық болмасын деп көрсетеді. Билер көбейсе дау ұлғайып қана қоймай, пара алушылық қоса қаулайтынын ескертеді.
Өзін шын мұсылман санаған адам қолына Құран ұстап тұрып, Алланы атап берген антын ешқашан бұзбайды. Абай да өзі жазған ережеге жазаланған адамдардан алдағы уақытта қайталап қылмыс жасамайтыны туралы молданың қатысуымен көпшіліктің алдында Құран ұстап, ант беруін кіргізеді. Қазіргі кезде халыққа адал қызмет ететіндері жөнінде ант берушілер де осы үрдісті жаңғыртса ғой дейсің. Құдай сөзі – Құран мәңгі бақи өзгермейді. Өкінішке қарай, біз таза мұсылман елі емеспіз, көп дін ұстайтын жұрт мекендейтін жерде өмір сүреміз. Туысқан көршіміз өз елін “Қырғыз республикасы” деп жазса, біз “Қазақстан Республикасы” деп жазамыз.
Абай адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды жасы 18-ге толғанда бастауды ұсынады, қазақтың күнкөрісі төрт түлікке байланысты болғандықтан, мал ұрлығына, барымтаға қатал қарайды; қолға түскен ұрыға алпыс дүре соғып, бір ай қамауда ұстауға, ұрлаған әр мал үшін мойнына қосақ, құйрығына тіркеу, қанды ат, билік ат айып төлеуді кіргізеді, ұрыға көмектескендер де жазаға тартылады. Сан рет қайта қабылданған біздің Қылмыстық Кодексте мал ұрлығына байланысты жөні түзу бап кіргізілмей келе жатқанын қынжыла айтуға мәжбүрміз. Ал Абай жазған “Қарамола ережесінде” әр қылмысты жіктейтін жетпіс төрт бап болыпты.
Абай қырық бірінші сөзінде билеушілер үшін “әуелі бек зор өкімет, жарлық қолында болуы керек” дегенде заң талаптарын орындауға көңіл бөлген секілді, сонымен бірге “сыпайы жүр де шаруа ойла, даңғойланып қақтықпа” деген сөздері бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс кодексімен тығыз қабысып жатқандай. Ал он бесінші сөзінде ел басқаратын, көпке өнеге көрсететін адам алдымен өзін өзі жөнге салып алуы керектігін ескертеді. “Егер де есті кісі қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал. Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?” деген сауал қояды.
Абай Қарамола, Көктума, Балықбек сиездерінде жұрт алдында күрмеуі көп, түйіні қатты талай дауларды тарқатып, әділ билік айтқан. Алмағайып заманда еліміз көз жазып қалған “Қарамола ережесі” Қазаннан табылды, қазір Семейдегі Абай мұражайында сақтаулы.
Орыстың үлкен ақындарының бірі Николай Алексеевич Некрасов “Ақын болмай-ақ қой, бірақ азамат болуға міндеттісің” деген еді. Біз ақырын жүріп, анық басып, жеріне жетіп жығылған Абайды алдымен осындай өзгеге үлгі-өнеге боларлық адамдық, азаматтық һәм қайраткерлік қасиеттеріне қарап әулие тұтамыз.
Сапарғали ЛӘМБЕКҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласы.