07 Тамыз, 2010

Сыртқы саясаттағы сындарлы шаралар

443 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов еліміздің сыртқы саясат саласында болып жатқан маңызды оқиғаларға байланысты брифинг өткізді. Ресми өкілдің мәлімдемесі бойынша 5 тамыз күні Түркияның Бодрум қаласында Түркия Сыртқы істер министрі Ахмет Давуто­глу­дың, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сауда­баев­тың, Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Эльдар Мамедияровтың және Қырғызстан Сыртқы істер министрі Руслан Қазақпаевтың қатысуымен бейресми кездесу өткен. Бұл кездесуді Түркі кеңесі – түркі тілдес мемлекеттер ын­тымақтастығы кеңесінің саммитіне дайындық жұмыстарының қатары­на жатқызуға болады. Естеріңізге сала кетсек, Түркі кеңесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сымен 2009 жылы қазан айында Әзірбайжанның Нахичевань қала­сында өткен Түркітілдес мемле­кет­тер басшыларының саммитінде құрылған болатын. Кездесу барысында төрт елдің министрлері келесі айда, яғни қыр­күйекте Ыстамбұлда өтетін түр­кітілдес мемлекеттер басшы­лары­ның алдағы кездесуінің күн тәртібін және бірқатар ұйым­дастыру шараларын қабылдау жолымен аталған институтты нығайту жолдарын талқылады. Сонымен қатар ресми өкіл А.Абдрахманов қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімі бойынша Түркі кеңесі бауырлас елдер арасындағы саяси және эко­номикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, түркі халық­тары­ның мәдени-тарихи мұрасын сақтауға және танымал етуге қызмет ететін болатындығын атап көрсетті. Бодрумдағы кездесу барысында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары сонымен бірге, Қыр­ғызстандағы жағдайды қоса алған­да, халықаралық және аймақтық проблемалардың бірқатарын тал­қы­лады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 2010 жылы желтоқсанда Астанада Ұйымның Саммитін өткізу туралы 3 тамызда қабылдаған шешіміне терең қанағаттанушылық білдіріп, бұл шешімнің Қазақстан мен оның көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың күш-жігерлері мен жетіс­тіктерін тану болып табы­латын­дығы да кездесуде көтерген аса маңызды мәселелердің бірі болды. 7 тамыз күні Ташкентте “Ор­талық Азия+Жапония” диалогы шең­беріндегі Сыртқы істер ми­нистрлерінің үшінші кеңесі өте­тіндігі белгілі болды.  Кеңес ба­ры­сында тараптар экономикалық ынымақтастық, аймақ тұрғын­дарының әл-ауқатын арттыру, діни экстремизммен, есірткі тра­фи­гімен, заңсыз көші-қонмен кү­рес, Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды оңалту, көлік-комму­ни­кация және су-энергетика сала­ларында өзара ықпалдастық, аймақтағы елдердің экономикалық әлеуетін Ауғанстанды қалпына келтіруге жұмылдыру, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ынтымақтастық мәселелерін тал­қылайды.  Ресми өкіл 9-10 та­мызда Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Саудабаевтың шақыруымен Жа­понияның Сыртқы істер министрі Кацуя Окаданың Астанаға ресми сапармен келетінін хабарлады. Сапар барысында бірқатар ке­ліссөздер жүргізіліп, 2008 жылы маусым айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысы талқыланатын болады. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.