10 Тамыз, 2010

Өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтіле түспек

828 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте еліміздің орманды-далалы алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Осы бойынша баяндама жаса­ған Төтенше жағдайлар министрі­нің орынбасары Валерий Петров қазіргі уақытта еліміздегі өрт қау­іпсіздігі жағдайы күрделі күйінде екендігін жеткізді. Оған биылғы жаз­дың ыстық және құрғақшы­лық­ты болуы үлкен әсер етуде. Ви­це-министрдің айтуынша, үсті­міз­дегі жылдың 7 айының ішінде елі­мізде 363 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 12-сі ерекше қорғалатын табиғи ау­мақтарда, 243-і жергілікті ор­ган­дардың қарауындағы далалық ау­мақ­тарда болған. Өрт 4 мың гектар жерді шарпыған. 35 миллион тең­генің зардаптарына ұрындырған. Өрт шығу оқиғаларының саны был­­тырғы жылдың осы мерзімін­дегі көрсеткіштен 10 пайызға азая түскенімен, өрттің таралу ауқымы 19 пайызға көбейген. Синоптиктердің болжамына қарағанда, үстіміздегі жылдың та­мыз-қыркүйек айлары құрғақшы­лық жағдайында өтпек. Демек, осы уақыт аралығында өрт қауіпсіздігі мә­селесі барынша қарастырылуы ке­рек. Өкінішке орай, көптеген об­лыстарда бұған сайма-сай әзірлік­тер жасалынған жоқ. Мәселен, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды, Павлодар, Оң­түс­тік Қазақстан облыстары өрт сөн­діруге қатысты жалпы жиыны 43 миллион теңгенің техникаларын сатып алуды жоспарласа, қалған облыстар бұл мәселеге мән бер­меген болып шықты. Валерий Петров қазіргі күні қол­даныстағы өрт сөндіру техни­ка­­ларының көпшілігі ескіргендігін, олар­дың көбі 70-80 жылдары шы­ға­рылғандығын айтып өтті. Сон­дықтан ең алдымен өрттің алдын алу шараларын мейлінше қатайта түскен жөн. Өрт қаупі барынша сақ­талып отырған тамыз-қыркүйек айларында халықтың орманға ба­рып дем алуын шектей түсу қажет. Сонымен қатар орман шаруашы­лық­тары күзет шараларын мей­лін­ше күшейтуі, қажетті техникаларды жанар-жағармаймен толық қамтып, оларды сайма-сай әзірлікке қой­ғаны орынды. Ауыл шаруашылығы министрлі­гі­нің жауапты хатшысы Евгений Аман министрлікке қарайтын ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтарда, ұлттық парктер мен қорықтарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнін­дегі атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, қауіп­сіздік шараларын күшейту үшін 109 өрт сөндіру мәшинесін қосымша сатып алу қажет. Күзет шараларын күндіз-түні ұйымдастыру қолға алы­нуда. Сонымен қатар өрт қау­іпсіздігін ұшақтар арқылы бақы­лаудың тиімді екендігі көрініп отыр. Сондықтан өрт сөндіру қы­з­­метінің ұшақтар паркін нығайта түсу орынды болар еді. Көлік және коммуникациялар ми­нистрлігінің ақпараттарына қа­рағанда темір жолдар мен авто­жол­дардың бойында қорғау бел­деуі ретінде орналастырылған ағаш­тар­дың өрт қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін нақты шаралар жүзеге асырылған. Бүгінгі күні қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету үшін 8 өрт сөн­діру пойызы қызмет етуде. Авто­­жолдардың бойындағы 32 мың қураған ағаш кесіліп алынған. Аталған мәселе бойынша инте­рак­тивті байланыс арқылы барлық облыстар басшылары Премьер-Министрдің алдында есеп берді. Мәселені қорытындылаған Кә­рім Мәсімов республикада және об­лыстарда өрт қауіпсіздігін қамта­масыз ету шараларымен шұғылда­на­тын штабтар құру туралы тап­сыр­­ма берді. Республикалық штаб­ты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев басқаратын болды. Үкімет басшысы қазіргі күні өрт сөндіру ісімен белсене шұғылданып жатқан Ресейдің тәжірибесін зерт­теп, оның оңды жақтарын жедел­де­тіп енгізу қажеттігін айтты. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.