Жетісудың таулы табиғаты көркем, құз-шыңы адамның ерік-жігерін шыңдап, сезімін тербейді. Текелі шаһарының айналасындағы көгілдір таулардың көрінісі тіпті ғажап. Осындай сұлулықты паш ету, жарқырата көрсету арқылы туристер тартып, оны қаржы көзіне айналдыру бүгінгі күннің еншісіндегі мәселе. Қала Алатаудың батыс сілемдері шатқалының бірінде, теңіз деңгейінен 950-1600 метр биіктікте орналасса, оның іргесі 1911 жылы қаланып, 1927 жылы кент мәртебесі берілген екен. Қаланың оң жағалауынан қорғасын, мырыш, күміс, кадмий кендері табылып, ел экономикасын арттыруға үлес қосып, кезінде қаншама жандарға қанат бітірді десеңізші. Десек те, осы мекеннің бар болмысын көпшілікке көрсету жағы кемшін түсіп жатқаны анық. Осыған орай Текелі қаласындағы тау шатқалында тау және жаяу жүру туризміне арналған “Жоңғария – 2010” ашық республикалық туриадасы басталып, ол біраз уақытқа созылатындықтан алға қойған мақсат-мүдде жоғары.
Жалау көтерген туриада биыл “Туризм есірткіге қарсы” ұранымен жастарды саламатты өмір салтын қалыптастыру мен туризмді спорттың бір түрі ретінде насихаттауды, Жоңғар Алатауындағы туристік бағыт пен жастарға экологиялық тепе-теңдікті сақтауға баулуды алға қоюымен құнды деуге болады.
Талдықорған қаласындағы “Жасөспірім техниктер” үйірмесі мен “Жоңғария” туристік клуб жетекшісі Александр Бобрусов әңгімесінде жастарды спорттық туризмге көптеп тартуды, тау туризмнің техникасындағы тәжірибені арттырып, разрядты туристердің қатарын көбейту қажеттігін ортаға салды. Сондай-ақ, нұсқаушылар дайындап, ТМД мемлекеттеріндегі туристік мекемелермен байланыс орнату мақсат етілгеніне де екпін берді.
Көптен бері Шіркейсай тау шатқалы туристер назарынан тыс қалып келді. Алайда, қазіргі таңда бұл сайда демалушылар мен туристердің қатары едәуір өскен. Республикалық туриада ашық болғандықтан оған тіпті Ресей мемлекетінің туристік топтары да көптеп көңіл аударып, қатысуда. Мәселен, туриада тобының екеуі Мәскеуде жинақталса, Барнаул мен Томскінің туристік топтары да алыстан арнайы ат арылтып келген. Ал қалған топтар Көкшетау, Қарағанды, Шымкент, Алматы қалалары мен Талдықорған өңірінен құрылып, жасақталған. Барлығы 180-ге жуық туристер 15 командаға бөлініп, әр команданың жеке маршрутпен табиғатты тамашалауына мүмкіндік туғызылған. Маршруттың арнайы категориялық деңгейі бар десек, оны жүріп өткен жастар спорттық деңгейлерін көтеруіне мүмкіндік алады. Туристердің жеке қауіпсіздігіне “Риск” құтқарушы отряды” қоғамдық бірлестігі жауапты болғандықтан, олардың белсенділігі де ерекше.
– Талдықорғаннан шыққанда Шіркейсай тау шатқалына шамамен екі сағатта жетуге болады. Лагерь теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте. Сондықтан оған кез келген автокөлік шыға алмайтындықтан, жол талғамайтын “ГАЗ-66” немесе “УАЗ” сияқты көлік пайдаланылуда. Палаткалық лагерьде туристерге әзірге талапқа сай тұрмыстық жағдайлар жасалмаған. Бірақ, алдағы жоспар айқын. Болашақта осы мекенді жалға алып, базалық лагерь жасау жөнінде мәселе көтерілуде, деді клуб жетекшісі.
Жетісуды айдай әлемге танытқан – Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу тәрізді жеті өзеннің суы балдай, тұнық. Ал, Шіркейсай шатқалының шетіндегі шөбі шүйгін туриаданың ашылу салтанатына келгендердің ешқайсысы оған бей-жай қарамады. Таңғажайып тау көріністерін тамашалап, сезімдерімен бөлісіп, жақсы көңіл-күйге бөленді. Туристер қатарында жалындаған жастар да көп. Олардың қоршаған ортаны білуге құмарлығы да көңіл аудартады.
– Мен спорт және туризм академиясында оқимын. Қазіргі кезде жаттырықтырушы болып жұмыс істеймін. Туристік топпен тау шатқалына келгеніме қуаныштымын. Командамыз “Тритон” деп аталады. Біз 130 шақырымдық маршрутты бастап, категориямызды көтерсек деген мақсатпен сапарымызды жалғастырдық. Жазғы туристік бағыт мамандығым бойынша тәжірибе жинақтауыма септігін тигізеді, – деді Ернар Әбдірасылов. Күнге күйіп, тотыққан жастардың жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы туризмді дамыту бөлімінің маманы Айнұр Дәулеталиева туриада облыстағы туристік маршруттарды жарнамалап, оны халыққа кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретінін айтады. Мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы керек деп, тұрғындарды саламатты өмір салтын қалыптастыру мен өлкедегі табиғаты сұлу жерлермен танысуға үндеді.
Туриада соңынан осы тақырып аясында фотосурет, туристік әндерге байқау жарияланып, жаз қызығы жалғасады.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.