Жиырма жылға да тола қоймаған тәуелсіздік тарихында Қазақстан талай-талай тамаша табыстарға қол жеткізді. Солардың арасындағы ең шоқтықтысы – ТМД мемлекеттері арасынан, Азия елдерінің арасынан, мұсылман әлемі арасынан, түркі тілдес мемлекеттер арасынан бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына сайланғандығы. Президент Н.Ә.Назарбаевтың мәлімдемесінде айтылғанындай, биылғы 3 тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада осы аса ірі халықаралық ұйымның Саммитін өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдады.
Биік беделді халықаралық ұйым Саммитінің 11 жылғы үзілістен соң біздің елордамызда өткізілуі Мемлекет басшысының сыртқы саясат саласындағы көптеген жылдардан бергі күш-жігерінің нақышты нәтижесі болмақшы.
Осы орасан мәнді шешімге орай біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат САУДАБАЕВПЕН сұхбаттастық. Енді сол әңгімеге назар салыңыз, қадірменді оқырман.
– Құрметті Қанат Бекмырзаұлы! Ең алдымен Елбасымыз мәлімдемесінде жария етілген жан сүйсінтер жақсы жаңалыққа байланысты құттықтауды қабыл алыңыз. Бұл қадірін білген адамға әрбір қазақстандық бір-бірінен сүйінші сұрайтындай оқиға. Орайы келіп тұрғанда өзіңізбен түрік жерінде әдейі жүздесіп, түркі тілдес елдер сыртқы істер министрлерінің Бодрумдағы бейресми кездесуіне қатысқаныңызды сұхбат алу үшін пайдаланып қалып жатқанымыз да сондықтан. Әңгімемізді осы шешімнің мән-маңызы жөнінде айтудан бастасақ.
– Бұл шешімнің біздің еліміз үшін қандайлық тарихи маңызы бар екенін Президент Назарбаев өз мәлімдемесінде әділдікпен әрі әдемі айтты. Елбасымыз былай деді:
“Бұл тарихи шешім – қазақстандық толайым табыстардың абыройлы айғағы!
Бүгінде Қазақстан ғаламдық қауіпсіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың кепіліне, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналды.
Төрткүл дүниеге төрелік айтқан Қазақ елі Азия және ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет беделді ұйымның Саммитін өткізеді.
Қазақ елі бұрын-соңды мұндай биікке жеткен емес”.
Бұл сөздер әрбіріміздің жадымызда жаңғырып жүрсе дейміз. Барша отандастарымыз өз мемлекеті Елбасысының, жаңа Қазақстанның сәулетшісі мен мемлекетқұрушысының көшбасшылығымен қол жеткізген, бұрын-соңды болып көрмеген халықаралық табысын мақтаныш етуге құқылы. Сондықтан да осы хабарға байланысты біз ең алдымен Елбасымызды ұлт көшбасшысы ретіндегі жарқын жеңісімен құттықтасақ әбден орынды болады.
– Енді Сізге интернеттен алынған бір материалдан үзінді оқып беріп, әңгімені соған байланысты сұрақтан өрбітпекпін. Жақында АҚШ-тың беделді “Джеймстаун” қорының сайтында жарияланған мақаланың орысшаға аудармасында былай делінген: “То, как Казахстану удалось убедить страны-участницы ОБСЕ сначала поддержать его заявку на пост председателя, а затем и в его стремлении провести саммит ОБСЕ, представляет собой хрестоматийный пример эффективной публичной дипломатии. Политические лидеры и дипломаты Казахстана грамотно реагируют на внешнюю критику и способны убеждать своих коллег в том, что положительные перемены действительно имеют место. Экономика Казахстана и его стремление занять ведущее место на региональной политической арене воодушевляют политических лидеров страны идти к покорению новых рубежей”. Бұған не айтасыз?
– Ол мақаланы мен де оқыдым. Расында да, “хрестоматиялық үлгі” дегені сирек қолданылатын баға. Бүгінде халықаралық сарапшылар сондай-ақ біздің төрағалығымыз Қазақстандағы ғана емес, бүкіл осы өңірдегі демократиялық жаңғыруларға жаңаша серпін қосатындығын, Қазақстан ықпалдастығының еуропалық бағытын едәуір күшейте түсетіндігін айтып отыр.
Қазақстан төрағалығына байланысты мұндай жағымды пікірлер баспасөз бетінде де, теледидарда да, интернет сайттарында да айтылып, жазылып жатыр. Мұның өзі біздің Президентіміздің экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан дамыған Қазақстанды құрудағы аса көрнекті көшбасшылығының, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ауқымды жеке үлесінің халықаралық қоғамдастық тарапынан нақты мойындалуының кезекті келісті көрінісі болып табылады.
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Ақбұлақта өткен бейресми кездесуінде Нұрсұлтан Әбішұлы терең мағыналы сөз сөйледі. Ол сөз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекетті басқаратын адамның сөзі ғана болып шыққан жоқ. Ол сөз қауіпсіздік мәселесі, жасампаздық пен ынтымақтастық мәселесі өз елінде де, жаһандық ауқымда да бүкіл қызметінің өзегіне, былайша айтқанда квинтэссенциясына, өмірінің мәніне айналған адамның сөзі болып шықты. Кездесуге қатысушылардың Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ Саммитін биыл өткізу, оны Астанада өткізу жөніндегі ұсынысын бірауыздан қолдауына әсер еткен маңызды жайдың бірі Елбасымыздың осы сөзі еді.
Осы орайда Саммитті өткізу шешіміне қолдау көрсеткен барлық қатысушы мемлекеттерге шынайы алғысымызды айтамыз.
Астанада өткізілетін Саммит халықаралық қауымдастық тарапынан әлемдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту, Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшылықтарды еңсеру, Еуратлантика және Еуразия кеңістігінде бөлінбейтін қауіпсіздік қоғамдастығын құру жолындағы Қазақстан мен оның жалпыұлттық көшбасшысының ерекше рөлін мойындаудың жарқын үлгісі болмақ.
Бүгін біздің Астана Саммиті – Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы табысты жүргізіп келе жатқан ішкі және сыртқы саясатының салтанатына айналады деп мәлімдеуге толық негізіміз бар.
– Осы орайда өзіңізбен шетелдік сапар кезіндегі бір әңгімеңіз еске түседі. Елбасымыз 2006 жылдың қыркүйегінде АҚШ-қа барғанында сол кездегі Президент Дж. Бушпен жүргізген келіссөзін айтқан едіңіз.
– Ақ үй қожайынымен кездесудің алдында, Мемлекеттік департаменттің өтінішін ескеріп, біз Елбасынан АҚШ Президентімен әңгімеде ЕҚЫҰ тақырыбын қозғамауды сұраған едік. Алайда, Президент күрмеуі қиын түйінді тез шеше алатын сирек қасиетін тағы да танытып, Буштың алдына осы мәселені бұлталақсыз, тікелей қойды.
Джордж Буш та бірден-ақ төтесінен тартып: “Сіздерге ол ұйымның қажеті қанша? Төраға елге талап көп қойылады, ана мәселеде де, мына мәселеде де үлкейткіш шынымен қарағандай тексере береді, сынай береді. Сол сіздерге керек пе?” деп сұрап қалды.
Дипломатия тілінде бұл, расында да, біздің кандидатурамызға қарсы шығудың нақ өзі болатын. Сонда да Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мықты уәждерімен, темірдей берік ой-қисынымен, таң қаларлықтай адамдық тартымдылығымен АҚШ-тай ұлы елдің басшысын райынан қайтара алды. Сол жерде, Сопақша кабинетте-ақ Джордж Буш ол кездегі Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райсқа ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөнінде Қазақстанның кандидатурасын қолдауға тапсырма беріп тастады, мұның өзі 2007 жылдың 30 қарашасында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің шешіміне нақты әсер еткен жай болды.
Қазақстан кандидатурасын басқа елдер де бірден қолдай кеткен жоқ. Елбасымыз жылдар бойындағы ресми сапарлары кезінде көптеген мемлекет басшыларымен кездесе жүріп, Қазақстанның осындай Ұйымға төрағалық етуге қай жағынан да пісіп-жетіліп тұрғанын көз жеткізе дәлелдеді, ақыры Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдауына қол жеткізе алды.
Бұл арада Назарбаевтың халықаралық аренадағы аса биік беделімен қатар, айтқан сөзіне елді ұйытып, ұсынысын өткізбей қоймайтын қасиетінің, жоғары дипломатиялық шеберлігінің және елден ерекше харизмасының да үлкен рөлі болғанын айтқым келеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы ЕҚЫҰ төрағалығына қол жеткізумен де тоқтап қалған жоқ. Мұнан соң Елбасымыз жұрттың көбі сәтімен шешілеріне сене қоймаған мақсатқа – Ұйым Саммитін Астанада, біздің төрағалығымыз жылында өткізу мақсатына ұмтылды. Ақыр аяғында, міне, ол мақсатқа да қолымызды жеткізді.
Мемлекетіміз басшысының бұл бастамасының ЕҚЫҰ жауапты ауқымды кеңістіктегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін, Ұйымының өзінің дамуы үшін көкейкестілігі мен стратегиялық маңызын асыра бағалау қиын. Біздің бүгінгі мақсатымыз – Ванкувер мен Владивосток арасындағы қауіпсіздік кеңістігі тұжырымдамасын тарихта қалдырып, жаңадан еуразиялық және еуратлантикалық қауіпсіздік қоғамдастығын құру ісіне көшу. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесудің нәтижесінде жаңа геосаяси жағдайда Хельсинки Қорытынды актісі тұжырымдамасынан табиғи және көкейге қонымды түрде туындайтын “Астана рухы” секілді жаңа саяси ұғым пайда болатынына мен кәміл сенемін. Бұл біздің Ұйымның 35 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуге және оны XXІ ғасырда жаңа жетістіктерге жетелеуге жол ашуы тиіс.
Қазақстан осы ұйымға төраға болды дегенге екпін түсіре айтатындығымыз біздің осы мәртебеге ТМД-да, Азияда, мұсылман әлемінде, түркі жұртында бірінші қол жеткізгенімізге, осы топтардан алдымен суырылып шыққанымызға байланысты екенін есте ұстауға тиіспіз. Астананың осы абыройлы ұйымдағы төрағалығын Мемлекетіміз басшысының сыртқы саясаттағы қызметінің тамаша нәтижесі, оның биік халықаралық беделі мен өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көшбасшылығын нақты мойындау деп қарау әділдік болмақ.
Қазақстанға дейін төрағалық міндет ЕҚЫҰ-ға мүше 19 мемлекетке жүктелген, алайда олардың арасында өз елінде ұйым Саммитін өткізе алғандары көп емес.
Қазақстан Президентінің төрағалығымен 55 мемлекет басшысы және ЕҚЫҰ-ның әріптес 12 елі арадағы 11 жылдық кідірістен кейін бас қосқанда Ұйымның жаңғыруына, қазіргі ахуалға бейімделуіне және сайып келгенде еуратлантикалық және еуразиялық кеңістікте жаңа серіктестік дәуірінің басталуына екпінді серпін беретініне мен кәміл сенемін.
– Оқырмандарға осыған дейінгі саммиттерді атап берсеңіз.
– Жақында халықаралық қоғамдастық Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығын атап өтті. Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде мен осыған орай мәлімдеме жасадым. Хельсинки Қорытынды актісі осы 35 жыл ішінде өзінің өзектілігінен айырылған жоқ. 35 мемлекеттің басшылары Хельсинки қаласында бас қосып, мақұлдаған бұл жаңашыл және жан-жақты қауіпсіздік тұжырымдамасы бүгінгі күні де ЕҚЫҰ жауапкершілігінің аймағында қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың маңызды факторы болып табылады. Сол кезде бекітілген қауіпсіздіктің әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық деген үш өлшемі осы күнге дейін ұйым қызметінің негізі. Ал бұл саясаттың негізі Ұйымның 1975 жылғы Хельсинки Саммитінде қаланған.
Одан кейінгі саммиттер 1990 жылы Парижде, 1992 жылы қайтадан Хельсинкиде, 1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткізілді. Енді 11 жылдан кейін Астана Саммиті өткізілгелі отыр. Елбасымыз: “2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитін өткізу Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдығында әлем қауымдастығына Ұйымның “Хельсинкиден Астанаға дейін” дамуын көрсетуге ерекше мүмкіндік береді”, деп атап көрсетті.
– Осы саммиттердің арасындағы біз үшін ең маңыздысы Будапешт саммиті болар.
– Ұйым саммиттерінің қай-қайсысы да маңызды. Әрине, ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі тұңғыш мемлекет ретінде Қазақстанға ядролық қаруға ие үш елдің – АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлыбританияның тарапынан қауіпсіздік кепілдігі берілген Будапешт саммитінің біз үшін орны ерекше. Сол Саммиттен соң көп ұзамай мұндай кепілдікті Қытай мен Франция да берген. 1992 жылы Финляндия астанасында өткен саммитте Елбасымыз Хельсинки Қорытынды актісіне қол қою арқылы Қазақстанның осы атақты құжатта көрсетілген құндылықтарды қуаттайтынын білдірді. Әйгілі Париж Хартиясын (“Жаңа Еуропа декларациясы”) қабылдаған саммиттің де маңызы бөлекше. Біз биылғы төрағалық тұсында бұл Хартияның 20 жылдығына да тиісінше көңіл бөліп отырмыз. 1996 жылғы Лиссабон саммитінің алғашқы мәжілісі біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткенімен де есте қалды. Ал ендігі жерде біз үшін ең маңызды саммит Қазақстан елордасындағы осы Астана Саммиті болатыны өзінен өзі түсінікті.
Елбасымыз Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай қаңтарда жолдаған Үндеуінде: “Нақ бүгін ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көшбасшылары саяси ерік-жігер танытып, өз халықтарының алдында тұрған күрделі де түйінді мәселелерге жауап беретін уақыт келді. Саммит ЕҚЫҰ-ның осы заманғы қауіп-қатерлердің алдын алуға бейімделуіне қуатты қарқын беріп қана қоймай, сонымен қатар біздің халықтарымыздың осы Ұйымға деген сенімі мен құрметін де арттыра түседі”, деп мәлімдеген. Сондықтан да төрағалықтың алғашқы күндерінен бастап біздің басшылыққа алған басымдығымыз Президенттің осы стратегиялық халықаралық бастамасын жүзеге асыру болды, ол бастама бүгінде еуратлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі шын мәнінде тектоникалық өзгерістер туындатқан объективті қажеттілік.
– Мұндай Ұйым төрағалығына дайындық жұмыстары жылдар бойы жүргізілетінін жақсы білеміз. Жұртшылыққа Астананың төрағалыққа жетер жолдағы белестерін, бұл мақсатқа біздің не үшін ұмтылғанымызды әңгімелеп беруіңізді сұраймыз.
– Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына ұмтылатынын сонау 2003 жылғы 18 ақпанда жария еткен. Сонда, Ұйым Тұрақты кеңесінің Венадағы мәжілісінде еліміздің осы жөніндегі өтінімі алғаш рет хабарланған. Содан бергі уақытта бүкіл еліміздің, оның ішінде ең алдымен дипломатиялық қызметтің күш-жігері осы мақсатқа қол жеткізуге жұмсалды.
Ал енді біздің бұл төрағалыққа өз кандидатурамызды не үшін ұсынғанымызға келейік. Алдымен біз ұлттық мүдделеріміз тұрғысынан Орталық Азиядағы, соның ішінде Ауғанстандағы нағыз әрі ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септесуді мақсат еттік, мұның өзі Қазақстанның үдемелі дамуының аса маңызды факторы болып табылады. Сонымен қатар біз Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы үнқатысуда өзіндік бір өркениеттік көпір ретіндегі орнын күшейте түсуді көздедік. Мұның бәрі еліміздің табысты әлеуметтік-экономикалық және демократиялық дамуымен, азаматтарымыздың арқаулық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етумен, олардың әл-ауқатының артуымен тиянақталып отырылды.
Біз төрағалыққа кіріскен кезге қарай ЕҚЫҰ-ның өзін күшейтудің, Венаның шығысы мен батысындағы елдер арасында сенім деңгейін көтерудің зәру қажеттілігі пісіп-жетілді. ЕҚЫҰ-ны реформалау, оның тиімділігін арттыру жөнінде сын пікірлер талай рет айтылған. Ұйымның тоқырауы немесе жойылып кетуі еуратлантикалық кеңістіктегі өте қауіпті вакуумның пайда болуына әкеліп соғуы мүмкін екенін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның төрағалық қызметіне кірісуіне орай жасаған Үндеуінде де ескерткен еді.
Қазақстан төрағалық тұғырында осы Ұйымның беделі мен әлеуетін арттыруға, оны халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың пәрменді тетігі ретінде сақтап, нығайтуға барынша септесуге ұмтылады.
Ал тіпті бір сөзбен түйіп айтар болсам, Астана Саммиті Хельсинки рухын жаңа тарихи жағдайда қайта өрлетуді мақсат тұтады дер едім.
– Қазақстан төрағалығы экватордан өтіп, сегізінші айға да аяқ басты. Осы кезеңнің тәжірибесі нені көрсетті?
– ЕҚЫҰ төрағалығын Мемлекет басшысы стратегиялық ұлттық жоба деп атағанын білесіз. Бұл жобаның біздің еліміз үшін, оның болашағы үшін дәуірлік маңызы бар.
Біз қазірдің өзінде ЕҚЫҰ төрағалығы елдің демократиялық дамуына қуатты қарқын қосқанын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға қозғау салғанын көріп отырмыз.
Ұйымға төрағалық ету Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, патриотизмін арттыра түседі. Төрағалыққа дайындық барысында қолға алынған “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы сапалық жаңа белес болатындығы талас тудырмайды.
Қазақстан төрағалығының түйінді қағидаттарының бірі Ұйымның үш “қоржынының” бірдей етіп толтырылуы. Ол үш “қоржынның” біріншісі – әскери-саяси өлшем. Біз қауіпсіздіктің кеңістігін емес, қоғамдастығын қалыптастыруға әуел бастан күш салып келеміз. ЕҚЫҰ-ның екінші өлшемі ретінде ұзақ мерзімді бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қол жеткізу, болуы мүмкін экономикалық және экологиялық қауіп-қатерлерге дер кезінде және баламалы жауап беру Қазақстан төрағалығының ерекше назарында тұр. Ал үшінші – гуманитарлық өлшем бойынша біз адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге атсалысудамыз.
ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыздың жеті айы өткен шақта біз мүше елдердің Қазақстанның осы қадірлі халықаралық ұйымдағы саяси көшбасшылығына оңды бағалар беріліп жатқанын разылықпен айта аламыз. Әріптестеріміз біздің халықаралық ұйымдардың күш-жігерін кеңестен кейінгі кеңістіктегі қақтығыстық жағдаяттарды реттеуге сәтімен жұмылдырып отырғанымызды айрықша атап көрсетуде.
– Кеңестен кейінгі кеңістіктегі қақтығыстық жағдаяттарды реттеу дегенде көршілес Қырғызстанда қалыптасқан ахуал айтылып тұр ма?
– Ол ғана емес. Біз төраға ел ретінде бұрынғы КСРО аумағындағы ұзақ уақыт шешімін таппаған қақтығыстарды реттеуге де көп күш-жігер жұмсадық. Приднестровье, Таулы Қарабақ, Грузия-Осетия, Грузия-Абхазия қақтығыстары оңайлықпен, төрағалықтың бір жылында шешіле салатын түйіндер емес. Бірақ, үнқатысуға, текетіресіп тұрған жақтардың арасында мәмілеге келу жолдарын іздеуге барша қажыр-қайратты жұмсау, қақтығыстарды тарқатуға оңды алғышарттар жасауға болады және солай ету қажет. Біз осыған ұмтылудамыз.
Көршілерімізге келсек, бәрінен бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың, АҚШ және Ресей президенттері Барак Обама мен Дмитрий Медведевтің бірлесе отырып, Қырғызстандағы дағдарыстық жағдайды жақсартуға жұмсаған күш-жігері осы елдің азамат соғысының от-жалынына орануына жол бермеді. Дүрбелеңге толы сол күндер мен түндерде біздің Елбасымыздың осы өңірдегі де, одан сырт жерлердегі де биік беделі, асқан абыройы айшықты көрінді.
Күндер мен түндер дегенді әдейі айтып отырмын. Қырғызстандағы жағдай оқыс шиеленіскен тұста Президентіміз Вашингтондағы ядролық саммитте жүрген еді. Сонда күндіз саммитте талқылауға қатысып, сөз сөйлеп, сұхбат беріп, өзге елдер басшыларымен кездесіп жүріп, түнде (бұл кезде бізде күндіз ғой) осы Қырғызстан мәселесі бойынша қайта-қайта Астанамен, Бішкекпен сөйлесіп, тапсырмалар беріп жатты. Дағдарысты сәтте АҚШ пен Ресей басшылары шиеленіскен түйінді тарқату, елдегі азамат соғысының алдын алу жөніндегі аса ауыр жұмысты атқаруды дәл Нұрсұлтан Назарбаевтан өтінді.
Бауырлас ел ретінде де, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де біздің Қырғызстанға көмек беруде атқарар ісіміз әлі де көп. Референдумның өткізілуі заң өктемдігін қалпына келтіру жолының алғашқы белесі ғана. Енді қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу, қиратылған нәрсенің бәрін қалпына келтіру керек. Міне сондықтан да Мемлекетіміз басшысы Қырғызстанның экономикалық тұрғыдан қайта өрлеуінің бағдарламасын ұсынды, оны екі ағайындас елдің үкіметтері қазірдің өзінде жүзеге асыра бастады. Президент Назарбаевтың қамқорлық етуімен биылғы қыркүйек айында Алматыда шақырылатын халықаралық донорлық конференция осы мәселеге арналады.
– Қазақстан төрағалығына сынақ болатын жайдың бірі – Ауғанстандағы жағдай. Өткен жылдың аяғында өзіңізбен сол елге шұғыл барып қайтқанда оған көзім жете түсті. Елбасымыз ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Ақбұлақтағы кездесуінде “Бүгінгі күнде Ауғанстанға қатысты ЕҚЫҰ-ның жаңа стратегиялық бағыты қажет екендігіне ешқандай күмән жоқ”, деген еді. Бұл бағыттың мәні неде?
– Әлемде соңғы жылдары болып жатқан күрделі өзгерістер ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерден, әсіресе, олардың басшыларынан, Ұйым жауапкершілігіндегі аймақта туындайтын жаңа қауіп-қатерлерге лайықты шара қолдануды талап етеді. Нақты Ауғанстанға байланысты айтар болсам, ЕҚЫҰ-ның ол елдегі басты мақсаты қарулы қарама-қарсылықты жасампаздық жолға түсіруге жәрдемдесу дер едім.
Ауғанстанды бүкіл ұзына тарих бойында ешкім де басып алып көрген емес. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы оқиғалар “ауған проблемасының” әскери шешімі жоқ екеніне тағы сендіре түседі. Сондықтан қазірдің өзінде, халықаралық коалиция күштерінің елден кеткенін күтіп отырмай, ауған халқын бейбіт өмірге дайындау маңызды іс. Осы мақсатпен Қазақстан еліміздегі орта мамандандырылған және жоғары оқу орындарында оқыту үшін биылдан бастап жылына 200 адамды шақырғалы отыр. Бұл үшін 50 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінгенін білесіз.
Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, елге гуманитарлық көмек көрсету жөнінде алда да көп іс атқарылады. Қазақстан жақында өзінің Сауда-өнеркәсіптік палатасының Кабулдағы өкілдігін ашты. Ең бастысы – биылғы Астана Саммитінде Ауғанстандағы жағдай тақырыбы күн тәртібінің ең өзектілерінің бірі болмақшы.
– Саммит тақырыбына қайтып оралайық. Оның осынша жыл өткізілмей келгенін Сіз қалай түсіндірер едіңіз? Астана форумында қандай мәселелер талқыланбақшы?
– Расында да, ЕҚЫҰ-ның соңғы саммиті осыдан 11 жыл бұрын Ыстамбұлда өткізілген. Біздің алдымызда төраға болған елдердің талайы өздерінің төрағалығы тұсында Ұйым саммитін өткізуді ұсынғаны белгілі. Бірақ олардың ұсыныстары қоғамдастық тарапынан толық қолдау таппай келді.
Неге? Себебі көп. Негізгі себебі ЕҚЫҰ-ға мүше елдер көшбасшыларының деңгейінде талқылауға тұрарлықтай тақырыптардың жеткіліксіздігі сияқты. Осы уақыт аралығында әлемде іргелі өзгерістер орын алды, өкінішке орай, олардың арасында бәрі бірдей жақсы өзгерістер емес. Қазір біршама беті қайта бастаған жаһандық экономикалық дағдарыс жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдаяттар туындатуда. Бүгінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің көшбасшылары осы қыр көрсетулер мен қатерлерге баламалы жауаптарды бірлесе іздеп табатындай, біздің ұйымымыз қызметінің жаңа көкжиектерін анықтайтындай кез келді. “Қырғи-қабақ соғыс” уақытында дүниеге келген бұл ұйым өз тиімділігін арттыруға, дамудың жаңа деңгейіне шығуға тиіс.
Біз қазір Саммиттің оңтайлы күн тәртібін қалыптастыру үшін Ұйымдағы әріптестерімізбен күнбе күн жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазірше оның негізгі тақырыптары Ұйым аясында қабылданған міндеттемелердің барлығын қуаттау; еуратлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің болашағы, соның ішінде Корфу үдерісі мен Еуропалық қауіпсіздік шартының жобасы; қару-жараққа бақылау жасау мен әскери саладағы сенім; жаңа сынақтар мен қатерлермен күрес; Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдай; адам құқы мен бостандығы, басқа да әмбебап құндылықтар сияқты мәселелер болатын шығар дегенді ғана шамалап айта аламын.
Қазақстан Ұйым төрағасы ретінде қазірдің өзінде мүше елдерге Саммиттің сипаты, оның мақсаттары мен күтілетін нәтижелері туралы өз пайымдамасын жеткізді.
Алда тұрған жоғары деңгейдегі кездесу ЕҚЫҰ арқауына алынған қағидаттар мен міндеттемелерге біздің бәріміздің адалдығымызды, шын мәнінде біртұтас әрі бөлінбес қауіпсіздік қоғамдастығын құруға деген шынайы ұмтылысымызды танытады, осынау беделді халықаралық ұйымның қызметіне соны серпін береді деп сенемін.
– Қазақстан дәл осындай көлемдегі әлемдік жиынды ешқашан ұйымдастырып көрмегені анық. Ұйымға мүше 55 елдің делегациясының сыртында Азиядағы, Жерорта теңізіндегі әріптес елдеріміздің өзі бірқыдыру, байқаушы ретінде келетін елдердің делегациялары қаншама. Саммитке дайындықтың ұйымдастырушылық қырлары жөнінде не айта аласыз?
– Астана Саммитіне дайындық, оны ойдағыдай өткізу ендігі жерде біздің Ұйымға төрағалығымыздың түйінді міндетіне ғана емес, сонымен бірге шын мәнінде жалпыұлттық басымдыққа айналғаны анық. Президент Назарбаевтың әділ айтқанындай, ЕҚЫҰ Саммитін – бүкіл кеңестен кейінгі кеңістікте мұндай ауқымдағы тұңғыш халықаралық форумды өткізу абыройлы міндет қана емес, ерекше жауапкершілік те. Ендігі жерде оны дайындау мен ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізуді қамтамасыз етудің маңызы зор. Біз үшін біздің қоғамымыздың толеранттылық, дәстүрлерді құрметтеу, сенім мен өзара түсіністік тәрізді басты құндылықтарын паш етудің таңғажайып мүмкіндігі тұр.
Қазақстанның бұл міндетті де тамаша атқарарына біздің ешқандай күмәніміз жоқ.
– Бүгінде Қазақстан халықаралық саясаттың бұрынғыдай жай қатысушысы емес. Қазір Қазақстан сол саясатқа белсенді ықпал жасайтын елдердің қатарына қосылды. Алдағы Саммит бері қойғанда Еуразия кеңістігіндегі, әрірек айтқанда бүкіл әлемдегі елеулі оқиғалардың біріне айналарына, мемлекетіміздің мерейін тасытарына, осындай мәртебеге қол жеткізген Елбасымыздың абыройын асырарына күмәнданбаймыз. Ал енді нақты бір сұрақ. Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде Астана Саммитінің өтер уақыты “жыл соңына дейін” деп белгіленген еді. Елбасымыз күні кеше ғана Астана Саммитін биылғы 1-2 желтоқсан күндері өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткенін мәлімдеді. Бұған байланысты не айтар едіңіз?
– Иә, 3 тамызда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кеңесі Ұйым Саммитін Астанада өткізу жөнінде ресми шешім қабылдады.
Қазақстан үшін жұлдызы биіктен жарқыраған сәулелі сәтте, алдағы оқиғаның тарихи маңызын ескере келгенде, Саммит шақыру жөніндегі шешімді дәл Нұрсұлтан Назарбаевтың – ЕҚЫҰ-ны басқарушы ел басшысының, Қазақстанның осынау халықаралық аса жарқын жетістігін жасаған жанның жария еткені нағыз әділеттіліктің өзі болып шықты.
– Саммит дайындығының қарбалас кезеңінде уақыт бөліп, сұрақтарыма тыңғылықты жауап қайтарғаныңызға алғыс айтамын. Алдағы ұлы жиынға табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
ТҮРКИЯ, Бодрум.