БАҒДАРШАМҒА АЙНАЛУҒА ЛАЙЫҚ БАҒДАРЛАМА
Ұлтын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламас болар. Расул ГАМЗАТОВ. Күрмеуі қатты күрделі өмірде күнделікті тірліктің күйбеңін ысырып тастап, түнді қуған күндей болып жарқ ете қалатын жақсы жаңалықтар болады. Жеке адамды ғана емес, бүкіл қоғамды елең еткізген ел өміріндегі елеулі оқиғаның бірі – (бірегей десек те артық емес), тіл бағдарламасының жаңа жобасы. Бұл жоба алдымен Үкіметте, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен талқыланып, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің байыпты баяндамасы жайлы байсалды пікір алысылған сәттен бастап-ақ мемлекеттік тіл жайлы салиқалы әңгіме ас үй мен көшені, бұған дейін болған көшелі жиындарды көктей өтіп, бейнелеп айтсақ, заңғар көкке самғап шықты. Ел өміріндегі елеулі оқиғаны ең алдымен ел газеті – “Егемен Қазақстан” өзіне тән жеделділікпен іліп әкетті. Рас, бұған дейін де әртүрлі бағдарламалар болған. Әйтсе де, “бұл ән бұрынғы әннен өзгеше” деп Шәкәрім қажы айтқандай, мына “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” бұдан бұрынғы 2000-2010 жылғы бағдарламадан әлдеқайда ауқымды, астарында аса құнды, құнарлы ойлар жатқан, жаңалығы мол, жақсы бағдарлама. Біз бұл сөзіміз арқылы 2000-2010 жылдарғы бағдарламаның бәсін кеміткелі отырғанымыз жоқ. Ол бағдарлама арқылы да көп іс тындырылды, айтпағым бұрын қалыс қалған жайлардың жаңа құжатта еленіп, ескерілгені, елдің көкейіндегі көптеген көрікті ойларды тамыршыдай тап басып, тапжылтпай танытқаны. Тіл жайлы жаңа құжатты қуана қабылдай отырып, көкейдегі көп түйткілді де айта кету парыз. Күні бүгінге дейін кейбіреулер, әсіресе орыс тілді өз қандастарымыз қазақ тілінде сөйлеуді қор, өзге тілдерде сөйлеуді зор санайды. Бұл – кеңестік кеңістіктен бері келе жатқан дерт. Ондайлардың қазақ тілі кедей тіл деп менсінбейтінін қайтерсің. Бұл барып тұрған білместік. Радлов бүй дейді: “Мен дүниежүзінде үш ұлы тілді білемін. Біреуі – француз тілі, біреуі – орыс тілі, біреуі – қазақ тілі”. Мұны бір деңіз. Қазақ тілінің байлығына екінші дәлел: ғалымдар Шекспирдің бүкіл шығармасында 15 мыңға жетпейтін сөз, ал Әуезовтің бір ғана “Абай жолында” 16983 сөз қолданғанын айтады. Тағы да деп дәлел, мысал келтіре беруге мақала көлемі көтермейді. Осыдан кейін де қазақ тілін кедей деп айтатын керезулер аз емес. Ал, енді осынша бай, әуезді, әсем тілдің өз елімізде босағадан сығалап, әлі күнге дейін төрге оза алмай жүруіне қалай төзуге болады?! Кейбіреулердің қазақ тілінің үлкен жанашыры, айбарлы ақын Мұхтар Шахановтың тіл үшін күресін сан саққа жүгіртуі жөн емес. Тіл үшін шыр-пыр болып жүрген айтулы тұлға “қауіп еткеннен” (Мөңке ақын сөзі) айтатыны анық. Оған негіз де жоқ емес. Тарих сабағынан тағылым: бұдан 150 жыл бұрын әлемде 15 мың тіл болса, бүгінде содан қалғаны 8 мың. ХХІ ғасырдың аяғында 800 тіл ғана қалып, соның бар болғаны жүзі мемлекеттік тіл болады деген болжам бар. “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын” қолдай отырып, оның кемшін тұстарын толтыруға септігі тиер ұсыныстарымызды да ортаға салалық. Олар мыналар: 1. Ата Заңның 23 және 33-бабында мемлекеттік қызметке тұратын азаматтардың мемлекеттік тілде меңгеруіне қатысты заңды тұрғыда талаптар қою жаңа бағдарламада жоқ. Ал бұл талаптар ауадай қажет. 2. Орыс тілі осы күйінде қалады деу де қате. Оралмандардың 90 пайызы орыс тілін меңгеруін көздеу де тапқырлық емес. Біз бұл арқылы қазақ тілінің өрісін тарылтып отырмыз. Өзіңіз ойлап қараңызшы, Қазақстанда орыс тілін білмейтін қандастарымыз қаншама?! Бір шектен екінші шекке шықпайық, орыс тілін шеттетуге саятын әсіре ұлтшылдық та жөн емес. Ол аз ғана топ. Орыс тілін қыспаққа алып отырған мемлекет те, қоғам да, жеке тұлға да жоқ. БҰҰ-дағы алты тілдің бірі болып отырған бұл тілге төнген қауіп-қатерде жоқ. Орыс, т.б. тілдер Қазақстанда дамымағанның өзінде өз елінде, өз жерінде дамып өсе береді. Ал, қазақ тілінің Қазақстаннан бөтен елі, отаны жоқ. Мұны да ескеру керек-ақ. 3. Голландық дәрігер Ван Тюльп: “Басқаларға жарық түсіре тұрып өзім жанып кетемін” депті. Сол айтқандай, өзге тілдердің қамын жейміз деп жүріп, өз тілімізге бәсекелестерді көбейтіп, өз тілімізді өгейсіте бермейік. “Мен қазақтың ғана емес, еліміздегі барлық халықтардың Президентімін” дейтін ой көкейінде тұратын Елбасы саясаттың сара жолынан айнымау үшін дипломат та болатын болар, ал өзгемізге не жорық? Неге өзгенің көңіліңе қарап, өзімізді-өзіміз өгейсіте береміз? Елімізде тұратын өзге этностардың жергілікті ұлтқа өкпесі болуы мүмкін емес. Дүние жүзінде қазақтай кеңпейіл, көнбіс, көңтөрлі халық жоқ. Оны өзіміз ғана емес, өзгелер де айтып жүр. Ендеше, ана тілімізді өзінің әлдеқайда мүмкіндігі мол орыс, ағылшын сынды өзге тілдермен жарыстырып, оның өрісін тарылтпайық. Осыған орай және бір жай ойға оралып отыр. БҰҰ-ның биігіне шыққан, өрісі кең, мүмкіндігі мол француз тіліне Франция жасап отырған қамқорлықтан үлгі-өнеге алсақ айып па? Олар жыл сайын белгілі бір күнді, бір емес, бірнеше күнді француз тілінің өрісін кеңейтуге бағыттап, Францияда ғана емес, бүкіл дүние жүзінде француз тіліне арналған кең ауқымда шаралар мен шаруаларды жүзеге тынбай асырып келеді. Олар сондай мазмұнды, мәнді істерін Қазақстанда да жүргізіп жүр. Осы тұста Түркістан майданының қолбасшысы Михаил Фрунзенің өткен ғасырда айтқан, БАҚ-та жарияланған сөзін еске сала кетейін: “Саяси қызметкерлер мен командирлердің бәрі өздері қызмет етіп жүрген жерлердегі ұлттың тілін үйренуге міндетті”. Қызыл империяның көрнекті тұлғасы, қып-қызыл коммунист ХХ ғасыр басында осылай дегенде бүгінгілер неге бүгежектеп, бұқпантайлай береді?! Осыған байланысты ортаға салар ойымыз: барлық жиналыс, жиындар Ақордадан бастап, министрліктер мен әкімдіктерде, т.б. ресми орындарда мемлекеттік тілде – қазақ тілінде өтуі керек. Осыған жалғаса айтуға сұранып тұрған ұсыныс: жоғарғы орындарға берілетін ұсыныстар да ана тілінде берілуі керек. 4. Ана тіліміздің жанашыры ғана емес, қамқоршысы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Президент сайлауына додаға түсер алдында ана тілінен сынақ тапсырғанын ұмытпайық. Елбасы тапсырған сол сынақты министр, әкімдер, т.б. лауазымды қызметкерлер де тапсыруы қажет-ақ! 5. Қазақ тілінің өрісін кеңейтудің тағы бір жолы – ана тіліміздегі жарнамаларға жасыл жол ашу. Қазақ тілінде жарияланатын жарнамаларға жеңілдік жасау, қажет болса тегін жариялау. 6. Мемлекеттік тіл туралы заңды қайта қарап, толықтырулар мен түзетулер енгізу керек. 7. Жергілікті тіл комитеттері өз алдына жеке отау болып, штаты үлкеймесе, “Қазақ тілі” қоғамындағы жалғыз адам сұраншақ жарлының күйін кешіп жүре бермек. 8. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жақсы іске қайта оралып, Мәдениет министрлігінің құрамындағы Тіл комитетін жеке министрлік не министрлік дәрежесіндегі агенттік етіп, қайта жасақтаса, тілдік ортаның аясын кеңейтуге оның қосар үлесі аса мол болар еді. 9. Қалам ұшына сұранып тұрған тағы бір ұсыныс: “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын” талқылау мерзімі тым қысқа. Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы дей отырып, мұндай асығыстыққа жол беру жөн емес, мұндай аса қажет құжат жылда ұсынылып, жылда талқылана бермейтінін ескерсек болмас па? 10. Бағдарламаны жүзеге асыру мерзімі – ұзақ, өте ұзақ. Мемлекеттік тілге деген қажеттілік тудыра алсақ, тіл үйрену қиын емес. Мәселен, 2005 жылға дейін қазақ тілін игермегендер мемлекеттік қызметке қабылданбайды дегендей нақты талаптар болса, өзгені қойып өз тілін менсінбей жүрген өз қандастарымыз да қазақша сөйлей бастар еді. Тіл жайлы айтылар ойлар мен ұсыныстар ішімізге сыймай, көкіректі кернеп тұр. Әйтсе де бір мақалада оның қайсыбірін айтып тауысарсың. Қадір Мырзалиев айтқандай: “Қайсы бірін айтайын, қайсы бірін”. Сөз соңында қандастарыма қарата айтарым: “Егер ана тілін білмесең, сен ол ұлттың баласы емессің” деген Ғұмар Қараш сөзін есімізден екі елі шығармайық. Сәбит ДОСАНОВ, азушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.* * *
ҚАЗАҚТЫҢ САНАСЫ ОЯНБАЙ, БӘРІ БЕКЕР
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын талқылауға арналған кеңесте Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің жасаған баяндамасында мемлекеттік тіл саласында қордаланған бірнеше проблемаларды атап көрсетіпті. Осылардың ішінде өзектісі елдің қоғамдық-саяси өміріне мемлекеттік тілдің баяу енгізілуі мен тіл мәдениетінің төмендігі. Қоғамдық өмірдегі тілдің орны туралы күрделі мәселе айта-айта жауыр болған дүние десек, қоғамдағы тіл мәдениеті аса көп көтеріле бермейтін дүние. Қазақтың шешен тілінің сиқырын бойына меңгерген қайраткерлер көсіле сөйлегенде жаның кіріппа шіркін!”, деп сүйсініп отырасың. Ал қазақ тілінде шорқақ сөйлегені былай тұрсын, білгеннің жөні осы деп, ұлтымызға ғана тән ә, і, ө, ң, қ, ғ, ұ, ү сынды дыбыстарды қалай болса солай айта беру дағдыға айналып барады. Кейде тіпті телерадио журналистері де дұрыс айтпай жатады. Сондай-ақ, көпшілік, қоғамдық орындарда хабарлама жасайтын дикторлар да оңып тұрған жоқ. Вокзал, әуежай, т.б. жерлерде де жағдай тап осындай. Оған ескерту жасайтын не басшы, не мемлекеттік құзырлы орган жоқ. Керек десеңіз, бұл дыбыстар басқаға ұқсамайтын біздің ерекшелегіміз. Ұлттық, рухани құндылығымыз, ал құндылықты аяқ асты етсек, кім болғанымыз? Жасырып-жабатыны жоқ, бүгінгі таңда тілін білмейтін қазақтар мемлекеттік қызметте де, кәсіпкерлік саласында да жетіп-артылады. Бизнестегі азаматтар “Тілің маған не берді? Мен ел экономикасына қаржы кіргізіп жатырмын”, – деп кергиді. Ал мемлекеттік, азаматтық қызметтегілерге не жорық? Көпшілігінің үйренемін деген құлқы жоқ, үйренуге ұмтылмайды да. Олай дейтінім, қаладағы орыс тілді немесе аралас мектептерді алып қарасаңыз, орыс сыныптарындағы отырған оқушылардың сексен пайызға жуығы өзіміздің қаракөздер. Егер тілге, ұлтқа жаны ашыса, келешекте қазақ тілін білмей қызмет істеу мүмкін еместігін сезінсе, ата-аналары бұлай істемеген болар еді. Біз өзге ұлттарға емес, өзіміздің қазақтарға талапты күшейтуіміз қажет. “Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтың өмірлік қажетіне айналдыру”, – делінген. Мақсат айқын, міндет түсінікті. Бірақ осыларды іске асыру қалай болар екен деген күдік те жоқ емес. Күдік тудыратын мәселе “Тіл туралы” Заңның қабылданғанына табаны күректей жиырма жыл болды. Заңның орындалу барысы қандай деңгейде, қалай жүзеге асырылуда? Қағаз жүзінде бәрі керемет. Ал орындалуы қожырап, сын көтермей қалады. Не себепті? Кім жауапты, кімді іздейміз? Өмірлік сұрақ – кім кінәлі? Ойыма кеңес заманындағы бір оқиға түседі. 1990 жылы Семей облысы Таскескен аудандық партия комитетінің кезекті пленумы өтті. Пленумда тіл туралы мәселе қаралды. Негізгі баяндама орыс тілінде жасалды, жарыссөзге шыққан он үш адамның біреуі ғана (“Овцевод” кеңшарының парткомы) қазақ тілінде сөйледі. Жиналыста құрылған “Қазақ тілі” қоғамдары, олардың атқарған жұмыстары туралы айтылып, қаулы қабылданды. Көріп, тыңдап отырып, мазақ қылған келеңсіздікке шыдамай, сөз сұрап, бүгінгі күн тәртібінде талқыланып, қаулы қабылданған мәселенің тек көзбояушылық, есеп үшін екендігін айттым. Тоқсан пайыздан астам қазақтар тұратын ауданда неге ана тілімізде баяндама жасамасқа, іс қағаздарын не себепті қазақ тілінде жүргізбейміз, неге өзімізді өзіміз алдаймыз дедім. Әр адам өзінен бастау керек деген ойларды ашына жеткіздім. Қолдағандары қол соқты. Ең сұмдығы, ертеңінде тексеріп, “ұлтшылдық көзқарас” барын анықтағандар да болды. Айтайын дегенім, сол кезеңдегіден өте қатты өзгеріп кеткен ештеңе жоқ. Жиналыста өзге этностың бірді-екілі өкілі отырса, бір-екі ауыз сөзін қазақ тілінде бастап, “барлығына түсінікті тілде сөйлейін”, – деп ресми тілге түсіп, жорғалап кетеміз. Осындайда нарком Темірбек Жүргеновтің қылышынан қан тамып тұрған кеңестік империя заманында тілге деген құрметі мен сүйіспеншілігі және оны орындаудағы ерлігі еріксіз еске түседі. Істеген ісі мен айтқан сөзіне айызың қанады. Бірде Т.Жүргенов мәжіліс өткізіп жатады. Отыз шақты адамның екеуі ғана өзге ұлттан болады. Біреуі әйгілі музыкант Е.Брусиловский, екіншісі қарағандылық Б.Орлов. Әлгі Орлов ештеңе түсінбедім, жиналысты орыс тілінде жүргіз десе керек. Соны айтуы мұң екен, Т.Жүргенов: “Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас?”, “Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егер де мұнда жұмыс істегіңіз келсе, республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! ... Сіз қазақ әндерін орыс тілінде зерттемекшісіз бе”, – деп қазақ тілін сыйлаудың үлгісін көрсеткен. Бұл туралы Е.Брусиловский өзінің “Дүйім дүлдүлдер” атты мемуарлық кітабында жазады. Қазір де әр мекемеге тілге жаны ашитын, ұлтты жүрегімен түсінетін, осындай басшы қажет. “Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел”, – деген Абай сөзін “заман түзелді, қазақ баласы, сен де түзел”, – деп айтсақ болар еді. Өмірге оптимистік көзқараспен қараған дұрыс. ХХ ғасырдың өзінде 33-тің аштығы мен қырғынын, 37-нің репрессиясын, ІІ дүниежүзілік соғысты бастан кешкен, тыңды игеру кезінде өз елінде “нацменге” айналған, 1986 жылдың ызғарын басынан өткізіп, миллион халқы бар астанасында бір ғана қазақ мектебі қалған заманда күйремеген қазақ ұлтының тілі енді жоғалмақ емес. Тек бағдарламаның іске асуы байсалды болғай! Ербол ІРГЕБАЙ, лкей Марғұлан атындағы № 40 орта мектептің директоры. АСТАНА.