Ресейдің Астрахань облысы, Енотаев ауданындағы Восток селосында мешіт ашылды. Имандылық үйінің ашылу рәсіміне Астрахань облысының мүфтиі Назымбек Ильязов қатысып, тұрғындарды жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
Мүфти имандылық үйінің қалаларда ғана емес, селоларда да бой көтеруі, Ресей жерінде тұрып жатқан барша мұсылмандарға көрсетілген құрмет екендігін атап өтті. Сондай-ақ ол бүгінде көпұлтты Астрахань облысында мешіттермен қатар, шіркеулер мен синагогалар келушілерге қызмет етіп жатқанына, бұл кейінгі ұрпаққа өз діндері мен салт-дәстүрлерін дамытуға үлгі-өнеге болатынына тоқталды.
Мүфтидің сөзін аудан басшысы Михаил Анишко да қолдап, көпшілікті мешіт үйінің ашылуымен құттықтады. Сонымен бірге, аудан басшысы өзінің ұлттық мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып Төлеген Мақашевтің, ал Енотаев ауданының имамы болып Ильдар Жавдетовтің бекітілгенін хабарлады.
Аманжол ИЛЬЯСОВ, Ресей Журналистер одағының мүшесі.
Астрахань облысы.