Ақмолалықтардың Ұлы Жеңісті қарумен де, дәрумен де жақындатқаны ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Мұнда үш бірдей атқыштар дивизиясы жасақталып, қан майданда өшпес ерлік үлгісін танытты. Олардың барлығы да гвардиялық атағын алып, туына Қызыл Жұлдыз орденін тақты. Ақмолалықтар арасынан үш генерал шыққаны да үлкен мәртебе. Өзгесін айтпағанда, 72-ші гвардиялық дивизияның 31 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағына ие болып, оның таңдаулы 9 өкілі Жеңіс шеруіне қатысқанын мақтан етеміз.
Ақмолалықтар Жеңіске дәрумен де үлес қосты дедік. Бұл эвакуациялық госпитальдарға қатысты айтылып отыр. Осы орайда Көкшетау қаласында тұрып жатқан 82 жастағы Мария Молоткова әжейдің сөзін әңгімеміздің тізгін қағары етіп алғанды жөн көрдік. “Госпитальды ауруханадан биіктетіп, жандауа мекен десек жарасады, – дейді Мария Семеновна. – Жараланып келген жауынгерлерді көргенде жанымыз шығып кете жаздайтын. Ажалдың ортасынан азап арқалап келгендеріне қарамастан, олардың барлығы беті бері қарасымен қан майданға қайта сұранатын. Біз, медбикелер кірпік қақпай бәйек болып, әрқайсысының көтеріліп кетуін армандайтынбыз. Көз жасымыздың көл болған күндері көп болды...”
Госпитальдар Қызыл Армияны емдеу-эвакуациялық қамтамасыз етуде ерекше орын алғаны ақиқат. Олардың басты міндеті, Отан солдаттарының әрқайсысын аман алып қалу, жаралылар мен сырқаттарды тезірек қатарға қосу болып табылды. Бұл міндет абыроймен орындалды да. Дерек көздері былай дейді: 1941-1945 жылдары жаралы жауынгерлер мен офицерлердің 70 пайызы, науқастанғандардың 90 пайызы қатарға қосылды.
– Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің және Халық Комиссарлары Кеңесінің телеграфтық жарлығына сәйкес Ақмола облысының аумағында 2000 орындық 7 эвакогоспиталь құрылды, – дейді облыстық мемлекеттік мұрағат директоры Александр Положенцев. Ақмола қаласына 1942 жылдың қаңтарында Дондағы Ростовтан 1200 орынға арналған №1600 госпиталь көшірілді. Ол байланыс үйінде, темір жол ауруханасында, балабақшада және әскери қалашықтың казармасында шашыраңқы түрде қоныстанды. Госпиталь бастығы 2-ші рангалы әскери дәрігер Медалье емдеу орнын медицина кадрларымен, дәрі-дәрмекпен, отын-су, азық-түлікпен, төсек-орын, жиҺазбен толық қамтамасыз ете білді.
Дәрігерлермен бірге қалалықтар да жаралы жауынгерлерге қамқор көңілін жайып, қолдан келген көмегін аямады. Госпитальды Киров атындағы №1 мектеп, Целиноград ауданындағы “Красный флаг”, Шортанды ауданындағы Киров атындағы колхоздар, Қарағанды темір жол басқармасы шептік қамқорлыққа алды. Партия ұйымдарының бастамасымен облыстық арнайы көмек комитеті құрылды. Жалпы, осындай қамқорлық пен дәрігерлердің біліктілігі арқасында 13,5 мың жаралының 61,5 пайызы толық сауығып, сапқа қайта қосылды.
Соғыс жылдары әскери-санитарлық пойыз Атбасардағы №3984 госпитальға жаралыларды үш дүркін алып келген. Ол жалпы аумағы 1995 шаршы метрлік қазақ мектебінің ғимаратында орналасыпты. Мұнда да жанқиярлық еңбек қайнап жатты. Жұртшылық госпиталь бастықтары Ризванов пен Артемовтің, оташы Г.Овчаренконың, медбикелер Глянченко, Г.Темірболатованың және басқалардың есімдерін әлі күнге құрметпен атайды.
1943 жылы госпиталь басқа жерге көшіріліп, мұнда №3006 госпиталь ашылды. Онда жаралы неміс тұтқындары емделген.
Сталин ауданындағы бұрынғы мектеп пен аурухана ғимаратында орналасқан №1344 госпиталь 1942 жылдың 9 қаңтарында 116 жаралы жауынгерді қабылдады. Ол көмек қолын созған жергілікті партия-кеңес органдарымен, қалың бұқарамен тығыз байланыста жұмыс істеді. Оған мысал ретінде аудан тұрғындарының жаралыларды стансадан госпитальға жеткізу үшін жылы киім-кешек, аяқ киіммен қамтамасыз етілген 30 керуен ұйымдастырғанын айтуға болады.
Щучье (қазіргі Бурабай) ауданында жалпы саны мыңнан астам орынды қамтитын үш госпиталь жұмыс істеген. Мұнда төсек-орын жеткілікті болғанымен, дәрі-дәрмек, әсіресе, стрептоцид, мильфидин, балық майы және рентген қағаздары тапшы болған көрінеді. Осындағы №1054 госпиталь соғыстың алғашқы күнінен ұйымдастырылып, Бурабай курорты стансасының ауруханасы мен теміржолшылар клубына қоныс теуіпті. Ал 1943 жылдың 30 мамырында ол өз бағытын өзгертіп, әскери тұтқындарға қызмет көрсете бастады. Алғашқы эшелонмен 560 тұтқын жеткізілген.
Үшінші рангалы әскери дәрігер Брайловский мен оның орынбасары капитан Бәкіров басқарған №4110 госпиталь хирургиялық бағыт ұстанды. Бірақ, қолымыздағы құжаттар мұнда ем-дом кешенді түрде жүргізілгенін айқындайды.
Ал Бурабай курорты стансасынан 25 шақырым қашықтықтағы қайың-қарағайлы орман құшағында №4152 госпиталь орналасты. Туберкулез кеселін емдеуге бағытталған шипажайлық аурухана алғашқы жауынгерлерді 1942 жылдың 7 мамырында қабылдаса, 20 мамырда оның қабырғасында 169 жаралы және сырқат майдангер болыпты. Олардың дені Ленинград майданының сарбаздары еді.
“Нұр Отан” ХДП Ақмола облыстық филиалының ұйытқы болуымен, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңындағы 4 мамыр күні Көкшетау госпитальдарында қайтыс болған жауынгерлердің бауырластар зиратындағы тағзым кешені қайта жаңғыртылды.
Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.