11 Тамыз, 2010

Ендігі қарсылас – Оман құрамасы

444 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Астанадағы “Астана-арена” жабық стадионында Оман дәулетінің құрама командасын қабылдайды. Жолдастық кездесу мәртебесімен өтетін бұл ойын елі­міз таңдаулы жасағының қыркүйек айында Еуропа чемпионатының бірінші іріктеу матчында Түркия құрамасымен өткізетін шайқасы алдындағы басты сынағы болмақ. Жанкүйер қауым республика футбол федерациясының осының алдында жолдастық кездесуді Эк­вадор құрамасымен өткізуге келісім жасасқанын жақсы біледі. Бірақ, жеме-жемге келгенде, бұл елдің футбол тізгінін ұстап отыр­ған бас­шылары жер шалғайлығын желеу етіп, бұл ойынды өткізуден бас тарт­ты. Сол кезде Оман елінің жай­саңдары жәрдемге келіп, тұйықтан шығудың тура жолын тауып берді. Әлбетте, Оман футболын Оң­түс­тік Американың аяқдоп ше­бер­лері қазанында қайнап жүрген Эквадордағы деңгейден күшті еді деп айта алмаймыз. Бірақ әлемдік рейтингіде Қазақстаннан едәуір жоғары тұр. Дәл қазіргі таңда ол 81-ші шепте. Ал Азияда 8-ші болып саналады. Соған қарамастан, Араб түбегіндегі шағын елдің футболмен айналысқаны да қызық. Бұл мем­лекетте футбол федерациясы сонау 1930 жылы құрылыпты. Сол жылы ФИФА-ға мүше болып енеді. Содан 1965 жылға дейін бірде-бір сырт жұрттың үздік командасымен кездесу өткізбепті. Тіпті 1982 жылға дейін әлем чемпионатының іріктеу жарыстарына қатыспаған. Ал бі­рін­ші ойынын 1965 жылғы 2 қыр­күй­ек­те Маскат сұлтанатының жігіт­те­рімен өткізіп, 15:0 есебімен тас-тал­қан етеді. 1986 жылы ФИФА-дан шығып кетіп, 1990 жылы қайта ора­­лады. Алайда, содан кейін өзі қатысқан іріктеу турнир­ле­рі­нен ілгері шығып көрмеген. Оның Азия конфедерациясындағы жағ­дайы да осындай ала-құла, бірде чем­пио­наттың ілкі ойындарына қатыспай қойса, қатысқан кезде­рін­де топтан алға жылжи алмаған. Бүгін Оман құрамасындағы ең танымал ойыншы ретінде қақпашы Али Аль-Хабсидің аты аталады. Себебі, ол Англияның премьер-лигасындағы “Уиган” команда­сында ойнайды. Құраманы француз маманы Клод Ле Руа бас­қарады. Ол бұған дейін Гана, Кон­го және Камерун құрамаларын жат­тық­тырып, соңғысына 1988 жы­лы Аф­рика кубогын алып берген екен. Бұл матчқа маусым-шілде ай­ла­рында Оңтүстік Африка Республи­ка­сында өткен әлем чемпионатын­да қазылық жасап, өзін өте жақсы жағынан көрсеткен өзбекстандық Равшан Ирматов төрешілік етеді. Ол 2008 және 2009 жылдары Азия­ның ең үздік төрешісі атанған. Сонымен, бүгін біздің футбол­шылар үшін жауапты матч. Жол­дастық кездесу болғанымен, сал­ма­ғы жоғары. Себебі, ол құраманың сындарлы сынақ алдындағы нақтылы дайындығын көрсетеді. Серік ПІРНАЗАР.