Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада еліміздің құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кеңеске Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, Конституциялық Кеңестің Төрағасы Игорь Рогов, Бас Прокурор Қайрат Мәми, Әділет министрі Рашид Түсіпбеков, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов қатысты.
Кеңесті ашқан Елбасы құқық қорғау жүйесін реформалау міндеті өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында баяндалғанын атап өтті.
Жолдауда Қазақстан құқық қорғау жүйесін реформалаудың бірқатар бағыттары – құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органның айқын құзыреттерін түзіп шығу, заңдарды ізгілендіру мен сапасын арттыру қажеттігі даралап көрсетілген болатын. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке құқық қорғау жүйесін реформалау туралы заң жобасын жоғары халықаралық қалыптарға сай болатындай етіп әзірлеп, биылғы жылы Парламентке енгізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы қылмыссыздандыруға баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Заңдар әлдеқайда ізгіленген болуы тиіс, ал бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны кей жағдайларда ірі көлемде айып салу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту секілді балама шаралармен ауыстыруға болар еді. Сондай-ақ, жазасын өтеу орындарынан босатылғандардың қайтадан қылмыскерлер қатарын толықтырмауы үшін оларды бейімдеумен айналысу да маңызды болмақ.
– Құқық қорғау ведомстволарының бірін-бірі қайталауын болдырмай, олардың жұмысын тиімді ету, әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, бұрынғы кеңестік жүйенің келеңсіз мұраларынан арылу қажет. Біз өткен жылдарда көп іс атқардық. Мұны барлық әлемдік сарапшылар айтып отыр. Енді осы реформаны атқару қалды. Біз өз азаматтарымыздың құқықтары жақсы қорғалғанын, кәсіпкерлердің қорғалғанын, құқық қорғау жүйесінің өзіндегі сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылғанын қалаймыз. Жауапкершілікті күшейту маңызды және бұл органдардың әрқайсысы өз ісімен айналысатындай ету керек, – деп атап көрсетті Президент.
Кеңесте Премьер-Министр К.Мәсімов сөз сөйледі. Үкімет басшысы Президент Жолдауында айтылған әрбір бағыт бойынша құрылған комиссиялардың жұмысы туралы, елдің құқық қорғау жүйесін реформалаудың құқықтық базасын жасауды көздейтін заң шығару жұмысынан хабардар етті.
Кеңес қорытындысында Президент бірқатар нақты тапсырмалар берді.
----------------------------------
Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.