Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияның Сыртқы істер министрі Кацуя Окаданы қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында екі ел арсындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапонияны ядролық тақырып жақындастыра түсетінін атап өтті. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы елге және оның халқына үлкен залал тигізген Семей ядролық сынақ полигоны әрекет еткен болатын.
– Экологиялық мәселелерді шешу барысында біз әрқашан сіздің елдің қолдауын сезініп отырдық. 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау туралы біздің бастамамызды қолдағандарыңыз үшін сіздерге ризамыз, – деді Қазақстан Президенті.
Жапон сыртқы саясат ведомствосының басшысы Жапония Қазақстанды Орталық Азиядағы геосаяси әріптесі санайтынын және оның ядролық қарусыздану мен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы мемлекеттік саясатын жоғары бағалайтынын атап өтті.
Біз қазақстандық-жапондық қарым-қатынасты жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек. Қазақстан энергетикалық ресурстарға бай, ал Жапония дамыған технологияларға ие. Осы екі факторды біріктіру жолымен біз елдеріміз үшін екіжақты тиімді қарым-қатынастың жаңа деңгейіне қол жеткізе аламыз, – деді К.Окада журналистерге арналған брифингте.