11 Тамыз, 2010

Конституцияны құрметтеу – оны қабылдаған адамдарды құрметтеу

965 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының қазіргі кезеңі қоғамымыз бен оның институттарының одан әрі демократиялан­ды­ры­луына, қоғам мен тұлға арасында консти­ту­циялық-құқықтық қарым-қатынастың нығаюы­на бағытталған. Мемлекеттік билік органдары­ның құқықтық мәртебесінің жетілдірілуі, олардың тиімділігінің артуы, құқықтылық пен құқық тәртібінің нығаюы – әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті мемлекеттер қатарына енбек болып отырған Қазақстанның алдағы міндет­терінің құрамдас бір бөлігі. Бұл жағдай адам және оның құқықтары мен бостандықтары басты құндылықтары болып табылатын Конс­титуцияның ізгі әлеуеттерінің, құқықтық, демократиялық, әлеуметтік институттарының қалыптасуын одан әрі жүзеге асырудың айқындаушы факторы. 1995 жылғы Конституцияның қабылдануы қоғамды әрі қарай демократияландырудың объек­тивті қажеттілігі, егемен Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды. Қазақстан Республикасының Конституция­сы бойынша біздің еліміз – президенттік бас­қару нысанындағы біртұтас мемлекет болып жа­рияланды. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтары өз құзыреттерін орындау кезінде тығыз байланыс орнатады. Бұл қарым-қатынас заңға негізделе отырып жүзеге асады. Ата Заңымыздың қағидаларында сот билігі Қа­зақстан Республикасындағы біртұтас биліктің бір тармағы ретінде танылды. Соттар мен судья­лардың мәртебесі заңнамалық тұрғыда белгіленеді. Қазақстан Республикасында сот төрелігін сот қана жүзеге асырады. Еліміздің сот жүйесі республика Конституциясымен және Конституциялық заңмен белгіленеді. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандық­тары мен заңды мүдделерін қорғауға, Конс­титуцияның, заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық акті­лерінің, халықаралық шарт­тарының орын­далуын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Конституцияның қазіргі даму кезеңінде оның үстемдігін қамтамасыз ету өзекті мәсе­ле­лердің бірі болып табылады. Оның қағи­да­лары конституциялық құрылыстың негіздерін бекіте отырып, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды реттейді. Ол саяси би­лік­тің жүзеге асу шегін белгілеуге, мемлекет­ті­лік­тің демократиялық сипатын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Конституция қоғам өмірінің түрлі салаларындағы әлеуметтік топтар мен мемлекет арасындағы қарым-қатыстарды қалыпқа келтіріп отыратындықтан зор әлеуметтік күш-қуатқа ие. Республикада сот жүйесін нығайту мен жаңа­шаландыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздың әлеу­меттік-саяси, экономикалық қатынастарының түбегейлі өзгеруінің, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және құқықтық мүдделерін тиімді қорғауға пәрменді жаңа тәуелсіз сот билігін құруының негізінде қамтамасыз етілді. Сот төрелігін іске асырудың тиімділігі азаматтардың мемлекеттік құқықтық саясатқа деген көзқарасына және қоғамның билікке деген сенім деңгейіне байланысты. Мықты әрі тәуелсіз сот билігі мемлекет және азаматтық қо­ғамның үйлесімді өзара қатынасының түбегейлі кепілдерінің бірі, азаматтардың конститу­ция­лық құқықтарын қорғаудың басты құралы бо­лып табылады. Елбасы Н.Ә.Назар­баев Қа­зақ­стан судьяларының V съезінде “әділ және қиянатқа бармайтын сот демократиялық және құқықтық мемлекеттің ең маңызды негізі” екенін атап көрсетіп, еліміздің сот жүйесі алдында бірқатар нақты міндеттер қойды, атап айтқанда, қызметтегі судьяларға, судья лауа­зы­мына кандидаттарға деген талапты біршама көтеру, судья лауазымына ұсыныла­тын кан­дидатураларға лауазымды адамдардың жауап­кер­шілігін енгізу, судья болып тағайын­дала алатын адамның жасын жоғарылату туралы мәселені қарау керектігін айтты. Жоғарғы Сот жергілікті соттардың қызме­ті тиімділігін бағалаудың жаңа өлшемдерін әзірлегенін және қазірдің өзінде іс жүзінде қолданып отырғанын атап көрсету керек. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының құқықтық дамуы 2010-2020 жж. арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасына байланысты жаңа кезеңмен сипатталады. Осы бағдарламалық құжат алдағы он жылдағы мемлекеттің құқық саясатындағы негізгі басымдықтарын айқындайды. Мемле­кеттің қылмыстық саясатын жетілдіру және дамыту мәселелеріне қатысты тұжырым­да­маның қағидалары қызықтырады. Мәселен, ең алдымен, екі векторлық бағыттағы, дәлірек айтқанда, ауыр емес және орташа ауыр қылмыстарды алғаш рет жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары — жүкті әйелдерге немесе асырауында кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге, жасы ұл­ғайған адамдарға қатысты әрі қарай ізгілендіру бағытындағы қылмыстық құқықтың әрі қарай дамуын атап өткен жөн. Сонымен бірге ауыр және аса ауыр қылмыс жасайтын адамдарға, сондай-ақ қылмыстың қайталануында қатаң қылмыстық саясат жүргізуге бел байлағаны туралы көрсетіледі. Бұрын криминалдық болып саналмаған кейбір іс-әрекеттерді криминалдық деп санау, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі институтын енгізу туралы ұсыныс жаңалық болып табылады. Тараптардың татуласуына және келтірілген зиянды өтеуге негізделген сот төрелігін қалпы­на келтірудің жаңа институттары бірте-бірте енгізіледі, алқабилердің қатысуымен қаралатын қыл­мыстық істердің санаттары және т.б. кеңейтіледі. 2010 жылдың 1-жартыжылдығында Солтүс­тік Қазақстан облысының соттары 1286 қыл­мыстық іс қарады, ал 2009 жылдың осы кезе­ңінде 1225 қылмыстық іс қараған. 605 адам сот­талған (2009 жылы – 856 адам). Сотталғандар­дың саны 251 адамға азайды. Бұған қоса, сотталғандардың жалпы саны­ның 42,4 пайызына нақты бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. Жазалаудың баламалы шаралары қолданылған адамдар саны көбейді: бостандықты шектеу сотталғандардың 3 пайызына (2009 жылы – 0,7 пайыз), қо­ғам­дық жұмыстар – 4,3 пайызына (2009 жылы – 1,2 пайыз), түзеу жұмыстары – 0,6 пайызына (2009 жылы – 0,3 пайыз), айыппұл – соттал­ғандардың 5,4 пайызына, ал өткен жылдың осы кезеңінде осы шара сотталғандардың 4,2 пайызына қолданылған. 2010 жылдың 1-жартыжылдығында сотталғандарға қолданылған жазаның баламалы шараларының жалпы саны сотталғандардың 13,5 пайызын құрады, ал былтырғы кезеңде 6,4 пайыз болған. 2010 жылғы 1-жартыжылдықта облыс сот­тарының азаматтық істерді қарау қорытындысы бойынша 9782 іс аяқ­талған, яғни, 2009 жылдың 1-жартыжылдығындағы істерден 839-ға ар­тық болды. Қазір­гі таңда қал­пына кел­тіру және өтемақы, сот төре­лігі, бітім­гер­шілік келісім жасау­ға бай­ланысты аза­мат­тық дау­лар­дың қыс­қартылуы ал­дың­ғы қатарға шыға бас­тағанын атап өткен жөн. Мы­салы, қа­зіргі таңда бітім­гершілік ке­лісім жасауға бай­ла­нысты 176 аза­мат­тық дау қысқартылған. Бүгінгі таңда Қазақстан заңнамаларды жетілдіру бойынша дәйекті жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ үстіміздегі 2010 жылдың басынан бері сот ісін жүргізуді оңтайландыруға, қада­ға­лау сатыларын қысқартуға, сот істерінің қоз­ғалысын тездетуге және шешуге бағытталған, қылмыстық та, азаматтық та процестерге қаты­сы бар іс жүргізу заңнамасына елеулі өзгерістер енгізілді. Бірінші саты бойынша қаралатын істердің барлық санаттары аудандық соттарға берілген, мұның өзі “сот алдында бәрі тең” деген конституциялық қағидаға тұтастай сай келеді. Бұдан былай облыстық соттар апелля­циялық және кассациялық сатылары бар сот ретінде қызмет етеді. Сот қадағалауы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының айрықша құзыретіне жатқызылған. Конституция – адам мен оның өмірі, құқығы мен бостандығы ең жоғарғы құндылық болып табылатын азаматтық қоғам мен мем­ле­кеттің біртұтас жан-жақты дамуының басым бағыттарын айқындап берген негізгі құжат. Ата Заң қоғам мен мемлекеттік билік институт­тары­ның құрылуы мен нығаюына оң ықпалын тигізе отырып, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктерінің қарқынды дамуына қажетті алғышарттарды айқындады. Ұлт көшбасшысының күш салуының арқасында және қолданыстағы демократиялық Конституцияға негізделген саяси тұрақты­лық­тың сақталуы, ұлтаралық және дінаралық келі­сім дүние жүзінде Қазақстанды жаппай құрметке бөледі. Үстіміздегі жылы Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету фактісі соның дәлелі. Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістік елі­нің тұңғыш рет мұндай құрметке ие болғанын атап көрсетеміз, мұның өзі демократияландыру және прогресс, адам құқығын сақтау жолын­дағы Қазақстанның жарқын жетістігінің дәлелі. Конституцияны құрметтеу – оны қабыл­даған халықты құрметтеу. Ол бүкіл мемлекеттік биліктің және  әрбір азаматтың қызметінен көрініс табады. Конституцияны құрметтеу – оның норма­ларын және соған негізделген заңдарын әрбір адам мен азаматтың сақтауы. Конституция қағидаларын қатаң сақтай отырып өмір сүруге әдеттенгеніміз жөн. Әркім өзінің іс-әрекетін Конституция нормаларымен және қағидаларымен сәйкестендіріп, өзінің конституциялық заңдарды бұлжытпай орын­дауы арқылы құқықтық мемлекеттің негізін қалауға үлес қосып отырғанын сезінуі ләзім. Сонда ғана Негізгі Заңмен белгіленген биік шыңдардан көріне аламыз. Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.