Тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық дамуының қазіргі кезеңі қоғамымыз бен оның институттарының одан әрі демократияландырылуына, қоғам мен тұлға арасында конституциялық-құқықтық қарым-қатынастың нығаюына бағытталған. Мемлекеттік билік органдарының құқықтық мәртебесінің жетілдірілуі, олардың тиімділігінің артуы, құқықтылық пен құқық тәртібінің нығаюы – әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті мемлекеттер қатарына енбек болып отырған Қазақстанның алдағы міндеттерінің құрамдас бір бөлігі. Бұл жағдай адам және оның құқықтары мен бостандықтары басты құндылықтары болып табылатын Конституцияның ізгі әлеуеттерінің, құқықтық, демократиялық, әлеуметтік институттарының қалыптасуын одан әрі жүзеге асырудың айқындаушы факторы.
1995 жылғы Конституцияның қабылдануы қоғамды әрі қарай демократияландырудың объективті қажеттілігі, егемен Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша біздің еліміз – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып жарияланды. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтары өз құзыреттерін орындау кезінде тығыз байланыс орнатады. Бұл қарым-қатынас заңға негізделе отырып жүзеге асады. Ата Заңымыздың қағидаларында сот билігі Қазақстан Республикасындағы біртұтас биліктің бір тармағы ретінде танылды. Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнамалық тұрғыда белгіленеді. Қазақстан Республикасында сот төрелігін сот қана жүзеге асырады. Еліміздің сот жүйесі республика Конституциясымен және Конституциялық заңмен белгіленеді. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Конституцияның қазіргі даму кезеңінде оның үстемдігін қамтамасыз ету өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Оның қағидалары конституциялық құрылыстың негіздерін бекіте отырып, билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды реттейді. Ол саяси биліктің жүзеге асу шегін белгілеуге, мемлекеттіліктің демократиялық сипатын қамтамасыз етуге ықпал етеді. Конституция қоғам өмірінің түрлі салаларындағы әлеуметтік топтар мен мемлекет арасындағы қарым-қатыстарды қалыпқа келтіріп отыратындықтан зор әлеуметтік күш-қуатқа ие.
Республикада сот жүйесін нығайту мен жаңашаландыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздың әлеуметтік-саяси, экономикалық қатынастарының түбегейлі өзгеруінің, азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және құқықтық мүдделерін тиімді қорғауға пәрменді жаңа тәуелсіз сот билігін құруының негізінде қамтамасыз етілді.
Сот төрелігін іске асырудың тиімділігі азаматтардың мемлекеттік құқықтық саясатқа деген көзқарасына және қоғамның билікке деген сенім деңгейіне байланысты. Мықты әрі тәуелсіз сот билігі мемлекет және азаматтық қоғамның үйлесімді өзара қатынасының түбегейлі кепілдерінің бірі, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың басты құралы болып табылады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан судьяларының V съезінде “әділ және қиянатқа бармайтын сот демократиялық және құқықтық мемлекеттің ең маңызды негізі” екенін атап көрсетіп, еліміздің сот жүйесі алдында бірқатар нақты міндеттер қойды, атап айтқанда, қызметтегі судьяларға, судья лауазымына кандидаттарға деген талапты біршама көтеру, судья лауазымына ұсынылатын кандидатураларға лауазымды адамдардың жауапкершілігін енгізу, судья болып тағайындала алатын адамның жасын жоғарылату туралы мәселені қарау керектігін айтты.
Жоғарғы Сот жергілікті соттардың қызметі тиімділігін бағалаудың жаңа өлшемдерін әзірлегенін және қазірдің өзінде іс жүзінде қолданып отырғанын атап көрсету керек.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының құқықтық дамуы 2010-2020 жж. арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасына байланысты жаңа кезеңмен сипатталады. Осы бағдарламалық құжат алдағы он жылдағы мемлекеттің құқық саясатындағы негізгі басымдықтарын айқындайды. Мемлекеттің қылмыстық саясатын жетілдіру және дамыту мәселелеріне қатысты тұжырымдаманың қағидалары қызықтырады. Мәселен, ең алдымен, екі векторлық бағыттағы, дәлірек айтқанда, ауыр емес және орташа ауыр қылмыстарды алғаш рет жасаған адамдарға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары — жүкті әйелдерге немесе асырауында кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге, жасы ұлғайған адамдарға қатысты әрі қарай ізгілендіру бағытындағы қылмыстық құқықтың әрі қарай дамуын атап өткен жөн. Сонымен бірге ауыр және аса ауыр қылмыс жасайтын адамдарға, сондай-ақ қылмыстың қайталануында қатаң қылмыстық саясат жүргізуге бел байлағаны туралы көрсетіледі. Бұрын криминалдық болып саналмаған кейбір іс-әрекеттерді криминалдық деп санау, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі институтын енгізу туралы ұсыныс жаңалық болып табылады.
Тараптардың татуласуына және келтірілген зиянды өтеуге негізделген сот төрелігін қалпына келтірудің жаңа институттары бірте-бірте енгізіледі, алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің санаттары және т.б. кеңейтіледі.
2010 жылдың 1-жартыжылдығында Солтүстік Қазақстан облысының соттары 1286 қылмыстық іс қарады, ал 2009 жылдың осы кезеңінде 1225 қылмыстық іс қараған. 605 адам сотталған (2009 жылы – 856 адам). Сотталғандардың саны 251 адамға азайды.
Бұған қоса, сотталғандардың жалпы санының 42,4 пайызына нақты бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. Жазалаудың баламалы шаралары қолданылған адамдар саны көбейді: бостандықты шектеу сотталғандардың 3 пайызына (2009 жылы – 0,7 пайыз), қоғамдық жұмыстар – 4,3 пайызына (2009 жылы – 1,2 пайыз), түзеу жұмыстары – 0,6 пайызына (2009 жылы – 0,3 пайыз), айыппұл – сотталғандардың 5,4 пайызына, ал өткен жылдың осы кезеңінде осы шара сотталғандардың 4,2 пайызына қолданылған. 2010 жылдың 1-жартыжылдығында сотталғандарға қолданылған жазаның баламалы шараларының жалпы саны сотталғандардың 13,5 пайызын құрады, ал былтырғы кезеңде 6,4 пайыз болған.
2010 жылғы 1-жартыжылдықта облыс соттарының азаматтық істерді қарау қорытындысы бойынша 9782 іс аяқталған, яғни, 2009 жылдың 1-жартыжылдығындағы істерден 839-ға артық болды. Қазіргі таңда қалпына келтіру және өтемақы, сот төрелігі, бітімгершілік келісім жасауға байланысты азаматтық даулардың қысқартылуы алдыңғы қатарға шыға бастағанын атап өткен жөн. Мысалы, қазіргі таңда бітімгершілік келісім жасауға байланысты 176 азаматтық дау қысқартылған.
Бүгінгі таңда Қазақстан заңнамаларды жетілдіру бойынша дәйекті жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ үстіміздегі 2010 жылдың басынан бері сот ісін жүргізуді оңтайландыруға, қадағалау сатыларын қысқартуға, сот істерінің қозғалысын тездетуге және шешуге бағытталған, қылмыстық та, азаматтық та процестерге қатысы бар іс жүргізу заңнамасына елеулі өзгерістер енгізілді. Бірінші саты бойынша қаралатын істердің барлық санаттары аудандық соттарға берілген, мұның өзі “сот алдында бәрі тең” деген конституциялық қағидаға тұтастай сай келеді. Бұдан былай облыстық соттар апелляциялық және кассациялық сатылары бар сот ретінде қызмет етеді. Сот қадағалауы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының айрықша құзыретіне жатқызылған.
Конституция – адам мен оның өмірі, құқығы мен бостандығы ең жоғарғы құндылық болып табылатын азаматтық қоғам мен мемлекеттің біртұтас жан-жақты дамуының басым бағыттарын айқындап берген негізгі құжат. Ата Заң қоғам мен мемлекеттік билік институттарының құрылуы мен нығаюына оң ықпалын тигізе отырып, Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүмкіндіктерінің қарқынды дамуына қажетті алғышарттарды айқындады.
Ұлт көшбасшысының күш салуының арқасында және қолданыстағы демократиялық Конституцияға негізделген саяси тұрақтылықтың сақталуы, ұлтаралық және дінаралық келісім дүние жүзінде Қазақстанды жаппай құрметке бөледі. Үстіміздегі жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету фактісі соның дәлелі. Кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістік елінің тұңғыш рет мұндай құрметке ие болғанын атап көрсетеміз, мұның өзі демократияландыру және прогресс, адам құқығын сақтау жолындағы Қазақстанның жарқын жетістігінің дәлелі.
Конституцияны құрметтеу – оны қабылдаған халықты құрметтеу. Ол бүкіл мемлекеттік биліктің және әрбір азаматтың қызметінен көрініс табады. Конституцияны құрметтеу – оның нормаларын және соған негізделген заңдарын әрбір адам мен азаматтың сақтауы.
Конституция қағидаларын қатаң сақтай отырып өмір сүруге әдеттенгеніміз жөн. Әркім өзінің іс-әрекетін Конституция нормаларымен және қағидаларымен сәйкестендіріп, өзінің конституциялық заңдарды бұлжытпай орындауы арқылы құқықтық мемлекеттің негізін қалауға үлес қосып отырғанын сезінуі ләзім. Сонда ғана Негізгі Заңмен белгіленген биік шыңдардан көріне аламыз.
Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.