11 Тамыз, 2010

Әлем өткен аптада

503 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Атом құрбандарына құрмет Жыл сайын Жапонияның Хи­росима  қаласында атом бом­басынан қаза тапқандарды еске алу шаралары өтеді. Биыл алғаш рет оған сол атом бомбасын тастаған АҚШ елінің өкілі де қатысып отыр. Сондай-ақ оның одақтастары болған Ұлыбритания мен Франция өкілдері де келіпті. Ең бастысы – шараға БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мун қатысты. Сірә, Семей полигонындағы ал­ғашқы жарылыс болған күні сы­нақтың зардабын шеккендерді де еске алып жатсақ, жөн сияқ­ты-ау. Қастандық па, қуаныш па? Иран президенті Махмұд Ахмадинежадқа қастандық жа­сал­ды ­деген хабарды, бәлкім, әлем­нің бар­лық ақпарат құралдары тарат­қан шығар-ау. Оның маз­мұ­ны: лақтырылған граната пре­зи­дентке жетпеген, жетсе оны қат­ты жаралауы мүмкін екен. Өйт­кені, бұл граната журналистер мінген автобусты айтарлықтай зақымдап, ондағы біраз адам жарақат алып­ты. Шын мәнінде бұл ешқандай қастандық емес, ол президенттің келгеніне өз қуа­нышын білдірген адамның өзі жа­саған ойыншығы­ның жары­лы­сы ғана екен. Жа­раланған жур­на­листер де жоқ көрінеді. Қас­тан­дық болмағанын президент әкімшілігі айтып отыр. Ағаш үшін атысыпты Израиль мен Ливан шекара­сын­да атыс болып, одан бес адам: төрт ливандық және бір из­раильдік әскери қаза тапқан. Ливан жағының айтуынша, Из­раиль солдаттары шекарадан өтіп, ағаш кесе бастапты. Ал осындағы БҰҰ-ның уақытша күштерінің өкілі кесілген ағаш Израиль аумағында екенін айтады. Қалай болғанда да, ағаш үшін атыстан адамдар өлген. Колумбияда – жаңа президент Сенбі күні Колумбияның жаңа президенті Хуан Мануэль Сантостың қызметіне кірісу рә­сімі өтті. Жұрт назарын аударған бір жай – жаңа президент күні кеше дипломатиялық қатынаста­рын үзген көрші ел Венесуэла­мен тіл табысуға ұмтылатынын мәлімдеді. Бұған көрші елдің атына біраз қатты сөз айтып қал­ған Венесуэла президенті Уго Чавес барынша ықыласпен үн қатты. Иә, бұл оның өзі орын­сыз басқан қадамдардан қайтқан бір сәті. Лаңкестік қайдан? Иракта лаңкестік әрекеттер барған сайын өрши түсуде. Шіл­де айында одан 535 адам қаза тап­қан. Неге деген сұраққа жауапты жұрт исламның екі тармағы: шиизм мен суннизмнің арасынан іздейді. Лаңкестік әрекеттер көктемдегі парламент сайлауынан кейін көбейген. Елде әліге дейін үкімет құрылған жоқ. Оның басшылығына “Әл-Ира­киа” сунниттік блоктың жетек­ші­сі Айяд Аллауи мен шеиит­тер­дің көсемі, қазіргі премьер-ми­нистр Нури әл-Малики таласып жүр. Оларды қолдайтындар бір-біріне қарсы лаңкестік әрекет­терге де баратын көрінеді. Сыртқа – тыйым Ресей Премьер-министрі Владимир Путин құрғақшылыққа байланысты Ресей аумағынан астықты экспортқа шығаруға уақытша тыйым салынатынын мәлімдеді. Бұл тыйым жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Одан кейінгісі белгісіз. Бұл мәлімдемеден кейін астықтың бағасы дүние жүзінде шарықтап шыға келген. Айталық, сол астық­ты көп өндіретін АҚШ-тың өзінде ол 70 пайызға өскен. Ресей өзінің кедендік әріптестері Беларусь пен Қазақстаннан да солай етуді өтінсе керек. Әркім өзінше шешкені жөн, әрине. Қазақстан әзірге астықты сыртқа шығаруға тыйым саламын деп отырған жоқ. Ән айтып ел басқармақ Биыл Гаитиде қатты жер сіл­кі­нісінен кейін алғаш рет пре­зи­дент сайлауы өтеді. Америкалық рэпер Уайклеф Джин пре­зи­денттікке кандидат болып тір­келіпті. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, оның мүмкіндігі әжептеуір жоғары көрінеді. Жастар арасында танымал екен. Бірақ ел басқару өлең айтып жүріп атқаратын шаруа емес-ау. Қайырымды құмарпаз Американың Лас-Вегас қа­ла­сындағы атын жасырып жүрген бір бай адам зәрулікке ұшыра­ған­дарға 1 миллиард доллардай қар­жы үлестіріп үлгеріпті. Оның ал­дында сонау баста дүние та­будың екі жолы тұрған екен: бірі – есірткі саудасы, екіншісі – құмар ойын. Соңғысын таңдаған ол айтарлықтай қаржы жинап, енді оны мұқтаждық көргендерге беріп жүрген көрінеді. Ол осынау игі іске басқа байларды да шақырыпты. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.